1916 жыл: тарих пен тағылым

Әлем тарихында ХХ ғасырдың басы отарлық және жартылай отарлық езгідегі елдерде халықтың көтерілістері мен наразылығы өрши түсуімен ерекшеленді. ХХ ғасырдың екінші жартысында бұл құбылысқа «Азияның оянуы» деп баға берді.
Бұл көтерілістердің себептері мен алғышарттарын талдап қарағанда, ең басты мәселе күннен-күнге ушығып бара жатырған жергілікті халық пен отаршыл билік арасындағы қайшылықтар екендігі байқалады. Бұл көтерілістерде екі ағым бір арнаға тоғысты: бір жағынан — келімсектердің үстемдігі мен саяси-әкімшілік қыспаққа көнгісі келмеген бұқара болса, екінші жағынан — ұлт азаттығын аңсаған патриоттық бағыттағы ұлттық буржуазия, зиялылар мен чиновниктер болды. Олар өз кезегінде өз ұлтының азаттық алуын аңсады. Екі ағымды да ұлттық буржуазия идеясы бағытында біріктіріп, оны өз бағдарламасына негіз етіп алған ұлттық партиялар шыға бастады. Ең басты ұран — ел мен жердің тәуелсіздігі үшін күреске шақыру болды. ХХ ғасыр басындағы азаттық үшін күрестің ең үлкен мысалы ретінде Үндістан (1905-1908), Иран (1905-1911), Түркия (1908), Қытай (1911-1913) елдеріндегі толқуды айтуға болады. Дүниежүзілік тарихтың ұлт-азаттық көтерілістері хроникасының бұл тізіміне Қазақстан атынан қаһарлы 1916 жылды қосуға әбден лайықты.
Қазақтан майданға адам алу мәселесі тек қана «Маусым жарлығынан» басталмаған сияқты. «Қазақ» газеті 1916 жылғы 29 ақпандағы нөмірінде: «Жалпы, қазақтан солдат алу мәселесін алғаш рет 1883 жылы ІІІ Александр патшаның тәж киген тойына барған қазақ өкілдерінің өздері көтеріп, өтініш жасаған екен. Алайда, ол жолы «Қазақтан солдат алу әлі ерте» деген жауап алыныпты. Кейінірек тағы көтерілген бұл мәселені соғыс министрі Сухомлинов ұнатпаған екен. Мұсылман депутаттар Сухомлиновтың мұнысын қазақ халқын һәм өздерін кемсіту деп өкпелескен көрінеді. 1914 жылғы шілдеде, нақ соғыс басталар алдында өткізілген министрлер кеңесінде де қазақтан солдат алмау керек деген тоқтам жасалыпты. Өйткені «еркін өскен қазақ казарма тұрмысына шыдамайды; бірауыз орысша білмейтін қазақты соғыс ғылымына үйрету оңай жұмыс емес; қазақтың метіркесі болмауы себепті оның жасын білу жолында толып жатқан жұмыс бар; әскер жасындағы қазақтар саны аз, барлығы жиырма мыңнан аспайды, бұл көп әскер емес, еткен еңбекке тұрмайды». Сөйтіп, «қазақтан алынған әскердің берекесі аз, бейнеті көп» деген тұжырым жасалған көрінеді» деп жазған.
1891 жылдың 25 наурызында шыққан «Далалық облыстарды басқару туралы ережеге» сәйкес, Ақтөбе — Торғай облысының уездік қалаларының бірі болып бекітілді. 1921-1928 жылдары Ақтөбе губерниясының орталығы болғанға дейін Торғай облысына қарады. Яғни, әкімшілік орталық ретінде Торғайға қараған Ақтөбе мен Ырғыз аймағында болған толқуларды көтерілістің ең ауқымды ошағы болған Торғай көтерілісінен бөлек қарауға болмайды деген сөз. 1916 жылғы Ырғыз уезіндегі көтеріліс оқиғаларын талдай келе, тарихшы Беркін Құрманбеков: «Көтерілістің ауқымы, ұйымдасуы мен патша әскеріне қарсылық көрсетуі — бұл көтерілістің Жетісу, Торғай ошақтары дәрежесіне шамалас болғандығын көрсетеді. Көтерілістің жеңіліс тапқанына қарамастан, Ырғыз уезіндегі Қызылкөл, Қожакөл, Балпан, Қаракөл маңындағы қарулы қақтығыстар Торғай уезінде болған Күйік, Татыр, Доғал, Құмкешу шайқастарынан бір де кем емес деп пайымдауға болады. Ырғыз уезінде көтерілісшілер жеті адамды хан сайлады. Архив деректеріндегі мәліметтерге сүйеніп, көтерілісшілер саны мың адамнан алты мың адамға дейін өзгеріп отырғанын байқаймыз. Ырғыз уезінің көтерілісшілері болыстық тізімдерді жойып, патшалық әскерге қарсылық көрсеткенімен, алдарына биік мақсат қоя алмады. Себебі, билік үшін күресетін саяси күш әлі қалыптасып үлгермеген еді» — деген қорытынды жасайды. Ырғыз көтерілісшілерінің құрамы осы күнге дейін айтылып келген таптық жіктелу, пролетариат диктатурасы мен партиялық басшылық туралы кеңестік жалған теорияның өтірігін шығаруға бірден-бір дәлел бола алады. Патшалық отаршыл саясатқа қарсы әбден төзімі таусылып, сабыры сарқылған халық бұқарасы қатарында сол кездегі қазақ қауымының барлық әлеуметтік топтары мен категориялары болды. Олар патша өкіметіне қарсы таптық сипатта емес, ұлттық рух пен ру-тайпалық идеология, мұсылмандық дәстүр бойынша бірікті деп ой қорытуға болады.
Архив деректері не дейді?
Қазан төңкерісінен соң Қазақстанда өлкетану ісі біраз жандана бастаған. 1920 жылы «Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы» құрылды. Бұл ұйым 1925 жылы «Қазақстанды зерттеу қоғамы» болып атауын өзгертіп қана қоймай, Наркомпростың құрамынан бөлініп шығып, жеке ғылыми ұжымға айналды. Бұл бірлестік Қазақстан мен оған көршілес аймақтардың тарихы мен археологиясын, табиғаты мен географиялық жағдайын, әлеуметтік-экономикалық дәрежесін жан-жақты зерттеумен айналысқан. Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде №497 қор бар. Онда осы қоғамның Ақтөбе облыстық бөлімінің 1928-1941 жылдар аралығында жинақталған 111 ісі шоғырланған. 1941 жылы «Қазақстанды зерттеу қоғамы» жабылған. Бізге қажет мәліметтер осы қордың «1916 жылғы көтерілістің 20 жылдығын атап өтуге дайындық туралы», «1916 жылғы көтеріліске қатысқан ақтөбеліктердің естеліктері» (төрт бөлімнен тұрады), 1926 жылы жазылған «1916-1917 жылғы қырғыз-қазақ көтерілісі туралы (куәгерлердің әңгімелері)», «Шалқар станциясының қызметкері Серовтың 1916 жылғы оқиғалар туралы естеліктері» сияқты деректер біршама мағлұмат береді.
Көтерілісшілерге қарсы барынша қатал әдістер қолданған генерал-лейтенант Лаврентьев басқарған, отыз мыңға жуық жазалаушылар корпусы болғаны белгілі. Антон Лаврентьев (1861-1940) патшалық Ресей армиясының барлық сатыларынан өткен өте тәжірибелі генералы. Орыс-жапон соғысына, Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Денсаулығына байланысты Киев әскери округінен Қазан әскери округіне ауыстырылып, резервте тұрған. Торғайдағы жағдай қатты шиеленіскен соң, осында жіберілген сияқты. Архив деректерінде бір қызық эпизод бар. «1915-1916 жылғы көтеріліс қатысушылары туралы» естелік жазған Шалқар станциясының қызметкері (артынан қызыл партизан болған) Серов мынадай мәлімет жазады «…Көтерілісті басу үшін Шалқарға жазалаушы полк келді. Генерал Лаврентьев пен полковник Розенберг басқарған бір дивизия кавалерия мен жаяу әскерлер екен. 1916 жылдың желтоқсан айында полковник Розенберг басқарған отряд Ырғыз бен Торғайға аттанды. Ол жерде тек қана күрек, найзамен қаруланған қазақтарға қарсы асқан айуандықтың үлгісін көрсетті. Қырғыннан аман қалған қазақтарды Торғай мен Ырғыздан айдап әкеліп, бірден үш составты майданға окоп қазуға жөнелтті… 1917 жылы Николай патша құлатылған соң Шалқар жұмысшылары Лаврентьев пен Розенбергтен патшаның құлатылғаны туралы жеделхатты жариялауды талап етті. Олар көнбеген соң жұмысшылар стачкалық комитет құрып үлгеріп, солдаттарды да қосылуға шақырды. Содан кейін ғана жеделхат мазмұны жарияланды. Келесі күні Лаврентьев пен Розенберг екеуі де бой тасалап үлгеріп, көрінбей кетті» деп жазады. Сол қашқаннан белгісіз кеткен Лаврентьев туралы мардымды ақпарат жоқ. Шамасы, ақ патшаның заманы өткенін бағамдап, шетел асқан. Тек қана 1940 жылы өлгені, Францияның Ницце қаласында орыс эмигранттары көп жерленген зиратқа көмілгені туралы дерек бар.
Торғай сапары
Биыл «Ақтөбе» газетінің 19 наурыз күнгі нөмірінде «1916 жыл: тарих пен саясат» атты мақалам жарияланған болатын. Оны газеттің ғаламтордағы сайтынан көзі шалған белгілі саясаттанушы, тарихшы ғалым Берік Әбдіғалиұлы хабарласып, Арқалықта өтетін конференцияға шақырғанда қуана келістім. Мәжілістен бөлек көтеріліс болған жерлерді аралау, халықпен кездесу, журналистер үшін медиа-тур бар екен. Шаралар легі қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің алдында жалғасты. Ол жерде көтеріліс басшысы, Торғай өлкесінің әмірі Әбдіғаппар Жанбосынұлына ескерткіш қойылатын жерге белгі тақтаның ашылу рәсімі өтті. Қысқа да нұсқа өткен митингіде кеңестік идеология қырын қараған тарихи тұлғаға қазіргі көзқарас, тарихи әділдіктің салтанат құруы туралы сүбелі пікірлер айтылды. Түске қарай Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының мәжіліс залында «Торғай даласы — ұлт-азаттық көтерілісінің күретамыры» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Ғылыми жиынды басқарған ғалым, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы тарихи оқиғаның 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған іс-шаралардың мақсаты мен маңыздылығына тоқталып, өзі құрастырған «Торғай көтерілісі (1916-1917 жылдар)» атты құжаттар мен зерттеулер жинағын көпшілікке таныстырды. Пленарлық мәжілісте Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелді («Батпаққара халық көтерілісі. Алашордалықтардың «қырға кетуі». Арман мен ақиқат»), көрнекті алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай («Алаш идеясы және ұлт-азаттық қозғалыс»), өлкетанушы ғалым Шөптібай Байдилдин («Кейкінің соңғы тағдыры»), елімізге белгілі заңгер, ғалым, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов («1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс: бүгінгі ғылыми және саяси жақтары»), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценттері Ерлан Сайлаубай («Қазақ халқына сын болған 1916 жыл: ұлттық қозғалыстың тағылымы») мен Қайырбек Кемеңгер («1916 жылғы көтеріліс: Алаш ұстанымы және тәуелсіздік мұраты»), осы жолдардың авторы («1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Ақтөбе және Ырғыз мысалында») баяндамаларын оқыды. Әбдіғаппар ханның ұрпағы Марат Мырзағалиұлы әулет тағдырына қатысты естеліктерімен бөлісіп, тарихи шындықтың орнағанына разылығын білдірді. Арқалық қаласындағы № 2 облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана «Халқымыздың қилы тарихы» (ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай) атты библиографиялық көрсеткіш әзірлепті. Онда Назарбек Адырбаев, Қасымхан Арыстанұлы Алтынсары, Амангелді Иманов, Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Кейкі Көкембайұлы, Қосжан Маңыбайұлы, Әділбек Майкөтов, Оспан Шолақұлы сынды Торғай көтерілісін бастаған белгілі тарихи тұлғалар туралы мәліметтер беріліп, олар жайында жарық көрген әдеби-танымдық және ғылыми еңбектердің тізімі ұсынылған. Кітапхана қызметкерлері тақырып бойынша ғылыми және көркем кітаптардың үлкен көрмесін ұйымдастырды. Кітапхана директоры Алма Нұрманова маған Нұрмановтар әулетінің атынан атақты «Құланның ажалы» кітабын тарту етті.
Торғай өлкесі тектілердің мекені деп тегін айтылмаса керек. Азаттыққа жетудің азапты жолында ұлт үшін жанын құрбан еткен асылдар мен батырлар осы өңірден аз шыққан жоқ. Жергілікті тұрғындардың тарих пен әдебиетке жүйріктігі, өлке тарихы мен белгілі тұлғалар туралы терең білімдері мақтауға әбден лайықты. Мәжіліс барысында есімдері аталған жүздеген кісілердің кім болғандығы, қазіргі ұрпақтары қайда және не істеп жүргендігі туралы бес саусақтай таратып отырды.
Жиын аяқталған соң қуғын-сүргін құрбандарына арнап ас беріліп, Құран оқылды.
Сапар мақсатына сәйкес Жангелдин ауданына аттандық. Ыбырай Алтынсарин шығармаларында айтылатын қыпшақ Сейітқұл қыстауы маңында шаруасын дөңгелетіп отырған Кәкімжан Кәрбозұлы ақсақалдың ауылы бар екен. Қазақы қонақжайлық пен кеңпейілдің үлгісін көрсеткен ақсақалдың қонағы болдық. Таңертең көліктер легі Торғайды бетке алды. «Аспан мен жер ғана. Басқа ештеңе көзге шалынбайды. Нағыз көк аспанды көрпе ғып, қара жерді төсеніш қып өмір сүретін көшпелілер ғана түсініп, көшпелілер ғана меңгере алатын табиғи маңғаздық» — деп Ержан Жаубай («Қазақ үні» газетінің журналисі) сипаттаған кең далада бір ғасыр бұрын болған дүрбелең көз алдыңа келеді.
Бір Торғайда төрт бірдей музей жұмыс істеп тұр. Жолбасшымыз айтыскер ақын Айбек Қалиевпен бірге аралап шықтық. Шақшақ Жәнібек батыр, Ыбырай Алтынсарин, Ахаң мен Жақаң, Әліби Жангелдин музейлерінен әркім бір керегін табатыны анық. Музей қызметкерлері мен жергілікті халық заманы өткенді даттамай, басқасын асыра мақтамай, барлық жәдігерлерді де байсалды талдап, сұрағаныңды толық түсіндіре біледі. Барлығы өз тарихымыз, өз өткеніміз, өзіміздің аталарымыз. Торғай шабуылы кезінде оқ атылған мылтықтар, ақ пен қызылдың қолында жүрген қайқы қылыштар экспонат ретінде музей сөрелерінде тұр.
Сап-сары құм шағылдары, соғыс болған Құмкешу әлі де сол күйінде. Қап-қара асфальт бетімен құм көшіп жатыр. Амангелді ауданы орталығында «Шұғыла» мәдениет үйінің алдында Амангелді батырдың ескерткіш мүсіні тұр. Авторы — қазақтың тұңғыш кәсіби мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев. Бұл жердің де өз тарихы бар. Амангелді батырдың 1919 жылы сәуір айында қаза тапқаны белгілі. Сүйегі Торғай маңында жерленген. 1919 жылдың жаз айында туыстары сүйегін қазып алып, Шақанның Алакөлі аталған жерге, туыстары жатқан қауымға әкеліп қайта жерлеген. 1928 жылы құрылған Батпаққара ауданының атын 1936 жылы көтерілістің жиырма жылдығы құрметіне Амангелді ауданы деп өзгерткен. Большевиктер бір оқпен екі қоянды атып, 1929 жылы болған Батпаққара көтерілісін де халық санасынан өшіруге тырысқан сияқты. 1939 жылы батырдың қаза тапқанына жиырма жыл болғанда сүйегін аудан орталығына әкеліп, қазіргі жатқан жеріне жерлеген. 1959 жылы қойылуға тиіс ескерткіш дайындалып үлгеруіне қарай 1960 жылы тұғырына қонған екен. Марқұм болған атақты батырдың да сүйегіне тыныштық бермей, өз саясатына пайдаланған кеңестік саясат-ай десеңші. Қазір ескерткіш айналасы тап-тұйнақтай, орындықтар қойылған, гүлдер егілген. Ардагер журналист, ақын Хамитбек Мұсабаев: «Жергілікті халық бұл орынға үлкен құрметпен қарайды. Мұнда келушілер ел қорғау жолында шейіт болған кісілерге Құран оқып, келелі әңгіме айтуға келеді. Мәдениет үйінде өтетін шаралар да даңғаза емес, мәдени-рухани бағытта өрбиді» — деп, көңілімізді орнына түсірді.
Он алты мен сексен алты
ХХ ғасырдың басында және аяғында болған осы екі көтерілістің ұқсастықтары өте көп. Он алтының басты себептері патша өкіметінің шектен шыққан отаршыл саясаты болса, сексен алты кеңестік солақай саясатқа қарсы болды. Патша билігі жазалаушы әскер жасақтау үшін жергілікті кулактарға қару таратса, кеңестік билік «дружиналар» жасақтап, оларға арматура мен кабель кесінділерін ұстатты. Бұл туралы профессор Хангелді Әбжанов «Біздің халық 1916 жылы өзінің азаттық сүйгіш көзқарасын білдірді. 1916 жылы Ресей империясының іргесін шайқап, өзінің оянғанын көрсетті. Алаш қайраткерлері «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған болатын. Сол ұран, сол идеяның жүзеге асқанын, 1916 жылғы көтеріліс толық дәлелдеді. Бұл көтеріліс 1986 жылы да көрініс тауып, желтоқсандағы көтеріліс Кеңес Одағының іргесін шайқалтты. Екі көтеріліс екі империяны ыдыратып тынды» — деп жазды. Жазушы Тұрсын Жұртбай «Арғы кезді айтпағанда, қазақ даласындағы тәуелсіздік атаулы ұғымның басында осы Торғай даласынан басталған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұр!» дейді.
Торғай сапарынан түйгеніміз көп болды. Алған әсеріміздің бәрін айтсақ бірнеше мақалаға жүк болар. Бұл шараға бюджеттен бір тиын шығындалмаған. Барлық қаражатын Астана, Алматы мен Арқалықта тұратын ел азаматтары көтерген. Ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен кітапхана мен пединститут, музейлер ұжымына, жалпы жұртшылыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Рухы биік, өткенін бағалай білетін, ойы сергек жұрт әрқашан жеңіске жетеді. «Тәуелсіздік — халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі» деген Елбасы сөзі мәжіліс залында ілулі тұрған болатын. Ғасырлар бойғы күрес нәтижесінде келген тәуелсіздігіміз мәңгілік, көк жалауымыз биік болғай.
Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің аға оқытушысы.




