Қазақстан Республикасының өз алдына дербес ел болып, Тәуелсіздік алғанына биыл — 25 жыл. Ал Қазақстан Республикасының Конституциясы — егемендігіміздің тұғырын нықтаған маңызды құжат.
Конституция өз қағидаттары төңірегінде Отанымызда тұратын тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдерін топтастырып, күнделікті өмірімізде қағидаттар мен өлшемдерді оңтайлы қолдануға мүмкіндік жасады. Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Ал оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалғандықтан, Республикамыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды ардақтау —мемлекетіміздегі әрбір азаматтың абыройлы парызы әрі міндеті.
Конституцияда бекітілген қағидаттар қоғамның қарқындап дамуына, Қазақстан халқының бірлігіне жол ашып, бүгінгі күні өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, Қазақстан халқының ынтымағы жарасқан, тату тірлігі әлем жұртшылығы үшін өнегеге айналды. Елдегі татулық пен саяси тұрақтылық, Ата Заңымыздың 14-бабында: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» — деп атап көрсетілгендей, әр адамның жеке басын қадірлеуден бастау алады.
Қазақстан Республикасы ІІМ-не қарасты М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының әрбір қызметкері Ата Заңымыз бен болашағымызға бағыт-бағдар берген Жолдаулар мен Ұлт жоспарын басты назарға ала отырып, қауіпсіздік шараларын нығайту, азаматтардың құқығын қорғау мәселелерін ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан жетілдіруге үлестерін қосып келеді. Оқу орнында курсанттар мен тыңдаушыларға білім бере отырып, қоғамдық заңдар мен нормаларды орындауға, құрметтеп, қастерлеуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, олардың азаматтық белсенділігін нығайту жұмыстарын жүргізуге әрдайым назар аударылады.
Ата Заңымыз — Қазақстан халқының саналы таңдауы болғандықтан, ел Тәуелсіздігі, ұлт болашағы секілді ұлы құндылықтарының жойылмауына кепіл болары хақ.
Бағдар ӘБУОВ,
М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе
заң институты бастығының
кадр және тәрбие жұмысы
жөніндегі орынбасары,
полиция подполковнигі.