МерекеҚұқық

Ата заң және әділдік

Әр қазақстандықтың басты міндеті — Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық белесі, ел дамуындағы бүгінгі жетістіктер Ата Заңымыздың тиімділігін айқындап отыр. Енді алдымызға дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру мақсаты қойылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мақсатты жүзеге асырудың 100 нақты қадамын айқындап берді. Бұл құжатта заң үстемдігін қамтамасыз етуге баса назар аударылғаны белгілі.

Қазіргі Жоғарғы Сот тарапынан қолға алынған сот жүйесін оңтайландыруға қатысты нақты бастамалар, яғни үш сатылы сот жүйесін құру, мамандандырылған соттарды қалыптастыруды жалғастыру және әділ төрелікті жүзеге асыратын кадр мәселесінің қолға алынуы уақыт талабы болып отыр. Елбасы атап көрсеткендей, сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесі тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Конституциясы, яғни Ата Заңымыз әр азаматқа өз құқықтарын қорғауға кепілдік береді, ал Конституцияның 76-бабына сай, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау сот билігіне тапсырылған.

Сот билігі қазақ жұртына ежелден таныс билер институтымен үндес. Халқымыз: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» — деп, шындықты жақтайтын, бұра тартпай, істі әділ шешетін билерді қатты құрметтеп, даулы жағдайларда сондай тұлғаларды іздейтін болған.

Қазақ қоғамы қиянат жасалған жағдайда өз бетімен жазалау әдістеріне емес, билердің төрелігіне жүгінген, билердің кесімді сөзін күткен. Билер де өз тарапынан ел ішінде әділдіктің, тәртіптің салтанат құруын, жұрттың тыныштығын сақтауды, дау айтып келген тараптар арасының ушығып кетпеуін қатты қадағалап, әр шешімге жауапты қараған. Бүгінгі судьялар үшін бабалардың осы даналығы — өшпес өнеге.

Ата Заңымыз да судьяларға ешкімге жалтақтамай, тек қана заң шеңберінде төрелік етуге құқық беріп отыр. 77-бапта көрсетілгендей, судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

Елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттілікті нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге  бағытталған бес институционалдық реформаның бірі болса, оны жүзеге асыруда судьяларға ерекше жауапкершілік пен сенім артылып отыр.

 Е.ЖЕТКЕРГЕН,

Хромтау аудандық

сотының судьясы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button