Жастар

Есен Елеукен: Жастар әлеуметтік желіні сауатты пайдаланбайды

Талантты жастардың қоғам өміріне белсене араласуына ықпал етіп жүрген «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукенмен Ақтөбеге жасаған сапары кезінде әңгімелескенбіз.

— Биыл қазақша КВН-нің құрылғанына —17 жыл, «Жайдарман» ойынының телевизиялық жоба ретінде жарыққа шыққанына  — 11 жыл. Осы уақыт ішінде бұл жобалар жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Әсіресе ел  аймақтарында ыстық ықыласпен қабылданды. Телевизиялық жоба ретінде де көптің көңілінен шығып жүр. Дегенмен қандай жоба болмасын бір форматта қайталана берсе, онда қызығушылығынан айрылатыны рас. Бұл ретте «Жайдарман» ойынын  түбегейлі өзгеріске ұшыратпасақ та, әр қойылым сайын бір өзгеріс енгізіп отырамыз. Биыл  саннан сапаға көшу мақсатында «Жайдарман» ойынында Премьер-лига мен Жоғары лиганы біріктірдік. Оның есесіне жас командаларға көбірек көңіл бөлініп, арнайы бағдарламалар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ, жеңіл-желпі әзілге емес, салмақты ой, салиқалы сөздерден құралған ойындарға басымдық беріліп жатыр. Бұрын жылдам ойнайтын, қимылға негізделген командаларға көбірек көңіл аударсақ, енді салмақты командаларға назар аударылмақ.

— «Жайдарманның» екінші онжылдығынан қандай жаңалықтар күтеміз?

— Биылдан бастап «Жайдарман» жобасы  үш бағытта жүргізіледі. Оның біріншісі — еріктілер бағыты, яғни бұлар жайдарманшылар, ұйымдастырушылар және команда жанкүйерлерімен жұмыс.  Олар ұйымшылдықпен түрлі іс-шараларды өткізуге ат салысады. Екіншісі — әлеуметтік желідегі сауаттылық. Қазір жастардың барлығы әлеуметтік желіні қолданады. Алайда көпшілігі әлеуметтік желілерді сауатты пайдаланбайды, ақпараттық қауіпсіздік дегеннен бейхабар. Егер біз аз да болса жастардың бір бөлігін желіні сауатты жүргізуге үйретсек, үлкен жетістік болар еді. Үшіншісі — интеллектуалды бағыт. Бұл кезде біз мектеп жасындағы «жайдарманшыл» балалармен жұмыс істейміз. Яғни, ребус шешу, интеллектуалдық айтыс ұйымдастыру секілді түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылады. Құр ойынмен алысқа бара алмайыз. Сондықтан баланың таным көкжиегін кеңейтетін шараларға мән бермекпіз. «Жайдарманнан» олар жас, жан-жақты, қоғамда өз ойын ашық айта алатын, әлеуметтік желіде сауатты пікір білдіретін, ой-өрісін дамытқан азамат болып шығуы тиіс. Бізге қазір осындай азаматтар жетіспейді.

«Жайдарман» — тәрбие құралы. Бұл ойынға қатысқан жас орта көреді, елдің алдына шығып  сөйлеп үйренеді. Тез шешім шығаруға машықтанады, өзіндік пікір қалыптастырады. «Жайдарманан» шыққан жастардың көпшілігі қоғамнан өз орнын тауып, алды қазір үлкен қызметтерде жүр.

— Қазір жастар қызықты «Жайдарманнан» емес, әлеуметтік желілерден көп іздейтін сияқты.

— Рас. Бүгінде жастардың өмірге деген көзқарасы мүлдем басқа. Ақпарат заманында олар көп нәрсені бойларына талғамсыз сіңіріп жатыр. Сырттан келгеннің барлығына біз тосқауыл бола алмаймыз. Бірақ әлеуметтік желіні пайдалана отырып, жастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуге болады. Қазір біздің бір мақсатымыз — осы.

Бұл ретте біз «Жігер. Абырой. Сана» деген қоғамдық қор құрдық. Мұнда әр саланың маманы өз саласы бойынша әлеуметтік желіні сауатты жүргізе білуі тиіс. Егер желіде пайдалы, жақсы, жағымды ақпараттар көп болса, бала да соған бейімделеді. Қазір интернетте әртүрлі, әсіресе діни  бағыттағы парақшалар өте көп, олардың арасында суицидке шақыратындары да бар. Жастар мұндай мазмұндағы мәтіндердің ақ-қарасын ажыратпай, бойына сіңіріп жатыр. Осындай үлкен ақпарат ағынында біздің жұмысымыз теңізге тамған тамшыдай көрінуі мүмкін. Бірақ аз да болса қоғамға қауіп төндіретін осындай ағымдардың бетін қайтаруға өз үлесімізді қоссақ дейміз.

Осыдан біраз уақыт бұрын жастар арасында сауалнама жүргіздік. Сонда жастар үшін ең маңыздысы  —  денсаулық, ата-ана, ақша, жақсы киім, жалақысы жоғары жұмыс болды. Ал  тіл, жер, тарих секілді ұлттық дүниетанымдағы құндылықтарды айтқан бір де бір жас болмады. Бұл жерде жастарды кінәлауға да болмайды. Билік жастарға дұрыс дүниелерді ұсынуы керек. Жастар ісі жөніндегі басқармаларда соңына адам ерте алатын, қандай мәселеге де ашық пікір білдіретін көшбасшы азаматтар отыруы керек. Өкінішке қарай, дәл қазіргі күні жастар ісімен айналысатын басқармаларда ондай азаматтар аз. Жастар жақсы көретін нәрсеге  назар аударылуы керек.

— Ақтөбелік «жайдарманшыл» жастардың деңгейі көңіл көншіте ме?

— Соңғы кезде одақтың Ақтөбе филиалының жұмыс істеу қарқыны бұрынғыдай емес. Жақында бұл бағытта  үлкен өзгерістер болады. Оны уақытында көре жатармыз. Жалпы Ақтөбеде талантты жастар көп. Ақтөбелік жастар жақсы қырынан көзге түссе, қуанып қаламын. Олардың туған жері үшін белсенділік танытқанын қалаймын.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button