Әлеумет

«Ақтөбеге» жазылыңыз!

Баспасөз – 2010

«Мен жүз найзадан гөрі үш газеттен қорқам!» — депті Наполеон. Ұлы жиһангер сөзінің бүгінгі тілдегі бір «аудармасы»: «Газетпен шенеунікті де, шыбынды да ұрып өлтіруге болады».

БАҚ-тың қиратушы күш бола алатындығы тарихтан мәлім. Айбынды кеңес өкіметінің түбіне де бұқаралық ақпарат құралдары жетті. Сексенінші жылдардан бастап Батыстың технологиясымен жұмыс істеген бірсыпыра газет-журнал алып мемлекеттің шегесін әбден босатты. Ішінде қарғын жүрген қоғам өкіметті  әп-сәтте аттан аударып тастады…

Сол инерция  біраз уақытқа дейін созылды.Оқырман санасында  біреуді «сойып салған» газет қана мықты деген ой мықтап орнықты. Қоғам байсал тартқан сайын бұл түсінік те сейіліп келеді…

Белгілі саясаттанушы Ерлан Қариннің айтуынша, бізде екі түрлі шындық бар. Бірі — қазақ тілді, екіншісі — орыс тілді шындық. Демек, ел ұлтаны — қазақтың жай-күйінің қандай екендігі  орыстілділер мен «Алтын ордадан кеткендерге» (Мейірхан Ақдәулетұлының бұл терминін ұлттық ділден ажырағандар деп түсініңіз — ред.) аса қажет емес. Тәуелсіз қазақ мемлекетінің түтіні түзу ұшқаны ең алдымен қазақ тілді БАҚ-қа керек. Сол ниеттегі БАҚ-тың ішінде «Ақтөбе» де бар.

«Ақтөбені» биліктің газеті деп тыжырынатындар бар. Біз биліктің басылымы болғанымызға ұялмаймыз, керісінше мақтанамыз. Өйткені біздің түсінігімізде, Билік пен Халық бір ұғым. Мысалы, кеңес өкіметінің де «қолы бармаған» Ойылдың жолын салған кім? Билік! Мәртөкке газ апарған кім? Билік! Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға сансыз жеңілдіктер ұсынып отырған кім? Билік! Ақтөбе топырағында туып, өңірдің даңқын алысқа әкеткен талайлы ұл-қыздарын ұлықтап жатқан кім? Билік!

Билік бұдан да басқа шаруаларды тындырып жатыр.Ендеше, халықтың қызметшісі (!) болып отырған Биліктің сөзін сөйлеу дегеніміз — халықтың сөзін сөйлеу емес пе?! Бұдан біз неге ұялуға тиіспіз?

«Ақтөбе» биыл 85 жылдығын атап өтті. Бүкіл аудандардағы оқырмандарымызбен жүздестік. Халықтың газетке деген ықыласы бөлек екенін аңғардық. Бұл бізге ерекше күш-жігер сыйлады.

«Ақтөбе» хал-қадарынша өңірдің жылнамасын жазып келе жатыр. Жеткен жетістігіміз де, жіберген кемшілігіміз де көз алдарыңызда,  қадірлі оқырман. Берілген мүмкіндіктер шеңберінде өздеріңізге қызмет етіп келеміз. Заман ыңғайына сай газеттің дизайны өзгеріп,  мазмұны байып келеді. Облыстағы саяси-экономикалық, рухани-мәдени шаралардың барлығының идеологиялық ұстынын біз жасап келе жатқанымыз өздеріңізге аян. Бұрынғы айдарлар жаңарып, жаңалары дүниеге келіп жатыр. «Бұқара» — ашық әңгіме алаңына айналды. «Тарих» — жоғымызды түгендесе,   «Мәдениет» — өңірдің мәдени өмірін толық қамтып келеді. «Балдырғанның» оқырмандары тіпті көп. «Тікелей телефонға» келген лауазымды тұлғалар терлеп кетеді…

Біраз уақыт шықпай қалған газеттің төл қосымшалары енді үзілмейді. Өткен аптада «Қала» оқырманмен «жүздессе», осы нөмірімізде «Шаңырақ» өздеріңізге «жол тартты». «Мәдениет», «Жастар» деген қосымшаларымыз енді апта сайын кезек-кезек шығып тұратын болады.

Әрине, қазір газет-журнал көп. Сіз таңдаған газет-журналдың басында «Ақтөбе» тұрғанын қалаймыз. Өз кезегімізде сіздің көңіліңізден шығуға барымызды саламыз.

Биыл жазылу бағасының сәл қымбаттағаны рас. Өйткені баспаханаға, басқа да қажеттіліктерге кететін шығындар көлемі артып отыр.

Соған қарамастан газетке жазылушылар саны азаймай отырғаны қуантады. Әсіресе, былтырғыдан да көп жазылып үлгерген ембілік оқырмандарымыз көңілімізді қатты көтеріп тастады. Ырғыз, Байғанин, Ойыл, Әйтеке би, Шалқар аудандарындағы жазылу қарқыны жаман емес.

Әлі бір ай уақыт бар. Қапы қалмаңыз, жазылыңыз!

Редакция.

***

Апта сайын күтетін мейманындай…

«Жұлдыз» бен «Жалынды» қонышына салып жүріп оқитын қойшыларымыз, аптаның бір газеті қолына тимесе поштаны басына көтеретін жазылымшыларымыз көзден бал-бұл ұшқаны қашан? Қазір баспасөзге жазылу үгіттеу, тіпті кейде міндеттеу бағытында жүреді. Бірақ қалың нөпір газет-журналдардың арасында халық ықыласы кемімеген басылымдар да бар.

Олар — республикалық  «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Таңшолпан» басылымдары болса, өзіміздің  облыстық «Ақтөбе»  газеті мен аудандық басылымды оқырмандар асыға күтеді.

Бір жазылымшым туралы ерекше айтқым келеді, ол — зейнеткер Есбатыр Кенжеғұлов ағай. «Ақтөбені», «Жұлдызды» жаздырып алады.  Кітапханаға арнайы барып  «Ақиқат», «Шәмші» журналдарын іздетіп, оқып отыратынын талай көрдім.

Айтайын дегенім, облыстық «Ақтөбені» халық өте жылы қабылдайды. Мен өзім де «Жұлдыз» бен «Ақтөбені» асыға күтемін.

Қазір баспасөзге жазылу жүріп жатыр, бәлки, дағдарыстың салдары болар, баяу жүруде. Осы аптаның мәліметтері бойынша «Ақтөбеге» — 478 адам, «Вестникке» — 309 адам, «Жұлдыз-Звездаға» — 764 адам жазылып үлгірді. Егер баспасөзге жазылу науқанының аяқталуына бар болғаны бір жарым ай  қалды дейтін болсақ,  бұл  төмен көрсеткіш. Бірақ баспасөз құралдарын апта сайын күтетін мейманындай қарсы алатын қалың оқырман жыл аяғына дейін бір оң шешімге келеді деген үміттемін.

Баспасөз қызметінің айналасында жүрген адам болғандықтан, көптеген оқырмандарымыздың бір тілегін де жеткізе кеткім келеді: біздің аудандық «Жұлдыз- Звезда» газеті сатылымда жоқ. Осы мәселе оң шешілсе екен, сатылымға көп болмағанмен, 30-40 дана қойылса, халық оны алған болар еді.

Динара БАҚЫТЖАНОВА,

Алға аудандық «Қазпошта» филиалының

баспасөзге жазылу жөніндегі операторы.

***

Газет тасыған көлік өртенді

Әйтеке би, Хромтау аудандарындағы оқырмандарымыз өткен аптадағы бейсенбілік нөміріміздің өздеріне жетпегендігі туралы айтып қоңырау шалып жатыр. Мұның себебі бар. Өткен аптада Ақтөбе-Хромтау автожолының 25 шақырымында «Қазпоштаға» қарасты көліктің двигателі өртенген. Өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің  берген мәліметінше, көлік жүргізушісі мен  көліктегі пошта қызметкері тек құнды бандеролдар мен сәлемдемелерді ғана сыртқа шығарып үлгеріпті. Ал хаттар мен арасында облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник», Хромтау ауданының «Хромтау», Әйтеке би ауданының «Жаңалық жаршысы», «Диапазон» бар газет-журналдар жанып кеткен. Қазір жанып кеткен өнімнің көлемі мен құны анықталып жатыр.

Өз тілшімізден.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button