ДенсаулықЖаңалықтар

Ақтөбеде қатерлі ісікті емдейтін аппарат шығарылады

Ақтөбеде қазақ және корей ғалымдары бірлесіп, қатерлі ісік ауруын емдейтін заманауи аппарат шығармақ. Бұл мәселе облыстық әкімдікте өткен «Ақтөбе облысының денсаулық сақтау жүйесінде сәулелік жүйелер мен ақпараттық және коммуникациялық технологияларды ұйымдастыру және жүзеге асыру» тақырыбындағы семинарда  жан-жақты айтылды. Жиынға Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттарының, Оңтүстік Кореяның жетекші концорциумы мен медицина орталығының өкілдері, жергілікті медицина саласының мамандары қатысты.

Елімізде жыл сайын 35 мыңнан аса адам қатерлі ісік ауруына шалдықса, оның 17 мыңға жуығы көз жұмады. Қырық пайызы дәрігерге аурудың 3-4 сатысында ғана қаралады.  Ал бұндай жаман ауруды емдейтін заманауи үлгідегі аппарат елімізде бес өңірде ғана бар. Олар — Астана, Алматы, Ақтөбе, Семей, Қарағанды қалалары.

Қазақ онкология және радиология ғылымизерттеу институтының директоры, ғылым докторы  Диляра Қайдарованың айтуынша, бұл аппараттар ауруды емдеуде аздық етеді. Ал құны 5-7 миллион доллар тұратын американдық аппараттарды барлық өңірге сатып алу мемлекетке қиынға соғып отыр. 

Еліміздегі аппараттардың барлығы Чехияда шығарылған кобальтті аппараттар. Бізге бұдан да мықты жабдықтар керек. Себебі қазір медицина ғылымның дамуына байланысты ауруды құлан-таза айықтыратын жаңа аппараттар шығарылып жатыр. Сондықтан корей ғалымдарымен бірлесіп, арнайы сәулелік терапия жүргізетін аппарат шығаруды жоспарлап отырмыз. Себебі қазіргі американдық аппараттардың құны өте жоғары. Оны көптеп сатып алу мүмкін емес. Егер бұл аппарат өзімізде жасалатын болса, бағасы үш есе арзан болады. Әр аймаққа екі-үшеуден қондыруға болады. Сервистік қызмет те жергілікті жерде көрсетіледі. Аппарат бұзылса, оны жөндеу қиынға соқпайды. Кейін сырт елдерге де сатуға болады. Жалпы аппараттың қатерлі ісікті емдеуде тиімділігі өте көп. Аурудың алғашқы сатысында ота жасамай-ақ ісікті алып тастауға болады. Ол қолданысқа берілсе, медицина ғылымындағы үлкен инновациялық жаңалық болар еді, — дейді Диляра Қайдарова. 

Сәулелік терапия жүргізетін жаңа аппарат «Ақтөбе рентген» зауытында жасалмақ. Жобаға кореялықтар қаржы салуға келісім беріп отыр. Жиында Пусан ұлттық университеті жанындағы конвергентті медициналық технологиялар орталығының директоры Пак Ин Мин екі жақты қарым қатынас туралы айтты.

Қазақстанның аумағы кең, халқының саны аз. Сондықтан шалғай аудандардағы халықтың медициналық қызметке қол жеткізуі қиын. Ал біздің ұсынысымыз — телемедицинаны, радиотерапияны дамыту. Қазіргі күні Қазақстанда біздің бес емханамыз бар. Бірақ олардың барлығы тек қана диагностикамен айналысады. Ал жаңа жоба аясында емдеуді қолға аламыз, — деді Пак Ин Мин.

Жиында денсаулық сақтау саласы үшін ИТ шешімді өңдеу бойынша Корея Телеком бөлімінің басшысы  Ким Мин Сонг, Пусан ұлттық университеті жанындағы торакалды хирургия кафедрасының докторы Ли Хо Сок, Донгнам  медицина институты  жанындағы радиологиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Ли Ман У қашықтықтан медициналық көмек көрсету, радиология және радиотерапияның коммерциялық жүйесі бойынша баяндама жасады.

Жиын соңында Ақтөбе мен Корея мамандары екі жақты меморандумға қол қойды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button