Басты жаңалықтарЭкономика

«Нұрлы жол»: ауқымды жобалар мен нақты істер

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде инфрақұрылымды сапалы дамыту, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсету «Нұрлы жол» бағдарламасының міндеттеріне кіретінін айтқан еді. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында облыста ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

 Мердігер міндетті орындайды

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы  еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету мақсатында тиімді инфрақұрылым құру негізінде елдің макроөңірлерін ықпалдастыру арқылы бірыңғай экономикалық нарық қалыптастыруға ықпал етеді. Тұтастай алғанда, бұл бағдарлама қысқа мерзімде де, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада да экономиканың өсуіне жағдай жасап, қазіргі бар жұмыс орындарын сақтайды және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, іскерлік белсенділікті, өнімділікті және елдің транзиттік әлеуетін арттырады.

Жол — экономиканың күре тамыры. Сондықтан ел экономикасының дамуына автомобиль жолдарының қосар үлесі мол. Президент өз сөзінде жайлы да сапалы жол салуға үйренбейінше, өзіміздің стратегиялық мақсатымыздың бірде-біріне жете алмайтынымызды атап өткен болатын. Бұл орайда халықаралық маңызға ие  Ақтөбе-Атырау-Астрахань автокөлік дәлізін қайта жаңғырту — осы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған ірі жобалардың бірі.

«Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Дастан Амановтың айтуынша, халықаралық жолдың 319 шақырымы облыс территориясы үстімен өтеді.

Биыл облыста «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолын қайта жаңғырту жобасы қолға алынды. Осы жылы аталған транзиттік дәліздің  220-236 шақырымын қайта жаңарту жұмыстарына 1,2 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды. Сондай-ақ, осы бағдарлама шеңберінде облыста өзге де жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді Д.Аманов.

Жобаның жалпы құны — 3,6 миллиард теңге. Мердігер мекеме — алматылық «Ивета Со» ЖШС. Қазіргі таңда жолды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Бағлан Баймағанбетовтің айтуынша, биыл осы жолдың Қарауылкелді селосына дейінгі 17 шақырымы бір қабатты етіп салынады. Бұл жұмыстар қыркүйек айына дейін, ал жолдың жоғары қабаттарын салу жұмыстары келесі жылға жоспарланған. Жобадағы қарастырылған жұмыстар келер жылдың күзінде толығымен аяқталуы тиіс.

Бүгінгі күні «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ақтөбе-Атырау-Астрахань транзиттік дәлізінің 17 шақырымын жекелеген жоба тәсілімен бөліп алып, қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл — халықаралық маңызға ие жолдың 220-236 шақырымы. Яғни, Қарауылкелді поселкесі мен Кенжалы өзеніне дейінгі аралықты қамтиды. Қазір осы учаскеде жол құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ивета Со» мердігер мекемесі Қарауылкелді поселкесінде асфальт шығаратын зауытын іске қосты. Зауыттың толық қуаттылықта жұмыс жасауы үшін су, жарық жүйелері тартылды. Қазір аталған учаскенің 2 шақырымдай аумағына қара қиыршық тас төселді. Биыл осы жоба бойынша 1 миллиард 200 миллион теңгені игеруіміз керек. Алайда біз бұған қосымша 500 миллион теңге тағы сұрап отырмыз. Осылайша қосымша қаражаттың есебінен жұмыс көлемін ұлғайту ойымызда бар. Қазір жол құрылысына арнайы техникалар жеткілікті. Жұмысшылар ауа райының қолайсыздығына, яғни аптап ыстыққа қарамастан үздіксіз жұмыс жасап жатыр. Дегенмен әр жұмыстың да өз қиыншылығы бар. Жер шалғай,  топырақты, қиыршық тасты алыстан тасып жатырмыз. Қиыршық тасты Мұғалжардан тасуға мәжбүр болып отырмыз. Оның үстіне жанар-жағармай бағасы да қымбаттап кетті. Алайда мердігер мекеме мойнына алған міндетін орындайды және орындап та жатыр, — дейді Б.Баймағанбетов.

Ақтөбеде 518 шақырымдық жаңа жол салынады

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ақтөбе-Қандыағаш, Қандыағаш-Сағыз  аралығындағы жолды қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу ісі биыл күзде аяқталуы тиіс.

Бұл жерде 3 мердігер жобаны сызып жатыр. Бірі — «Инженерный центр «Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл мекемеге жоба құжатын әзірлеу мерзімі жыл аяғына дейін берілгенмен, қыркүйек-қазанда бітіріп қалады.  Екіншісі — «ҚостанайДорПроект» серіктестігі. Бұлар жобалық-сметалық құжатты мемлекеттік сараптамаға қыркүйекте тапсырмақшы. Қалыстау қалып келе жатқаны — «ГазДорПроект» серіктестігі. Бұл — ақтөбелік мекеме. Аталған мекеме төрт лотты ұтқан, бүгінгі күні екі лоттың жобасын әзірлеп болыпты. Әзірге осы мекеме істі ақсатыңқырап тұр. Келер жылы тендер өткізіліп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бұл жобалар іске асырылатын болады, — дейді Б.Баймағанбетов.

Аймақта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқаратын жұмыстар мұнымен шектелмейді. Келер жылы «Центр-Запад» жобасы жүзеге асырылады. Бұл — Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш аралығындағы жол құрылысы. Аймақта бұл  істі 11 лот бойынша жобалау жұмыстары басталыпты. Б.Баймағанбетовтің айтуынша, егер ауқымды жоба ойдағыдай іске асырылса, онда облыс территориясында 518 шақырымдық жаңа жол салынады. Транзиттік дәліз Ақшығанақ, Дүкен секілді елді мекендердің үстімен Ырғызға, Шалқарға, Қандығашқа және осы тұстан «Нұрлы жолға» келіп қосылады.

Жүйелер жаңартылып жатыр

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Амантай Бекниязовтың айтуынша, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл облыста жалпы құны 4,3 млрд теңгеге Ақтөбе қаласы мен Алға, Әйтеке би, Шалқар, Мұғалжар, Темір аудандарындағы 10 елді мекенді жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы саны — 13 жоба.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ақтөбе қаласы мен аудандардың бірқатар елді мекендерінде қолға алынған жобалар бойынша жұмыстар қысқы жылыту маусымына дейін аяқталатын болады. Өткен жылы Қарғалы ауданының Бадамша селосында жылу желісі мен Ақтөбе қаласындағы Шевченко көшесіндегі жылыту қазандығына жөндеу жұмыстарын жүргізу басталған еді.  Бұл жұмыстар да осы жылы толығымен аяқталады, — дейді А.Бекниязов.

Атап айтсақ, мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылып жатқан 13 жобаның қатарында Ақтөбе қаласындағы 41-разъезде жалпы құны 639751,0 мың теңгеге сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы салынып жатыр. (Кестеде көрсетілген).

P.S. Келер жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайтын 30 жоба ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылыпты. Құзырлы органның өкілдері бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда, облыстағы орталықтандырылған сумен қамтылмаған елді мекендердің тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етілетінін айтады.  Бұл өз кезегінде облыстың жылу, су және су бұру желілерінің тозығын айтарлықтай азайтады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2016 жылы облыста жүзеге асырылып жатқан жобалар

 

Жоба атауы Құрылыстың сметалық құны,

(мың теңге)

«Ақбұлақ» АҚ Ақтөбе қаласы
1 1 41-разъездегі сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы (заң колледжі ауданы) 639 751,0
2 2 Қарғалы селосындағы кәріз жүйесін қайта жаңарту 302 785,0
Барлығы 942 536,0
Алға ауданындағы «Алға жылу» МҚК
3 1 Алға қаласындағы кәріз жүйелерін қайта жаңарту және кеңейту 297 731,0
4 2 Алға қаласындағы биотазартқыш құрылғыны қайта жаңғырту 522 688,0
5 3 Бесқопа селосында сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы 168 374,0
6 4 Алға қаласындағы орталық қазандықты модернизациялау 276 520,0
Барлығы 1 265 313,0
Әйтеке би ауданындағы «Қайнар» МҚК
7 1 Комсомол селосындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту 286 656,0
Барлығы 286 656,0
Шалқар ауданындағы «Ұлы Борсык» МҚК
8 1 Шалқар қаласындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту 463 166,0
Мұғалжар ауданындағы «Коммунальщик» МҚК
9 1 Қандыағаш қаласындағы 1-көтерімдегі сорғы стансасының құрылысы 181 177,0
10 2 Бірлік селосындағы сумен жабдықтау жүйесін және нысанды қайта жаңғырту 231 203,0
11 3 Қайыңды селосындағы сумен жабдықтау жүйесін және нысандарды қайта жаңғырту 310 596,0
12 4 Ембі қаласындағы су желілері кешенін қайта жаңғырту 384 553,0
Барлығы 1 107 529,0
Темір ауданындағы «Шұбарқұдық жылу» МҚК
13 1 Ақсай селосындағы су жүйелерінің құрылысы 257 911,0
Барлығы 4 323 111,0

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button