АуылБасты жаңалықтар

Қойнауы құтты Қобданың қарқыны бөлек

«Қара Қобда», «Бала Қобда», «Ұлы Қобда»… Осы үш өзеннің бойынан мол үлес бұйырған Қобда ауданы бұл күнде облыстағы дәулетіне сәулеті сай дерлік алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Шөбі шүйгін, суы мол Қобда өңірінде талаптанғанға табылар несібе аз емес секілді. Елбасымыздың саясатынан туындаған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы аудан тұрғындары үшін көп жаңалық, қуаныш әкеледі деп күтілуде. Осы бағдарламалардың аясында кәсіп құрып, несібесін айырып отырғандар ауданда жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Қобда ауданына алғаш аяқ басқан бізді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Нұрпейісов, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жанаргүл Бейбітова, жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Динара Қандыбаевалар қарсы алды. Аудан туралы сәл әңгімеден кейін Жанболат екеуміз ауылдарға  бет бұрдық. Биыл шөп бітік шығыпты. Қайда қарасаң да самал желпіген қалың селеу мен ойдым-ойдым көгалдар, иіріле аққан өзен мен қалың тал көз қуантады.

Ауылдар жаңғырып жатыр

 Елу жылда ел жаңа» дегендей, тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде дағдарыс кезінде қаңырап, иесіз қалған қазақ ауылдары қайтадан жасарып, жаңғыра бастады. Мал басы өсіп, жаңадан жұмыс орындары ашылды. Ауылдардың келбетіне шырай жүгірді. Сондай қайта өрлеу кезеңін басынан кешіріп жатқан ауылдардың бірі —Ақырап ауылы. Көк желекке оранған көркем ауылдың орта мектебіне биыл күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ақырап ауылдық округіне қарасты орта мектептің директоры Сәния Сырымова осы қарбалас жұмыстардың басы-қасында жүр.

— Негізгі жұмыстар аяқталды, енді есік-терезелерді салу қалды, — дейді Сәния Саматқызы. — Күрделі жөндеуді жасап жатқан «Новосельстройсервис» ЖШС. «Жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қазір бұл нысанда 14 адам жұмыс істейді. Жұмысшылар айлықтарын уақытында алып тұр. Мектебімізге он жылдан аса уақыт жөндеу жүргізілмей, әсіресе үшінші қабат ескіріп тұрған. Енді, міне, бәрі ойдағыдай болып жаңадан жасалып жатыр. Үшінші қабаттан интернат ашылатын болғандықтан негізгі назарымыз сонда.

Мектепте 14 сыныпты кешен бар екен.

— Бізде ресурстық орталық бар. Басқа мектептерде арнайы маман, мысалы ағылшын тілінің маманы болмаса, балалар үшінші қабатқа келіп жатып ағылшын, пәнін оқып, сессияны бітіреді. Сондай-ақ мектебімізде лингофонды мультимедиялық кабинет, физика, химия, информатика кабинеттері жұмыс істейді. Ауылдағы басқа мектепте химик болмаса, балалар осында келіп химия пәнін оқиды, — деп мақтанады мектеп директоры.  Мектепте 32 мұғалім бар, бәрі педагог-маман. Еңбек ұжымының 53 пайызы жоғары және 1 санатты мұғалімдер. Бірінші қабатта 30 орындық балабақша бар, оған 27 бүлдіршін келеді. Үш тәрбиеші, бір психолог, алты кіші қызметкер балаларға қызмет етеді. Мектеп 1- қыркүйекке пайдалануға берілмек.

Ақыраптағы 200 орындық мәдениет үйі де жөндеуден өтіп жатыр. Екінші қабаттағы кітапхана, кіші зал, 1 қабаттағы үлкен зал да сыланып, сырланып, пайдалануға дайын тұр.

Сапар барысында «Бұлақ» ауылдық округіне қарасты «Талдысайда» болдық. Кезінде колхоз болған ауылдың қазіргі келбеті жаман емес.   Мұндағы қарап тұрып азып, әр жері талауға түсе бастаған бұрынғы мәдениет үйі қайта жаңғыртылып жатыр. Екі қабатты еңселі үй «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жаңғыртылып, қалпына келтірілуде екен. Қазір мұнда 13 адам жөндеу жұмыстарымен айналысып, айлықтарын алып отыр. Тәуелсіздік күнінің қарсаңында пайдалануға берілгелі тұрған мәдениет үйі іске қосылса 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жөндеу жұмыстарын жасап жатқан «Кварцспецсервис» серіктестігі көрінеді. 970 тұрғыны бар, екі жүзден астам жастар тұратын ауылға мынадай жаңарған мәдениет орталығы керек-ақ. Ауылда газ бар, су келген.

— Мәдениет үйінде үлкен зал, кітапхана, үйірмелерге арналған бөлмелер, ауылдың ақсақалдарына арналып шахмат, дойбы, газет тігінділері қойылатын арнайы зал болмақ, — дейді мәдениет үйінің мәдени шараларды ұйымдастырушысы Үміт Әбдірахимова.

Бай болсаң – халыққа пайдаң тисін

«Бестау» ауылдық округінде де «Жандос» атты шаруа қожалығы бар. Қожалықта төрт түлік мал өсіріледі, ол малдың азығын қожалықтың өзі дайындайды. Қожалықтың басшысы Есет Ибашев биыл шөптің бітік шыққанын айтып қуанып отыр. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен 6 млн. теңге несие алған Есет әр қайсысы 1300 теңгеден 385 қаз балапанын сатып алыпты. Қырық бес күннен соң аяқтарына тұрып кеткен балапандар біз барған кезде судың жағасында жүрді. Сорты өзгешелеу қара қаздар. Әр қайсысы 7-8 келі ет береді екен. Бұған қоса қожалықта 6 түйе, 1500 қой, 150 жылқы, 70 бас сиыр бағылып жатыр. Қожалықта малшысы, басқасы бар, 8 жұмысшы жұмыс істейді. Айлықтары 75 мың теңгеге дейін барады. Бір кемшілігі — тұрақты электр жарығы жоқ. Дегенмен күн мен желдің энергиясын жарыққа айналдыратын қондырғы жақын арада қондырылатын көрінеді.

— Немістердің қондырғысы тиімді екен. Соған тапсырыс беруге болады, — дейді Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Нұрпейісов.  Қожалықта қысқы маусымға дайындық жақсы жүріп жатыр. Өткен жылдан қалған ауқымды шөмелені айтпағанда, биыл дайындалған рулон шөптің өзі үш іскірт болып үйілген. Ал шабындықта трактор әлі шөп шауып жүр. Осылайша Есеттің шаруасы оңға басып тұр.

«Бұлақ» ауылдық округіндегі «Көк бухта» шаруа қожалығы негізінен 1994 жылдан бастап жұмыс істейді. 2000 жылдан бері толық жұмыс істей бастапты.

— Басында егінмен айналыстық. 2012 жылдан бері «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мал шаруашылығына көштік, еттік бағыттағы мал өсіреміз. 1 млн. 440 теңгедей субсидия алдық. 120 бас аналық сиыр, 4 бұқа, 80 бастай бұзауымыз бар. Жиырмадай жылқымыз бар, — дейді қожалық иесі Бекмұрат Шабаров.

— Шөпті өзіміз шауып, артығын сатамыз.

Жасында жүргізуші мамандығын алған Бекмұрат бұл күнде елге пайдасын тигізіп отырған іскер кәсіпкердің бірі.

— Бұлар мал басын асылдандыру бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Асыл тұқымды бұқаны Батыс Қазақстан облысынан алдырдық, — деген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Қапарұлы Бекмұраттың «Талдысай», «Әлия» ауылдарына үнемі көмектесіп отыратынын айтады.Шаруақор Шабаров қыс айларында өзінің «К-700» тракторына бульдозер құрып, ауылдарды қардан тазалауға жіберіп тұрады екен. Қар-шанамен жұмысшыларға тамақ тасиды. Аталған екі ауылда қар астында қалу мәселесі жоқ.

Бекмұрат Талдысайға жер қаздыртып, су шығартып беріпті. Қазір ауылдан тойхана салып жатыр. Ауылдағы мұқтаж жандарға мал азығынан да көмектесіп тұрады екен. Ауылдарды қамқорлығына алған Бекмұраттың ісіне сүйсінбеске болмайды. Осындайда Әйтеке бидің «Батыр болсаң — жауға найзаң тисін, бай болсаң —халқыңа пайдаң тисін» деген сөзі ойға оралады.

Қожалықта қазір мал азығын дайындау қызу жүріп жатыр. Өздерінен артылған рулондарды тоннасын 12 мың теңгеден  «Актеп» серіктестігіне сатады екен. Қожалықтың тағы бір ерекшелігі, 207 гектарға суданка дақылы егіліпті. Бұл өсімдікті бір жазда екі рет, кейде тіпті үш рет орып алуға болады. Мал үшін егілген жемдік дақылдың да артығы «Актепке» сатылады. Біз барған сәтте Бекмұраттың тракторшылары суданканы екінші мәрте орып жатты. Бұл малды семіртуге пайдалы дақыл.

— Суданканы орып болған соң орнына сиырларды жабамын, — дейді Бекмұрат. — Былтыр бордақылауға 58 бас мал тапсырдық. Биыл да қолдағы малдың қоңы жаман емес.

Бағдарламалар орындалып, бағдар түзеліп келеді

 Бүгінгі таңда Қобда ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жаман емес.

— Ауданға 2016 жылдың алты айында барлығы 732,7 миллион теңге инвестиция тартылды, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 278 пайызды құрады. Ішкі резервтерді анықтау бойынша құрылған жұмыс тобының қызметінің нәтижесінде қосымша жалпы құны 78,0 миллион теңгені құрайтын 7 нысан есепке алынды. Резервтерді іздеу жұмысы жалғасуда. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 95,2 миллион теңге болып, өсу қарқыны 108,2 пайызға артты. Салынған жеке тұрғын үйлер көлемі 3018 шаршы метрді құрап, өсу қарқыны 128, 6 пайызға жетті, — дейді Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет. — Алты айдың қорытындысы бойынша бюджеттің кіріс бөлігі 124,2 пайызға орындалды. Барлық деңгейдегі бюджетке 239,3 миллион теңге, оның ішінде жергілікті бюджетке 194,5 миллион теңге түсті. Былтырғы жылмен салыстырғанда 104,2 пайызға артты.

Мейрамбек Зинабдинұлының айтуынша, аудан бюджетінің игерілуі —99,9 пайыз. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 5 млрд 076 млн теңгеге жетіп, 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 102,4 пайызды құрап отыр. Ауыл шаруашылығына 73,0 млн теңге инвестиция тартылған, салыстырмалы кезеңнен 27 пайызға артық. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдары барлығы 17 263 га жерге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізген. Оның ішінде жазғы дәнді дақылдар — 7750 га (бидай-3750 га, арпа-2200 га, тары-1800 га), майлы дақылдар — 3000 гектар, бір жылдық шөп-3930 га болса, көп жылдық шөп-2190 га, картоп-211 га, көкөніс-105 гектар болса, бақша 77 гектарға егілді. Аудан көлемінде 2 443 гектар суармалы және 12 789 гектар лиманды жер бар. Биылғы жылы суармалы алқаптар толық игеріліп жатыр. Ағымдағы жылға «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспар 310 бас малды құрап отыр. Он ауыл шаруашылығы құрылымы 87 млн теңгеге барлығы 454 бас мал сатып алуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күнге 126 бас сиыр сатылып алынып, жоспар 40,6 пайызға орындалды.

«Алтын асық» бағдарламасы бойынша 5 шаруашылық 1097 бас қой сатып алуға құжаттар дайындап жатыр, жоспар 137,1 пайызға орындалады деп күтілуде. Бүгінгі күнге 582 бас қой алынып, жоспар 72,8 пайызға орындалып отыр. «Құлан» бағдарламасы бойынша жоспар 200 бас мал, есепті мерзімде шаруашылықтар 29 бас жылқы сатып алып, жоспар 14,5 пайызға орындалды. Ауданда ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар жүйелі жүргізіліп келеді. Аудан жерін ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізіледі. Есепті мерзімде барлығы 60 000 гектар жер кейін қайтарылды және 62 жер пайдаланушыға 76 975 гектар жер беріліп, қайта айналымға тартылды. Аудан жерлерін түгендеу, суы мол аймақтарды игеруге инвесторлар тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп отыр.

Ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 1090, оның 1043-і немесе 95,7 пайызы белсенді түрде еңбек етеді. Аудан бойынша бөлшек тауар айналымының көлемі 663, 9 млн. теңгені құрап, өсу қарқыны 104,7 пайызға жетті. Бағаны тұрақтандыру және оның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ауданда штаб құрылып, әлеуметтік маңызы бар 33 түрлі азықтық тауарлар бағасына күнбе-күн мониторинг жүргізіледі. Сауда нысандары мен тауарларға 10-15 пайыздан артық үстеме баға қоспау жөнінде 64 меморандум жасалып, 17 әлеуметтік бұрыш ұйымдастырылды.

Қобда ауданында 6 айда 280 жаңа жұмыс орны ашылып, 444 азамат жұмыспен қамтылған. Сөйтіп жылдық жоспар 70 пайызға орындалыпты. Жүз адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан.Отыз жеті жас түлек жастар тәжірибесіне жіберіліп, 160 азамат қоғамдық ақылы жұмыспен қамтылған. Қазір аудан бойынша жұмыссыздықтың жалпы деңгейі — 4,5 пайыз. Тіркелген жұмыссыздар саны 25 адам, жұмыссыздық деңгейі — 0,2 пайыз. «Жұмыспен қамту — 2020: жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша жұмыспен қамту және отбасылық нысандарына қолдау көрсету мақсатында республикалық бюджеттен 182,0 млн  теңге бөлінді, оның ішінде қайта қаржыландыру сомасы — 14 млн теңге. Бүгінгі таңға 46 жоба мақұлданып, 114, 5 млн теңге көлемінде несие берілді. Осылайша, мемлекеттік бағдарламалар орындалып, ауданның даму бағдары айқындалып келеді.

 «Арпа, бидай — ас екен»…

 Ауданның «Жарсай» ауылдық округіне қарасты «Қобда-Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде астың атасы — нан өндіріледі. Арпа, бидай егетін серіктестік шыққан астықты өздері диірменге тартады да, дайындалған ұнды өз наубайханаларында нан етіп пісіреді. Дайын нан 55 теңгеден аудан орталығы мен ауылдарға сатылады. Серіктестік директоры Жоламан Жаров 2008 жылы ауданның бұрынғы элеваторын сатып алған да, егінмен айналыса бастаған. Бұл күнде жұмысы толық жолға қойылған серіктестікте астық таситын 3 «КамАЗ», жер жыртатын соқа, жыртылған жерді тегістейтін жабдықтар — бәрі-бәрі бар. Біз барған сәтте Германияда жасалған заманауи «Класс» комбайны «КамАЗдың» қорабына астық төгіп жатты. Анадай жерде сүдігер жыртылып жатыр, ол жерге күздік егіс егіледі екен. Жоламан биыл 1700 гектарға бидай, 200 гектар жерге арпа егілгенін айтады. Бидай 1 гектарға 10 центнерден өнім беріп жатыр. Келесі танаптан 14 центнерден түседі деп күтілуде. Малға жем есебінде сатылатын арпа бидайдан соң орылмақ. Сонадай жерде егін кешені (посевной комплекс) қарауытады. Масағы тығыз, арам шөбі жоқ жайқалып тұрған егінге қарап  алтын-күмістің тас, арпа-бидайдың ас екенін тағы бір түйсінесің.

Қобданың орталығында да жеке кәсіп ашып, несібесін сонан айырып отырғандар бар. Мысалы, ЖК «Орнов Валихан» екі жарым айдан бері пеноблок өндіріп жатыр. Бұл жерде брусчатка, іргетастың астына төселетін фбс-блок дайындалады. Қазір мұнда 4 жұмысшы екі ауысыммен еңбек етеді. Енді төрт жұмысшы алынады деп отыр.

— «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен 3 млн. теңге несие алғанбыз, — дейді кәсіпкер Накеш Қуанышқали. — Оған Ресейден жабдықтар сатып алдық. Орыстар келіп жабдықтарды құрып, қалай пайдаланатынын көрсетіп кетті. Енді ауыл әкімі көмектессе бордюр шығармақпыз. Өнімімізді Қобда тапсырыспен жасатып, алып отыр. Пеноблоктың текше метрі 15 мың, брусчатканың шаршы метрі 2 500 теңгеден сатылады.

Ал «Матрица Элит» ЖШС «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасынан несие алып, өз шаруасын 2013 жылы бастапты. Серіктестік директоры Руслан Қалмурзаев өздерінің шлакты блок, керамзитті блок және тротуар плиткасын жасайтындығын, шлакты блоктың әр данасының 125 теңгеден сатылатындығын айтады. Күніне 400-500 шлакты кірпіш дайын болады екен. Қазірдің өзінде осы материалдан үш үй салыныпты. Жұмысшылар Эльдар мен Миша өздеріне тапсырыстың боларына сенімді. Қажетті шикізатты Русланның өзі тасиды. Жұмысшыларға тамақ беріледі, уақытымен 70 мың теңге айлықтарын алады.

 Ақша — бізден, жұмыс — сізден

 Жоғарыда аттары аталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен қожалықтардың, серіктестіктердің аяқтарына тұрып кетуі қаржыға байланысты десек, оларды қаржыландырып отырған — «Қобда – Исатай» ЖШС. Бұл несие серіктестігінің директоры С.Түменбаев 2004 жылы, серіктестік құрылған кезде оның 20 құрылтайшысы болғанын, қазір құрылтайшы санының алпыс екіге жеткенін айтады.

— Серіктестікте алты адам жұмыс істейді. Несиені 9 пайызбен береміз. 15 миллион теңгеге дейінгі несиені өзіміз береміз, ал одан асса «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ береді,  — дейді Серік Ғабдығалиұлы. — 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында несие серіктестігі 11 шаруа қожалығына 100 390 000 теңге көлемінде несие берді. Негізгі несие желісі бойынша мал шаруашылығына 65 385  000 теңге, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 24 080 000 теңге, «Құлан» бағдарламасы бойынша 10 000 000 теңге, «Алтын асық» бағдарламасымен 925 000 теңге несие берілді. «Сыбаға» бағдарламасының жоспары 111 пайызға орындалды. Кәсіп ашып, шаруамен айналысамын деген адамға несие беріледі.

Бегалы ауылдық округінің әкімі Юмағұл Утямов бізді жолдан күтіп алып «Қоңыр кете» шаруа қожалығына бастады. Қожалық басшысы Нұрлан Тажиков те «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 5 млн. теңге несие алып, оған екі жарым мың қаз балапанын алыпты. Оралдан 70 бас еділбай қойын әкелген. Екі жылқысы бар.

— Несиені жабу үшін 500 бастай қазымды саттым, — дейді Нұрлан. — Биыл 70 қойдан 50 қозы, өз ақшама трактор мен косилка алдым. Қолдағы малға шөпті өзім дайындамақпын. Нұрекең бұл жұмысқа балаларын да тартып отырғанын айтады.

Осы округке қарасты «Бессары» шаруа қожалығы өткен жылы ашылыпты. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қожалықта 60 ірі қара, 300 бас қой өсіріліп жатыр.

— «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасынан 5 миллион теңге несие алып, оған 30 бас ірі қара сатып алдым. Қалғаны өз ақшам, — дейді қожалық басшысы Санат Қаржауов (құжат бойынша Қаржауп көрінеді) — Қосымша суармалы егіспен айналысып жатырмын. Бес гектар жерге голландиялық және ресейлік картоп ектім. Оған қоса қарбыз, қауын, асқабақ, кәді (кабачка) ектік. Жүз бас линда қазы бар. Келесі жылы егін көлемін ұлғайтып, тамшылатып суарамыз ба деп отырмыз.

Қожалық сулы жерге орналасыпты. Арғы бетте ақтылы қой жайылып жатыр, шөп үюлі. Бақша жайқалып тұр. Санат келіншегі Нұргүл екеуі бақшаны аралап жүр екен, картоп та, қарбыз да пісіп қалыпты. Жас кәсіпкерлер бақша өнімін ауылдағы өздерінің «Анаргүл» аталатын дүкені арқылы халыққа сатады.

Міне, Қобда жерінде осылайша көбейіп отырған кәсіпкерлік бүкіл ауданның дамуына ықпал етіп, елге көмектерін тигізіп отыр. Береке ұялаған сулы аймақ «елде болса — ерінге тиер» деген мақалды еске түсіреді. Әрине, кейбір қожалықтарда электрдің болмауы, қайсыбірінде ауыз суды тасып ішуі секілді кемшіліктер бар. Бірақ ол қолға алынып жатқан істер және ауданның даму жолындағы талпынысына кедергі бола алмайды деп ойлаймыз.

Бір байқағанымыз, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Нұрпейісовке кәсіпкерлердің бәрі риза екен. Қай қожалық, қай серіктестікке барсақ та, қандай кәсіпкерге жолықсақ та бәрі оны қуана қарсы алып жатыр. Жанболат біреуіне асыл тұқымды мал алуға көмектессе, екінші біреуінің тағы бір шаруасына қол ұшын берген. Жәкеңнің өзі болса әр шаруа адамын ескі досындай көреді. Қай шаруашылық қай жылы, қалай құрылды, онда неше адам қандай жұмыстар атқарады – бәрін жатқа айтады. Бұл жігіттің іскерлігін, елін, жерін сүйетінін, сол ел мен жерге адал қызмет ететінін аңғартса керек. «Озар елдің баласы-ау» деп ойладық. Қобдада қара басының  ғана емес, елдің де қамын ойлайтын азаматтар аз еместігіне көзіміз жетті. Ал аудан дегеніміз жекелеген адамдардан құралады.

 Зәкіржан КӘЛКЕНБАЕВ,

Қобда ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button