«Әлия гүлі»: әр жылдар шежіресі
Қалалық әкімдіктің қолдауымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және қалалық мәдениет үйі «Әлия гүлі» халықтық ән-би ансамблінің 30 жылдық мерейтойы құрметіне арнап шығарылған «Әлия гүлі»: ықылас пен ниет ырғақтары» атты кітабының тұсаукесер рәсіміне арналған кездесу кешін өткізді.
Біздің зор мерейіміз — 1979 жылы құрылған «Әлия гүлі» халықтық ән-би ансамблі шет мемлекеттермен шығармашылық достық қарым-қатынасты алтын көпірге айналдырып, еліміздің мәртебесін асқақтатты.
Кеңес Одағының Батыры, қазақ қызы Әлия Молдағұлованың есімімен аталатын бұл өнер ұжымы «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі қайта бой көтеріп, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып, ұлттық мәдениетіміздің құндылығы арта түсті. Нәзіктік пен кербездікке, инабаттылық пен мейірімділікке толы қазақтың ұлттық билерін нақшына келтіре билеп, өз халқының, талғампаз көрерменнің шексіз махаббатына ие болған ансамбль, көп ұзамай-ақ «Халықтық» атағын қайта иемденді.
«Әлия гүлі» ансамблі құрамындағы жастардың шеберліктерінің өрістеуіне, шетел сахналарында өнер көрсетіп, тәжірибелерінің баюына, өнер ұжымының жаңғырып, шығармашылық шыңдалуы жолында көп еңбек сіңірген сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Өтеміс Әкімов, сол жылдардағы қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Нұраш Жиенғалиев, ел мақтанышына айналған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі, әрі дирижері Қайырғали Қожанбаев шынайы қамқорлықтарын әрқашанда мақтан тұтамыз.
Өнерді өмірлеріндей қастерлеп, «Әлия гүлі» ансамблінің әр басқан қадамына куә болып, әр кезде де қуаныштарын бірге бөлісіп жүрген зиялы қауым — Еркін Құрманбеков, Маржан Қорғанбаева, Әнуар Өтеген-Тана, Рысжан Ілиясова, Мәриям Сейтқалиеваларды да зор мақтанышпен айта аламыз.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының «Құрметті байланысшысы», ақын Кәрім Айнабеков 30 жылдық тарихы бар осындай өнер ансамблінің жеткен жетістіктері мен алған алғыстарына және аға буын өкілдерінің шынайы лебіздеріне толы кітаптың дүниеге келуіне үлкен үлес қосты.
Әдемі кеш барысында ақ тілектер ақтарылып, көрермендер тарапынан жоғарыда аталып өткен құрметті қонақтарға сұрақтар қойылып, әңгіме-сұхбат өрбіді. Сонымен қатар, «Әлия гүлі» халықтық қазақ би ансамблінің бишілері әсем билер биледі. Әншілер әдемі әндер шырқады.
Кеш соңында ұйымдастырушылар қонақтарға алғыс айтып, ескерткіш сыйлықтар тарту етті.
Ақмарал ҚАЛЫШЕВА,
Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің халық шығармашылығы және демалыс қызметі бөлімінің меңгерушісі.
Нике, Ұмай ана және. . . Қобда ауданы
Шынында да, Ай астында жаңа еш нәрсе жоқ. Бәрі де бұрын-соңды болған, ал болмаған секілденіп таңдандырса тек жаңарып, жаңа қырымен көрінген ескілер ғана. Ерте, ерте, ертеде… иә, есте жоқ дейтіндей ескі замандарда, мысалы, әйгілі грек ақыны Гесиод біздің дәуірімізге дейінгі 700 жылдың шамасында эллиндік құдайлардың тегі және дүниенің жаратылуы туралы «Теогония» дейтін туындысында жеңіс ұғымын бейнелейтін “Нике” (грек. “жеңіс”) жайын баян етеді. Ол титандар Крий мен Эврибийдің ұлы Палант және Мұхит пен Гефиданың қызы Стикстен туған қыз болса керек. Адам ұғымында Құдай мәңгілікті бейнелейді, бұл құдайлар да құдайлардан пайда болған. Ендеше, ескідегі Алыптарды кейін кетумен түстеп, түгендей берсек, көненің де көнесіне шегінумен көп жүріп қалармыз. Әңгіме тек Ника туралы. Жеңісті бейнелейтін шеңбер гүлді, қанаты бар сол әйелдің аңыздағы бейнесі келе, келе Александр Македонский заманында, ерте классикалық статуялардан металл ақша бедерлеріне көшкен. Соның өзінде көне грек өнерін ұмытпаған жұрт Ника бейнеленген б.д.д. 6 ғасырдағы “Самофракия Никасын”, б.д.д. 5 ғасырдағы Пеонийдің статуяларын есте сақтаған. Есте сақтағандықтан батыр әйел бейнесі замандардан замандарға, халықтардан халықтарға жетіп, ізгілік, игілік, ерлік, мейірім құндылықтарын бейнелейтін жаңа мағыналарға ие болумен келеді. Бұл тақырып көне түркілермен көршілес ғұмыр кешкен фин-угор жұртына да кеңінен мәлім. Ал түркілер сол Ана бейнесін Көктәңірмен қатар қойып, “Ұмай Ана” дегені белгілі. Дүниедегі ең қуатты держава Америка Құрама Штаттарының асқақтығын айқындайтын ескерткіштердің бірі — Нью-Йорктегі әйгілі “Бостандық” статуясы әйелдің бейнесінде. 1967 жылы Кеңес елінің атақты мүсіншісі Евгений Вучетич бастаған өнер шеберлері Ұлы Отан соғысындағы жеңістің құрметіне сол екінші дүниежүзілік шайқастың ең ауыр ұрыстары өткен Волгоград (бұрынғы Сталинград) қаласындағы Мамай қорған-төбесіне «Жеңіс» мемориалын орнатты. Сондағы орталық қондырғылардың бірінде қолына семсер ұстап отандастарын жаумен күреске шақырған Алып Ана мүсінін тұғырға тұрғызған. Бағзы Никиден басталған мағына сөйтіп, Мамай төбесінде жаңа мазмұнға ие болды. Солай. Ай астында жаңа дейтіндей еш нәрсе жоқ. Бәрі де жарқырап жаңа қырынан көрінген ескілер. Бірақ қадырлы ескілер санадан кетпеуі үшін естілік, парасат, күрделі ой керек екен. Батырлықты, игілік, молшылықты, киелілікті бейнелейтін Ана бейнесін Жерорта теңізі маңайында пайда болған грек аңызы “Ника” есімімен байланыстырады екен, ал Орталық Азия оны Көк тәңірімен қатар атап, “Ұмай Ана” деген. Осы жерден шегініс жасайын.
…1999 жылы Қобда ауданының құрылғанына 70 жыл толуы атап өтілетін болған. “Сабақты ине — сәтімен” деген, осы шегініске негіз болған әңгіменің де бастауы да сол кезеңде еді. Сол жылы аудан әкімдігі ғимараты алдында тұрған көне екі мектеп үйі ескіргендіктен құлап, үлкен үйіндіге айналған-ды. Әлгі айтылғандай, сәтін салайын деген шығар, сол кездегі аудан әкімі Мұхтар Жұмағазиев құлаған үйдің үйіндісін тасып әуреге түскенше, пайдаға жаратуды ойлап, село орталығынан жасанды төбе тұрғызғысы келді. Әрине тек төбе емес, мазмұны, мағынасы бар биіктік болуы керек. Ол осы ойын сол кездегі Ақтөбе қаласының әкімі, Қобда өңірінің перзенті, облыста да, қалада да көптеген материалдық та, рухани да қызметтер атқаруда қалың жұртшылыққа іскерлігімен танылған Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов пен облыстық жер қатынастары мекемесінің басшысы, қобдалық белгілі азамат, ауданның комсомол, партия, кеңес және шаруашылық жұмыстарына ерте араласып, басшылық қызметтерде болған, батыр қыз Әлияның мұражайын ұйымдастыруда, осы тектес өзге де көптеген рухани-мәдени істерде іскерлігімен елеулі із қалдырған Мәлік Жекеевке айтқанда ниет өзгеше бағыт алып, төбені шағын Мамай қорғаны етуге тоқталған. Сөйтіп танымал мүсінші, өзі де қобдалық Жәдігер Кенбаевпен, ақтөбелік мүсіншілер М. Ғабдрахманов және А. Құбаевпен пікірлесуден кейін оған төбе басына Ұмай Ананың мүсінін орнатып, жиегіне, Қобданың әргі, бергі тарихында батырлардың тамаша қатары жетерлік, бағзы Қобландыдан бастап, кешегі Кеңес Одағы Батырларына дейінгі тұлғалардың есімдері жазылған ескерткіш белгілер қоюға келісілді. Аталған суретшілер, мүсіншілер идеяны іліп әкетіп, шамалы уақыттың ішінде бетондық материалдан мүсінді құйып шыққан. Ауданның осыдан он жыл бұрынғы 70 жылдық мерекесі құрметіне әзірленген сол шағын мемориал бүгінде көріктендірілген демалыс паркі ретінде село орталығының мәдени демалыс орны болып тұр. Оған ауданның тағы бір аяулы қызы Айнұр Сүлейменованың есімі берілген.
Қобда орта мектебін бітірген Айнұр ҚР Президенті Н. Назарбаевтың халықтаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. 1998 жылы Алматыда қазақ-американ университетінде кадрлар бөлімінің бастығы, 2002 жылы Республикалық «Сеймар» корпорациясы өндірістік басқармасының бастығы. ҚР Президентінің «Болашақ» грантына ие болып, Лондондағы Кардиф университетіне оқуға түседі. 2006 жылы авиация апатынан қаза тапты. Парктегі Ұмай Ана мүсіні жиектегі Батырлар рухын, ауданның бүгіні мен ертеңін қамқорлап, қанатын жайып тұрған секілді. Көне аңыздағы Нике әйел-құдай гректер арқылы өнердің неше алуан көркем жанрларында тамаша бейнеленді – қанатын жайған Нике құрлықтардан құрлықтарға жеткен. Сол Никенің төркіні — түркілік Ұмай Ана Көк тәңірімен қашаннан қатар аталса да сол аңыз күйінен өнер әлеміне әліге шыққан жоқ еді. Сөйткен Ананы өз есімімен бүкіл түркі әлеміндегі, сірә, жалғыз мысал етіп асқақтатқан Қобда ауданы болғаны әсем таңдандырады.
Биыл Қобда ауданының құрылғанына 80 жыл толады. Мұндай айтулы мерекеге тұрғындар, әрине, ортақ іс, ортақ мүддедегі көрнекі тартулармен келеді. Бұл ретте ауданда ауыз толтырып айтарлықтай көлемді істердің көптігі ризалық әкеледі. Сірә, басты тарту өңірдің бүгінденгей көркеюі, өрлеуі, өрістеуі шығар. Ауданда ынтымағы келіскен татулық, жарасымдылық бар. Сексен жылдық мерекеге әзірленудің барысында ауданда кешегі он жыл бұрынғы күндер еске түсті ме екен, ол кездегі мерекедегі рухани сыйлықтың бастысы, әлгі айтылған, Ұмай Ана мүсіні еді. Енді мына он жылда сол ұлы ұғымды ауданның Гербісінде және “Ауданның құрметті азаматы” белгілерінде бейнелеумен екінші рет ұлықтап отыр. Қобдалық азаматтар енді осы бетон мүсінді жаңартып, металдан құюды жоспарлап отыр.
Идош АСҚАР.
***
Фестиваль — «Бақыт құшағында»
жүлдегер Самғат ұлының есімін Шәмші қойды
Өткен аптада ақтөбеліктер үш күн бойы «Бақыт құшағында» атты облыстық фестивальды тамашалады.
Облыстық мәдениет басқармасы мен «Шәмші аға — Ән аға» қоғамдық қорының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы үйінің ұйымдастыруымен өткен фестиваль-байқауға Шәмшінің жары Жәмилә әже мен ұлы Әбілқасым Алматыдан арнайы келіп, қатысты.
Үш күн бойы Шәмшінің әндерін сағынып қалған халық, өздері жатқа білетін ретро-әндерді тыңдап, кейде қосыла шырқап, кейде ән ырғағымен тербелді.
Байқауда Қосжан Мүсіреповтің сөзіне жазылған Шәмшінің «Бақыттымын, құрбылар» әнін орындаған Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Нұржан Қаражанов Гран-Приді жеңіп алды. Нұржанның айтуынша, көп естіле бермейтін бұл әнді «Жалын» студиясында жолдас жігіті Нұрсерік Қазтуғанов өңдепті, яғни аранжировкасын жасаған. Көңілді айтылатын әнді талғампаз көрермен ыстық ықыласпен қабылдады. «Облыстан алған ең үлкен жүлдем — осы болды», — дейді жеңімпаз.
Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің дуэті — Айдана Сайынова мен Айдана Шайғазина бірінші орынға ие болды. ІІ орынды Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенттерінен құралған «Сағыныш» триосы иеленді. Ал үшінші орыннан «Ақжол» продюсерлік орталығының әншісі Гүлхан Бөрібасова мен «Ақтөбе» вокалды-аспапты ансамбльдің әншісі Самғат Артығали көрінді.
Фестиваль басталған күні әнші Самғаттың қуанышында шек болмады, оның шаңырағында нәресте дүниеге келді. Шәмші атасындай даңқты болсын деп ырымдап, сәбиінің есімін «Шәмші» қойды. Осы әңгімені естіген фестивальды ұйымдастыруға ат салысып жүрген кәсіпкер Қайырғали Арыстанғалиев Шәмші есімін арқалаған сәбиге тай атады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.
***
Аспан әлемі және астрономия
Облыстық планетарий биылғы Халықаралық астрономия жылына арнап 16-26 қараша аралығында «Планетарий-мектеп» атты онкүндік өткізуде.
Онкүндік физика және астрономия пәндерінің мұғалімдеріне арналған «Астрономиялық білім беруде планетарийдің ролі» атты семинармен ашылды.
Қала мектептерінің физика және астрономия пәндерінің 50-ге жуық мұғалімдері қатысқан семинарды ұйымдастыруға қалалық білім бөлімі қолдау көрсетті.
Семинардың ашылған күні №15 орта мектептің мұғалімі С.Үсенова «Аспан сферасы. Аспан координаттары» тақырыбында және №34 орта мектептің мұғалімі Қ.Айназарова «Күн жүйесі» тақырыбында панорамалық сабақтар көрсетті.
Ал жұлдызды бөлмеде «Планетарий бағдарламаларының тұсаукесері» өтті. Планетарий қызметкерлері мұғалімдерге мектеп бағдарламаларына сәйкес әзірленген оқулық-танымдық жаңа дәрістерді таныстырды және жас буынды аталмыш ғылымға баулуда жасалатын жұмыстар туралы ой бөлісті.
Онкүндік барысында қатысушыларға астрономия, жаратылыстану және космонавтика ғылымдарына арналған дәрістер оқылады. («Жұмбақты астрономия», «Телескоп — ғаламның айнасы», «Күн және оның жүйесі», «Әлем және оның заңдары»). «Үркер» үйірмесі балаларының қатысуымен «Астрономия — ашылуы толы әлем…» тақырыбында астрономиялық кеш өтеді. Сондай-ақ астрономия бойынша ғылыми-танымал деректі фильмдер көрсетіледі.
Д.ШІЛМАҒАНБЕТОВА,
облыстық планетарийдің дәріскері.
***
Үш ғимарат, үш пәтер
Жақында Темір қаласында мәдениет үйі, Кеңқияқта халыққа қызмет көрсету орталығы мен спорт мектебі пайдалануға берілді.
Құрылысы биыл ғана басталған 150 орындық мәдениет үйі енді қала мәдениеті мен өнерін дамытуға, көпшіліктің лайықты демалыс орнына айналмақшы.
Кеңқияқтағы халыққа қызмет көрсету орталығының аудандағы осындай екінші мекеме.
Осындағы салтанатта аудан әкімі Б. Қаниев үш тұрғынға жаңа пәтердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Олардың қатарында білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Валентина Шкапорова да бар.
Құрылыс жұмысын жүргізген «Стройуниверсал» ЖШС ұжымы басшылығы символикалық кілтті спорт мектебіне салтанатты жағдайда табыс етті.
М. Әділханұлы,
Темір ауданы.




