Білім

Алғашқы ұстаз

Талай тарихи оқиғалардың куәсі болған, киелі Ойыл өңірінде, ежелгі Көкжар жерінде шәкірт жүрегіне жол тауып, сан ұрпақтың бойына білім нәрін құйып, тәлім-тәрбие беруде өзіндік із қалдырған, таңдаулы ұстаздардың бірі — Ақзиба Дарғожина.

1963 жылғы сурет, ортада — Ақзиба апай.

 

Ол соғыстың қиын-қыстау уақытында Н.Байғанин атындағы мұғалімдер институтын бітіріп, өмірінің көп бөлігін ұстаздық қызметке арнаған, болмысынан педагог жан болатын.

Алғашқы ұстаз — кім-кімге де қымбат, мәңгі есте тұратын адам. 1961 жылы күзде Н. Крупская атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің табалдырығын имене аттаған, алғаш партаға отырған біздерге қалам ұстатып, әріп танытқан, әліппе үйреткен Ақзиба апай еді. Талап қойғыш, еш уақытта дауыс көтермейтін, сабырлы да салмақты қалпымен, ерекше қоңыр үнімен, өз ісін сүйетін, шәкірт жүрегіне жүрек жылуын төгіп, білім нәрімен сусындатқан ол бірден-ақ бізді өзіне баурап алды. Табиғатынан психолог, бала жанын терең түсіне білетін, өзі де мейірбан ана әр баланы өзінің ұлы мен қызындай көрді. Сондықтан, нақты нәтижеге жетті, кластағы оқушылардың басым бөлігі жақсы оқыды. Сол кезде сабақ оқу мен кітап оқудан басқа кәсібі жоқ біздер бүгін тағы не үйренеміз деп, апайдың әр сабағына асығып жететінбіз. Ақзиба апайдың жазуы өте әдемі, сұлу болатын. Бізді де солай қалыптастырып, көркем жазуға үйретіп, кейін жоғарғы кластарда тіл-әдебиет пәнінің мұғалімдері біздің жазуымызды, дәптерлерімізді басқаларға үлгі-өнеге қылып көрсетіп отыратын.

Апайдың үйімен бір көшеде тұратынбыз. Сол кездің оқушылары мұғалімдерін үйіне апарып сап, сөмкесін көтеруге асығып тұратын. Дәптер толы сөмкелерді көтеру үлесі, басқаларға қарағанда, апайдың үйіне көрші тұратын Рабиға Аманбаева екеумізге көбірек тиетін. Бұл мұғалімге деген құрмет, ал біз үшін  мақтаныш еді.

Ақзиба апай — нағыз қолөнер шебері, әсіресе кесте төгу өнерін жақсы меңгерген, оның қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алатын. Бірінші класта ақ матаға «тышқан із» кесте тігуді үйретіп, әрқайсымыз өзімізге қолорамал әзірледік. Апай бізден кейін жаңа класс қабылдағанда, біздің кластың әр оқушысы кесте төгіп, осындай орамалды ұстазымыздың жаңа оқушыларына естелік ретінде сыйға бердік.

«Тышқан із» кестеден басқа, айқастап кесте төгуді де жақсы меңгердік. Ол кезде еңбек сабағы бөлінбей, қыз балалар мен ер балаларға бірге жүретін. Апай ер балалардың арасында кесте тігуден көзге түскен кластасымыз Аман Алдабергеновті мақтап, үлгі қылатын.

Тор көзді сүлгі орамалдардың бірнешеуін құрастырып, бетіне айқастап кесте төгілген әдемі кілемше апайдың үйінде қабырғада ілулі тұратын еді…

Біз оқу бітіріп кеткеннен кейін де, әрқайсымыздың қайда, не істеп жүргенімізді сұрап отыратын. Соңғы рет апайды 1992 жылы күзде ауылға демалысқа барған кезде көрдім. Науқастанып қалғанына қарамастан біраз әңгімелесіп, ақыл-кеңестерін айтқан. Он шақты күннен соң өмірден озды.

Ойыл мектебіндегі Ақзиба апай, басқа да ұстаздарымыз біз үшін нағыз идеал болды, оларды пір тұттық. Мектепті бітірген соң біздің кластың оқушыларының көпшілігі мұғалім мамандығын таңдады: Елемес Шотанов, Шолпан Бакиева, Галя Қарағұлова, Гүлзада Жұмағалиева, Райхан Есжанова т.б. Егер өмірде, еңбек жолында жетістіктерге жетіп, адал адам бола білсек, бұған біздің аяулы ұстазымыз Ақзиба Дарғожинаның да үлкен үлесі бар. Тірі болғанда, ол кісі биыл 90 жасқа толар еді. Біздің де Ойыл мектебін бітіргенімізге — 45 жыл. Осынша уақыт өтсе де кластастар болып кездесуде әрқашан апайдың рухына тағзым етіп, балалық шағымызды сағынышпен еске алып отырамыз. Сондықтан, оның есімі қашанда жадымызда жаңғырып тұрады.

 Рысты ДОСОВА,

ҚР мәдениет қайраткері.

Ақтөбе қаласы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button