Әлеумет

Шаңырақ

«Нұрлы көш» жалғасын табады

«Бүкіл тәуелсіздік жылдарында, қиын­дықтарға қарамастан, біз барша әлемге тарыдай шашылған өз отандастарымызды жинау үшін қолдан келгеннің бәрін істеу­деміз. Соның арқасында бір миллионнан астам біздің қандастарымыз Отанына оралды.

Мен әр уақытта өзімнің отан­дастарыма, қазақстандықтарға, қазақтарға, елге оралған қандастарымызға қамқор болуды айтып келемін. Қолдан келгенше көмек берейік, аяқтарынан тұрып кетсін. Ертеңгі күні олардың балалары еліміздің болашағын гүлдендірер азамат болып шығады. Сондықтан, міне, былтырдан бастап елге келген қандастарымызға құр әншейін қаражат берудің орнына, пайда келтіретін тиімді жағдайлар ойластыра бастадық. Берілген қаржының қалай тарап жатқанын да бақылау қиын. Осыдан келіп “Нұрлы көш” бағдарламасын белгілеп, оны 2011 жылға дейін бекіттік. Бұл бағдарлама алдағы уақытта да өзінің жалғасын табатын болады».

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 13 қараша күні тікелей желіде ел халқымен жүздесуінде оңтүстікқазақстандық оралман Қасым Атабаевтың сауалына берген жауабынан.

***

Оралмандар арқылы тұтас бір ауданға толықтық

1999 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен шеттен келген қандастарға квота  тағайындалғаны белгілі. Нақ сол жылы Ақтөбе жері де қазақ елінің тікелей қолдауы арқылы ата жұртқа ат басын тіреген алғашқы көшті қарсы алды. Бүгінде осы оқиғаға он жыл толып отыр.

Он жыл ішінде облысымызға шет елдерден квота арқылы 29 835 қазақ көшіп келді. Бұл дегеніңіз — тұтас бір ауданның халқы.

20 қараша күні Ақтөбе жұртшылығы облыстық әкімдіктің және облыстық көші-қон департаментінің бастамасымен, оралмандардың алғашқы легінің келе бастағынына 10 жыл толуын салтанатты түрде атап өтпек.

Осыған орай облыстық көші-қон департаментінің директоры Кенжеғали Толықбаевты әңгімеге шақырған едік:

— Еліміз азаттық алған 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін облысымызға шет мемлекеттерден 40 мыңға жуық қандасымыз келіпті. Олардың басым бөлігі — 1999 жылдан кейін оралғандар. Нақ сол жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шет елдерден ата жұртқа оралатын қандастарымыз үшін квота тағайындау жөнінде Жарлығы шыққанын білесіздер, — дейді департамент директоры. — Алғашқы жылдары квота еліміз бойынша 500 отбасына ғана бөлінсе, кейін бұл көрсеткіш бірте-бірте көбейді: 2001-2002 жылдары — 2655; 2003 жылы — 5 мың; 2004 жылы — 10 мың; 2005-2008 жылдары 15 мың отбасына квота берілді. Ал биылғы жылы еліміз бойынша квота алатын оралман отбасылары саны 20 мың деп белгіленген. Өз облысымызға оралсақ, 1999 жылдан бері 6 мыңға жуық оралмандар отбасын қабылдадық.

Оралмандардың еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосып отырғанын атап айту керек. Алдымен демографияны айтсақ, жоғарыда көрсетілгендей, 2005-2008 жылдар аралығында елімізге әр жыл сайын 15 мың отбасы көшіп келді. Әр отбасында орта есеппен 5 адам болады делік. Өзіңіз есептей беріңіз…

Алыс-жақын шетелден келіп жатқан қандастарымыздың әрбір екіншісі — еңбекке жарамды жастағы адам. Айталық, біздің облысымызға келген оралмандардың 50, 6 пайызы — еңбекке жарамды жастағылар. Олардың 65, 2 пайызы жұмыспен қамтылған. Ал 21, 3 пайызы — өзін-өзі еңбекпен қамтығандар. Көріп отырсыз, әрбір бесінші оралман өзін-өзі еңбекпен қамтып отыр.

Тағы бір ерекше айтар жайт, оралмандарымыздың 42 пайызы — еңбек жасына дейінгілер санатында, яғни балалар. Өз елінде, өз топырағында білім алған бұл балалардың арасынан ертеңгі күні қай-қай салада болмасын мықты мамандар шығатынына дау жоқ.

Облысымыздағы оралмандардың басым бөлігі, 80 пайызы — Өзбекстаннан қоныс аударғандар. Бұлай болатын себебі де түсінікті: олар — сонау алмағайып тұста осы Ақтөбе өңірінен қоныс аударуға мәжбүр болған аталарымыздың үрім-бұтағы. Сондай-ақ облысымызда Моңғолиядан, Ресейден, Түрікменстаннан, Қытайдан қоныс аударған қандастарымыз тұрып жатыр.

Біздің облысқа көшіп келушілердің басым көпшілігі тұрғылықты мекен ретінде Ақтөбе қаласын, Хромтау, Мұғалжар, Алға және Мәртөк аудандарын таңдайды. Облысымызға квотамен келген оралмандардың 84,8 пайызы тұрғын үймен қамтылған. Ал 22 пайызына тұрғын үй салу үшін жер телімдері берілді.

Квотадан тыс келетін ағайындарымыз да бар. Жергілікті билік оларды да назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей қамқорлығы арқылы квотадан тыс келген 250 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні зейнеткерлік жастағы 2705 адамға, мүгедектікке ұшыраған 800-ден астам адамға және 151 көп балалы отбасына мемлекеттік түрлі төлемдер мен жәрдемақылар уақытылы төленіп отыр.

Шеттен оралатын қандастарымыздың қатарын әлі де көбейту мақсатында елімізде Елбасы тапсырмасымен жасалған «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.  Биыл Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында ілкі жобалар жүзеге асырылды. Ал алдағы жылдың жоспарында 7 жоба тұр. Солардың бірі Ақтөбе облысындағы ілкі жоба болып табылатын — Хромтау ауданының Көктау аулы. Көктауға алдымен 200 отбасы көшіп келеді деп күтіп отырмыз. Ал жалпы, «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында алдағы 3-4 жылда облысқа 2200 оралмандар отбасы немесе 12-13 мың адам келеді деп күтілуде.

Ақтөбеге алғашқы көштің келуіне он жыл толуына орай үлкен шара ұйымдастырғанды жөн көрдік. Елім деп келген қандастарымыздың бар тілегі — Қазақстанның гүлденуі, тәуелсіздігіміздің нығая түсуі. Біз де ата жұртты аңсап келіп, бүгінде ортамызға сіңіп кеткен оралмандардың басын тағы бір қосып, арман-тілегін, ой-пікірлерін тыңдасақ дейміз.

Жазып алған И.ӨТЕМІС.

***

Бабамның ізі қалған…

Мен  Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқимын. Өз кіндік қаным туған жер — Өзбекстан болғанмен, ата-анамның тарихи Отанымыз — Қазақстанға көшіп келгелі бес жыл болды. Қазір Алға қаласында тұрамыз.

Анам денсаулығына байланысты ұстаздық қызметінен қол үзіп кеткенімен, біздің бәріміз де жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болдық. Айнұр оқу бітіріп, қызмет атқарып жүр. Қайыржан Ақтөбеде колледжде оқиды, әрі қарай жоғары білім алсам деген ойы бар. Ал кенже інім Азамат биыл мектеп бітірмекші, жергілікті басқару саласының қызметкері болсам деп армандайды.

Алға қаласындағы сәнді көшелердің бірі – Шоқан атамыздың атындағы көшеде «Оралмандарды қалыптастыру үйі» деп аталатын орталық бар. Осы үйде Қазақстанға Түрікменстаннан, Тәжікстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан қоныс аударған бірнеше отбасы тұрады. Жағдайымыз жаман емес, аудан басшылығы жағдайымызға алаңдап отырады. Менің бауырларым Өзбекстанда жүргенде таэквондомен айналысқан, кейін Алғаға көшіп келген соң, арнайы секция таппай қиналғанымыз бар. Сол кезде аудан әкімі Марат Тағымов өзі бас болып, бапкерді Ақтөбеден жалдауға көмектесті. Әкем де өз мамандығы бойынша қызмет атқарып жүр.

Мен бабамның табанының ізі қалған жер — Қазақстан болғанын мақтаныш тұтамын. Сол елімнің еңсесі биік болғанын армандаймын және сол үшін  бар күш-жігерімді арнаймын.

Гүлнұр МҰҚАТАЕВА, студент,

Алға қаласы.

«Қиындықтар көпке созылған жоқ…»

Мәртөк ауданында қазіргі таңда алыс-жақын шет елдерден қоныс аударған 4300-ге тарта қандасымыз бар.

Өз елім, өз жерім деп, ата жұртқа аңсап жетіп, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп, қазіргі тірлігіне шүкіршілік етіп, туған елдің бейбіт өміріне тәуба қылып отырған қадірменді қарт Жанұзақ Исақұловты Мәртөктегі оралмандар өздеріне басшы санайды.

Жанұзақ Исақұлов Қарақалпақстан Республикасы Бозатау ауданында 1942 жылы дүниеге келген екен.

Жанұзақ атайдың әңгімесіне құлақ түрсек:

Ата-бабаларымыз сонау алапатты ашаршылық жылдары көппен бірге өзбек еліне қарай ауа көшкенге ұқсайды. Негізі, аталарымыз Қызылорданың Қазалы стансасын мекен еткен. Мен де шетте жүрген көптеген бауырластарым секілді қазақ топырағына жетуді арман қылған жандардың бірімін. Оның үстіне, ұл есейіп, қыз бой жеткен соң, олардың болашағы қатты алаңдата бастады. Әрі, жасыратыны жоқ, тұрған жерімізде әлеуметтік жағдай да күрт төмендеп кетті. Ойласа келе, буынып-түйініп, не көрсек те бірге көрелік деп, бес отбасы болып 2003 жылы осы Мәртөкке көшіп келдік. Жалпы, өзім Бозотауда ауыл шаруашылық саласында 34 жыл еңбек еткен едім. Қазір зейнеткермін.

Келген бойда-ақ жергілікті әкімшілік осы қазір отырған үйімізді сатып алуға көмектесті. Облыстық көші-қон департаменті арқылы квота бойынша әр жан басына берілетін жәрдемақымызды алдық. Соған ауылдан мал-мүлік сатып жиған аз-маз қаржымызды қосып, біз де ел қатарлы тірлікке кірістік. Қазір жағдайымыз жаман емес. Өзбекстанда, шет жер дегенмен, айналамыз — кілең дәстүр-салт сақтаған қазақ, ағайын-туыстың ортасында, қоян-қолтық өмірге үйреніп қалғанбыз. Ал мұнда көшіп келгенде, бас-аяғы бес үй, басқа ешкімді танымаймыз, бастапқыда тосырқаңқырап жүрдік. Балаларымызға құрбыларымен орысша тіл табысу мәселесі қиындау тиді. Тұрған жерімізде орыс баласын көрмейтінбіз… Бірақ сол қиындықтар ұзаққа созылған жоқ. Балаларымның бірқатары осындағы №2 қазақ мектебінен білім алып шықты. Жыл өткен сайын көшіп келгендер саны көбейіп, қатарымыз толықты. Бір қауым ел болып қалдық. Қыз алысып, қыз берісіп дегендей жергілікті тұрғындармен де етене араласып кеттік.

Осыдан 3-4 жыл бұрын осындағы біраз азаматтар бас қосып, мені Мәртөк селолық округінің әкімі Қанат Төлепбергеновке апарды. «Шет елден көшіп келген бауырларыңыздың да жергілікті билікке жеткізсек дейтін тілек-назы, ой-пікірі болады. Сондықтан біздің сөзімізді сөйлейтін бір өкіл керек. Осы Жанұзақ ақсақалды басшы қылып сайлап алсақ дейміз», — деп өтініш білдірді. Сөйтіп Мәртөктегі оралмандар Кеңесінің төрағасы болып сайландым. Жаңадан көшіп келіп жатқан бауырларымызға, расында да, құжат толтыру, т.б. мәселелер бойынша ақыл-кеңес айтып, жөн-жосық көрсететін бір адам керек-ақ. Жаңа жерге, жаңа өмірге үйрене кету оңай болмайды. Жаңа келгендерді ортамызға тартамыз. Оларға әрдайым өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанның жағдайы  едәуір жақсы екенін, елдің ынтымақ-бірлігін айта жүремін.

Біз осындағы мешітке жиі барамыз. Әсіресе, Құрбан айт, Ораза айт секілді діни мерекелерде үлкен-кішіміз жиналып мешітке барып, ең болмағанда қол көмегімізді беріп, жастарға үлгі көрсетіп, дінге  баулимыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демеуші ме еді? Аз қаржы жинап, осындағы қорымның басына алыстан  ат арытып келген мұсылман баласы аялдап, дем алуы үшін тілеухана  салдырдық. Бұл қорымда ел аузында есімі қалған Мұстафа әулие жерленген екен.

Кеше ғана тікелей эфирде Елбасы 2010 жылы дағдарысқа байланысты қиындықтардың бәсеңдейтінін айтты. Елбасы сөзі бізді қатты қуантты, еңсеміз көтерілді. Лайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай деп жатсақ-тұрсақ тілейміз. Ел-жұртын ынтымақ-бірлік жолына жұмылдырып отырған Елбасымызға ризамыз.

Нұрсәуле ҚҰРБАНАЙС,

Мәртөк ауданы.

***

Дәулеттің бір тілегі

Жылдар неткен жүйрік еді! Ол ата жұртқа осыдан 17 жыл бұрын келді.  Онда  22 жаста еді. Ал үлкен баласы бір жаста ғана болатын. Қазір 18-ге толып отыр…

Дәулет Қызырұлы Моңғолияның Баян-өлгей аймағынан келген. Дәулеттің отбасынан басқа осы ауылға 28 шаңырақ қоныс тепкен еді. Бұлардың барлығы —  бір-біріне туыс, құдандалы адамдар. Көшіп келген жұрттың дені мал бағумен айналысады.

Басында біз Әйтеке би ауданының Жангелді мекеніне көшіп келдік, — деп еске алды сол шақты Дәулет. — Ондағы тұрғылықты халық бізге суық қабақ танытпай, құшақ жая қарсы алды. Екі-үш отбасынан бөлініп, ағайындылар болып, бір отар қойды бақтық. Сол кезде әрбір отбасына көмек ретінде бір сиыр, бес қой берілді. Барлығымызды да жұмыспен қамтамасыз етті.

Бірақ жаңа жерде жаңа тірлік бастау, әсіресе, үлкендер жағына қиындау тиді. Бұл жақтың ауа райы жақпай, аурудан шықпай, ақыры кері көшіп кеткендер де болды. Тағы біреулері табиғаты жұмсақтау деп Алматы, Қарағанды сияқты алыс облыстарға қоныс аударды. Ал кейін жекешелендіру басталды. Кеңшар малы жекеге таратылды да, мал бағып отырған жұрт жұмыссыз қалды. Солардың қатарында Моңғолиядан оралған бауырларымыз да бар.

— Тірі адам қашанда тірлігін істейді ғой. Жұмыс іздеп Әйтеке биден Хромтауға келдік. Осы аудандағы Оңғар аулында мал бағуға болатынын естіген едім. Одан соң аудан орталығына жол түсті, — дейді Дәулет.

Ол Моңғолиядан арнайы дәнекерлеуші курсын бітіріп келген болатын. Алайда бұл құжат Қазақстанда жарамсыз болып қалды. Осы құжатпен жұмысқа тұрғысы келіп, көптеген мекемелерге барды. Бір мекеменің басшысы: «Бұл не? Шынымен құжат па? Диплом осындай бола ма?» —деп таңғалса, екінші жерде орыс тілді бастықтармен түсінісе алмады. Жалпы, орыс тілін білмегендігінен көп қиындық көрді.

— Бұлай жүре бергенім болмас деп осы жақтан дәнекерлеуші курсын қайтадан оқып бітіріп алдым. Қазір «Дөң» тау-кен байыту комбинатында дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жатырмын. Орыс тілін меңгердім. Әрі соңғы кезде ауданымызда қазақ тілінде сөйлейтін басшылар да көбейді, – дейді Дәулет.

Жолдасы Қуантай мектепте еден жуушы болып істейді. Отбасында 2 ұл, 2 қыз өсіп келеді. Үлкені осы аудандағы колледжде оқып жүр.

Дәулет осыдан үш жыл бұрын басында баспанасы жоқтығын айтып, аудан әкіміне шағымданды. Сөйтіп 2007 жылы оларға үй беріледі. Алайда бұл үйдің құжаты оның өз атында емес екен. Ендігі тілегі — жеке бір баспанаға қол жеткізу. Бәлкім, көп балалы отбасы ретінде қандай да бір жеңілдіктер болар деп үміттенеді.

— Баспана болмаса, басқа барлық жағдайымыз жақсы. «Елім, жерім» деп келгенде, сыртқа теппей, қолынан келгенше қамқорлық жасаған жұртыма ризамын, — дейді Дәулет.

Бейбіткүн КАМЕТИЯҚЫЗЫ,

Хромтау ауданы.

***

Өз елім менің…»

Биыл өткен жалпыұлттық санақтың мәліметтеріне қарасақ, Қазақстан халқы 16,5 миллионға көбейіпті. Әрине, қуанарлық жайт. Демографиялық көрсеткіштердің өсуіне, қатарымыздың толығуына тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Қазақстанға шет елдерден келіп жатқан қандастарымыздың да үлесі зор.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялағанда шет жерде жүріп жүрегі жарыла қуанған жандардың бірі — Тілеппай Әбдиев. Ол ат жалын тартып мінген шақтан бастап, өз отбасында қазақтың тілін, ділін, дінін сақтап қалуды бабалар аманаты деп санады.

Тілеппай Әбдиев 1939 жылы Қарақалпақстанның Қожелі ауданында дүниеге келген. 1964 жылы Ташкент қаласындағы политехникалық институттың энергетика факультетін бітіріп, Қарақалпақ Республикасының энергетика саласында қызмет етеді. 1967 жылы аймақтық энергия басқармасының бастығы, аудандарды электрлендіру мекемесінің (ПМК-8) бастығы, 1989 жылы Аралды құтқару басқармасының бастығы, Нөкіс қалалық энегетика басқармасының бастығы, 1997 жылы Қарақалпақ коммуналдық басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Ұзақ жылдар бойғы адал қызметі үшін 1982 жылы «Қарақалпақ Республикасына еңбегі сіңген энергетик» атағына ие болды. Қалалық кеңеске, республикалық Жоғары Кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланады.

Міне, осынша еңбектің зейнетін көрер шақта Тілеппай Әбдиев ата жұртқа қайту туралы ұйғарымға келеді. Туып-өскен жерінде бір басына жететін абырой-беделі болғаныменен, ол ең алдымен балаларының өз қандастарының ортасында, төл тілін еміп, емін-еркін өмір сүруін қалады. Сөйтіп 2004 жылы Ақтөбе қаласына көшіп келді. 2006 жылы Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтовтың ұсынысымен «SBS ГРУПП» компаниясының Қандыағаш қаласында тұрғызған «Силикат-А», «Газобетон», «Минерал ватт» зауыттарының іргетасын қалауға ат салысты. 2008 жылы зейнеттік демалысқа шықты, бүгінде жолдасы Қалбикемен бірге өсіп-өнген ұрпағының қуанышына сүйсініп отыр.

Бала-шағаммен бірге өз елімде, туған халқымның ортасында жүргенім — ең үлкен бақыт, — дейді Тілеппай аға.

Нұргүл ҚАЛИЕВА,

Мұғалжар ауданы.

***

«Әкеміздің әңгімесі  мені елге алып келді»

Әлия Турениязова, Орынбор мемлекеттік университетін үздік бітірген. Мамандығы — әлеуметтік педагог, журналист, облыс әкімі сыйлығының  лауреаты.

Әлия — қайратты қыз, қаламы өткір журналист, оның бұл қасиеті «Диапазон» апталығында жарияланған мақалаларынан байқалатын. Жазда «Восток» лагеріне бара қалсаңыз, айналасына балаларды топтап алып әңгіме-дүкен құрып отырған Әлияны көресіз, газетке мақала дайындап жүрген шығар дейміз де қоямыз. Газет бетінде жетім  және мүмкіндігі шектеулі балалар туралы мәселелерді көтеріп, ылғи қиналғандарға қол созуға даяр әріптесімізге іштей ризамыз. Әлияның ойлап таппайтыны жоқ, тіпті «Диапазон» газетінде  «Моя половинка» деген айдар ашып, ақтөбелік  салт бастылардың отбасын құрып кетуіне септігін тигізгеніне қарап,  тек елдің мәселесін шешуден басқа жұмысы жоқ, төрт құбыласы сай адамдай көретінбіз. Тіпті «Экспресс К» газеті Евгений Доцук атындағы балалар мен жасөспірімдер мәселелері туралы  мақалаларға  конкурс жариялағанда соған  қатысып, жеңімпаз атанды, грант алды. «Әлия бәріне уақыт табады» деп сүйсіндік.  Бірақ Әлияны шеттен келген қандасымыз-ау деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Өйткені Ақтөбенің орыс тілді жүз қызының бірі шығар деп жүрміз ғой баяғы. Сөйтсек, Орынбордан көшіп келген бауырымыз екен. Әлия қашанда ақ жарқын, ширақ, ылғи бір жаққа асығып жүреді. Хал сұраса қалсаң, «У меня все хорошо» деуден танған емес. Жақында Орынборда тұратын  әкесінің  денсаулығының нашарлауына  байланысты «Диапазон» апталығынан кетіп қалғанын естідік. Жұмыссыз емес, басы түрлі идеяға толып жүретін Әлия әріптесіміз «Умники и умницы» деген балаларды дамыту орталығының  атқарушы директоры болып қызмет етеді екен.

— Әлия, Ақтөбе сенің қолынан іс келетін тасқайнатар  жан екеніңді білді.  Оралман статусын алдың ба, үйің бар ма дегендей, өзің туралы бірдеңе айтшы.

— Әкем бала күнімізде  тарихи отанымыз жайлы үнемі айтып отыратын. Ақтөбеге 2004 жылы келдім, оралман статусын алдым, квотамен бөлінген ақшаға үй алу мүмкін болмады. Газетте жүрдім, қазір  14 және 16 жастағы екі ұлыммен ескі қала жақта пәтер жалдап тұрып жатырмын. Жұмысым бар, әлеуметтік педагог ретінде балалармен де, үлкендермен де жұмыс жасаймын. Жаз бойы «Восток» балалар лагерінде тәрбиеші педагогтармен, балалармен жұмыс жүргіземін.

— Жалпы журналистердің осындай әдеті бар, өзінен гөрі өзгенің проблемасын көбірек ойлайды. Тым болмаса балаларың үшін пәтер алу жолдарын қарастырмадың ба?

— Осы кезге дейін шығармашылық адамы   болмаса екі бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана екенімді айтып, ешкімнің  алдына  бармадым. Әуелі еліме өзім еңбегімді сіңірейін, сосын бәрі рет-ретімен келеді ғой ойладым. Кішкентай күнімізден әкеміздің  атамекеніне  қайту туралы әңгімелерін құлаққа құйып өстік.  Өзімнің елге оралуыма сол әңгімелер әсер етті. Ал қазір ата-анам Орынбордың Ақбұлағында тұрады. Ақтөбеге келіп, менің қолымда тұрғылары келеді. жағдайлары жаман болмас еді, оған мен әлі пәтерде жүрмін. Қалалық әкімдік жанындағы  тұрғын үй қорының тізімінде №6 болып кезекте тұрмын, оған да бес жыл болды. 2005 жылы жер телімін алу үшін арыз бергенмін, кейін сол арызымыз ұшты-күйлі жоғалып кетті, мен ғана емес, 200 адамның  жайы осылай  болды. Осы уақытқа дейін ешкімге маған жағдай туғыза гөр деп міндет қылмадым. Баспана мәселесі әкімшіліктің қолдауынсыз шешімін таппайтын сияқты…

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

«Ақтөбе — кіндік қаным тамған жер»

Әйләдір Өтәлиев, Қарақалпақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.

Ақтөбе мемлекеттік  педагогикалық институтындағы театр студиясының директоры.

— Сіздің театр саласының маманы екеніңізді білеміз. Абайдың, Шәкәрімнің, Мұқағалидың, басқа да ақындардың өлеңдерін жатқа оқитыңызды көріп жүрміз. Оралмандардың келе бастағанына 10 жыл толыпты. Сіз қашан оралдыңыз?

—  «Оралман» деген сөзді қабылдай алмаймын. Көңіліме қонбайды. Қазақпын. Ақтөбенің қазағымын. Мен Ақтөбе қаласында 1939 жылы дүниеге келіппін. Өз әкем Қашақ орысша оқыған, Доңызтаудағы ең соңғы болыс болған кісі, байдың баласы ретінде ұжымдастыру  кезінде қуғынға ұшырап,  әуелі Орынборға, одан әрі Қарақалпақстанға жер аударылған. Мен жөргекте екенмін. Сол жақтың түрмесінде атылғанын кейін білдік, сүйегінің қайда қалғанын білмейміз.  Ол да бізге сабақ боларлық жағдай ғой.  Өтәлі қажының төртінші ұрпағымын. Құнанбай қажы, Досжан хазіреттермен бірге Меккеде қазақтарға арнап салынған қонақүй құрылысына атсалысқан кісі.

Елге 2005 жылы оралдым. Үй-күй, қызмет бар, облыс әкіміне, институт ректорына рахмет.

Өзім Ташкендегі театр институтын бітіргенмін, мамандығым — актер және режиссер. Бесқалада  қазақ театрын ашып, қарақалпақтар мен өзбектердің арасында қазақтың намысын қолдан бермеген адамбыз. Сол жерде театр студиясын ашып, талабы бар қазақ жастарын театр өнеріне баулыдым. Ол жақта  телевидение мен радиода да қызмет жасадым. Жұбайым Хадиша Өтәлиева  да өнер адамы, Қарақалпақстанның еңбек сіңірген артисі.

— «Жігітке жеті өнер де аз» дейді,  сіздің  пьеса жазатын да өнеріңіз бар сияқты?

— Мен пьесаны өзім жазамын, өзім қоямын, өзім сонда ойнаймын.

— Беспаспап болдыңыз ғой онда. Көп режиссердің қолынан келе бермес іс қой бұл.

— Олар — бөтен мектептің адамдары, менің заманымдағы Асқар Тоқпанов, Райымбек Сейтметов сияқты тұлғалар солай істеді де. Мен пединститутта студенттердің күшімен үш спектакльді сахнаға шығардым. Зейнеткермін деп қол қусырып қарап отырғаным жоқ, еліме қолдан келгенше қызмет етуге даярмын. Жас ұрпақтың театр өнеріне, поэзияға деген құштарлығын ояту жұмыстың үлкені деп ойлаймын.

Сейітжан Қарымсақов , дәрігер:

«Балаларым өзбекке айналып кете ме дедік»

— Қайда да екі қолға бір жұмыс табылады, Осыдан сегіз жыл бұрын атажұртқа оралдық. Квотамен үй алдық, өзім Самарқан медициналық институтын тәмамдағанмын, мамандығым – хирург дәрігер, қазақша айтқанда оташымын. Келгелі түрлі емханаларда қызмет жасадым, қазір Атыраудағы «Медикер» деген компанияда дәрігермін.

Елге жетіп жығылғанымызға тәубе деймін. Әрине, ол жақта да жаман болған жоқпыз. Бірақ көңілге түйткіл салатын жайлар да болды. Болашақта балаларымыз ана тілінен айрылып, өзбек болып кете ме деп қорықтық, тілдері алашұбарланып бара жатты. Қазір, құдайға шүкір, ұлым Шыңғысхан ер жетіп, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге барғалы жатыр. Өзіміздің  Қазақстанды қорғайтын жауынгер болады, жоғары оқу орнын бітірді, біз үшін одан артық қуаныш бар ма?

Екінші ұлым университетте оқиды. Қыз балам мектепте. Өз тілінде оқып білім алуда. Қарақалпақстанда жүре бергенде, балаларыма мұндай мүмкіндік қайда, бүгінде тәшкі сүйреп жүре ме , кім білсін. Сондықтан,  келгенде құшақ жая қарсы алған ел-жұртымызға, ақтөбелік бауырларымызға  дән ризамыз.

Біздің ата-бабаларымыздың алды ол жаққа 1870 жылдары, соңғылары 1905 жылдары қоныс аударыпты. Сол кісілердің ұрпақтарының табаны туған жерге бір ғасырдан аса уақыттан соң тиіп жатыр.

Ақтөбе — үлкен медициналық орталық, мұндағы дәрігерлердің біліктілігі жоғары, олардан көп нәрсе үйренгенімді айтқым келеді.

«Шоқанның мүсінін қойса қайтер еді?!»

Жақсыбай Төлегенов, мүсінші.

— Абай атамыз «Өнер жұтамайды» дейді, сіз секілді  мүсінші кісіге бұл жақтағы тіршілікке бейімделу қиын соқпаған шығар?

— Елге Нөкістен 2005 жылы көшіп келдік.  1992 жылы Алматыда өткен дүние жүзі қазақтарының І құрылтайына қатысқан болатынмын. Абай атындағы опера және балет театрының фойесінде  ұйымдастырылған көрмеге менің де жұмыстарым қойылды. Сол құрылтайда Елбасы  Нұрсүлтан Назарбаев: «Елге оралыңдар!» деп Үндеу тастады. Содан бері елге көшсек деген ой көкейге берік ұялады. Балалар өсіп-жетілді, біз де Ақтөбеге қоныс аудардық.

Өзім мүсіншімін, Өзбекстан Көркемсурет академиясының мүшесімін, 1974 жылы Ақырап Жұбанов басқарған Алматыдағы көркемсурет училищесін бітіргенмін.  Мәскеуде, Ташкентте, Башқұртстанда өткен көрмелерге қатысқанмын.  80-ге тарта жұмысым бар. Оның ішінде  қарақалпақтың  атақты  ақыны Бердақтың мүсіні бар. Өзбекстан Президенті Ислам  Каримовтың қолынан «Шухрат», қазақша айтқанда, «Даңқ» медалін алдым.  Мұнда келгелі 2007 жылы 10 қазақ және 10 Ресей суретшісі қатысқан облыстың 75 жылдығына арналған шараға қатысып, «Көрісу» атты мүсінді жасадым. Отбасында 10 жанбыз. Бес ұлым бар. Үлкенім – Орынбасар Төлегенов – дизайнер, қыштан  бұйым жасаудың шебері. Қарақалпақстанда жоғары білім алған маман. Оқу орындарында сабақ беруіне болар еді, ол үшін Астанадан сертификат алуы керек. Қазір  мүгедектер қоғамында аяғы жоқ балаларға қыштан түйін түюдің жолдарын үйретуде.

Орынбасар Ақтөбе облысының 75 жылдығы кезінде өткізілген халықаралық мүсіншілер конкурсына қатысып, «Ең жас мүсінші» номинациясын иеленді.  «Данагөй» деген жұмысы Әлия мен Әбілқайыр даңғылдарының қиылысында тұр. Орынбасар екеуміз Әйтеке би ауданында Құлтас баба мешітінің маңдайшасындағы «Құлтас баба мешіті» деген сөзді гранитке жазып  алып бардық.

Өзім  бір  жауапкершілігі шектеулі серіктестікте күзетші болып істеймін, пластилиннен мүсіндер жасап отырамын.

Шығармашылық адамы ретінде Ақтөбе қаласының көркеюіне атсалыссам деймін. Мысалы, Шоқан атындағы көшеге Шоқанның мүсінін қойса, артықтық етпес еді. Ахтанов көшесінің бойына қазақтың қыздарының мүсінін қойса несі бар?

Шынын айтқанда, мүсіншіге шеберхана қажет-ақ. Ойда жүрген жұмыстарымды қолға алар едім. Оның да бір сәті болар деп жүрмін.

«Бұл өңір — біздің атамекеніміз»

Базарбай Иманов, ақын,  Өзбекстан және Қарақалпақстан, Қазақстан жазушылар Одақтарының мүшесі. «Тұмар», «Жүрегімнің шуағы», Алтын сөз», «Тау домалап, тас құлап» атты өлең жинақтарының авторы.

— Елге 2002 жылы қоныс аудардық. Квотамен үй алдық. Жағдайымыз жақсы. Отбасымда 9 жанбыз, 7 балам бар. Келгелі жұмыссыз болғаным жоқ. «Руханият» партиясының бөлімшесін басқардым.  Қазір облыстық көші-қон департаментінде оралмандарды орналастыру орталығының меңгерушісі болып қызмет істеймін. Мұнда келгелі «Ақ жаңбыр» атты өлең кітабым жарық көрді.

****

Соңғы он жылда шетте жүрген қандастарымыз  көптеп келіп жатыр. Олардың ішінде еліміздің ғылымын дамытуға септігі тиетін ғылым докторлары, қаламы жүйрік журналистер, мүсіншілер  де бар.

«Қазақ ғылымына үлесімді қосайын деп келдім»

Исматов Ермахан —  физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, « Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан  еңбегі үшін» медалінің иегері. Ол — теориялық физика мен ядро мен ядролық реакциялар теориясы саласындағы көрнекті маман, осы тақырыптар бойынша 300-ге тарта ғылыми еңбектер жазған. Е.И. Исматов  5 монографияның, жоғары оқу орындарына арналған 3 оқулықтың авторы. 17 ғылым кандидаты мен  3 доктордың жұмысына ғылыми жетекшілік етті.

— Ақтөбе — ата-бабамның жері.  2002 жылы Ташкенде өткен халықаралық конференцияға Ақтөбеден Қ.Жұбанов мемлекеттік университетінің проректоры  Қуанышбек Шүңкеев келді, таныса келе: «Елге келіңіз», — деп шақырып кетті. Содан Жұбанов университеті ғалымдарымен арада тығыз байланыс орнады. Ғалымдарға жұмыс істеуге жағдай туғызса болды, артық бап тілемейді. Қолымнан келгенінше қазақ ғылымына өз үлесімді қосайын деп келдім. Жағдайым жақсы.

Қазақстанға келгелі менің  ат салысуыммен 2005 жылы Алматыда  алғаш рет «Ядро және ядролық реакциялар теориясы» атты екі томдық оқу құралы жарық көрді. Авторлары  А.Г.Ситенко, В.К.Тартаковский, К.К.Кенжебаев, Е.И.Исматов, Ш.Х.Джураев сияқты белгілі ғалымдар. Екі кандидаттық диссертацияға жетекшілік жасап жүрмін.

Ақтөбе қаласы маған ұнайды, мен келгенде 250 мың тұрғыны бар еді, қазір 500 мыңға жақындапты. Екі адамға бір машинадан келеді. Соған қарағанда, халықтың тұрмысы тәуір деп ойлаймын, — дейді артық сөзге жоқ нақты ғылымның адамы.

***

«Ақтөбені атамекен деп таңдадым»

«Егер адам бүгінмен ғана өмір сүрер болса, жат елде де өлмес күнімізді жалғастыра берер шама бар еді. Бірақ адам болған соң — арман болады; болашаққа қарайсың, балаларыңның ертеңін ойлайсың. Ал Өзбекстанда қазақ жастары үшін болашақ жоқ», — дейді Сарқытбай Әлімбетов.

Ол Қазақстанға өзінің үлкен отбасымен 2006 жылы көшіп келіпті. Қарақалпақстанның Қоңырат ауданынан келген.

Кеңес Одағы кезінде Қоңырат ауданы тұрғындарының 47 пайызы, яғни жартысы қазақтар еді. Қазір де ол жақта қазақтар көп, — дейді Сарқытбай аға.

Бұл көп қазақ — Голощекин тұсында Қызыл империяның шолақ белсенділерінің қорлық-зорлығынан үркіп, баяғы ен даладағы еркіндіктерін аңсап, бүкіл ру, ауыл болып үдере көшкендердің ұрпағы. Голощекиннің «кіші Октябрінің» немен тынғанын тарихтан да, әдебиеттен де (Х.Есенжанов, «Жүнісовтер трагедиясы», С.Елубай, «Ақ боз үй», т.б.) жақсы білеміз.

Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйіне» үңілсек:

«… Пахраддин көшіп келген тұста Қоңырат, Қожелі, Көне шаһарларының маңындағы тоғайлықтарда кешегі қырдан келген адай, табын ауылдары молая бастаған еді. Бәрі де осы Пахраддинмен тағдырлас. «Бесқала жақтың тәртібі босаңдау екен» деген қауесетпен лықсып келіп жатқан көшпелі ауылдар. Солай көшіп-қонып, үркіп жүрген ауылдар Пахраддин төңірегіне құрала келіп, осы Айтудың құмына қыс алдында орын тепкен-ді. Бұл араның малшы ауылға қолайлы жағы мол. Базар шықсаң Қоңырат тұр, шығысында — түстік жер. Батысың мен арқа тұсыңа сәл жүрсең, Үстіртке көтерілесің. Түстік жағыңды орап түрікпеннің ұлы құмы жатыр. Әлдеқандай күн туса қаша көш те сіңіп кет, ізіңді сипап қалады дұшпаның», — дейді.

Қоңырат жеріне сіңіп, аудан тұрғындарының жартысын құраған, міне, осы жұрт, сонау бір заманда Ақтөбе, Маңғыстау топырағында еркін көшіп-қонған ауылдар. Кейін өкімет құрығы ол жаққа да жетіп, бұл жұрт: «…енді қолымызға кетпен алып, сартшылап жер шұқуымыз қалып еді?» — деп өрекпіп барып, басылды да, отырықшы елге айналды. Өзбегі, қарақалпағы, орысы аралас Қоңырат өңірінде өсті-өнді…

Бірақ нақ бүгінгі күні Қоңыратта қазақтар «үшінші сортты» жұртқа айналып отыр. Мысалы, кез келген мекемеде бірінші бастық өзбек, оның орынбасары  қарақалпақ ұлтының өкілі болады, (кей жағдайда — керісінше); бұл — жазылмаған заң. Ал қазақ азаматтары қабілеті, білімі жағынан сол өзбек пен қарақалпақты он орап тұрса да, ешқашан қатардағы қарапайым қызметкер не қара жұмысшыдан әрі аспайды. Оның өзі — бүгін бар да, ал ертеңі белгісіз тірлік. Айлық мардымсыз және көп жағдайда қолға ақша күйінде тимейді, дүкеннен зат алуға рұқсат қағаз түрінде беріледі. Ал дүкендегі зат — базардағыдан 20-30 пайыз қымбат.

Мектептерде қазақ сыныптары қысқартылып жатыр. Бұрын қазақ балалары Қоңыраттағы 5 мектептің барлығына да бара алатын, қазір оларға екі ғана мектепте өз тілінде білім алуға мүмкіндік бар.

«Үшінші сортты» жұрттың қалт-құлт өміріне көнгісі келмеген қандастарымыздың ойында бір ғана мақсат — өз еліне, Қазақстанға жету.

— Ол жақтағы қазақтар ата жұртты, Қазақстанды аңсайды. Бірақ көшіп келе қалған күнде, әрі қарайғы тірлік не болады — көпшілігі осы жағына қарайлайды, — дейді Сарқытбай аға. — Кезінде өзім де біраз толқыған едім. Бірақ бәрі сәтті болды. 2006 жылы маған Ақтөбе іргесіндегі оралмандарға арналған «Бауырластар» аулынан жер учаскесі тиді. Өзім — құрылысшымын. Балаларым үшін де құрылыс жат кәсіп емес. Екі жылда үй көтеріп алдық. Жарығы бар. Жуық арада аулымызға су келеді деген жақсы үміт және бар. Әзірге суды Сазды аулынан тасып ішіп отырмыз. Әрине, тұрмыстың анау-мынау қиындығы қайда болмайды дейсіз? Қиындықтың бәрін де бірте-бірте жеңіп келеміз.

Ата жұртқа біржола көшуге бел байлаған Әлімбетовтерді: «Нақты қай өңірге бару керек?» — деген сауал да толғандырды.

Алматы жақта бауырларым бар, — дейді Сарқытбай аға. — Жалпы, қазақ жерінің қай өлкесі де бізге ыстық қой. Бірақ өзім ойлана келе Ақтөбеге көшу керек деп шештім. Әкеміз Абылла Байғанин жағынан көшкен. Табын деген жұртпыз. Демек, Ақтөбе — атамекеніміз. Елге оралады екенбіз, балаларымды біржола атамекеніне әкелгенім дұрыс емес пе?

…1920-30 жылдардың дүрбелеңінде жат жер асқан жұрттың немере-шөберелері бүгінде атамекен төрінде асыр сап жүр.

Мен о жақ пен бұ жақтағы тірлігімізді салыстырып қараймын. Ол жақта да ашықпаған едім, бірақ көңілімде ертеңге деген сенім жоқ болатын. Ал қазір балаларымның, немерелерімнің болашағына сеніммен қараймын. Мен ғана емес, байқағаным — осындағы жұрттың бәрі, барша қазақстандықтар ертеңгі күніне, болашаққа сенімді. Осыған қуанамын, — дейді Сарқытбай аға.

Ол кісі жолдасы Шолпан апаймен бірге төрт ұл тәрбиелеп өсіріпті. Қазір өзі де, балалары да құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Үлкен екі баласы үйленген, үш немересі бар. Үлкен немересі Мержан биыл мектепке барды.

— Ал Шолпан апайға жұмыс табылмады ма? — деймін.

Сарқытбай аға сабырлы түрде:

Неге? Үй шаруасын үйлестіру бар, немерелердің тәрбиесі бар — керісінше,  жұмыстың ең үлкенін сол атқарып отырған жоқ па? — деп жауап берді.

Әлімбетовтер «Бауырластар» аулының ортасынан еңселі үй тұрғызып алды. Бұл — қара шаңырақ, үлкен үй болмақ.

Енді бала-шағалы екі ұлға, ал болашақта үшінші ұлға да жеке-жеке отау керек. Әрине, оңай емес. Қиындықтар болады…

Бірақ сол қиындықтардың арғы жағында Сарқытбай ағаның ата жұртқа бет бұрғандағы басты арманы — балаларының жарқын болашағы тұр.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

***

«Армысың, ата қоныс, жасыл мекен!»

«Бауырластар – 1» аулының тұрғыны Жәмиғын Түйешиев былай дейді.

— 2007 жылы Қарақалпақстандағы Тақияташ деген жерден осында қоныс аудардық. Осыдан 80 жыл бұрын ата-бабаларымыз замана желімен сол жаққа барған. Табын руынанбыз. Еліміз тәуелсіздік алып, көк байрағы желбірегелі, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен ата жұртқа оралсақ деген деген ой көкейде жүрді. Өсіп келе жатқан балаларымыздың болашағы жарқын болуы үшін де өз елімізге ат басын бұрудың маңызы зор еді. Әйтпесе ол жақта жаман болғанымыз жоқ, ел қатарлы тұрдық.  Облыс, қала, ауыл  әкімдеріне алғысымыз шексіз. Алыстан бауырларымыз келді  деп құшақ жая қарсы алды, қолдарынан келген көмектерін жасап жатыр.

Осында келіп балдызымның атындағы жерге үй салып, екі жылдан бері орнығып қалдық, кейін өзіме де жер бөлді. Ауылға жарық берілді. Енді ауыз су мәселесін шешіп берсе, тіпті жақсы болар еді. Аулымыздан қалаға қатынап азық-түлік тасимыз, осы жерден кәсіпкерлер шағын маркет болса да ашатын шығар деп ойлаймыз. Жасым елудің екеуінде, мамандығым — арматурашы. Әзірге жұмыстың реті болмай тұр. Әйелім Роза Тақияташта банкте бас есепші  болып қызмет жасаған, қазір ол да бос. Құдайға шүкір, ер жетіп тұрған 4 ұлым бар, үшеуі жұмыс істейді. Тәубе, мұнда келгелі бір ұлым үйленді, немере сүйдік. Ауыл дәрігерлері өздері машинамен келіп, немеремізді емханаға апарып, уақтылы түрлі ауруларға қарсы егіп, қайтадан үйге жеткізіп тастайды. Сазды аулының тұрғылықты халқымен қоян-қолтық араласып кеттік, сыртқа тепкен жоқ.

Тіршілік болған соң тойың бар, басқаң бар, банктен несие алуға тура келеді, бірақ неге екенін қайдам, несиеге қол жеткізу мәселесі қиындау боп тұр. Әрине, мұның бәрі сөз арасында айтылып жатқан жайлар ғой, ең негізгісі — елдің ішіндеміз. Болашақта «Бауырластар-1» аулының түтіні түзу ұшатынына сенімім мол.

«Жағдайымыз жақсы біздің, жақсы біздің күйіміз де!»

Өтесін ЕСІМБАЕВ:

«Ер — туған жеріне»  дегендей, ата-баба жұртына біз оралдық. Жағдайымыз жақсы. Мен де «Бауырластар-2» аулының тұрғынымын. Қарақалпақстаннан 2005 жылы көшіп келіп, квотамен бөлінген жерге үй тұрғызып алдық. 4 балам бар, екі ұлым өсіп, шаруаға жарады, жұмыс істейді, екі қызым мектепте оқиды. Зайыбым  Кәмилә — осында дүкенші, Өзім екі жылдан бері Кеңқияқтағы «Ланкастер-Петролеум» компаниясында жүргізушімін.  Саздының халқымен ортақ тіл тауып, сыйластықта өмір сүріп жатырмыз. Төбелес, айтыс-тартыстан аманбыз, бөлініп-жарылып жатқан ешкім жоқ, той-томалақ, садақаларда бас қосып жатамыз.

Аулымыз Ақтөбеге жақын, барып-қайтуға оңай, оның пайдасы да көп. Ақтөбеге 1975 жылдары келгенмін, ол кезде шағын ғана қала еді, қазір  үлкен әрі көркем шаһарға айналыпты. Аулымыз да біртіндеп көркейе береді ғой, уақытша қиыншылықтар қайда да болады.

«Бауырларымыздың денсаулығы жақсы»

Зағила НАҒМЕТОВА, Сазды аулының фельдшері:

— «Бауырластар-1», «Бауырластар-2» ауылдарындағы  тұрғындарға оң қабақпен қараймыз, ол – біздің әрі адами, әрі дәрігерлік парызымыз деп ойлаймын. Әрбір адамның денсаулығы біз үшін қымбат.  Бірлі-жарым созылмалы сырқаты барлары болмаса, жалпы қандастарымыздың денсаулығы жақсы. Бізде есепте тұрған 32 баланың, ересектердің денсаулығы үнемі бақылауда.  Олардың сұрақтарына жауап беруге, көмек көрсетуге дайынбыз. Көшіп келген ағайындар негізінен еңбекқор, тіршілікке бейім. Адамдармен тез тіл табысады. Аулымыздың үлкейіп, халқының көбейіп жатқанына біз де қуанамыз.

Алдағы уақытта жаңа емхана пайдалануға беріледі.

«Бауырластар» аулындағы тұрғындардың бағы жанады»

Сазды аулының әкімі Ықсан ДИСИКУШ:

— Үйңізіге қонақ келетін болса да, отбасыңмен ақылдасып, қалай күтіп алатыныңды жоспарлайсың. Ал басқа елден ата қонысқа көшіп келіп жатқан бауырларыңды күтіп алу оңай шаруа емес, Әрине, қуана қарсы аласың, бірақ  бұл — үлкен жауапкершілікті қажет ететін шаруа. Облыс әкімі, қала әкімі, көші-қон департаменті, бәрі осы іске үлкен мән береді. Өйткені олардың тағдыры келіп түскен жеріне байланысты. Аулымызға келгенде ақсақалдар кеңесіндегі үлкендердің жөн сілтеуімен қандастарымызды барынша жақсы, жылы қарсы алуға тырыстық. Қолдан келген қамқорлығымызды аямадық.

Сазды селолық округіне қарасты «Бауырластар-1» аулында 34, «Бауырластар-2» ауыында  13 отбасы, барлығы 170 жан тұрып жатыр. Оның 32-сі — бала, үшеуі — зейнеткер. Қандастарымыз мұнда 2005 жылдан бері қоныс теуіп жатыр.  «Бауырластар-1» аулына жарық берілді, «Бауырластар-2» аулы жарықпен жыл аяғына дейін қамтамасыз етіледі деп отырмыз. Көшіп келіп жатқан бауырларымыз  жағдайға тез бейімделіп, тіршіліктерін түзеп алып жатыр. Әрине, олардың алдарында салулы төсек, салқын үй дайын тұрған жоқ. Өздеріне квотамен берілген жерлерге үй тұрғызып алуда, табылған жұмыстан бас тартпай, сыбанып кірісіп кетеді.

Бауырларымызбен қала әкімі  Архимед Мұқамбетов өзі екі рет келіп жүзбе-жүз сөйлесіп, шешімін таппай жатқан  мәселелерден хабардар болды. Жарық беру мәселесі шешімін табады деп уәде берген еді. Міне, ол да жүзеге асып жатыр.

Жоспар бойынша, ауыз су мәселесі де қолға алынуда, құжаттары дайын, келер жылы қандастарымыз ауыз судан зәрулік көрмейді деген ойдамыз. Қалаға күніне 9 рет автобус қатынайды. Келешекте одан да көбейе түседі.

Ауылды газбен қамтамасыз ету жайы да назарда тұр. «Бауырластар-2» аулынан тек қана оралмандарға ғана емес, кезекте тұрған адамдар да жер телімін алған. 250 адам участок алған. 10 шақты үй іргетасын көтерген, жарық, су, газ келіп жатса, үйлер де тез бой көтереді деп ойлаймын.

«Болашақ-1» аулында мектеп, балабақша бой көтереді, олар үшін арнайы жер бөлінген.

Қосымшаны әзірлегендер Индира Өтеміс және Ардақ Қонақбаева.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button