Мәдениет

Есенбайдың сырлы өлеңдері

Көрнекті ғалым, жазушы, журналист, академик Рымғали Нұрғали — елдің ғылымы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан белгілі тұлға. Оның журналистикадағы еңбектері де әйгілі ғылыми туындылары сияқты жаңашылдығымен, көркемді қуатымен ерекшеленеді. Жақында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде ғалымның Әл-Фараби атындағы Қазақ университетінің 75 жылдығына байланысты сол оқу орнын өзімен бірге 1963 жылы журналистика бөлімі бойынша бітіріп шыққан курстастары туралы «Сағыныштың бір тамшысы» («Е.Қ.» 30 қазан, 2009 жыл) және «Қазақ» газетінде «Жетпістің жетеуі» (№46. 13 қараша, 2009 жыл) деген көлемді материалдары жарық көрді. Материалдарда өзі айтқандай, «сол алпыс үшінші жылы бітіргендерден елімізге белгілі көп азамат шығыпты» деп, солардың бірқатары туралы кеңінен әңгімелеген. Солардың ішінен елге белгілі, өңіріміздің перзенті, белгілі ақын Есенбай Дүйсенбайұлы туралы материал беріліп отыр.

Әуелде бәрі ақынбыз деп кеуде соққан, жатақханада, аудиторияда, түрлі кештерде таласа тырмысып, жарыса жыр оқитын, бірер жылдан кейін әркім өз орнын таба бастады: біреу журналистикаға, біреу әдебиетке, біреу ғылымға бой ұрып, өлеңшілік адастырып кетті. Ақындықты ұстап қалған жалғыз Есенбай Дүйсенбайұлы ғана. Соған ғана енді өлең оқытамыз. Қыздарға барғанда өзіміз шығарған болып, соның жырларын заулатамыз. «Сенің көзің әдеміден әдемі, жанарыңда шайқалады сұлулықтың әлемі» деп талай сұлуды құлаттық. Курстағы әуелгі жетпіс өлеңшіден қалған жалғыз тұяқ Есенбайды біздің «Кішкентай Абай» деп төбемізге көтеруші едік.

Университет бітіргеннен кейін үй-іші жағдайына байланысты Ақтөбе жаққа кеткен ақын Есенбай мектепте, аудандық, облыстық газеттерде он бес жылдай қызмет істеп, Алматыға жетпісінші жылдардың аяғында оралып, тұрақты тұрып қалды. «Бозала таң, бозторғай», «Ақпейіл», «Біздің толқын», «Ақжелкенді ағыстар», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үш бұлақ», «Санамақ», «Менің жаңа астанам» сияқты поэзиялық кітаптарымен оқырманға кеңінен танылып, әр түрлі сыйлықтар    алып, курстастары қойған «Кішкентай Абай» атағын әбден ақтады.

Таяуда жаңа кітабын беріп жіберіпті. «Ұланғайыр» деген атпен «Раритет» баспасынан шыққан жыр кітабы. Таңдамалы десе де болғандай. «Жыр жауһары» сериясымен жарық көрген.

Қазақ пен өлең егіз жаралған деушілердің сөзі рас сияқты. Солай да болар мүмкін. Өйткені сонау ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясынан бастап, бүгінгі жырға дейін небір сұлу да үйлесімді, ұйқасты да ойлы сөздер емін-еркін төгілген. Қазақтың бүкіл бітім-болмысы, дүниетанымы мен ой толғамы, салты мен дәстүрі, тұрмысы мен тіршілігі, ғұмыр кешкен кеңістігі, сайын даласы, ата қонысы сол өлеңінің бойынша сыйып кеткен сияқты. Дәлірек айтқанда, казақ поэзиясының бойынан қазақтың иісі аңқып тұрады. Сондай ұлттық табиғи бояуы қанық өлеңдердің авторы —  Есенбай Дүйсенбайұлы дер едім. Ақын қалың оқырманнан, әдебиет сүйер қауымнан өзінің әділ бағасын алды.

Есенбай өлеңдерінен нағыз қарапайым қазақы болмысты аңғару қиын емес. Өзімізге таныс, көкірегімізге бұл күндері сағыныш боп орныққан кәдімгі ауыл бейнесі, дала келбеті ақын өлеңдерінің негізгі өзегі. «Бозала таң мен бозторғай» өлеңіндегі тұтас сурет осы ауыл, дала таңының көрінісін көз алдымызға әкеледі.

Домбыра — дала қуанған

Бозжорға дейтін күй төгіп,

Бойжеткен орман, ну орман

Бозала сулық бүркеніп.

Міне, қазақ даласының Есенбай кеңістігіндегі бітімі. Ақынның көркемдік танымындағы даланың домбыра эпитетімен кескінделуі соншалықты нанымды. Сол даланың бозжорға дейтін күй төгетіні тіпті шындық. Көкжиек-көл, боз атқа мініп, құйғыта шауып келе жатқан Қуаныш, бозала таңда оянған өмір — мұның бәрі де поэтикалық бітімі жарасымды өрнектер. Табиғаттағы өзгерістер, маусымдардың — қыс пен көктемнің, жаз бен күздің алма-кезек ауысуы сондай қарапайым, сондай тартымды жолдармен беріліп, еріксіз өзіне үйіреді. Ақынның сәуірі:

Қаз дауысты аспанның

Қанатынан суыл кеп,

Кеудесінде жас талдың

Жапырақтар уілдеп, —

немесе келесі бір өлеңде:

Қарлы қыстың қойнында жаз жаралып,

Сәуірлерде сәулелі саздар ағып,

Табиғаттың келеді көктемдерін

Қаңқылдаған қанатты қаздар алып, — деген шумақтармен бейнеленсе, қыркүйектегі сурет, күздің суық лебі өткінші өмірмен қатарластырыла суреттеледі:

Қыркүйегің демде қарып барады,

Қыр астында шеңбер ағып барады.

Жастық шуын белдер алып барады,

Жапырақты желдер алып барады.

«Айналдырған алмай қоймас» деп келді…

Анау бір қарт дүниеден өтті енді.

Ару қызды алып қашты махаббат,

Аққу-қаздар алып ұшты көктемді.

Табиғаттағы әрбір сәтті қалт еткізбей қағып алатын ақынның қырағы түйсік көзіне шалынған суреттер тізбесі тіптен көп. Ары қарай оқып қарайық:

Жердің шөлін басады жаңбыр әні,

Махабатта таңды тек таңға ұрады.

Өмір деген құмарын бал аралар

Гүл ернінен от ішіп қандырады.

Болмаса:

Ақжақұт аспанынан аунаған нұр,

Сұрасам, берер ме екен тау маған жыр?

Айта алмай күдіктенем…

Үміт деген

Үлпіпдек ақша бұлт па жаумаған бір?

Ақын табиғат-ананың бір сәт қайталанбас сұлулығын дәлдікпен көрсетеді. Әркім болжай алмайтындай мұндай дәлдік, алдымен, әсемдікті тани және түйсіне білетін ақынның сезімталдығын һәм шеберлігін қажет етеді. Есенбай көзі көріп, танымы қабылдаған суретті оқырманының сезіміне әсер ете отырып жеткізе біледі:

Кетті қайда жалтарып,

Қараңғылық дірілдеп?

Таңдайынан бал тамып,

Таң келеді сібірлеп.

Туған жер табиғатын ақынның бәрі де жырлады. Әрқайсысы өзінше жырлады. Сол ата қонысты жырлауда ақын ақиқат пен әсемдікті қатар өріп, нақты бейне жасайды, шындық болмысты шырайландырып, поэтикалық бояуын қанықтырады. Есенбай ақын жырлауындағы туған жер, дала болмысы табиғилығымен, қарапайым да әсерлі өрнегімен ерекшеленеді. Бұл сипат Есенбайдың адам өмірінің неше ықылымынан бергі, шешусіз сұрақтарына көңіл бұруынан, адамның ішкі болмысына, жан дүние сырларына үңілуінен, көзі шалған кұбылыстарға символикалық астар бере отырып, тың ойды айтуымен танылады. Ақынның талантын таразылайтын басты өлшем — шынайылық десек, сол шындық таза қалпында ашылып, өлең болып төгіледі. Бозала таңды, бозторғайды қайталай жырға қосқан ақынның боз түсті әлемі — өз алдына бір арна. Бозала таң, бозторғай ұя салған бозаң, бозбауыр аспан, боздала, Бозінген, Бозжусан, бозбала шақ — бұл поэтикалық қалып Есенбайдың ақындық өрісінің бітім-болмысы.

«Бозала таң – бозжорғам», «боз дәурен» деп толғаған ақын «Төрт бояу» өлеңінде боз түсті таңға — тіршіліктін басталған шағына, өмірдің сәбилік кезеңіне тели отырып, бозбаланың ат мініп, ақ жолға бел буған шағын, қызыл іңір мен қараңғы түннің көркемдік ұғымындағы қалпын өмірмен байланыстыра жырлайды. Боз түстен басталып, ақ түске, сосын қызыл… қара түстерге ауысатын уақыт мезеттері мен адам өмірінің кезеңдері сәтті үйлесім тауып, қатар өрілген жырдың әсері тамаша. Бөбек дүниеге келген бозала таң, қызартып, қуырған қызыл іңір, көңіл суынған қараңғы түн… бұдан әрі үміт түнін жамылып үй сыртында бозарып, қыз күткен бозбала сырлы бір әлемге тартады. Сол бояуларды жырға қоса отырып, ақын:

Көріп тұрып көктегі ала бұлтты,

Табиғаттан таптым бір даналықты:

Боз, ақ, қызыл һәм қара — төрт бояудан

Адамзаттың тағдыры жаралыпты, — деп ой түйеді. «Жауа алмай кеткен бұлттар-ай», «Тамыз тамшылары», «Құмда», «Таңғы жол», «Есіктің алды», т.б. өлеңдер тізбегінде осындай сырлы да сазды суреттер көп-ақ.

Поэзия сұлулық пен ақиқат, шыншылдық пен кіршіксіздік, жақсылық пен парасат жарасымдылығын мұрат тұтқан біртұтас рух майданы десек, әр ақынның өзінің жүрегінде орын алған, санасының қалтарысына катпарланған танымдық әлемі өлең өнеріне өз өрнегін қалдырады. Ақын жаны — тым нәзік, тым әсерленгіш. Әр ақын өз танымының биігінен дүниеге көз тігеді. Осы тұрғыдан келгенде, Есенбай ақынның өзгеге ұқсамас ерекшелігі — поэзиясының ешқандай қолдан жасалған қоспасы, әр жерден құрап-жинап алған жалғандығы жоқ шынайылығы, табиғилығы дер едік.

Поэзиялық туындылар, қарапайым тілмен айтқанда, сезімдер мен түйсіктердің нақты көрінісін көрсететін, сан алуан ағымдар мен сәулелерден туып, өзінің түрлік-пішіндік ерекшелігімен айқындалатын туындылар екені белгілі. Өлеңінің мазмұны далалық бояуға қанық, суретке бай ақын ізденісінің бір қыры осы пішіндік тұрғыда да бай мазмұнды. Дәстүрлі тармақ, қалыптасқан ұйқас шарттарынан өзгеше өрілген мына бір өлеңінің, Абай жазғандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндігі» айтпаса да анық:

Ай көрдім, жаңа туған арай көрдім!

«Жаңа айда жарылқай көр,

Ескі айда есіркей көр!» —

Ел сөзі еске түсіп қарай бердім.

Өлең   техникасын қапысыз меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермес. Жаңа түр іздеймін деп, мазмұнын, кейде ұйқасын ақсатып алатын өлеңшілер толып жатыр. Бұл жағынан келгенде Есенбай алдыра да, шалдыра да қоймайды. Қалыпты ұйқастан шығып, бірінші тармақ пен төртінші тармақты жай ұйқастыра салуға болар. Есенбай ұйқасының ішкі үйлесімінің өзі құлпырып тұр. Пішін жаңалығын іздегенде, мазмұндық үйлесім желісін бұзбай, төрт аяғын тең басқан, су төгілмес жорғадай әсем жүрісті өлеңді тудырған ақынға риза боласың. Мына бір-екі шумақтан ғана тұратын жапон хайкуларын еске түсіретін (бірақ олардан мүлде бөлек) әсем өлең соған айғақ:

Жаңағы талдырмаш таң,

Жаңбырлы аспан

Жалт етті,

Жан сусынын қандырмастан.

Әндетпей күміс күн де,

Пүліш-бүлде

Қыр мүлгіп,

Қызыл іңір тұр үстімде.

Үш, яки бес жолдан тұратын хайку, танка сияқты жапон поэзиясының пішіндік түрлері өз бойына күллі суретті сыйдырады. Өздерінше айтқанда, әлемнің кішкентай моделі сияқты. Біз мұны текке айтып отырған жоқпыз. Ұлттық поэзиямыздың көркемдік мүмкіндігінің өрісі барынша кең екеніне сілтеп отырмыз. Жоғарыдағы төрттағанды өлеңде, бір қарасаң, табиғаттың құбылмалы сәттік көрінісі, екінші жағынан, таңнан басталып, түнмен тамамдалар уақыт, яғни соған қарай икемделе бейнеленген өмір суреті бар.

Ақынның туған жеріне, қимас достарына, қиын тағдырлы әкесіне, аяулы әжесіне, апасына — баршасына арналған өлеңдері шынайы тебіреністен, шын сағыныштан туған жырлар. Олардың бояу әлемі мен әуен-сазын да ақын көкірегінің толғаныс-тебіренісі жасаған, шынайы, табиғи. Өмір мен соған еліткен көңілдін қас-қабағын бағып, тынысын қапы жібермеген аңғарғыштық, сезімталдық бар. Туған жерге деген ыстық сезім, риясыз көңілді қызыл сөзбен емес, жүрекпен жеткізген әсем бір өлеңі осы ойға мегзейді:

Жетісудің көктемі

Күнде нөсер, көк мекен,

Біздің ауыл шөптері

Шөлдеп тұрған жоқ па екен?

Осылайша туған Ақтөбесінің жазда жаңбырға зәру екендігін еске алған ақын перзент сол туған далаға деген сағынышын әдемі тілегімен ұштастырады. Алматыға арман қуып келген алаң көңіл бозбаланың көкірегіндегі таусылмас махаббат пен сағыныш еріксіз аулын еске алдырады.

Ту көтерді жанарым,

Туып-өскен жақты аңсап,

Жаңбырына қаланың

«Жарқамысқа аттан!» сап.

Жетісудың жаңбырлы шағын, көгорайлы келбетін көре тұрып, аулындағы аптапты еске алғанда ақын жылы әзілді ұмытпайды.

Алматының гүлзары

Алатаулы дүр мекен.

Біздің ауыл қыздары

Күнге күйіп жүр ме екен?

Дала — халықтық болмыстың, ықылым заманнан еркіндік пен өрлікке құмар ұлттық рухтың символы болса, дала бауырындағы ауыл — оның кызу да қызықты тіршілікке толы және бір жанды, төл көрінісі. Ауыл — халық рухына бас иіп, соған тәу еткен, кіндігі осынау алтын қазыққа байлаулы қазақ баласының жүрек тереңінде сақтаған қазыналы алтын сандығы. Сол дала, сол ауыл ақынның поэтикалық кеңістігінде сағынышты сазды, кіршіксіз тазалықты, еркіндік пен асқақтықты бойына сіңірген тұрақты көркем болмысқа айналған. «Арғынбай тоғайы», «Сахнасы өмірдің», т.б. өлеңдерін осы сөзіміздің дәлелі етеміз. Ұлттық дәстүрді ардақтап, қазағын қадір тұтқан қай ақын да бір кездегі сән-салтанаты келіскен ауылдағы, дала өміріндегі табиғилыққа, қала өмірінен мүлде бөлек ерекшеліктерге салқын көзбен қарай алмаса керек. Ақын үшін табиғат, оның аясында емін-еркін шалқыған ауыл — ұлттық қанық бояулар қазынасы тәрізді. Жусан иісі, тау самалы, дала аптабы, жөңкіле көшкен бұлттар, қызыл іңір, арайлы таң, қысқы кеш, ұлыған боран, көшіп бара жатқан көктем, сәуірдің жаңбырлы аспаны… Мұның бәрі — ақынға шабыт берер, жүрегін тербетіп, қимас сезімге толтырар суреттер.

Дарынды ақын Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің үздік аудармасын жасады. Тәжірибелі, талантты редактор қазір қазақтың жүз романын қайта қарап, баспадан шығарғалы жатыр.

Рымғали НҰРҒАЛИ,

академик.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button