Әлеумет

Жақсы адамның артында жақсы сөз қалады

Тағзым

Осыдан 3 жыл бұрын бақилық болған Гүлнар Төреханованың қазасы қаланың, қаланың ғана емес, Шалқар, Әйтеке би және басқа аудандардағы ұстаздар қауымының, мыңдаған шәкірттердің аза бойын қаза еткені рас. Жұрттың мұндай қайғыруына себеп болған Гүлнардың бұл фәниден жас кеткені ғана емес, ағайын-туыстың, жолдас-жораның, қатар құрбының, мектептегі оқушылардың сүйіктісіне айналғандығы еді.

Гүлнармен туыс ретінде бала кезімнен қатар өстік. Айтоғыз атамыз бен Ермек әжеміздің қызы болып өсті. Бала болып сөйлей қоймайды. Бауырлары Мәлік, Аманбай, Айбектер болсын, басқа бала болсын, балалықпен бірдеңе бүлдіріп қойсақ та, жай ғана «қойыңдаршы» деген сөзбен шектелетін. Сондықтан да Гүлнар апамызға «балалық» жасай алмайтынбыз.

Кейін институт бітірді. Шет тілінің маманы болып туған жері Шалқарда еңбек жолын бастады. Жас маман өз ісін жақсы бастап кетті. Аудандық білім бөлімі, мектеп басшылығы тарапынан болатын ашық сабақтар кезінде өзінің білімділігін танытты.

«Бірді айтып, бірге кетемін» демекші, Алматыда оқып жүрген кезім. Өзім отбасылымын. Бір кереует пен әрі тамақ ішетін, әрі сабаққа дайындалатын аласа ғана, көп орын алмайтын столымыз бар пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Шалқарлық студент досым Ғалымжан келді. Әшейінде қалжыңдасып отыратын Ғалекең тартыншақтап, бірдеңені жасырып отырған секілді көрінді. Кәдімгідей салмақты сөйлейді. Әңгіме арасында Гүлнар апамның Шалқарда мектепте екендігін еске салды. «Иә» деп бас шұлғып қоямын. Сөйтсем сенің болашақ жездеңмін дегенді айта алмай отыр екен ғой.

Сонымен, Ғалымжан мен Гүлнар шаңырақ көтерді. Кейін Ғалымжан Әйтеке би аудандық газетіне редактор болып тағайындалды. Комсомол селосында да 8 жылдай тұрғанында сол ауданда сыйлы ұстаз болып, шәкірттерді білім нәрімен сусындатты. Ғалымжанның жора-жолдастарының, аудан азаматтарының ибалы келіні, жақсы жеңгесі атанды.

Кейін Ақтөбеге қоныс аударған отбасы мұнда да ортаның құрметіне бөленді. Қаланың қым-қуыт тіршілігі олардың адами қалпын бұза алмады. Достары көбейе түсті.

Гүлнар қаладағы №34 мектепке ағылшын тілінің мұғалімі болып орналасты. Жаңа ұжымға бірден сіңісіп кетті. Мектептегі шет тілдері бірлестігіне жетекшілік етті.

— Гүлнар апамен қоян-қолтық еңбек еттік, — дейді осы мектептің ұстазы Жайнагүл Қарашолақова. — Мектептегі ағылшын, неміс тілі пәндері мұғалімдерінің басын құрайтын шет тілдері бірлестігінде әркім өзінің ойын айтып, жоспарлар құратынбыз. Гүлнар апа тұйық, көп сыр аша бермейтін жан болғанымен, жаңа ортаға тез кіріп кетті. Ұстаздар алдында беделді, шәкірттеріне сыйлы болды.

Гүлнар шынымен де көп сөйлемейтін, сосын не болса соған күйіп-піспейтін. Қызы Әсел музыка мектебінің фортепиано класында оқитын. Бірде Әсел сабақта жоқ болады. Мектептің мұғалімдері Әсел сабақта неге жоқ деп, Гүлнардан сұраса, «А,  жоқ па не?» деп отыра беріпті. Сөйтсе сол күні Әсел музыка мектебінде емтихан тапсырыпты. Ол Гүлнардың есінен шығып кеткен. Гүлнар осындай сабырлы, салмақты еді.

— Гүлнар барған жеріне де сіңімді болды деп ойлаймын, — деп әңгімесін жалғастырды Жайнагүл. — Ата-енесі, қайнылары мен қайын сіңлілері туралы тек жақсы әңгімелер айтатын.

… Иә, жақсы адамдар ғана жақсы әңгіме айта алады. Егер тірі болғанда Гүлнар биыл елу жасқа толған болар еді. Өкінішке орай….

Бердібай КЕМАЛ.

Тағзым

Жаны бір жайсаң жан еді..

Аса құрметті ағамыз Рамазан Нұржановтай ардақтымыз дүниеден өткенін естігенде, көңіліміз жабырқап, қабырғамыз қайысты.

Рамазан Нұржанов  біртуар, қайталанбас тұлға еді. Өзінің табиғи жаратылысында ерекшеленіп тұратын көрікті жүзіне зеректігі мен ұстамдылығы, терең ақылға толы өткір жанары, көсіле сөйлегендегі жағымды қоңыр үні үйлесіп тұратын. Ағаның әрбір салмақты, терең мазмұнды, жұмбақтап айтар сөздерінен өнегесі мен тектілігін аңғаратынбыз. Ол өзі басқарған аудандарда жақсы істерімен ел  құрметіне бөленген, ауыл ақсақалдарының тек қана ақ батасын алған азамат-тын. Рақаңның үлгілі істерімен, ақыл-парасатымен дараланып тұратын ұлт жанашыры екенін ауылдастары мойындаған. Ағаның біз білетін үлкен адами қасиеті — туған аулын, елін, Отанын ерекше сүйетін, шынайы патриоттық сезімі. Әңгімесінде Шалқарды, Ұлықұмды ардақтап, өзінің туған аулы, өскен өңірі Ордақонған, Жіңішке, Қаражиде ауыл-аймақтарын көп әңгімеге қосатын. Еліне деген сүйіспеншілігін өзінің жазған кітаптарында кеңінен өрнектеп шебер келтірген. Ордақонған аулынан Ұлы Отан соғысына аттанып, елге оралмаған Әбдіғали деген Қарабас ағайынның хатынан:

«Атыңнан айналайын Ордақонған,

Бықыған қойнауларың малға толған.

Бірі би, бірі әулие, бірі батыр,

Құмында бабалардың ізі қалған», — деген үзіндісін жиі айтып отырушы еді.

Ел ардақтысы асқар таудай ағамыздан тәрбиелік мәні зор әңгімелерді естіп өскен біздерде де арман жоқ шығар-ау, сірә. Тек игілікті ісін, ойлы жанарын аңсап, сағынатынымыз болмаса…

Тау қашықтаған сайын биіктей түсетініндей, бізден жырақ кеткен ел ағасы ұрпағының санасында тұлға ретінде мәңгі сақталмақ. Асылдың тұяғы, алтынның сынығы Рамазан Нұржановтай нар ағаның артында қалған Ақпатша жеңгемізге, ұл, қыздарына Алла ендігі жерде сабыр мен тек жақсылық берсін.  Ал біздің ағамызға  деген ыстық ықыласымыз, сағынышымыз  үдемесе, бәсеңдемейтіні шындық.

Оразбай ӘДІЛБАЕВ,

ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Шалқар ауданы.

***

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button