АуылБасты жаңалықтар

24 жылда 2 апта ғана демалған

Шаруа қожалығы

Хромтау жұрты үшін Завражныйдың картобы өте танымал. Ал аудан орталығындағы базарға бара қалсаң, оның картобын алуға үлгермей қаласың, өйткені, химиялық қоспасы жоқ дәмді өнім сұранысқа ие, санаулы сағат ішінде сатылып кетеді. Қауын-қарбызы, қияр-қызанағы да дәл сондай дәмді. Ол өсірген сиыр мен шошқаның еті де сапалы саналады. Бір сөзбен айтсақ, «Луч» деп аталатын ірі шаруа қожалығының басшысы Игорь Завражный өз ісіне шын берілген. Фермер еселі еңбегіне сай жемісін де көріп отыр.

Біз Көктау ауылынан округ әкімі Сейсенбай Бердалиннің жетекшілігімен Завражныйдың алқабына бардық. «Луч» шаруа қожалығының алқабы Ор өзенінен көкжиекке дейін созылып жатыр. Ұшы-қиыры жоқ дала — біркелкі жасыл. Ал анықтап қараған адам картоп, қияр, қызанақ, асқабақ, қауын-қарбыз, баклажанды жапырағынан ғана ажырата алады. Бақшаға күтім жасалғаны да көрініп тұр: артық жатқан арамшөп көрмейсің.

Бір ғажабы, Игорь Анатольевичтің мамандығы — геолог. Әке жолын қуыпты.  Украинаның жоғары оқу орнын бітірген әкесі жолдамамен қазіргі Көктау, бұрынғы Среднеорск ауылына келіп, осындағы геологиялық барлау партиясының бастығы болып қызмет етіпті. Олардың экспедициясы қазір Ақтөбе мыс компаниясының кеніші орналасқан жерден кен тауыпты.

Сол кездері геологиялық барлау партиясының жұмысы тоқтайтынын алдын ала сезген Игорь Завражный өзінің сүйікті ісі — бау-бақша егумен біржола айналысуды жөн көріпті.

— Әрине, мен бұған дейін қоғамдық бақшада картоп егіп, 20 сотықтан біраз табыс тауып жүрдім. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Хромтау ауданында алғашқылардың бірі болып, шаруа қожалығын ашып, оны «Луч» деп атадым. Сол уақытта мен 50 гектар жерді жалға әрең дегенде алдым, онда да жер телімін үш жыл сынақ мерзіммен берді. Алғашқы алған несием — миллион рубль. Оны Дөң тау кен байыту комбинатының кепілдігімен үш жыл мерзімге алдым. Оған техника мен тұқым сатып алдым. Алты айдан соң, жақсы түсім болып, қарыздан құтылдым. Одан кейінгі жылдары аудан бойынша өнім түсімі жөнінен бірінші орын алып жүрдік. Бұл тек ауыл шаруашылығындағы тәжірибемізге сеніп, тәуекелге барғанымыздың арқасында ғана ғой, әйтпесе, ол кезде өнімді сатып, пайда көре алмайтынбыз. Қазір еліміз тыныш, халықтың да тұрмысы тәуірленді. Бақшамыздағы барлық өнімді Хромтаудың, кейде Ақтөбенің жәрмеңкелерінде сатамыз, — дейді фермер И.Завражный.

Қазір фермер 2 700 гектар жерді 49 жылға жалға алып, сол жерді тиімді пайдаланып, отбасының несібе-ырыздығын айырып отыр. Жер-Ананың қадірін білетін ол соңғы уақытта өзінен түскен қаражатты өзіне жұмсап, несие алмайтынын да жеткізді.

— Біздер негізінен ресейлік және голландтық элиталық сұрыпты картоп тұқымын егеміз. Аладин, Санта, Невский, Романо деп аталатын тұқымдарды Опытный стансасынан сатып аламыз. Картопты жақсы, құмды топыраққа егіп, уақытында суарып тұрсаң болғаны. Біздер суды өзеннен алып отырмыз, Арық жасап қойдық. Сол арқылы суарамыз. Биылғы жаз жаңбырлы болып, бау-бақшамызға тиімді болып тұр. Былтыр әр гектардан 180 центнер алсақ, биыл әрқайсысынан 250 центнерден кемі кем деп отырмыз. Көкөністерден де мол өнім күтеміз, шамамен 30 тоннадай болып қалар, — дейді Игорь Анатольевич. 

Тары — әлемдегі 100 пайдалы тағамның бірі. Осыны түсінетін фермер биыл алғаш рет 7 гектар жерге тары егіпті, оны да бір пайдасына жарататынына сенімді.

Ауылда 60 тонна сыятын көкөніс қоймасы бар. Сондай-ақ, шаруашылығына қажетті барлық техникаға автокөлік пайдалану жөніндегі жоғары білімі бар үлкен ұлы ие болып отыр.  Ал зайыбы Ольга Ивановна бұрын балабақша тәрбиешісі болса, қазір фермерге өнімдерді өткізуге көмектеседі.

Завражныйдың отбасы тек қана маусымдық табысқа ғана қарап отырмайды, олар мал шаруашылығымен де айналысады. Қазір шаруашылықта 140 сиыр мен 600 шошқа бар.

Айтпақшы, шаруа қожалығының иесі қазір 6 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, олардың әрқайсысына 45-140 мың теңге шамасында жалақы төлеп отыр. Жұмысшылардың тамағын да өзі ұйымдастырады. Оларды жұмысқа да өзі тасиды. Шөп шабарда, өнім піскен уақытта қосымша 5-6 адамды уақытша жұмысқа алады.

Осынша қыруар шаруаны үйлестіріп жүрген Игорь Анатольевичтен біз «Қашан демаласыз?» деп сұрағанымызда, ол бізге: «24 жылдың ішінде мен тек 2000 жылы Отаным — Украинаға барғанымда ғана екі апта демалдым. Демалуға мұрша жоқ. Жер-Ананың қадірін білсеңіз ғой… ол ерекше  күтімді қажет етеді, оған әр күн сайын көңіл бөліп, оны қамқорлығыңа алып отыру қажет», — деді.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button