Басты жаңалықтарСпорт

Ольга Рыпакова — қола жүлдегер

Осы аптаның алғашқы таңы жақсы жаңалықпен басталды. Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан жазғы Олимпиадада қазақстандық жеңіл атлетші Ольга Рыпакова қола жүлдеге ие болды.

Үш қарғып секіру бойынша өткен сайыста Ольганың алдына колумбиялық Катерин Ибаргуэн (15,17 метр) мен  венесуэлалық Юлимар Рохас (14,98 метр) түсті.
Ольганың көрсеткіші — 14,74 метр болды.

Өткен Олимпиадада чемпион атанған Ольга Рыпакова Лондоннан кейін ұлды болып, біраз уақытын бала күтіміне арнады. Сондықтан, Риоға әзірлікті ол жоғарыда аталған қарсыластарынан әлдеқайда кеш бастады. Соған қарамастан, аз уақыт ішінде әлем біріншілігінің қола жүлдесін және Олимпиаданың қола жүлдесін иемденді. Бұл — мықтылардың мықтысының ғана қолынан келетін жетістік.

Лондон Олимпиадасының чемпионы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, екі баланың анасы Ольга Рыпакова осы күнге дейінгі табыстарымен тоқталмайды. Ол спорттағы жолын жалғастыра беретінін мәлімдеді. Енді Ольга алдағы әлем біріншілігіне әзірлікке кіріседі.

Оның қола медалі — Риода Қазақстан қоржынына түскен сегізінші жүлде.

Дүйсенбі күні Қазақстан құрамасы екі алтын, екі күміс және төрт қола жүлдемен жалпы есепте он алтыншы орында тұрды.

Дүйсенбіге қараған түні, сондай-ақ, 81 кг салмақтағы боксшымыз Әділбек Ниязымбетов жартылай финалға өтті. Ширек финалда ол әзірбайжандық Теймур Мәмедовті жеңді. Енді Әділбекте кем дегенде қола медаль бар. Финал жолдамасы үшін ол британдық Джошуа Буатсимен жұдырықтасатын болады.

Сонымен қатар, кеше түнде жарыс жолына 91 кг салмақтағы боксшы Василий Левит (финал),  грек-рим балуаны Нұрмахан Тыналиев (130 кг),  ауыр атлет Александр Зайчиков (105 кг) шықты. Ал боксшыларымыз — Данияр Елеусінов (69 кг) жартылай финалда өнер көрсетсе, Жәнібек Әлімханұлы (75 кг) мен Олжас Сәттібаев (52 кг) ширек финалдық жекпе-жектерін өткізді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button