Білім

Төрт лагерьдің басқосуы

Фестиваль

Кеше облыстық Алға балалар үйінің «Ақбөбек» жазғы демалыс лагерінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай әрі Бразилия елінің Рио-де Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында спорт фестивалі өтті.

Қазір Алға балалар үйінің «Ақбөбек» лагерінде 170 бала демалып жүр. Осы аптада жазғы лагерь маусымы да аяқталады. Осы балалар үйінің «АДД» командасы бұған дейін өзге лагерьлерге барып немесе оларды шақырып, футболдан, басқа да спорт түрлерінен жолдастық кездесу өткізіп тұрады. Ал мынадай бірнеше лагерьдің бір жерде басқосуы, яғни, кең көлемде спорт фестивалін өткізуі — алғашқы жағдай. Бұл туралы бізге Алға балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин айтып берді.

Облыстық білім басқармасы және ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті және «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйымдастырып отырған спорт фестиваліне қатысуға негізі жеті команда өтініш білдіріпті. Алайда, жарысқа тек төрт команда, яғни, «Ақбөбек», «Достық», «Береке» және «Нефтяник» командалары ғана қатысты. Үшеуі, анығы,  «Восток», «Энергетик», «Мұғалжар» командалары жарысқа келе алмады.

Қолдарында жалаушалары бар тәрбиеленушілер ұрандатып, арнайы дәліз жасап тұрды. Фестиваль қонақтары сол дәліз арқылы жүріп өтті.

Спорт фестивалінің ашылу салтанатында жарыстың бас төрешісі Қонақбай Түйешин қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың ережелерін таныстырып өтті.

Жарыс футбол ойынымен басталды. Ойын әсіресе, Алға балалар үйінің «АДД» командасы мен «Нефтяник» командалары арасында тартысты өтті.  «Береке» мен «Достықтың» да жас футболшылары өз командалары үшін жандарын салып ойнады. Бірнеше аптадан бергі аптап ыстық бұл күні жарысқа қатысушыларға қарасып, арагідік күн бетін бұлт жауып, қағу болып тұрды.

Сондай-ақ, төрт топтың намысын қорғауға келгендер шахмат және үстел теннисінен де өзара сынға түсті. Шешуші сәт эстафеталық жүгіру сайысы болды. Мұнда балалардың жолдан келгендігі мен жас ерекшелігі ескеріліп, таяқшамен жүгру арақашықтығы 60 метр етіп белгіленді.

Төрт команда спорттың төрт түріне де белсенді қатысып, нәтижесінде барлық түрінен де Алға балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құралған «АДД» командасы жеңісті қолдан бермеді. Екінші жүлделі орынға «Нефтяник» лагерінің командасы ие болды. Одан кейінгі жүлделі орындарды «Береке» мен «Достық» командалары өзара бөлісті.

Марапаттау рәсімінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Қуанышбек Серікжанов, облыстық білім басқармасының жетекші маманы Талғат Сүлейменов және «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының әдіскері Талғат Ахметовтер сөз сөйлеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді мақтау қағаздарымен марапттады. Ал «Нефтяник» лагері «Ақбөбек» лагерінің кішкентайларына шағын жұмсақ ойыншықтар таратса, «Достық» және «Береке» лагерьлерінің басшылары спорт фестивалін одан әрі жеребе тастау арқылы, кезекпен жалғастыруды құптайтындарын жеткізді.

Фестиваль барысында Алға балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құралған «АДД» вокалды-аспапты ансамблінің концертін де тамашаладық. Балалар ансамблінің  атақты «Дос-Мұқасан» ансамблін ерекше құрметтеп, соған жанкүйер екен. Оны репертуарындағы әндерінен де аңғару қиын болмады. Ансамбль әншісі енді 7-сынып оқитын Айя Айтжанова «Қайдасың?», «Жан досым» секілді ретро әндерді нәшіне келтіре орындады. Сондай-ақ, Темірдегі отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушісі Бернар Өтешов те фестиваль аясында бірнеше патриоттық ән шырқады. Басқа да өнерпаздар би билеп, ән айтты. Кешті Алға балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин қорытындылап, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Олимпиада ойындары аясында алғаш өтіп жатқан облыстық жазғы лагерьлер арасындағы  спорт фестивалінің аяқсыз қалмай, жалғасуын, сондай-ақ, Олимпиада ойындары аясында Қазақстан қоржынына алтын медаль түсуін тілеп, қонақтарға алғыс айтты.

 

Альфира әженің балмұздағы

Балалар үйі қонақтан кенде емес. Бұл күні біз балалар үйіне 20 жылдан астам уақыт демеушілік жасап келе жатқан зейнеткер Альфира Атамұратованы осы жерден кездестіріп қалдық. 74 жастағы зейнеткер салауатты өмір салтын ұстанып, фитнеспен, оның ішінде аэробикамен айналысатын көрінеді. Сондықтан да ол спорт фестиваліне арнайы келіпті.

Жаны жайсаң, жүрегі кең әже зейнет демалысына шыққан 1997 жылдан бастап осы жерге тұрақты келіп, қайырымдылық жасап тұрады екен. Балалар да бауыр басып қалыпты. Әжені алыстан таниды. Мұндағы балалар «балмұздақ туралы әңгіме айтылса, бізге Альфира апайдың келгенін білеміз» дейді. Өйткені, әже немерелері Бестамақтағы жазғы лагерьде болғанда жұма сайын, ал Алғада болғанда айына екі рет балмұздақ әкеліп беретін көрінеді. Бұл жолы да әже немерелеріне құр қол келмепті, 600 келі қарбызын арқалай келіпті.

 

Алғадан түлеп ұшқандар

Биыл облыстық Алға балалар үйінен 11 түлек түлеп ұшты. Оның төртеуі — жоғары оқу орындарына оқуға түсіпті.

— Атап айтсам, Жұмағали Еділбаев құқық қорғау органдарына кәсіби маман даярлайтын Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясына, Эльвира Русских пен Аман Мүсірәлиев Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне өз еңбегімен түсіп отыр. Сондай-ақ, Надежда Третьяченко Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне түсті. Қалған түлектеріміз құжаттарын колледждерге енді тапсырады, — дейді Кенжеғазы Байғазин.

Біз былтыр Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясына оқуға түскен Александр Степаның осы лагерьде тәлімгер болып жүргенін көрдік. І курсты жақсы аяқтап келген ол:

— Академияға физикалық дайындықпен бару керек. Мен бәрін өз еңбегіммен тапсырдым. Құжат жинап, медициналық тексерістен өткенімде Алғадағы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Нұржан Қалиев жетекшілік етіп жүрді. Кенжеғазы ағай үнемі қолдап жүреді ғой бізді. Сосын оқуға түскеннен кейін, ант қабылдадық. Қазір белгілі бір тәртіп аясында полицей қызметін көрсете аламын, — деп  академия тыңдаушысы екенін растайтын куәлігін көрсетті өзіне риза кейіппен. Біз де оған алдағы оқуына сәттілік тіледік.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button