Білім

Жасыл орданың шапағаты

Қарабұтақта жазғы балалар лагерінің ашылғаны кеше ғана сияқты еді. Енді, міне, соның аяқталар сәті де таяп қапты.

Оның жұмысы туралы аудандық №1 «Аула клубы» мемлекеттік мекемесінің директоры Айгүл Қазбекова қысқаша айтып берді.

Жазғы лагердің ауылдан ашылуы балаларға қолайлы болған. Мұнда ауа таза, айнала орман-тоғай, жеміс-жидек, сылдырап бұлақ ағып жатыр. Тау мен тасты аралап, балалар жаздай табиғаттың не ғажайыбын өз көздерімен көрді. Бұл лагерь балаларға демалыс орны болса,  ауылдың 7-8 адамы осы жерден жұмыс тапты. Ауданның барлық мектептерінен алты маусымда 90 оқушы демалды. Бірінші кезекте жолдама көп балалы, аз қамтылған отбасыларына, жартылай жетім балаларға  берілді.

Лагерьде демалушылар күніне бес мезгіл тамақ ішті. Жататын жақсы жазғы шатырлары, ойын алаңдары болды.

Жазғы лагердің жабылар күні оқушылар тау шатқалының беткейіндегі үңгірге серуенге барды. Балалар керме  арқанның бойымен тәрбиешілердің қатаң тәртібін сақтап жүрді. Осы жерде  Петропавл орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, тәрбиеші  Елена Кривортько:

— Мұндай серуен балаларды шынықтырып, өжеттікке тәрбиелейді. Тау-тасқа өрмелеу арқылы бала өзін қиындыққа үйретеді. Мұндай сәттер тәрбиешілерге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз балалардың саулығын қас-қақпай қадағалаймыз. Басты мақсатымыз —балаларды жалықтырмау, — деді.

Арқан ұстап тұрған мына  балақай  Жосалы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Бауыржан Байменшин екен. Ол осында өткен жылы да демалған.  Лагерьде демалумен қатар, жаңа достар тауып, көп нәрсені үйренгенін айтады. Бауыржан алған әсерін күні бойы әңгімелуге бар.

Лагерьдің жабылар сәтінің соңы сауық-сайранға ұласты. Одан кейін жақсы, үлгілі демалған  балаларға  марапаттаулар тапсырылды.

Балалар тәрбиеші ұстаздарымен қимай қоштасты. Сонымен, жаз жайнатып, күн күлдіріп  оқушылар лагерінің де соңғы сағаттары да соға бастады.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button