Денсаулық

Жаңа ғимарат және жаңа технология

Елімізде Елбасымыздың өзі қолға алған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы өз нәтижесін бере бастады. Республиканың әр түкпірінде жаңа денсаулық сақтау нысандары бой көтерді. Аталған бағдарлама бойынша біздің өңірде де бес нысан салынуы  тиіс болатын. Өткен жылы алғашқы ғимарат Ойыл ауданында іске қосылса, екінші нысан жуырда пайдалануға берілмек.

Қаламыздың Тұрғындар қалашығы ауданындағы №1 қалалық емхананың ғимараты сын көтермейтін. 1949 жылы салынған ескі жатақхана тұрғындардың сапалы ем қабылдауына, ал дәрігерлердің қызмет көрсетуіне біраз қолайсыздық тудырып келген еді. Ғимараттың тарлығынан науқастарды бір бөлмеде бірнеше дәрігер қабылдауға мәжбүр болды. Енді бұл қиындықтардың барлығы артта қалмақ. Жақын күндері осы ауданның Ливенцов пен Маресьев көшелерінің қиылысында салынған жаңа ғимарат пайдалануға беріледі. Емхананың бас дәрігері Жолмырза Мәмбетияров үш қабатты, ауысымына 500 адамды қабылдай алатын жаңа нысанға көшкеннен кейін, бұрынғы қиындықтардан  құтылатынын айтты. Қазір жаңа емдеу орнына көшіу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңа нысанды  «Нұр-жол құрылыс» компаниясы салды. Ғимараттың  құрылысына және қажетті құрал-жабдықтарды алуға 1 миллиард 234 миллион теңге қаржы жұмсалды. Емдеу орнының 350 орындық жарты бөлігі яғни ересектерге  арналса,  екінші жартысында бір мезетте 150 бала қабылдайтын балалар емханасы орналасқан. Яғни емхананың ауысымына 500 адамды қабылдауға толықтай мүмкіндігі бар.  Жаңа ғимараттың іші-сырты да қазіргі заманға сай жабдықталған.  Бүгінде шетелдік жаңа технологиялар келіп жатыр. Қазірдің өзінде 25 аппарат әкелініп тұр.

Жалпы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде біздің облыс еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда көш ілгері. Ресми деректер бойынша  облыстың денсаулық сақтау орындарының  жаңа технологиямен қамтамасыз етілу деңгейі 72 пайыз екен. Ал республика көлемінде бұл 36 пайызды көрсетеді. Сапалы қызмет көрсету мақсатында шетел мамандары мен тығыз байланыс орнатылуда.  Облыс дәрігерлері  еліміздің, Ресейдің, алыс-жақын шетелдердің дәрігерлер білімін жетілдіру институттарынан дәріс алып келді. Жаңа ғимаратқа көшкен емхана дәрігерлерінің де 60 пайызы дәрежелі мамандар. Енді  дәрігерлердің сапалы қызмет көрсетуіне ғимаратта толықтай жағдай жасалған.

Жаңадан келген аппараттардың ішінде соңғы үлгідегі италияндық лазерлі «Медикаль» атты маммографиялық аппарат бар. Бұл технологияның тиімділігі өте көп. Науқас аппаратқа түскеннен кейін қорытындысы жеті минуттан кейін дайын болады. Әрі бұған жүзге дейін сандық жүйені қосуға, яғни рентген, флюрографияны да енгізіп, қорытындысын емделушіге  аз уақытта шығарып беруге мүмкіндік бар.  Бұған қоса науқас өзге қалаға барып қаралатын немесе емделетін болса, барлық мәліметтерді флешкаға да жазып алуға болады. Және бұнда биапсия жүргізуге де жағдай жасалған.

Сонымен бірге «Аппола» тамографиялық  аппараты сатып алынды. Бұл технологияның да тиімділігі өте зор. Мәселен, аппаратқа түсетін науқас орнынан қозғалмайды. Аппарат өзі қозғалысқа түседі. Бұл аппарат  рентген, тамография секілді тексерулер жүргізуге пайдаланылады. Аталған аппаратты тәжірибелі рентгенолог Юрий Кострев жүргізеді.

Сондай-ақ жеңіл ота жасау кезінде қолданылатын жабдықтар, оның ішінде арнайы наркоз беретін, ауа жіберетін  аппараттар әкелінді. Жүректі қарайтын арнайы доплері бар ультрадыбыстық зерттеу аппараты да ауруды ерте анықтауға үлкен көмегін тигізеді. Аппараттардың барлығы шетелден келген. Оның ішінде Германия, Италия, Ресейдің озық технологиялары бар, — деді емхананың бас дәрігері Жолмырза Мәмбетияров.

Жаңа емханада балалар мен ересектер бөлімі бөлек орналасқан. Сондықтан тұрғындардың сапалы ем қабылдауына да мүмкіндік мол.  Бас дәрігердің айтуынша, науқастар бұрынғыдай емхана ішін аралап жүрмей, қажетті дәрігеріне тіке бара алады.

Әрбір дәрігердің өзінің бөлек бөлмесі бар. Мәселен, балалар бөлімінің бірінші қабатында  арнайы рентген кабинеті орналасқан. Екінші қабатында дәрігерлер отырса, үшінші қабатында физиотерапия жұмыс істейді. Ал  бірінші қабаттағы балалар дәрігері барлық қабылдауды осы жерде жүргізеді. Емханаға келген  балалар осы жерде қаралып, сырқат белгілері барлар арнайы дәрігерлерге жіберіледі де, денсаулығы жақсы балалар емхана ішін аралап жүрмейді. Қажетті тексерулерінен соң кейін қайтады.

Ал бұрын жағдай басқа болатын. Келушілер бір дәрігерден өтіп, екінші дәрігерге қаралу үшін емхананы түгел аралап шығатын. Енді осы қиындықтардан арыламыз деген ойдамыз. Бұған қоса бірінші қабатта жұқпалы ауруларды емдейтін арнайы бөлім орналасқан. Яғни баспа, гепатит, тұмау секілді жұқпалы ауруларға шалдыққан балалар осы жерде өзгелерден оқшауланып емделеді. Бұл, біріншіден, аурудың асқынып кетпеуіне, екіншіден, өзгелерге жұқтырмау үшін қолға алынған шара. Сондай-ақ ересектер бөлімінде де арнайы маммография, рентген кабинеттері бөлек орналасқан. Бұрын ескі ғимаратта 4-5 дәрігер бір кабинетте отыратын. Сондықтан келушілерге де, дәрігерлерге де қиындық көп кездесетін , — деді бас дәрігер.

Айта кететін бір жайт, ересектер бөлімінің бірінші қабатында оташылар мен сынықшылар бөлімі жұмыс істейді. Бас дәрігердің айтуынша, ғимаратты салар уақытта науқастардың денсаулығы үшін барлығы  ойластырылыпты. Яғни сыныққа душар болған азамат жоғарыға көтерілмей, бірінші қабаттан ем қабылдай алады. Бұған қоса алдағы уақытта жеңіл ота жасауға арналған кабинет  іске қосылады. Жаңадан келіп жатқан  аппараттардың бір бөлігі осы кабинетке орналастырылуда. Ал екінші қабаттың тоғыз бөлмесі терапия бөліміне арналса, үшінші қабатта зертхана орналасыпты.

Бұрынғы ғимаратта үш бөлме зертханаға арналған еді. Ал бұнда 12 кабинет зертханаға айналып отыр. Бұл жерлерде биохимиялық, гемотологиялық, клиникалық зерттеулер жасалады. Әрқайсысының кабинеттері еуропалық талапқа сай жабдықталған. Мәселен, биохимиялық зертеуді жасайтын жартылай және толықтай автоматтандырылған анализаторлар жұмыс істейді.  Қан құрамын тексеріп, науқастың қандай аурумен ауыратынын анықтайтын да арнайы аппараттар әкелінді. Бұрын инфекциялық ауруларды анықтау үшін бактериологиялық зертханаға жіберетін болсақ, енді барлық зерттеу жұмыстары өзіміздің емханада жүзеге асады. Сонымен бірге бұрын науқастар зәр тапсырып, оның қорытындысын білу үшін ұзақ уақытын кетіретін еді, енді зәр нәтижесі 10 минутта дайын болады. Жаңадан келген аппарат осы жұмыстарды жеңілдетіп отыр. Тіпті 55-75 түрге дейін зәр құрамын анықтай алады. Ал клиникалық анализатордың он минутта отыздан жүзге дейінгі зерттеулерді жасауға мүмкіндігі бар.

2006 жылдан бастап мемлекеттен бөлінген қаржыға арнайы медициналық аппараттар сатып алынды. Олардың барлығы жақсы жұмыс істеп тұр. Әлі де біраз жыл қолдануға  жарайды. Қазір олардың қатары жаңа жабдықтармен толығу үстінде. Енді бұрынғыдай науқастар таңертеңнен кешке дейін ұзын-сонар кезекке тұрып, уақыттарын жоғалтпайды.

Сондай-ақ айта кететін бір мәселе, ферроқорытпа зауыты секілді ірі өндіріс орындары осы ауданда орналасқандықтан, аудан тұрғындарының арасында тыныс жолдары аурулары жиі кездеседі, — деді Жолмырза Мәмбетияров.

Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта жаңа жүйе енгізбек. Яғни азаматтардың өз қалауы бойынша кез келген аймақтағы сапалы қызмет көрсететін емхана мен дәрігерді таңдауға еркі бар. Ал бас дәрігер алдағы уақытта жаңа ғимаратқа орналасқан емхана осындай сұранысқа сай емдеу орнының  бірі болатынына сенімді.

Науқас басқа емханаға қаралатын болса, ол туралы ақпаратты арнайы орталықтан аламыз. Олар ақысыз түрде ем қабылдай алады. Ал денсаулық саласына жаңа жүйе енгізілсе, науқастардың талабын қанағаттандыратын емдеу орнына айналамыз деген ойдамыз. Оған біздің жағдайымыз толық дайын. Жалпы жаңадан әкелініп жатқан аппараттар емханаға қарайтын азаматтарға тегін қызмет көрсетеді, — деді бас дәрігер.

Соңғы уақытта елімізде күндізгі емдеу орындарының санын көбейту мәселесі қолға алынып жатыр. Қаңтар айынан кейін ер адамдар мен әйелдерге және аяғы ауыр аналарға арналған күндізгі емдеу бөлімі ашылмақ. Бұған қосымша қаржы төленеді. Осы мақсатта емханаға жаңа кереуеттер әкелінуде.

Бүгінгі күні емхана 58 мың ересек адамдарға және 21 мың балаға медициналық қызмет көрсетеді. Балалар бұрын ғимараттың ескілігіне байланысты мемлекеттік тапсырыс бойынша «Шипагер» жеке емханасына қаралатын. Енді жаңа жылдан кейін олар жаңа емханада ем қабылдай алады. Қазіргі күні емдеу орнында 113 дәрігер мен 200 медбике жұмыс істейді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button