Ауыл

«Аманат» пен Азамат

Кәсіпкерлік

Халықаралық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолы бойында Дөң ауылы тұсында орналасқан «Аманат» көпфункционалдық жолда қызмет көрсету кешені —  21 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпкерлік. Қазір небәрі 26 жастағы Азамат Оразымбетовтің иелігіндегі кәсіпкерлікті оған ата анасы бастап берген болатын…

Осыдан он алты жыл бұрын 35 жастағы дәнекерлеуші Серік Оразымбетов жол-көлік апатына ұшырап, омыртқасы мен аяғына зақым келіп, жүре алмай қалады. Сол күннен бастап отбасының бар ауыртпалығы алаңсыз балабақша тәрбиешісі болып жүрген жары Күләшқа түседі. Ол кезде екі ұлының бірі Азамат 4-сыныпта, Ерланы 3-сыныпта оқиды. Отағасы үйде отырып қалған соң, бар табыс шайлықтан ауыспайды да, Күләш жұмысын тастап, саудамен айналысуға шығады. Күн өткен сайын Серік те өзінің күш-жігерін қайрап, аяқсыз өмір сүруге бейімделе бастайды. Бірде ол өзін қамшылап, қайтадан темір тұлпардың тізгінін қолға алады. Ол да болса Күләшқа үлкен көмек болып, сөйтіп жүріп екеуі саудадан жинаған төрт миллион теңгеге 2009 жылы осы кемпингтің орнында болған жанар-жағар май құю бекетінің жерін сатып алып, кафе құрылысын бастапты.

— Жолдың бойында орналасқандықтан әуелі жолаушылар тамақтанатын кафе етіп ашқанбыз. Қазір осындай күнге қалай жеткеніме өзім таңғаламын. Әрине, тынымсыз еңбектің нәтижесі ғой. Дегенмен, жауапкершілік кешен үлкейген сайын күшейе түсті. Қазір кешенде асхана, қонақ үй, монша, кір жуатын орын, бәрі бар. Осындай етіп қанат жаюға тапқан табысымызды жұмсадық. Жетпеген жеріне «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасынан алған 3 миллион теңгені салдық, — дейді Азаматтың анасы Күләш. Жас кәсіпкер ара-тұра Дөң орта мектебінің оқушыларына «Мектепке жол», «Балаға күлкі сыйла» акциялары кезінде қол ұшын беріп, қайырымдылық жасап отыруды да әдетке айналдырған.

Осы істің үйлестірушісі Күләштің айтуынша, отағасы Серік І топтағы мүгедекпін деп қол қусырып отырмайды, кешенді кеңейткен кезде салынған жаңа нысандардың құрылысын өзі қадағалап, тіпті, ішкі жұмыстарды өзі жасапты. Тіпті, өз талғамына сай безендіріпті. Дәнекерлеу ісінің шебері құбыр, темірге қатысты  жұмыстарды да ешкімге жалынбай, өзі тындыра береді екен.

2012 жылдан бері өз жұмысын бастаған кемпинг қазір едәуір қанат жайған. Қожайын бізге кешенді аралатып көрсетті.

— Қазір кешен құрамында 60 адамға арналған қонақ үй, 100 орындық кафе, 4 көлікке арналған жылы бокс, 500 көлік сыятын тұрақ бар. Сондай-ақ, кешен сымсыз интернетпен қамтамасыз етілген, түгелдей бейнекамерамен бақыланады, — дейді Азамат Оразымбетов.

Ал кешен сыртында 60-70 көлік тұрғанын көрдік. Осы күнге дейін бұл жерге Ресей, Тәжікстан, Латвия, Германия, Корея елдерінен келе жатқан жолаушылар тоқтапты. Осы жерге аялдаған жолаушылардың бірі — Асхат Аюпов:

— Туыстарыммен бірге Оралдан Шымкент қаласына бара жатырмыз. Мен біраз елдерде болдым. Көбіне жолда жүремін. Осыдан үш жыл бұрын тоқтағанымда бұл жерде мынадай үлкен кешен болған жоқ, шағын кафеден тамақтанғанбыз. Ал бүгін ішке енгенімде қатты өзгергенін байқадым, кірсе, шыққысыз. Риза болдым. Біз секілді бірнеше күн жолда жүрген адамдар шаршайды, тынығу керек. Ал «Аманатта» бәрі бар: қонақ үй, монша, тіпті, ақшаң болса, массаж да алуға болады екен. Сөрелерінде көлікке қажетті құралдар, майлар,  тіпті арнайы киімдер де сатылады. Жаңа ғана моншадан шықтым. Енді тамақтануға келіп едім. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, — дейді.

Бұл жерге аялдайтындар негізінен алыс жолдан келе жатқан жолаушылар.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button