АуылӘлеумет

«Туған жерім — нұрлы елім»: Ақтөбе қаласындағы Хромтау ауданының күндері

ШАРУАЛАРДЫҢ САУДАСЫ ҚЫЗҒАН КҮН

Сенбіде Ақтөбедегі «Табыс» коммуналдық базарында Хромтау күндері аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде Хромтау қаласынан және аудандағы 14 селолық округтен келген шаруа қожалықтары мен тұрғындары әкелген ешқандай бөтен қоспасы жоқ, табиғи таза өнімдері әп сәтте өтіп кетіп жатты.

Бұл күні Хромтаудың еті, картобы, сүт өнімдері тиімді бағамен сатылды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, хромтаулықтар жәрмеңкеге 12 ірі қара мал, 30 қой, 4 жылқы әкеліпті, яғни, барлығы — екі тоннадан астам сиыр еті, тоннадан астам қой еті, екі жарым тоннадай жылқы еті. Бұдан басқа сөреде 140 үйрек пен тауық, 140 литр сүт пен айран, 70 литр қаймақ, 90 литр қымыз сатылды. Айталық, «Луч» шаруа қожалығы қазір жарты тонна картоп пен 300 келідей шошқа етін, «Габор» жеке кәсіпкерлігі 200 келідей колбаса өнімдерін, «Көкжар 2008» ЖШС-і бөдененің мың жұмыртқасын, «Мамыт» шаруа қожалығы ешкі сүтін ұсынғанын көрдік. Барлық өнімдер бұл күні әдеттегіден сәл төмен бағамен сатылды. Мысалы, сиыр етінің келісі мың теңгеден, бір келі қой еті — 800 теңге, жылқы еті — 1300 теңгеден сатылды.

Хромтау ауданының шаруалары өңір басшысының тапсырмасына орай ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытуға бағытталған үлкен жұмыстар атқарып жатқанын да білдік. Мұнда бау-бақшадан басқа, ешкі, бөдене, қоян өсіру, тіпті балық шаруашылығымен де айналысатындар бар екен. «Тұлпар» акционерлік қоғамы тұқы балығын көбейтуді қолға алыпты. Биыл күзде хромтаулықтар Ақтөбеге тоннадан астам балық әкелуі мүмкін.

Жәрмеңкені аралап шықтық. Шаруалардың бұл күнге арнайы дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр. Мәселен, «СиК» шаруа қожалығының ағайынды құрылтайшыларының бірі — Сағынғали Өтепбергенов тоннаға жуық қиярды іріктеп, тұздауға болатынын ғана әкеліпті. Ол ағасы Қайрат екеуі Құдықсай ауылдық округіне қарасты Қопа ауылында 100 гектар жерге  картоп, сәбіз, қызанақ, қауын-қарбыз егіп, 12 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Үш ағайынды жігіттің бірі Әділ Қожамұратов «Сұлтан» шаруа қожалығы атынан дәмі тіл үйіретін 50 литр қымыз әкеліпті. Осы қожалықта сауыншы боп жасайтын Ләззат Құлмағанбетова қымыздың екі түрін әкелгендерін және қымыздың әр литрін 600 теңгеге беріп жатқанын жеткізді.

— Біздің шаруашылық Табантал ауылдық округі, Көптоғай ауылында орналасқан. Бие сауып, қымыз сатамыз. Қымыздың түрі өте көп: саумал, бал, қымыран, дөнен деп кете береді. Дайындау технологиясының да сыры көп.  Күбіні тобылғының, киікотының түтінімен ыстаймыз, ысталған қымыздың дәмі тіл үйіреді.  Әрі мұндай қымыздың хош исі болады. Негізі, қымызды дұрыстап сақтаса,  бес жылға дейін жарамды келеді. Қазір біз шыны ыдыс таппай жатырмыз. Пластик ыдыс тиімді болғанымен, ұзақ сақтауға келмейді, қымызға ғана тән дәрумендер азайып кетуі мүмкін, — дейді Әділ Қожамұратов. Ол екі жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 8,5 миллион теңге несие алғандарын, 25 бие мен 3 асыл тұқымды айғыр сатып алғандарын, қазір шаруашылықта 50 жылқы, оның 20-сы ғана сауылатынын әңгімелеп берді. Ағайындылар енді жылқы шаруашылығын өркендетіп, қымыздың барлық түрін жасап көруге талпынып отыр. Алдағы күндері ақтөбеліктер қымыздан жасалған балмұздақ жеп қалуы мүмкін.

Жәрмеңкеге тек қана ірі қожалықтар ғана емес, қарапайым ауыл тұрғындары да келіп қатысты. Айталық, Дөң ауылынан Жанат Бірманова, Тассай ауылынан Зәру Наурызовалар қораларындағы мал өнімдерін: сүт, айран, қаймақ сүзбе, сондай-ақ, тары-талқандарын да сатып тұр. Көңілдерін жықпай, көрші әжелердің де тауарларын қоса әкеліпті.

Айтпақшы, ауылдық округтерден келген әншілер де бұл күні «Табыс» базарының сахнасында ән шырқап, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Хромтаулық ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесі түске дейін аяқталып болды. Ал ақтөбеліктер сөмкелерін толтырып, ауылдың табиғи өнімдеріне тиімді бағамен қарық болып тарасты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

ҚАРАТОРҒАЙДЫҢ ЖЕҢІСІ

Ақтөбедегі ипподромда Хромтау ауданының күндері аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ат жарыс өтті.

Бәйгеге Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан, Ойыл, Қобда, Алға, Әйтеке би және басқа да аудандардың жүйрік аттары мен шабандоздары қатысты.

— Жарыста 17 шақырымға арналған  аламан бәйге, 10 шақырымға арналған тоқ бәйге және 7 шақырымға арналған жорға бәйге жүлделері тігілді, — дейді Хромтау аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Нұрланбек Сауанов. — Жеңімпазға қомақты ақшалай сыйлық берілді, жалпы жүлде қоры бір миллион теңгеден асады. Бұдан басқа қатысушылар аудан әкімінің мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Шіліңгір ыстықта өткен жарыста жас шабандоздарға күн астында шабу оңай соққан жоқ. Әсіресе, бәйге аттарына тіпті қиын болды. 30 градустан шығып кеткен  ыстық температураға барлығы бірдей шыдай алмады. Айталық, тоқ бәйгеде қатысушы аттың бірі ыстыққа төзе алмай, мәреге жақын қалғанда жүрмей қалды. Бұл бір ғана жағдай емес, аламан және жорға бәйгелерінде де екі ат ыстық өтіп, шауып келе жатқанда құлап қалды. Ат жарыстың қыр-сырын білетін бір ақсақалдың айтуынша, бәйгеде мұндай оқиғалар жиі болып тұрады.

Жалпы жарыс тартысты, қызықты өтті. Барлық топ бойынша ақтөбеліктер жеңісті қолдан бермеді. Аламан бәйгеде 17 километрді бағындырған Қараторғай тұлпары топ жарып, 500 мың теңгеге ие болды. Тоқ бәйгеде Магнитка жүйрігі үздік шығып, 100 мың теңгені иеленді. Ал жорға бәйгеде үздік көрінген Трансвааль 100 мың теңгені қанжығалады.

Санат РАШ.

 

 

КӨРМЕЛЕР МЕН КӨРІНІСТЕР

«Туған жерім — нұрлы елім» атты Ақтөбедегі Хромтау ауданының күндері Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақта спорттық және мәдени-көпшілік шаралармен түйінделді.

Бұл күні саябақ алаңында 7 киіз үй бой көтерді. Оның төртеуінде көрме ұйымдастырылған: аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері мен ірі және шағын кәсіпорындардың өнім үлгілері, сондай-ақ, хромтаулық жас қылқалам шеберлерінің картиналары қойылған.

Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұргүл Аманғалиеваның айтуынша, XVIII-XIX ғасырдағы этнографиялық жәдігерлер қойылған киіз үй қазақ халқының барлық әдет-ғұрпына сай жабдықталған. Киіз үйдің сол жағы ер адамдарға арналған, ол жерде айбалта, қылыш секілді қару-жарақ, ат әбзелдері қойылған. Ал киіз үйдің оң жағы әйелдерге тиесілі, ол жерде ыдыс-аяқ, сандық тұр.

Белгілі суретші Әнуар Өтеген-Тананың шәкірті Клара Рычкова Хромтау қаласындағы кеншілер мәдениет үйінде бейнелеу өнері студиясында жетекшілік етеді. Ол осы жерге қойылған балалар шығармашылығын таныстырып, графика, майлы бояу, гуашьпен салынған суреттерді, тіпті киіз пайдаланылған техника түрлерін де көрсетті.

— Біздің балалар халықаралық және республикалық көрмелер мен жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Санкт-Петербургте, Украинада, Алматы, Астанада шәкірттерім бар. Әрине, үйірме мүшелерінің барлығы бірдей өнер жолын қумайды. Бейнелеу өнерінің соңына түспегенмен, әдемілікті сүйетін, жаны таза адам болып шығатыны сөзсіз, — дейді Клара Рычкова.

Ал Хромтау қаласындағы мектептен тыс білім беру орталығының бейнелеу-қолданбалы өнер үйірмесінің жетекшісі Ғалия Байғалиева таныстырған түрлі бұйымдар көздің жауын алады: ақ қайыңның қабығынан жасалған төбетей, қағаздан өріліп жасалған кәрзеңкелер, бисерден тоқылған қызылды-жасылды бұйымдар тіпті, керемет. Ал киіз бұйымдар мен гобелендерге көз қуанады.

Бұл жерде біз арнайы шыны жәшік үстінде жатқан құм көрдік. Қасында сол құмды пайдаланып салған 6-сынып оқушылары Вадим Послушной мен Вадим Степаненконың және басқа оқушылардың да суреті қойылыпты. Оларға бұл техниканы меңгеруге №1 Хромтау мектебінің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Айгүл Мирманова жетекшілік етеді екен.

Ауданның экономикалық тыныс-тіршілігін баяндайтын кәсіпкерлер көрмесі қойылған киіз үйге де кіріп-шығушылар көп болды. Бұл жерде нан, колбаса, сүт өнімдерімен қатар, жиһаз, жұмыс қолғабы бәрі бар. Әр өнімнің қасында өндірушілердің байланыс телефондары қойылыпты.

Ашық аспан астында күннің ыстығына қарамастан спорттық жарыстар да өтіп жатты. Таэквондошылар мен қазақ күресінің палуандары, жекпе жек шеберлері өзара сынға түсті. Хромтаудағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде жаттығатын гимнаст қыздардың да өнерін жұрт сүйсініп тамашалады. Спорттық сайыстарға аудандардан келген 200-ден астам спортшы қатысты. Қала тұрғындары қол күресі, гір көтеруден де бақтарын сынап көріп жатты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар әзірленіпті.

Кешкі сағат сегізде хромтаулықтар саябақ сахнасында «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында мерекелік концерт өткізді.

Концертте әжелерден құралған «Замандастар» мен «Калинушка» халықтық ұжымдары халық әндері мен соғыс жылдарындағы әндер орындады. Аудандық мәдениет үйінің әншілері Айнагүл Айтжанова, Бибігүл Баймұратова, Жанар Қазбаева Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған Сейсен Айтжановтың әні «Ақтөбе таңын» тамылжыта орындады. Танымал әнші Сейсен Айтжанов пен Ғани Бейсенов Т.Базарбаевтың «Ауылым» әнін, кеншілер мәдениет үйінің әншісі Елена Кулакович  әдемі дауысымен Ресей әншісі Надежда Кадышеваның репертуарынан біраз әндер шырқады.  Ауданның белгілі әншшісі Асылхан Омаров «Хромтау» әнін нәшіне келтіре орындады. «Алтын дән» халықтық би ансамблі ұйғыр биін билеп шықты.

Айтпақшы, бұл күні саябақта тұрғындарға сурет салудан шеберлік сыныптары  тегін ұйымдастырылды. Сосын осы жерде жүрген балалар тегін балмұздаққа қарық болды. Оны аудан күндеріне орай Хромтаудағы «Баян» дүкенінің иесі  Ақжамал Шайхина ұйымдастырыпты.

Саябақта концерт тамашалап, замандастарын вальске шақырып жүрген Хромтау, бұрынғы Новоресей ауданының перзенті, әскери ғылымдардың докторы, профессор Ким Серікбаевты көріп қалдық. Біз оның өз отбасындағы 14 баланың үлкені екенін, ата-анасынан ерте айрылып, жетім өскенін, әке-шешесінің қарапайым еңбек адамдары болғанын білеміз. Алайда ол көрген қиындықтың бірі де Ким Серікбаевтың әскери ғылым саласындағы дипломы бар тұңғыш қазақ атануына кедергі бола қоймады.  Кеңес Одағы кезінде ол полковник атанды, М.Фрунзе атындағы Әскери академияда, партия мектебінде жұмыс істеді. Қазір Алматыда тұрып жатқан ол  жастар арасында әскери тақырыптарда дәріс оқуын жалғастырып жүр, сондай-ақ, ақсақалдар кеңесінің төрағасы екен.

— Қандай жетістікке қол жеткізсем де, мен қайырымды жандарға қарызбын, — деп бастады әңгімесін Ким Серікбаев. — Мен жыл сайын өзімнің туған жеріме келіп тұрамын. Мен Хромтау ауданында тудым, Алға ауданында өстім. Сондықтан да мен екі өлкені де міндетті түрде аралаймын. Ал Ақтөбедегі аудан күндері — ауылдықтардың мәдениетте, спортта, экономикада өздерін көрсетуге мүмкіндік беретін үлкен бастама. Әрі халықты бір-бірімен жақындастыра түседі. Егер ауыл мен қала ауызбіршілікте болып, біртұтас көрінсе, онда елімізде достық, ынтымақ, береке, бірлік болады.

Мерекелік шара соңы отшашумен аяқталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button