Басты жаңалықтарСпорт

Ертең Рио-де-Жанейрода ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары басталады

 

 

 

 

 

 

 

НҰРИСЛАМ, ФАРХАД ЖӘНЕ ОЛАРҒА ДЕЙІНГІЛЕР

Оңтүстікқазақстандықтар Рио-де-Жанейроға — 21, қарағандылықтар 11 спортшы аттандырды.

Ал Ақтөбе өңірінен Риоға небәрі екі спортшы аттанғанын және олардың да Ресей мен Қытайдан келген легионерлер екенін бұдан бұрын айтқан едік.

Өткен Олимпиадаларға біздің өңірден кімдер қатысты? Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметтеріне сай, Атланта Олимпиадасына облысымыздан бірде-бір спортшы қатыспапты. 2000 жылы Сиднейге үш спортшы барған: Гүлнәр Көшербаева, Асхат Шахаров (екеуі де дзюдо) және Ермахан Ыбырайымов (боксшы). Олардың арасында Ермахан Ыбырайымов Олимпиада чемпионы атанды. Ал Асхат Шахаров ширек финалға жете алмады.

2004 жылғы Афины Олимпиадасына Галиб Жафаров (бокс) пен Бауыржан Оразғалиев (еркін күрес) қатысты. Бауыржан Оразғалиевтың нәтижесі —21 балуанның арасында 19-орын болды, ал Галиб Жафаров ширек финалға дейін жетті. Ширек финалда болашақ Афины Олимпиадасының чемпионы, ресейлік Алексей Тищенкодан жеңілді.

2008 жылы Пекинге жоғарыда аталған, Афиныға барған екі спортшымыз бен дзюдошы Саламат Отарбаевты шығарып салдық. Галиб Жафаров бұл жолы алғашқы жекпе-жекте-ақ әзірбайжандық Шахин Имрановтан жеңіліс тапты. Бауыржан да алғашқы айналымнан аса алмады. Ол үндістандық балуанға есе жіберді. Саламат алғашқы жекпе-жегінде қытайлық қарсыласынан жеңілді.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасына облысымыздан ресейлік легионер Александр Тарабрин аттанды. Ол шалқалай жүзуден екі қашықтықта (100 м, 200 м) өнер көрсетіп, екеуінде де іріктеу кезеңдерінен аса алмады.

Бүгінгі күні олимпиадалық спорт түрлері бойынша еліміздің ұлттық құрамалары сапында 13 ақтөбелік спортшы бар екен. Солардың арасынан Нұрислам Санаев (еркін күрес) пен Фархад Харкиге (ауыр атлетика) ғана Рио Олимпиадасының жолдамасы бұйырыпты.

Фархад Харкидің біздің облыс атынан жарыстарға қатыса бастағанына — 4 жыл. Осы уақыт ішіндегі ең үлкен жетістігі — 2013 жылы Астанада өткен Азия чемпионатының күміс жүлдесі.

Ал Нұрислам Санаев 2014 жылдан бері Ақтөбе өңірі атынан өнер көрсетіп келеді. Ел ішіндегі жарыстарда ғана 1,2-орындар алған. 2016 жылы Қазақстан чемпионы атанған. Жолдаманы 2015 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатындағы нәтижесі бойынша (5-орын) алды.

Сарапшылар ақтөбелік спортшыларды еліміздің басты үміттері қатарына қоспайды. Дегенмен, кейде жоғары нәтижелер көрсете алатын спортшылар қатарында атайды. Оларға сәттілік тілейміз.

Кім қанша сыйақы төлейді?

Рио Олимпиадасы қарсаңында орын алған спортшылар мен олардың бапкерлеріне берілетін қаржылай сыйлықтың көлемі нақтыланды.

Олимпиада қорытындысы бойынша 1-6 орындарға ие болған спортшыларға мемлекет тарапынан қаржылай сыйлықтар беріледі. Бірінші орынға — 250 мың доллар, екінші орынға — 150 мың, үшінші орынға — 75 мың, төртінші орынға — 30 мың, бесінші орынға — 10 мың және алтыншы орынға 5 мың доллар сыйақы төленеді.

Қазақстан Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшыға жоғары сыйақы тағайындайтын елдердің қатарында екен. Тіпті әлем бойынша алдыңғы үштікке еніппіз. Бұл жөнінен бірінші орында Әзірбайжан тұр. Олар алтын алған спортшыға 510 мың доллар көлемінде сыйақы береді. Одан кейінгі орында — Таиланд. Таиландтық чемпиондар 314 мың доллар сыйақы алады. Дегенмен, Таиланд қазынасы ол сыйақыны бірден емес, 20 жылға бөліп төлейді. Нақтылар болсақ, таиландтық Олимпиада чемпионы 20 жыл бойы қазынадан айына 1300 долларға жуық ақша алып тұрады.

Үшінші орында — Қазақстан. Ал төртінші орындағы Филлипин Олимпиада чемпионы атанған спортшыға 237 мың доллар төлейді. Бірақ бұлар да Тайланд секілді бөліп-бөліп береді. Бесінші орында біздің көршіміз — Өзбекстан. Өзбектер  Олимпиада чемпионына 200 мың доллар сыйақы береді.
Ресей Олимпиада чемпионына — 60 мың доллар, Қытай — 50 мың доллар, АҚШ — 25 мың доллар төлейді. Біздің тағы бір көршіміз — Қырғызстан Олимпиада чемпионына 104 мың доллар сыйақы төлесе, Тәжікстан 38,1 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындапты. Ең «сараң» ел Ұлыбритания болып отыр. Бұл ел өз жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ештеңе де төлемейді.
Айта кетелік, біздің елімізде Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйақыдан бөлек, пәтерлер бөлу де қарастырылған. Оларды баспанамен қамту жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

Сондай-ақ, Қазақстан Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сыйақы көлемін 2008 жылғы Пекин Олимпиадасынан бастап көбейтті. Оған дейінгі Олимпиадаларда алтын медаль үшін — 100 мың доллар, күміс медаль үшін — 50 мың доллар, ал қола медаль үшін 30 мың доллар сыйақы төленіп келген еді.
Жарақат пен жолдама

Бұдан бұрын Қазақстаннан Рио-де-Жанейро Олимпиадасына 105 спортшы қатысатынын хабарлаған едік.

Өкінішке қарай, Олимпиаданың басталуына санаулы күндер қалғанда, олардың саны бір адамға кеміді. Еліміздің бірінші ракеткасы Юлия Путинцева Канаданың Монреаль қаласында өткен «Роджерс Кап» турнирінде иығын жарақаттап алып,
Олимпиадаға бармайтын болды. Ол Риода жекелей сында өнер көрсетуі керек болатын. Қазақстандық теннисшілердің еншісінде енді екі ғана жолдама қалды. (Бастапқыда олардың жолдамаларының саны төртеу болатын,  Путинцевадан бұрынырақ Михаил Кукушкиннің де жарақатына байланысты Олимпиада бармайтыны  белгілі болды.)

Сонымен бірге, жолдама санына кері әсері болмағанмен, Олимпиада қарсаңында тағы бір спортшымыз жарақат алып, Риоға бара алмайтын болды. Ол — велошабандоз Алексей Луценко. Алексей шілденің соңында Франциядағы жаттығулар кезінде автокөлікпен соқтығысып, аяғынан жарақат алды. Ол үш аптаға кереуетке таңылды. Орнына Павлодар велоспорт мектебінің тәрбиеленушісі, «Astana Pro Time» командасының шабандозы Андрей Зейц Олимпиадаға қатысатын болды.

23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанған Алексей Луценко жүлдеге үміткерлер қатарында аталған еді. Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров одан үлкен үміт күтетінін айтқан болатын.

 

Біз және көршілер…

Сонымен, биылғы Олимпиадаға қазақ елі атынан 104 спортшы қатысатын болды. Олар 26 спорт түрі бойынша өнер көрсетеді.

Ең көп спортшы апаратын құрамаларға келсек, жеңіл атлетика құрамасы — 26,  боксшылар — 12, байдарка есу мен каноэ құрамасы — 11, ауыр атлетика құрамасы 8 спортшы апарады.

Қазақстандық спортшылардың жетістігі төңірегіндегі болжамдар әртүрлі: «Лондондағы табыстарын қайталай алады» дейтіндер де, «Бір-ақ алтынмен оралады» — деп жатқандар да, т.б. бар. Қай болжамның расқа шығарын уақыт көрсетеді. Ал аты-жөндері басты үміттер қатарында айтылатын спортшыларымыз: боксшылар — Данияр Елеусінов, Иван Дычко, Василий Левит, Жәнібек Әлімханұлы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер — Александр Зайчиков пен Жазира Жаппарқұл, балуандар — Алмас Кебісбаев, Досжан Картиков, Нұрмахан Тынәлиев, дзюдошылар — Елдос Сметов пен Максим Раков…

Ауыр атлеттерге қатысты допинг дауынан кейін қазақ жанкүйерлері енді алтын жүлделерді, негізінен, боксшылар мен балуандардан күтетіні түсінікті. Жалпы, жазғы Олимпиадалар тарихында Қазақстан қоржынына мол олжа салып келе жатқан да — осы боксшыларымыз бен балуандарымыз. Тәуелсіздіктен бергі барлық жазғы Олимпиадалар қорытындысы бойынша ел қоржынында 52 медаль бар болса, солардың 17-сі — боксшыларымыздың, 13-і — балуандарымыздың қосқан үлесі. Көріп отырсыздар, Олимпиадаға қазақстандықтар 20-дан астам спорт түрі бойынша қатысып жүргенімен, жүлделердің 58 пайызын екі ғана спорт түрінен алдық.
Ал көршілерімізден Бразилияға қанша спортшы қатысады? Жағдайымызды басқалармен салыстырып көру үшін, осы жайында аз сөз қосқанды жөн көрдік.

Қырғыздар Бразилияға 16 спортшы аттандырды. Қырғыз спортшылары биылғы Ойындарда спорттың алты түрінен өнер көрсеткелі отыр. Бұған дейінгі Олимпиадаларда қырғыздар үш-ақ жүлде иемденген. Олардың біреуі — қазақ дзюдошысы Айдын Смағұловтың еншісінде. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасына Айдын бауырымыз Қырғызстан атынан қатысып, қола жүлдеге ие болды.

Өзбекстан құрамасы сапында 70 спортшы бар. Осыған дейінгі Олимпиаларда өзбектер 20 медаль алған.

Тәжік спортшылары Бразилияға нәбәрі 7 адам болып барады. Бұрынғы Олимпиадаларда олар бір күміс және екі қола медальға қол жеткізген.

Түрікмендер тәжіктерден бір жолдаманы артық алыпты. Түрікменстан — Орталық Азиядағы тәуелсіздік жылдарында Олимпиада жүлдесі бұйырып көрмеген жалғыз ел.

 

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алғаш рет қатысқан Атланта Олимпиадасына 96 спортшымыз барған еді. Бұдан соң Сиднейге (2000 жыл) — 130, Афиныға (2004 жыл) — 119, Пекинге (2008 жыл) — 132, ал Лондонға 115 спортшы апарған.

 

Бетті әзірлеген Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button