Мәдениет

«Талай-талай сөйледім, сатырлаған жиында»

Ақтан Керейұлының 160 жылдығы қарсаңында

Тұяғым  тайпақ  сүргінмін,

Түгескен  топты  жорғалап.

Екпіндесем   кетермін,

Ақ   бөкендей   ормалап.

Ақтан.

Қазақтың ұланғайыр сайын даласы, кең байтақ өрісі қай кезеңде де ақын-жырауларға кенде болмаған. Ақынын ардақтаған қалың жұртының арасында «Мен бір шапқан жүйрік ат, бір желіксем басылман» — деп (Шал ақын) шалқақтап өткен шайырлар қаншама?

Солардың бірегейі Ақтан ақын. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, есімі Алашқа танылған, жырларын жұрт жатқа соққан арқалы ақынның өмір жолы, өнер мұраты туралы толғанбақпыз. Өнегелі өмірін өлеңмен өрнектеген өршіл атамыз, азат халқы, аманатшыл ұрпағы барда жоқтаусыз қалмасы хақ.

Дегенмен:

Біздің жүрген жеріміз,

Күнде базар, күнде ду, — деп тірлігінде дүркіреген дүлдүлді осы күнге дейін ескермей келгеніміз өкінішті, әрине. Осындайда, «ештен кеш жақсы» деп алдандырамыз өзімізді.

Халқының арманы мен мүддесін жырлап, тілдіге тосқауыл бермеген, қамшы салдырмас хас жүйрік, Адайдың арда ұланы Қашаған ақын, өзінен он шақты жас кіші Ақтанды үлгі тұтып, қадірлеп өткені белгілі.

Көзім көрген адамда,

Абыл, Нұрым, Ақтаным,

Осылар еді тақтағым,

Осылай деп маған үйреткен,

Тарихтың ескі ақпарын, — дейді Қашаған.

Қашағанның өзі тайпалған жорға, сарқылмас мұхит, тұңғиық, сұмдық ақын. Сөйте тұра Ақтанды өзінен биік қояды. Өнердегі ұстазым деп таниды. Бұл Қашағанның өресінің биіктігінің, өнерге деген адалдығының айғағы.

Қызыл тілдің тұйғыны Қашағанның өзі өнеге алып, қадірлеген Ақтанның жырлары бүгінде жиі айтылып, халыққа кеңінен таралғанымен, өмір жолы, тағдыры туралы көпшілік біле бермейді. Ойлана келе «белгілі жүйрік 160 жылдығы қарсаңында атаусыз қалмағай»  деп жан-жағымызды қармандық.

Кезінде, Адайдың белгілі бес жүйрігінің бірі атанған сөз зергерінің өмір жолы жайлы деректер аз болып тұр. Қолда бары мынадай. Ақтан Керейұлы 1850-1912 жылдар аралығында, Ақтөбе өңірінде өмір сүрген. Байғанин ауданына қарасты Сағыз өзені бойында туып, сол өңірдегі Шибұлақ деген жерде «Әбділлә Хазірет» қорымында жерленген.

Руы Адайдың Жеменей Кенжесі, оның ішінде Қойсары аталығынан, Қойсарыдан Барғана, одан Абдолла, Абдолладан Керей, Керейден Жамансары, Ақтан, Тұрғанбай.

Ақынның атасы Абдолла – ел аузында  әңгімелері  қалған айтулы сыншы. Өз әкесі  Керей еңбегімен күн  көрген  кедей  шаруа  ғана. Ақтан үш ағайынды екен. Ағасы Жамансары   ділмар-шешен, інісі Тұрғанбай ел сыйлар азамат болыпты.    (Қ.Сыдиқов. Ақын жыраулар. Алматы: Ғылым, 142-бет).

Ақтанның өзі де кедейлікпен күн кешкен. Отбасы, ошақ қасына айналып, мал бағып, шаруа күйттеп қалмай, ол өмірінің көп жылдарын өнер қуумен өткізген.

Сақилықпен көп кездім,

Әлімұлы, Байұлы,

Тама, Табын, Жетіру —

Кіші жүздің аймағын, — деп өзі айтқандай Ақтан Орынбор, Жайық, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Атырау, Маңғыстау өңірлерін аралап, Қашаған, Қоспақ, Жаскілең, Нұрпейіс сияқты ақын, жыраулармен достық қатынаста болып, өнер өрбітеді. Аталған аймақтардағы ақын-жыраулармен кездесіп, жиын-тойларда той бастап, халқының қадірлісіне айналады.

Сөз дегенің бұйым ба,

Сөйлегенім қиын ба?!

Талай-талай сөйледім,

Сатырлаған жиында, — дейді ол.

Бұл сөздерінен арынды ақынның талай дүбірлі додалардың, қайнаған қан базар, жәрмеңкелердің көрігін қыздырған сері екенін көреміз.

Қаумалап халқым келгенсін,

Селдетпей топан-жел сөзді,

Көрінбейін бекер жек.

Таңдайына татымас,

Абыл менен Нұрымнан,

Дәніккен жұртым секер жеп.

Міне, осылай ұстаз-жырауларын ерекше бағалай отырып, солардың өнегесімен жыр төккен, бұрынғы жыраулар мұрасынан мол сусындап, кең даланың қадір-қасиетін бойына сіңірген, көшпелі жұрттың көреген ұлының тау бұлағындай тасқындаған жырлары ойнақы, ойлы да отты, бейнелі сөздерге бай болып келеді. Талантты өнер адамдарының көбісінің қыр соңынан қалмай, желкесіне мініп келген қу жоқшылық та қазақтың қайсар перзентінің рухын сындыра алмайды. Мұңаю, зарланып түңілу байқалмайды.

Мен — ақбауыр кер жорға,

Әдемі басқан аяғын.

Қарасаң, көзің жеткісіз,

Жылмиып жатқан даламын.

… Жоғарыдан аққан Жайықпын,

Теңізге құйған аяғын.

Күн шығыстың күшті желімен,

Ылайлатып ағамын, — деп еркін шалқыған ақын жырында сарнаған жел сөз, сырдаң теңеу жоқ. Ойының кеңдігі, қиялының өрлігі көрінеді. Жаугершілік заманда халқына қорған, жұртына пана болған Есен, Кенже батырлардың ұрпағына өрлік жарасады да.

Шұбалаң құйрық шұбармын,

Шапқан аттай саулаймын,

Жанған оттай қаулаймын.

Не қылғанмен дер күнім,

Бұлдыраған таудаймын, — дейді.

Ақын тым асқақ. Тасыған тау өзенінің суындай екпінді  жыр оқып отырған адамын өзімен бірге еріксіз үйіріп, тереңіне алып кетеді.

Терме, толғаулардың шебері – Ақтанның «Аяғына қан түссе», «Кәріліктің белгісі», «Біріншіден не жаман», «Мамығын төгіп қаз бен қу» термелері ақыл-нақылдық, өмірдің мәні туралы философиялық ой, өнегелі, ғибрат сөздерге толы.

Адал жүріп шын сөйле,

Асығың түсер алшыдан.

Мақтанғанмен аса алмас,

Кем болса қатар шарқынан.

…Төреліктің  белгісі,

Аяғын басып жүрмеген.

Сұлулықтың белгісі,

Көргендер аңсап шөлдеген.

Жігіттіктің белгісі,

Мезгілсіз жүрген көлденең.

…Ер жігіт елін меңгерсе,

Жетімдерге жем берсе,

Жесірлерге жер берсе,

Алдында тентек жөнделсе,

Әділдігін ел көрсе,

Бұл азаматтың белгісі!

Ол ақпа-төкпе ақындығымен қатар, таңды-таңға ұрып жырлаған жарау жыршылығымен белгілі тұлға.Өзі үлгі тұтқан Абыл, Нұрым, Қалнияз, Махамбет, Шернияздардай дарабоздардың үрдісімен жыршылық дәстүрді кейінгіге жеткізіп, дамыта жырлаушы. Өз дәуірінің дауылпазы іспетті. «Қырымның қырық батыры» аталатын ерлік дастандарының бірқатарын Маңғыстау, Атырау, Жем-Сағыз аймағына дәріптеп, таратқан. Ақтаннан үйреніп Қашаған, Нұрпейіс ақындар дамыта жырлаған. Қазақтың  Гомері атанған Мұрын жырау да осы Ақтаннан көп нәрсе үйреніп, өнеге алған. Санқырлы өнер иесі Ақтан жыршылық өнерде де өзгеше саз туғызған. Қазақтың қара сөзін құбылта бәйгекердей жайнаңдатып,  шапқан аттай саулаған ақын жырларын Маңғыстау өңіріндегі, Орта Азия елдеріндегі жыршы-термешілер «Ақтан сазы» дейтін өз әуенімен орындайды. («Маңғыстау энциклопедиясы». 209-бет).

Ақтан өзінің «Ерлік жыры» атты толғауында сол дәуірдегі әлеуметтік оқиғаларды, еркіндік, теңдік үшін күрескен халық қорғаны — батырларды жыр етіп, жұрты үшін ұрандап жауға шапқан ерлердің есімін, ерлік істерін көркем сөз, көрікті теңеулермен халыққа жария етеді.

«Ақтан, бет қаратпайтын, кісі шақ келтірмеген жойқын ақын еді» деп отыратын Мусекең», — дейді менің әкем. Әкемнің Мусекең деп отырғаны — Байғанин аймағына аты мәшһүр атбегі, бір дастаны, бір күйі қалған Муса Итбаев. (т.ж.б – 1977) Қ.Сыдиқов өз еңбектерінде былай деп жазады: «Ақтанды көзі көрген, туысы Әмірше Мұттахиев: «Ақтан аласа бойлы, сары өңді кісі еді. Екі үйіміз араласып тұратынбыз. Домбыраны қолына жәй ғана ұстап, өлеңді қолма-қол құйылта беретін. Қанша  айтса  да  мүдірген, не шаршаған кезін көргенім жоқ», — дейді. (Қ.Сыдиқов. Ақын, жыраулар. Алматы: Ғылым, 146-бет).

Жай отындай жарқын, тұнық та өткір жырлы ақынның:

Мен — Адайдың Ақтаны,

Сөйлесем сөзім тақталы.

Бөгесе бөгет бермейтін,

Қаратаудың ақпары, — деген сөздері құр астамшылық, бекер күпсіну емес. Ақынның өзіне берген бағасы. Және мұны бекер дей алмаймыз. Жоғарыдағы деректерге, асау да парасатты жырларына қарағанда, оның өзі туралы бұлай деуге толық қақы бар. Бұндай уытты,татымды сөздер- шалқар шабытты, арқыраған арынды, өресі биік кесек тұлғалы  дара дарындардан туса керек.

Жан барында жайнап,тіл барында сайрап, (Ақтан) дәуренінде бөгесін бермей тасқан дария, Адайдың әйгілі Ақтаны бүгінде өз деңгейінде бағаланбай жүргені баршамызға аян.

Жарлымын деп мұңайма,

Жеті мүшең сау болса

Құдайдың  сол бергені, — деп тірлігінде дүние-мүлікке қызықпай, өмірін сақилықпен өткізген арда ақын бізден ештеңе дәметпес, дегенмен, 160 жылдығы қарсаңында ұрпақтары бас қосып, басына белгі орнатып, ақын атында бір-екі игі істер жасалса, атамыздың  әруағы  разы боп, бір аунап жатар еді-ау. Қазағым: « өлі риза болмай, тірі байымас» деген.

P.S. Ақтан Керейұлы жайында,ақынның шығармашылығы, өмір жолы туралы білетіндер болса, хабарласса деген ниет бар.

Есентүгел ӘЗИЕВ,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық

институтының ғылыми  қызметкері.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button