Балалық бізден алыстамайды
Кездесу
Біздер бір ұядан түлеп ұшқалы тура қырық жыл өтіпті. Былай қарап отырсақ, әрқайсымыз әр қиырда жүр екенбіз. Тіпті күні кешеге дейін кейбір достарымыздың амандығын алыстан біліп, хал-жағдайын сыртынан ұғынып жүргенге де мәз болған секілдіміз. Ал осы бір сәттің дүбірі естіле бастаған сәтте барлығымызды ерекше бір тартылыс күші иіріп алып, бір ортаға бейімдей бастағанын сезіндік. Ол күш — біз орта білім алған Қаракөл орта мектебі екен. Ол біздің алаңсыз балалық шағымыздың куәсі болған, армандаған кездеріміздің дем берушісіне айналған туған жер екен.
Бір кездері шаруасы шалқып, тірлігі ілгеріден көрініп жүрген «Тәуіп» деп аталатын кеңшардың да мақтанышы болған біздің мектеп қырық жыл бұрынғы түлектерін ұмытпапты. Бұл күндері елудің нақ ортасынан өтіп, алпысқа қарай аяқ сала бастаған біздің буынды — кешегі шәкірттерді аялап қарсы алды.
Мектебімізге сағынып еніп, енді бұрынғыдай сыныптас достарымызды түгендеп қарай бастадық. Кейде каникулдан кейінгі алғашқы сабаққа балалар түгел жинала қоймайтыны бар еді ғой. Сондай күйді бастан кешкіміз келіп еді, бірақ көңілі бостау бір досымыздың шыланған көз жасы бәріміздің жанарымызға жас үйірді. Анау жерде Марат Ақашев отырар еді… Бастауыш сынып мұғалімі болған Орынгүл Жалмаханова қайда? Өр мінезді Серік Есенжолов есіктен алабұртып кіріп келер ме екен… Лайық Нұрекешов, Орынбай Қысырауынов, Ерболат Ізтілеуов, Ибагүл Зайлағаева, Райса Наурызбаева… Құдай-ау, осыншама адам сабаққа кешіккені ме?
Біздің кезіміздегі ұстаздар қандай еді?! Олардың әрқайсысының асыл бейнесі біздің жүрегімізде. Көбісі майдангерлер еді. Әбдуәли Әбетов, Мақсот Әйекешов, Көбек Қойшыбаев секілді ұстаздарымыз бізді өздерінің қатаң да талапшыл қасиеттерімен шыңдап өсірді. Мектеп директоры қызметін атқарған Тынышбай Ділманов, Мәлік Көлішбаев, сондай-ақ Қанат Көбенов, Әбдіжәлел Сәдуов, Зинаддин Жалмаханов, Бектайыз Райымбаев, Сәнім Сүйіндікова, Балаш Нұрғалиева секілді ағай-апайлардың тәлім-тәртібін қалай ұмытармыз?
Олардың өнегелі істерін біздің құрдастарымыз да лайықты жалғастыра білді. Қаншайым Қарабаева, Бегалы Бектібаев, Тәслима Аймұхамбетова, Қуаныш Райымбаев, Әлия Жүндібаева ұстаздарымызбен бірге жүріп, еңбек етті.
Мектеп мақтаныштары кімдер еді дегенге келсек, бір қарағанда достарымызды бөліп жара алмас едік. Алайда он жылдан астам уақыт аудан тізгінін ұстап, абыройлы қызмет атқарған Мейірхан Дуанбековті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Қаншайым Қарабаеваны, электр жүйесінде қызмет атқаратын іскер азамат Жеткерген Рахметовті, кәсіпкер Сарагүл Сәрсенбаеваны, спорттың майын ішкен Орынгүл Беляшеваны осы ретте алға шығарудың реті келіп тұр.
Он жыл бірге оқып, сол достықтарын өмір бойы жалғастырып келе жатқан, яғни бір отау астында бас біріктірген достар — Сәкен-Салтанат, Ақберген-Әлия, Ерғазы-Кенжебике, Сүйіндік-Маруся, Лайық-Орынкүл біздің ортамызда ерекше құрметке бөленіп жүреді.
Ал Хатшагүл Шалабаева, Жаңылсын Төребаева, Кенжебике Жүнелдікова, Әсия Шегірова, Ханзада Мұқайысова, Сәлима Мұстажапова, Гүлсім Жылқыбаева, Мырзагүл Қазбекова, Салтанат Дәрменова секілді аруларымыздың бүгінде «Ардақты ана» атанып отырғандарын ойға алғанда қалай марқаймассың?!
Бүгінгі күні еріксіз артқы жылдарға көз салғанда, көптеген жәйттер санамызда қылаң береді. Біздің қатарларымыз Айқара, Мейірхан, араларында мен де бармын, кішкентайымыздан бәйге атына шауып өстік, талай рет малшылар слетінен жүлделі орындарға ие болып оралдық. Ал Ерғазы деген құрдасымыз қой бағып жүргенде, он үш жасар кезінде қасқырды мылтықпен атып өлтірген. Кейін «Қасқыр соққан Ерғазы» деген деректі әңгіме қазақ тілі пәні диктанттар жинағына енді.
1976 жылғы түлектер Ырғыз өңірінде ерекше орыны бар Қаракөл орта мектебінің 75 жылдық және Құйылыс орта мектебінің 45 жылдық тарихын Республика Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен байланыстыра атап өтті. Екі мектептің де кітапхана қорын толықтыруға мүмкіндігімізше үлес қостық. Заманауи жарнамалық тақтаны сыйға тарттық. Кездесудің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Ақсақал Тәуіп ауылдың округінің әкімі Камал Советбекұлына, Қаракөл орта мектебінің директоры Эльмира Айжарыққызына, ортамыздан топ жарып шыққан достарымыз Әсия Шегірова, Орынгүл Көптілеуова, Сәкен Мамырбеков, Нұрсұлу Тұяқбаеваларға алғысымызды айтамыз.
… Балалық бізден бәрібір алыстамайды екен. Достарды көрген сайын сол күндерге қайта ораламыз. Осы кездесуден кейін де сондай әсерде жүрміз әлі.
Жалғас КӨЗДІБАЕВ.



