Жұбановтар елінде жас дарындар бас қосты
Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Классика — 2009» халықаралық жас дарындар фестиваль-конкурсы өтті.
Фестивальға Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Астанадан, Алматыдан, Қазақстанның басқа да қалаларынан келген; сондай-ақ, ақтөбеліктер бар, барлығы 60-тан астам жас талапкер қатысты.
Фестивальдың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова құттықтау сөз сөйледі.
— Бұл фестиваль-конкурс бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Бастапқы жылдардағы фестиваль жүлдегерлері бүгінде кәсіби музыканттарға айналып, түрлі табыстарға жетіп жүргенінен біз хабардармыз. Біз осыған қуанамыз, өйткені бұл фестивальдың жас дарындардың танылуы, шыңдалуы жолындағы үлкен бір асуға айналғанын көрсетеді, — деді Сара Қайыржанқызы.
Облыс әкімінің орынбасары қатысушыларға ақ жол тілей отырып:
— Халықаралық фестивальдан жеңіспен оралу — үлкен абырой болса, ал соның ішінде Жұбановтар елінен жеңіспен оралу — екі есе абырой болмақ, — деп атап көрсетті.
Қарашаның 6-7-сі күндері фестивальға қатысушы балалар мен жасөспірімдер қазылар алқасы назарына фортепиано, вокал, скрипка, виоленчель және хореография номинациялары бойынша өз өнерлерін ұсынды. Ал қазылар алқасына КСРО Халық әртісі Роза Жаманова жетекшілік етіп, құрамына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен білгілі өнер қайраткерлері енді.
Жасы жағынан, қатысушылар 10-15 жас аралығында болды. Жасына қарамастан, олардың көпшілігі өте жоғары деңгейде өнер көрсеткенін атап өткіміз келеді.
Әсіресе, шетелдерден келген балғын өнерпаздардың қазақ халық әндерін, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев сынды композиторлар шығармаларын орындауы көрермендерді қуантты. Демек, фестиваль, жас таланттарды танытып-шыңдауға ғана емес, қазақ өнерін насихаттауға да үлкен үлес қосып отыр.
Фестиваль соңында қатысушыларға тағы бір үлкен сый — ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірованың концерті ұсынылды.
И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



