Құқық

Жемқорлықпен күрес — мемлекеттік қызметшінің міндеті

Соңғы жиырма жылда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында айтарлықтай құқықтық база қалыптасты. Қазіргі уақытта Қазақстан Орта Азия өңірінде ғана емес, тұтастай алғанда ТМД бойынша да жемқорлыққа қарсы неғұрлым мықты дамыған заңнамасы бар ел болып отыр. 2015 жылы Елбасы

Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол: болашаққа бастар жол» бағдарламасы, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясы қабылданды. Осы жаңа Стратегияның басты мақсаты — мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасап, бұл қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып отыр.

Мемлекет басшысы халық пен мемлекетке қызмет етуді басты парызы деп санайтын кәсіби аппаратты қалыптастыруды басты мақсат етіп қойды. Тәуелсіздік жылдары елімізде мүмкіндігінше тиімді мемлекеттік қызмет моделі қалыптасты. Осы мақсатқа жету, әрі жемқорлықпен түбегейлі күрес жүргізу үшін халықтың көрсетіліп отырған мемлекеттік қызмет сапасына деген қанағаттанарлық сезімінің деңгейін бағамдап отыру қажет. Әрбір мемлекеттік қызметшінің бойындағы құқықтық мәдениетін жоғарылатып, өзіне қатысты жемқорлық фактісі орын алған жағдайда сыбайластыққа қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру басты назарда болуы шарт. Себебі, мемлекеттік қызметшілердің сатылмайтындығы және олардың қызметінің ашықтығы — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының табысты болуының негізі.

Мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа бармауы бірінші кезекте олардың білімділігі мен  біліктілігінің жоғары деңгейде болуына байланысты. Мемлекеттік қызметке жүгінген азаматтардың мемлекеттік қызметшімен тікелей байланысының болуы құқықбұзушылыққа баруға ықпал ететін дәйектің бірі. Бұл бағытта электронды форматта көрсетілетін мемлекеттік қызмет көлемін арттыру,  мемлекеттік сатып алу үрдісін жетілдіру мен мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру жүйесін енгізу жөніндегі жұмыстар қолға алынды. Себебі, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кең пайдалану да адам факторының ықпалын барынша азайтады. «Бір терезе» қағидатымен Халыққа қызмет көрсету орталықтары ұсынатын қызметтер көлемі де артып келеді. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы тікелей қарым-қатынасты азайту қажет. Өйткені бизнесті дамыту жолындағы әкімшілік кедергілер елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету ісіне қиындықтар әкелуі мүмкін. Сондықтан, бір жағынан, мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеріп, екіншіден, оның біраз бөлігін мемлекеттік емес секторға тапсыру көзделуде.

Мемлекеттік қызмет түрін алуда көп жағдайда азаматтар құқықтық білімінің төмен болуы себебінен сыбайлас жемқорлықтың құрбанына айналады. Яғни, мұндай жағдайдың орын алуы халықтың сауаттылық деңгейінің төмендігінен, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратпен қамтылмағандығынан туындайды. Сондықтан да мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасына  ішкі бақылау орнатылуы, сапалы мониторинг жасалуының маңызы зор. Мәселенің өзегі қолжетімді құқықтық білім алуда тұр, бұл ретте әрбір тұлғаның өз есімін ұмытпайтындай, мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы өз құқығын жетік білетіндей жағдай жасауымыз қажет.

Мейірбек САБЫРОВ,

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button