Ауыл

«Абылайдың» қымызы

Осындай атпен шығарылып жатқан қымыз назарымызды еріксіз аударды, тіпті ол біздің ауданнан екенін білгеннен кейін ат сабылтып Қарсақпай аттандық. Ауданнан шалғай орналасқан Ильинка ауылдық округіне қарасты «Қарсақпай» елді мекеніне Ақтөбе арқылы Қобда жолымен бару — алыс та болса  жақын соқпақтардың бірі. Ақтөбе-Қобда тасжолынан жеті-сегіз шақырым жерде ғана орналасқан ауыл тек қымызымен ғана мақтанбайды екен, аула толы техника, күжірейген күркетауықтар мен үйрек- қаз, шабындық, бақша… дегендей. Ретімен баяндасақ…

Береке бейнетпен келеді

Ана бір жылдары ірі шаруашылықтар құлап,  жетпіс-сексен жыл бірнеше ұрпақты асыраған Ауылдың мал-мүлкі, техника-тұрманы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен алмағайып уақыт болғаны  өтірік емес. Қолына өзі еңбек еткен шаруашылықтан тозығы жеткен бірер техника тиген Қыдырбай Ксупов те аспаннан ештеңе түспейтінін іштей сезді. Рас, жеке меншігінде он шақты бас жылқысы болатын, ол жылқыны да кеңестік бір басшының «құрт» дегеніне қарамай, «сіз шошқа асырағанда, мен жылқы өсіре алмаймын ба?» деп әпербақандықпен аман алып қалған. Он шақты жылқы бірер жылғы соғымнан немесе сол жылдары өршіп кеткен ұры-қарыдан ауыспайтыны да жасырын емес еді.

Жалға жер алды. Төрт мың гектарға жақын. Оның 1200 гектарына егін салды,  аздап картоп екті, қалған жердің шөбін шапты. Шаруа бастағанына он-он екі жылдың жүзі болды десек, Қыдырбайдың қазіргі табыстары жаман емес. Жүзге тарта құстары бар — үйрек, қаз, тауық — отыз шақты күркетауықтары да қоңды көрінеді, өзінің жандығы болмағанмен, ауыл маңында жүз қаралы қойдың шамасын байқадық, қарамағындағы тума-туыс, жұмысшылардың малы. Жүзге тарта ірі-қарасы — өзінікі.

Бірақ кішкентайынан жылқыға жақын өскен (әкесі жылқышы болған) Қыдырбай бәрібір жылқы өсіруді армандайтын. Ақыры Айды аспанға бір шығарды —  Үкіметтен пәленбай миллион несие алды да, екі жүзден астам жылқы сатып алды.

«Кейде жылқыны адамдардан текті ме деп қаламын»

Қыдырбай жылқы туралы таңды таңға ұрып әңгімелеуге бар. Бірнеше жылқы сауым уақыт өткенде бас жылқышы Еділбай Қойшыбаев жылқышыларға жылқыны ауылға қайыруға пәрмен берген болуы керек, қырқадан төмен түсе бастаған үйірдің қиқуласқан, арқыраған үні естіле бастады. Кейіпкеріміздің көздері жанып, орнында отыра алмай, қопаңдай бастағанын сездік.

Біздің нашарлау фотоаппарат түсірген кадрлар мынадай, ал осы көріністі көзбен көрсеңіздер, әсері тіпті бөлек болар еді. Бірі шауып, бірі жорғалап, бірі желіп суатқа беттеген жылқыларда ерекше сұлулық, ерекше тектілік, қажет десеңіз ерекше түсінік бар тәрізді. Қазақ ауыз әдебиетіндегі белгілі атбегінің жылқыны сынайтын жерін еріксіз есімізге түсіре бастаймыз.

— Әрине, жылқы малы бәрін түсінеді, — деп біздің ойымызды шегелей түседі Қыдырбай. — Есіңізде болсын, айғыр ешқашан өзінің ұрғашы ұрпағына шаппайды, тістелеп-теуіп басқа үйірге қуып жібереді. Және өзінің үйірін қауіп-қатерден, ит-құстан сақтау үшін басын өлімге тігуге бар.

Жылқы бағуға да қолының қаруы бар, шыдамды, төзімді адамдар керек. Бас жылқышы — өзімнің құрдасым Еділбай Қойшыбаев. Өзінің бір-екі үйір жылқысы бар, ағайындардікі бар, қазір бас-аяғы бес жүзге тарта жылқы бағып отырмыз.

Өткен қыста бес қасқыр күн бермеді, әрең дегенде жігіттермен жүріп үшеуін соғып алдық, он шақты жабағыны тартып кетіп еді, кейін тынышталды.

Шенеуніктердің де қасқырлары кездесіп қалады, әлі есімнен кетпейді, несие алып, жылқы алып, қуанышым қойныма сыймай жүрсе облыстағы бір мекеменің  бастығы келіп «маған үш жылқы бересің» дейді. Қазақпыз ғой, қазақта коррупция деген болмайды, сыйластық деген болады, өзім де бір соғымын берген болар едім, бірақ үш жылқы сұрағанда қырсығып қалдым. Кейін де аяқтан шалғысы келеді, дегенмен  төбемізден қарап тұрған бір құдірет бар ғой… Сондықтан кейде жылқыларды адамдардан текті ме деп қаламын…

«Абылайдың» қымызы

Жылқы сауа бастағандарына екі жыл болды. Баяғыдай қымызды күтіп-баптайтын көнекөздер жоқ — өзі Шымкенттен алшаның, қайыңның ағашынан әкеліп күбі жасатты. Оны механикаландырды. Сағатына 25 литр қымыз пісетін аппарат жұмыс жасап тұр. Содан соң арнайы ыдыстарға құйылып дүкендерге жөнелтіледі.

Бір байқағанымыз — қымыз цехының аудан орталығындағы кейбір  қоғамдық тамақтандыру орындарынан тазалығы. Сауыншылардың медициналық кітапшалары да осы жерде.

— Әзірге жаз бойы жиырма-отыз жылқы сауамыз. Ағытып жібергеніміз осы жақында. Алдағы мақсатым — жылқыны циклмен, яғни маусыммен саууды іске асыру. «Қысырдың қымызы» немесе «наурыздың қою қымызы» дегенді естіген шығарсыздар,  соған қол жеткізгім келеді, — дейді Қыдырбай алдағы жоспарларымен бөлісіп.

«Арқа сүйейтіндерім – ауылдастарым»

Маусымдық жұмыстар кезінде 25-30 адамға дейін жұмыс беретін «Абылай» шаруа қожалығында бірнеше механизатор, малшы, жылқышы, құс өсіруші, сауыншылар еңбек етеді. Бауыры Қонысбай Ксупов бас механиктің қызметін атқарса, Батырбай механизатор, інісі Қуаныш жүргізуші, механизаторлар Серік Сәрсенов, Серік Молдабеков, Тілеген Шигановтар — ауылдас-ағайындары, Ділманов Нұрлыбек Жаннамен екеуі — малда, Миша Жугуров пен Ева Лихашерст — құста, Болатбек Иманов, Қуанғали Нұрашев, Бақытжан Дошумов, Амандық Дабышевтер — жылқыда, Ханымзия Нурашева — сауында, әйтеуір, бос жүрген адам жоқ.

— Арқа сүйейтіндерім — осы ауылдастарым, шаруашылығымның басы-қасында жүрген адамдар, — дейді Қыдырбай бізге. — Жағдайларын жасауға тырысамын. Бір-бірімізді түсінбеген жеріміз жоқ.

…Бір-екі адамды тракторлардың қасында  суретке түсіріп алуымыз керек болып, олардың  сол жаққа баруын өтінгенбіз, Қыдырбай Ксупов жұмысшыларын ақ терімен әдіптелген «Джипіне» салып алды, әлдекімдердей «жүз метр жер ғой, машинамды бүлдірер, жаяу барса ештеңелері кетпес» деп байшыкештенген жоқ. Және онысы жасандылық емес, ауыл баласына тән қарапайымдылық екені байқалып тұр.

Шаруаның шешілмеген мәселесі қандай?

— Жақында бір жаңалықты теледидардан көрдім, — дейді Қыдырбай Ксупов. — Мал өсіруге тілек білдіріп жатқан адамдарға тиесілі малды береді екен де, белгілі бір уақыттан кейін өсімін сұрайды екен. Ал малдың басы әлгі шаруаның өзінде қалады екен.Тиімді тәсіл деп ойлаймын.

Соңғы жылдары шаруаларға үкіметтен субсидия беру қолға алына бастады. Бірақ осы мәселенің де кемшін тұстары бар. Субсидия бергенше,  техника арзан болса немесе техниканы арзан несиеге алуға көмек болса…

Жылда егін егеміз, жер өңдейміз. Бірақ біздің өңір егінге аса қолайлы емес, сондықтан малға берілетін субсидия көбейсе…

Жерді сақтандыру, алатын өнімді сақтандыру шаралары да әлі бюрократияның шырмауында жүр. Шаруа өзі қалаған сақтандыру компаниясына емес, жоғарыдан көрсетілген сақтандыру ұйымына тәуелді. Тіпті солай-ақ болсын делік, бірақ шаруалардың көбі жерлерін сақтандырады, ол жер күйіп кетіп, еш өнім алмаған жағдайда әлгі сақтандыру компаниялары төлейтін ақыларын қаныңды ішіп барып береді. Ол саған емес, сен оған қарыздар сияқты, айлап жүріп әрең аласың, ал көктемде жерді, шөпті сақтандырар кезде «әкем» деп бетіңнен сүюге бар…

Ауыл байымай — ел байымайды. Мұны Елбасымыз айтқан. Ендеше ауылдағы шаруалардың етегінен тарта беретін осындай олқылықтар азайса, жер емген шаруалардың да жағдайлары анағұрлым жақсарар еді…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға-Қарсақпай-Алға.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button