Ырғыз даласында найзағай жарқылдаған жыл

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне – 100 жыл
1914 жылы басталған І дүниежүзілік соғыс патшалық Ресейді экономикалық жағынан да, әскери қуаты жағынан да әбден әлсіреткен еді. Соғыстың шешуші сәті жақындағандағы ауыр жағдайлар орыстың ІІ Николай патшасын бірнеше шұғыл шешімдер қабылдауға мәжбүр етті. Соның бірі 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлық болды. Бұл жарлық «О привлечении мужского инородческого населения империи для работ по устройству оборонительных сооружении и военных сообщении в районе действующей Армии, а равно для всяких иных необходимых для государсвенной обороны работ» деп аталды және осы жарлық бойынша Қазақстанның, Орта Азияның және Сібірдің «бұратана халықтарының» 19 бен 43 жас арасындағы еркек кіндіктілерін майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстары мен жолдар салу, окоптар қазу, т.б.) алу белгіленді.
«Патша қазақтарды әскерге алатын болыпты» деген суық та суыт хабар малдан басқа шаруаға алаңы жоқ, тыныш тірлік кешіп жатқан қазақ ауылдарын өрт тигендей дүрбелеңге түсірді. «Ақ патшаның қазақтарды солдатқа алмаймыз деген уәдесі қайда?» Қарапайым шаруа халықтың болыстар мен бай-бағландарға алғашқы қойған сауалдары осы болды. Ел билеушілерінің «солдатқа емес, қара жұмысқа алады» деген жұбату сөзіне иланбағандар көбейді. Патша үкіметінің осы кезге дейін жүргізіп келген саясаты да халықтың наразылығын шегіне жеткізген еді. ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында орыстың мұжықтары мен қылышы жалаңдаған казактар қазақ даласына лек-лек болып қоныстанып жатты. Олардың мылтықтары мен қылыштарына қарсы тұра алмаған қазақтар ең шұрайлы деген жерлерінен, ата-баба қоныстарынан айырылды. Ертеден келе жатқан хандық басқару жүйесі жойылып, болыстық басқару енгізілді. Болыстардың сайланып қойылуы рулар арасындағы араздықты тудырды, оның ақыры қантөгіске дейін соқтырған жағдайлар да кездесті. Алым-салық та көбейді, патшаның пәрменімен соғыс қорына деп қосымша салық салынып, халықтан ақша, мал, астық, тері, киіз, жүн, тіпті самаурынның жезі мен қалайы-қорғасынға дейін жиналды. «Бұл не қылған таусылмайтын салық. Ақырзаман деген осы шығар» деген зарлы да зәрлі сөздер қазақ ауылдарының сол замандағы тіршілігінің көрінісі болды. Осының бәрі қурап тұрған қауға от тигізгендей халықтың ашу-ызасының соңғы шегін үзіп жіберді. 16-шы жылдың жазы Ырғыз, Торғай даласын «келін болмай кесір болып аттады» (А. Сүлейменов ).
Бұл кезде Ырғыз — Торғай облысының құрамына кіретін төрт уездің бірі болатын. Патша жарлығын орындау үшін Торғай облысының генерал-губернаторы М.М.Эверсман Ырғыз уезінің болыстарына шақыру қағазын жолдады. Уезге 13 болыс және Ырғыз қаласы мен Шалқар, Қарабұтақ ауылдары қарайтын. Әр болыста 5-6-дан 12-ге дейін ауыл, ал жалпы уезде 21 мыңдай шаңырақ болды. Ел ішінде дүрлігу басталды, ауыл-ауылдың арасына хабаршылар шапқылады, «ана ауылда солдатқа баламызды жібермейміз деп жатыр, мына ауылдың жігіттері патшаға қарсы шығамыз деп ұйымдасып жатқан көрінеді» деген сияқты ұзынқұлақ хабарлар шындыққа айнала бастады. Патша жарлығы шығысымен Ресей Министрлер советінің председателі Штюрмер губерниялар мен облыстарға «немедленно привести в исполнение высочайшее повеление от 25 июня и призвать к соответствующим работам взрослое туземное население от 19 до 43 лет» деген хат жолдаған. Үкіметтің жергілікті жерлердегі өкілдері алғашында халықты үгіттеу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы жарлықты іске асыруды бейбіт жолмен жүргізбек болды. Осындай мақсатпен тамыз айында губернатор Эверсманның орынбасары С.Н.Обухов арнайы Ырғызға келіп ел арасында беделі бар 15 ақсақалды (әр болыстан) жинап жиналыс өткізген. Олардың ішінде Самұрат Алматұлы, Ораз Тәтіұлы секілді байлығы да, шешендігі де елден асқан, ауыл-аймаққа қадірі жоғары адамдар болған. Жиналысты уезд бастығы Станкевич жүргізіп, Қырымгерей Сейдалин тілмаштық еткен. Самұрат патша жарлығын орындап, қара жұмысқа адам беру керектігін жақтаған, ал Ораз Тәтіұлы патшаның қазақтан әскер қатарына адам алынбайды деген уәдесінің болғандығын айтып, қара жұмысқа қазақ жастарын беруге қарсылық білдірген. Жиналыста көпшілік Самұратты қолдаған, сонда Ораз екінші рет сөз алып «бұл мәселені Мемлекеттік дума алдына қоюға дейін баратындықтарын» айтыпты.
Ел ақсақалдары осыған пәтуаласып, Думаға адам жіберу үшін үй басы он сомнан ақша жинайды. «Патшаға кісі жібереміз, сөйтіп, әскерге бармай қаламыз» дегенге сенген жұрттың бәрі өз еріктерімен ақшаларын ортаға салып, күзге салым жиналған ақшаға Петербургке төрт адам жолға шығады. Олар, сол кезде адвокат, орысша оқыған Жанша (Жаһанша) Сейдалин, Тәтіұлы Ораз, Дулатұлы Орынбасар, Уәйісұлы Қосжан (кейбір деректерде Тәуіп болысынан Исатай ахун да болған делінеді).
Мұндай топ Петербургке Торғай уезінен де барған. Бірақ, екі топ та нәтижелі іс өндіре алмай оралады. Оларға болыстар мен байлардың отбасыларына жеңілдік жасалатыны, сондай ақ әр 300 қойға бір адам, әр жүз бас жылқыға бір адам алып қалуға (малшы) болатындығы ескертілген. Демек, әскер жұмысына шақыруға тек кедейлердің балалары ілінетіндігі белгілі болған.
Ырғыз уезіндегі он үш болыс генерал-губернатор мен уезд бастығының бұйрығы бойынша 19 бен 43 жастың аралығындағы әскерге жіберілетін жас жігіттердің тізімін жасауға кірісті. (Кейбір деректерде 19 бен 31, 19 бен 41 деп те көрсетіліп жүр). Болыстар адам санын толтыру үшін (уезд бойынша 12 510 адам алынуы керек еді) жасы толмаған не жасы асып кеткендерді де тізімге алған. Болысқа пара беріп, балаларын тізімнен сыздырып жатқандар да аз болмапты. Екі адамның сыбырын желдің өзі жайып жіберетін дала тіршілігінде мұндайды ел білмеуі мүмкін емес еді. Оған қоса Дала генерал-губернаторы Н.А.Сухомлиновтың қазақ халқының кейбір топтарын майдан жұмысынан босату жайлы «Ақсүйек (Дубуран) тобына жататын әрі бұл туралы қолында куәлігі бар ақсүйек қазақтар жол түзеу, қара жұмыс, жаңа соғыс жолына алынбайды» деген бұйрығы ошақтағы қоламтаны көсеп жібергендей болды. Көпе-көрнеу жасалып жатқан мұндай әділетсіздіктерден халықтың төзімі таусылды. «Қазақ» газеті үмітті үрей алмастырған күндер туралы 212-ші санында былай деп жазды. «Ел арасына қысқа күнде қырық түрлі хабар тарады. Қорқыныш күннен-күнге ұлғайды. Әулиеге ат айтты, қорасанға қой айтты. Сауысқан-қарға тойынды. «Солдат алмайтын болыпты» деп өтірік сүйінші сұрағандар олжаға батты. «Сенің балаң алынады» дегенді естіген шал-кемпірдің жүрегі жарылып өлгендері болды. Жұрт сеңдей соғылды. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды. «Әне келді, міне келді» деп өлім жазасына бұйырылған үкімнің орнына келуін күткен тұтқындай болып тұрды».
Дәулетіне қарағанда кедей не орташа тапқа жатқанымен өзінің беделі, сөзінің билігі бар азаматтар әр ауылдан табылатын. Кеуделері ызаға толған жастар солардың маңына топтасты. Болыстардың орыс ұлықтарына тәуелді екенін көріп, олардан түңілген халық кешегі өздері қайырымын көрген хандық жүйені аңсап, басшыларын хан сайлады. Аманкөл болысында Әжіке Қаражанұлы, Тәуіп болысында Әйменбет Шобанұлы, Қызылжар болысы бойынша Тайшым Орысұлы, Бақсайыста Жұмағазы Жүргенұлы, Кенжеғара болысында Айжарқын Қанайұлы халық қалауымен хан атанды. Артқа шегінер жол жоқтығын түсінген қарапайым жұртшылық көтерілісшілер жағына шықты. Тіпті Қызылжар болысының атқамінерлері оңаша кеңес құрып, тізім жасағанда сол үйде күзетте тұрған сенімді деген бес жігіт әскер тізіміне өздерінің де ілінгендерін біліп, бір түнде ұйымдасып қашып шығып, Тайшым ханның тобына өз еріктерімен барып қосылған, болыс үйіндегі құпия әңгімелерді ханға жеткізген. Тайшым хан тізімді уезге жеткізбей құрту керек деп, сарбаздарымен атқа қонған. Мұның аяғы сол күнгі бес атқамінер ақсақалдар мен байларды көтерілісшілер ұстап, азаптап өлтіруімен аяқталған. Ағайынды ашындырып, тыныш елді топалаң тигендей қылған залым саясаттың зардабы осындай болды. Сол бір қасіретті жылдардың естелігіндей «Бес шейіт» деген жер атауы Ырғызда күні бүгінге дейін сақталып келеді.
Торғай облысына қарайтын төрт уездің бірі Ырғыз сол кезде терістігі Ақтөбе, түстігі Арал, батысы Торғайға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ аумақ еді. 16-шы жылдың күзіне қарай сол аумақтың бәрі соғыс майданына айналды. Көтеріліске басшылық жасағандардың әрқайсысында 1000-1500 арасында адам болды. Тепсе темір үзетін жастардан бастап үзеңгіге аяқ артуға жарайтын егде адамдарға дейін атқа қонды. Елдегі темірден түйін түйетін ұсталар алдырылып, олар қылыш, айбалта, найза соқты. Ырғыз ауданының қазіргі Нұра ауылдық округіне қарасты Дүкен ауылының орнында Айжарқын Қанайұлының әскерінің ұста дүкені болған. Сол себеппен Дүкен аталып кеткен шағын ауыл сол бір қасіретті жылдардың үнсіз куәгеріндей. Осы жерде Үсенғұл Бөріұлы, Құрманай Алдамжарұлы деген ұсталар күніне 100-150 найза соғып, бұзылған құс мылтықтарды қалпына келтірген. Сарбаздар байлардың жылқыларын тартып алып отырған. Айжарқын ханның сарбаздары Алматұлы Маханның бес жүз жылқысын, Қыдырбайұлы Фазыл деген өзбектің жүз он бес жылқысын, Қошқарбайұлы Қайралаптың жүз жылқысын тартып алғандығы туралы дерек жазушы Сабыр Шариповтың сол жылдардың шындығы туралы жазылған естеліктерінде келтірілген. Сондай-ақ, Бақсайыс болысының байлары Қораз Көшімбаевтың 700, Тахауи Боранқұловтың 250, Кенжалы Жүсіповтің 50 шақты мініс аттарын сарбаздар күшпен тартып алған. Осындай оқиғалар жергілікті халықтың ауқатты тобының көтерілісшілерге қарсылығын туғызды, олар патшаның уездегі өкілдерінен көмек сұрады.
Сол кездердегі ана күңіренісін, әке күйзелісін Нарманбет ақын былай толғаған екен:
… Ата-анада зәре жоқ,
Мұнан үлкен бәле жоқ,
Боздақтарым сандалды.
… Азаматтар құл болып,
Асық жарлар тұл болып,
Жүректері күйеді.
Балам қайда кетті деп
Кемпір шеше жылайды.
Кемпірінен жасырып,
Шал да көзін бұлайды.
Бала жетім, келін тұл,
Құдай қашан иеді?
Торғай облысының генерал-губернаторының халық талабына байланысты «патша жарлығы орындалатын болады, тек шақыруды 2-3 айға кейінге қалдыру мүмкіндігі бар» деген уәжі әлі де болса патшаның қайырымын дәметіп әрі-сәрі толқымалы күйде жүргендердің де үміттерін біржола үзді. Халық қозғалысының алғашқы құрбандары байлар, ауылнайлар, болыс хатшылары болды. Сарбаздар қара жұмысқа алынатындардың тізімін жасап оны уезге апаратындардың жолдарын аңдыды. Бақсайыс болысы Пірәлі Жүсіпұлы, Белқопа болысының хатшысы Лобов, Талдық болысы Оразалин, Қызылжар болысының байлары Байғабыл, Елеусіз, Тәжи, Қодарлар сарбаздар қолынын қаза тапты.
Істің (әскер жұмысына адам алудың) беталысының мұндай болуы генерал-губернаторды үкіметтен әскери күш сұрауға мәжбүр етті. Сөйтіп, облыстағы «тәртіпсіздіктерді» жою үшін жазалаушы экспедициялық әскери құрама жасақтады, ол Қазан қаласындағы аймақтық соғыс штабына (бастығы А.Г.Сандекций) бағынды, ал жалпы жағдайды бақылауды Петроградтағы әскери бас штабтың бастығы П.И.Аверьянов өзінің тікелей бақылауына алды.
Қазан аймақтық соғыс штабы бастығының 1916 жылғы 13 қазанындағы Аверьяновқа жіберген телеграммасында Қазан, Саратов, Вятка, Симбирск қалаларынан 1 ротадан, Орынбордан 2 рота, сондай-ақ Орынбор мен Оралдан 2-ден, Астраханьнан бір «ерекше жүздіктерді» (казак атты әскерлерін) Торғай облысы соғыс майданына жіберу туралы баяндалған. Ал Аверьяновтың патша ағзамға жолдаған хатында «… қазан айының аяғында Торғай облысында пайда болған тәртіпсіздіктерді басу үшін Қазан соғыс аймағының басшысының (Сандецкийдің) бұйрығы бойынша аймақтағы әскерлерден ерекше экспедициялық топ құрылды, бастығы генерал-лейтенант Лаврентьев, топ құрамында небәрі 9 рота, 7 жүздік, 14 зеңбірек пен 6 пулеметі бар» («1916-1917 жылдардағы Торғай қазақтарының көтерілісі», Алматы, 2005 жыл) деп баяндауы өңірде соғыс өрті тұтанғандығының айғағы еді. Жазалаушы әскерлер Ақтөбе, Орск, Орынбордан Шалқар станциясына теміржолмен жеткізіліп, одан Ырғызға, Торғайға жіберілетін. Ол жылдары Ырғыз бен Торғай арасында пошта-телеграф трактасы (жол) болған. Көтерілісшілер (Айжарқын ханның сарбаздары) 200 шақырымдық осы трактаны түгел қиратып байланысты үзген. Қазан айының 25-і күні Эверсман Петроградқа көтерісшілерге пулемет, зеңбірексіз ешнәрсе істеу мүмкін еместігін, өйткені олар мыңдаған жасағы бар бірнеше топ екендігін, қазанның 18-інде Ырғыздан жіберілген 50 казакқа 600-дей қырғыз бандысы шабуыл жасағандығы туралы хабарлаған.
Желтоқсанның 20-сында Бас штаб бастығы П.И.Аверьяновтың патшаға жолдаған хатынан: «Тәуіп, Аманкөл және Қызылжар болыстарында жиналған 6000-дай қырғыздар тобыры подполковник Барон фон-Розеннің отряды келе жатыр деп естіп, оған қарсы шыққан, көтерілісшілер әскерге тобымен тап берген. Зеңбіректің, оқшашардың, мылтықтардың атқылауына қарамастан шабуылдай берген… көп адамы оққа ұшқан, біразы жараланған соң күрт шегінген.
3 желтоқсан күні түнгі сағат 12-де 13 шақырым жерде Торғай өзені жағасындағы Тәуіп мешіті жанында қырғыздардың қонысы бар екенін көрген. Әскер түнгі сағат 2-ге таман, білдіртпей барып тиісіп, қырғыздарды жойған».
Аймақтардан жергілікті халықтардың патша пәрменіне мойынсұнбауы, қарулы көтеріліске шығуы туралы хабарлар жиілегендіктен 21 желтоқсанда ІІ Николай патша Торғай, Ырғыз, Қостанай уездерін өз жарлығымен соғыс жағдайындағы өңірлер деп жариялаған.
Қанды қақтығыстар ең алдымен жергілікті халықтың өз арасында, көтерілісшілер мен ауқатты топтардың арасында болған. Бұған патша үкіметінің елдегі кейбір топтарға жеңілдік жасап, байларды және олардың малшыларын, дін адамдарын, басқа да жұртшылық арасында ықпалы бар қызметкерлерді шақырудан босату туралы шешімі басты себеп еді. Өйткені бұл, бірінші жағынан, патша үкіметінің жергілікті жерлерде өз жақтастарын көбейту мақсатын көздесе, екіншіден, ауыл-ауылдардағы қолында мөрі бар (яғни тізім жасаушы) атқамінерлер патшаның бұл жарлығын өз мүдделеріне пайдаланды. Жасы шақыруға толмаған не асып кеткендер тізімге алынып, пара бергендер тізімнен сызылды. «Жасым 18-де, немесе 45-те» деп ешкім дәлелдей алмайтын, ол кезде туу туралы куәлік дегендер жоқ болатын. Осындай жағдайлар қалың көпшіліктің өздерінің бай, болыстарына деген ашу-ызаларын туғызды. Белгілі тарихишы Беркін Құрманбеков өзінің «Ырғыздың қилы тарихы» кітабында Обуховтың үкіметке жолдаған хабарламасында Аманкөл болысының управителі Мамбетовтің тұтқынға алынғандығын, №8 ауылдың старшинасы Бекмурзиннің өлтірілгендігін, №6 ауыл ақсақалы Қисықов өлтірілді деген хабар барлығын, №9 ауыл ақсақалы Қарақұловтың өлімші болып таяқ жегендігін, №1 ауыл ақсақалы Бәшпаев та көтерілісшілерден қатты таяқ жеп, олардан әзер құтылған, найзадан қатты жарақат алғандықтан тірі қалуы неғайбыл екендігін жазғандығын келтірген.
Мұрағат деректерінде көтерілісшілердің жазалаушы әскермен қақтығыстарының бастылары ретінде қарашаның 20-23 күндері Айжарқын хан сарбаздарының Қызылкөл маңында есаул Фроловтың, хорунжий Болдыревтің атты казактарымен, Айжарқын хан, Тайшым хан және Әжіке хандардың біріккен 6000-дай қолдарының подполковник фон-Розеннің қарулы отрядымен және қарашаның 18-де прапорщик Репиннің 50 атты казагымен Қожакөл маңындағы (осы қанды қырғындарда 800-дей сарбаз оққа ұшқан), сондай-ақ жазалаушы әскерлер мен көтерілісшілердің Қаракөл, Балпан, Жарықкөл деген жерлердегі шайқастары аталады. Осы шайқастарда мыңдаған кедей-кепшіктер патша әскерінің аузынан от шашқан пулеметтері мен мылтықтарына шиті мылтық, найза, қылышпен қарсы ұмтылды. Оларды мұндай көзсіз ерлікке итермелеген ұлттың азаттығын аңсау, отарлық өктемдікке деген ыза мен кек болатын. Бірақ, мұздай қаруланған патша әскерлері (подполковник фон Розеннің атты отряды, Орынбор, Дон, Орал атты казактарының жүздіктері, 3 жаяу әскер ротасы, бірнеше зеңбірек пен пулемет) көтерілісшілерді аяусыз шығынға ұшыратты. Біраз сарбаз оққа ұшты, соғыс тәсілдерін жақсы білетін патша әскерлері Айжарқын мен Әжіке ханның қолдарын түн ортасында қоршап алып, қырып салған. Айжарқын, Тайшым, Әймәмбет, Жұмағазы секілді көтерілісшілердің басшылары тұтқындалып, түрмеге қамалды. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін ғана олар босатылып, өлім жазасынан құтылған.
Қазақтың сол кездегі оқыған көзі ашық зиялылары патшаның ұлттың толқуын әскер күшімен басатынын, қан төгілетінін анық білді. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов бастап, Мұхамедияр Тұңғашин, Міржақып Дулатов, Сейтқазым Қадырбаев, Тел Жаманмұрыновтар сол кездегі ұлттық басылым «Қазақ» газеті арқылы Торғай, Ырғыз уездерінің халқына деген жанашырлық ойларын былай жеткізген еді: «… Міне, біздің Торғай һәм Ырғыз уездерінен 15-20-шы октябрьден бастап кісі алынбақшы еді, жастар келмеді. Сондықтан елге неше мың әскер зеңбірек, пулеметпен шығып тұр. «Жақсылықпен көнбесеңдер, патша жарлығына мойынсұнбағандық, заңға қарсылық», — деп күш жұмсамақ. Бұл анық. Көнбесеңдер Жетісу, Жизақтың күні сендердің бастарыңа туады: қырғын болады, босқа қан төгіледі, шаруа күйзеледі, жұрттың жұрттығы, берекесі кетеді. Соның үстіне әскер көндірмей, алмай қоймайды. Қатын-бала бір, қария, жігіт екі алынады, бүлік басылары военный сотқа беріледі, атылады. Бұл хатты жазушы біздер өз балаларың, өз тумаларың. Жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Біздің ата-ана, туған-туысқандарымыз іштеріңде. Бізді қазақ баласы қанына тартады, жаны ашиды деп сенсеңдер тіл алыңдар: қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар! Алынатын жастар басын қорғаймын деп, үйдегі кемпір-шал, қатын-баланың обалына қалмасын! Бізді орысша оқып, орыс арасында жүр, біздің пайдамызды айтпас деп, ойлайтындарың бізді құдай мен аруаққа тапсырыңдар! Біз газет арқылы болсын, ауызша да болсын бұрын сан рет айтқанбыз, «көнбесеңдер елге бүлікшілік болады, әскер шығады, түбінде алмай қоймайды» дегенбіз. Сол айтқанымыз, міне, келді. Бұған біздің көзіміз бұрыннан жеткен. Әліде болса да бізді осы елдің баласы екен дейтін болсаңдар, біздің ең соңғы қысылғандағы ақылымызды алыңдар. Түбінде іс өткен соң өкінгеннен пайда жоқ, өлген тірілмейді, өшкен келмейді.
Біз естиміз, «бұл жұмысшылар шепке ұсталады, қатерлі жерлерге барады, бір кеткен соң, тірі қайту жоқ, онан да өз жерімізде өлеміз» деген ел арасында лақап, қорқыныш тараған, бұл — бекер. Басқа облыстардан, хәттә өзіміздің көрші Қостанай, Ақтөбе уездерінен алынған жігіттердің барған жерінен хат келіп, оларды елдерінен шығарып салған басшылары да бізге де ауызекі жолығып тұр. Ондай қорқыныш жоқ, жай-күйлері жақсы, бекер қорыққан екенбіз деседі. Ал халық, біздің бар айтарымыз осы. Желікпеңдер, қор болмаңдар! Құдайдың жазғанын, патшаның жарлығын екі етпеңдер! Ел иесі жақсылар, ақсақалдар, түсінікті жастар! Ойланыңдар, түсінбегендерге тоқтау салыңдар, жұрттың обалына, көз жасына қалып жүрмеңдер! Әркімнің ниет-көңілі бір аллаға аян, бізге сеніңдер! Біз білгенімізді айттық, борышымыздан құтылдық! «Көре-біле тұрып айтпады, бізді отқа салды» деп жүрмеңдер!»
Ұлт зиялыларының сөзі расқа шыққанын одан кейінгі оқиғалар дәлелдеп берді. Сол заманның озық қаруларымен жабдықталған патша әскері сарбаздарды қанға бөктірді. Ырғыздың байтақ даласында бірнеше жүздеген қазақ ұландарының сүйегі қалды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана 1916 жылғы оқиғаларға өзінің әділ бағасы беріліп, оның шын мәніндегі «ұлт-азаттық көтеріліс» екендігі нақтыланды. Бірақ, сонда да Ырғыз өңіріндегі көтеріліс Торғай мен Жетісу қазақтарының көтерілісіндей бағаланбай келеді. Тарихи еңбектерде жалпылама аталып өтілгені болмаса, ол көтерілістің толық жай-жапсары, басшылары туралы жеткілікті айтылып жүрген жоқ. Тек жазушы Сабыр Шариповтың 1931-1936 жылдар аралығында жазған «Тайшым Орысұлы», «Өлкейек жағасында», «Барса келместің жолы» атты деректі очерктерінде Ырғыз көтерілісінің қалай ұйымдастырылып, қалай өткені біршама көрініс тапқан. Онда да сарбаздардың батырлығы дәріптелгенмен патша әскерінің аяусыз қырғыны жөнінде ешнәрсе айтылмайды. Ал кейбір тарихшылардың пікірлерін келтірсек: М.Мырзағалиұлы «1916-1917 жылдардағы Торғай қазақтарының көтерілісі» кітабында «… 1916 жыл Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс туралы мәселе көтерілгенде тек Торғай уезіндегі көтеріліске ерекше мән берілді және оның «қолбасшысы» деп Амангелдіні атады. … Ырғыз қазақтарының көтеріліске қатысқандары туралы еш жерде айтылмады.» деп жазса, тарихшы Беркін Құрманбеков «Ырғыз көтерілісі 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі Қазақстандағы ең күшті көтеріліс орталығының бірі болды» деп баға берді. Бұл азаматтар 16-шы жылдың тарихи деректерін қазып зерттегеннен кейін Ырғыз көтерілісі туралы осындай әділ пікір, ақиқат сөз айтты деп білеміз. Ал Ырғыз көтерілісінің қаһарманы – екі қолы орыс отаршылдығының, қызыл большевиктердің жағасында өткен Айжарқын Қанайұлы екендігі даусыз.
Әрине, Аманкелдінің көзсіз батырлығы мен ерлігіне шек келтіруге болмас. Бірақ, оның өліміне М.Дулатов бастаған алашордашыларды қатысты ету арқылы да оның атағы ұлт батыры ретінде әспеттеліп келгені анық. Ал бүкіл ғұмыры патша мен кеңес үкіметінің езгісі мен отаршылдық саясатына қарсы арпалыспен өткен, намысына кір түсірмей, қартайған шағының өзінде ұстанған бағытынан таймай азаттық жолында шейіт болған Айжарқын Қанайұлының есімін Аманкелдінің деңгейіне көтеріп, ұлт батыры ретінде рухын ұлықтаудың мезгілі жетті деп ойлаймыз. (А. Қанайұлы тарихи деректерде «Ырғыз көтерілісі», ел аузында «Тоқалар көтерілісі» аталып кеткен 1930 жылғы күштеп ұжымдастыруға қарсы әйгілі шайқаста ОГПУ әскерлерінің қолынан 75 жасында қазаға ұшырады.)
Сонымен бірге, 16-шы жылғы көтеріліс туралы тарихи зерттеулерде, очерктерде, мақалаларда кейбір жайттардың өзге біреулерге телінуі, адам аттарындағы қателіктер де түзетілуі тиіс. Мысалы, сол кездерден ел аузында сақталып қалған бір жоқтауды кейбір зерттеушілер Пірәлінің қызының айтқаны деп оның бір шумағын ғана келтіреді. Ал ол жыр біздің бала кезімізде көтеріліске қатысқан көзі тірі қарттардан естуіміз бойынша, Ағымбайдың қызының жоқтауы деп айтылатын. Тайшым сарбаздарынан Ағымбай (кейбір әдебиеттерде келтірілгендей Омар емес) қашып құтылып, үйіне тығылғанда оны хан сарбаздары қуып жетіп, атып өлтірген. Сонда Ағымбайдың қызы былай деп жоқтапты деп отыратын үлкендер:
Шаңдыкөлден шаң шықты,
Шаң ішіне қарасам
51 кісі жау шықты.
Жау ішіне қарасам
Тайшым дейтін ханы бар,
Сағынай дейтін паңы бар –
Терезеден атқанда
Жан көкемнен жан шықты.
Ырғыз сарбаздарының бостандық жолында даланы ат тұяғының дүбіріне бөлеген көтерілісі патшаның азулы әскерлерінен жеңіліс тапты. Алайда, бұл жеңіске бергісіз жеңіліс еді. Даланың еркіндік сүйгіш ұландары ұлттың азаттығы жолында жандарын құрбан етті, қандары төгілді, бірақ намыстары төгілген жоқ. Ақтөбе, Қостанай уездерінен әскерге мың-мыңдап адам алынып жатқанда 1916 жылы Ырғыз уезінен 74-ақ адам алынды.
Алда «Аврора» дүмпуінен басталып, ақ пен қызыл болып қырқысқан, ақырында әр саусағынан қан тамшылаған кеңестік заманның іргесі қаланған 17-ші жыл келе жатты…
Рахымжан ӨТЕМІС,
Ырғыз аудандық мемлекеттік архивінің
меңгерушісі, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.




