Тарих

Ел үшін еңіреген ер — ел есінде

Зерде

 

Биыл халық батыры, 1836-1838  жылдары болған ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толады. Аталған дата Үкіметтің мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы қаулысына сәйкес келеді.  Соған байланысты Исатай батырдың бұл мерейтойы биылғы жылы аталып өтілетін тарихи оқиғалар тізбесіне енгізіліп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің осы жылғы 5 ақпандағы №34 бұйрығымен бекітілген. 

Арыстан туған Исатай

 Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс жадымыздан өшпек емес. Көтерілісші сарбаздардың мақсаты мен тілегін ұлы ақын Махамбет:

«… Сәлем айтып кетейін,

Артымда қалған елдерге,

Арманымды айтып кетейін

Найза ұстаған ерлерге.

Арыстан туған Исатай,

Дегеніне жете алмай

Арманда өтіп кетті деп,

Олардан кегін алуға,

Кезек бізге жетті деп,

Қинала ма екен біздерге,

Қиналсаңыз біздерге

Мың рақмет сіздерге, — деп кейінгілерге өсиет етіп кетен.

Ұлы бабаларымыздың көтерілісінің соңғы кезеңі Қобда жерінде өткен. Ақбұлақ деген шағын өзен солтүстік-батыста Жосалы жотасынан басталып, Қиыл өзенімен қатарласа шығысқа бұрылып Қарағанды өзеніне, ал Қарағанды Қиыл өзеніне құяды. Қарағанды өзенінің оң жағындағы Шейітсай, Исатай қаза тапқаннан кейін осылай аталған жер.

1838 жылы 12 шілдеде таңертең көтерілісшілердің  бір бөлек тобы, 500-ден астам сарбаздар Ақбұлақ пен Қиылдың құйылысында жазалаушылардың үлкен отрядымен кездеседі. Шайқас жазық жерде өтеді. Ұрыс кезінде сарбаздар жанқиярлық ерлік көрсетеді. Алайда күш тең емес еді. Жалаң қылышпен зеңбірекке қарсы шапқан ержүрек азаматтар жеңіліс табады.  Осы қырғын соғысты баяндап Махамбет «Қиыл қырғыны» деген аса ұранды,  дүбірлі әрі жон арқаңды шымырлататын зарлы күй шығарған.

Мұрағат деректері, ел аузындағы әңгімелер Исатайдың соңғы шайқасы Қобда ауданының бұрынғы «Қиыл» кеңшарының аумағында болғанын толық дәлелдеді.

1991 жылы шілде айында аталған аудан тұрғындары Исатайдың 200 жылдығын атап өтті. Оған Алматыдан, Атыраудан, Батыс Қазақстан облыстарынан ресми делегациялар, батырдың ұрпақтары  келді. Осы тойға тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбу Тәкенов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, кезінде Қобда, Исатай аудандарының партия комитетінің бірінші хатшысы болған, Социалистік Еңбек Ері Алтынбек, т.б. белгілі азаматтар қатысты.

Атырау облысынан (ол кезде Гурьев) облыс әкімінің орынбасары Қыдырғали Таңқиев, батырдың ұрпағы Манарбек Дәулетов, Исатай ауданының басшылары болды. Қобда ауданы қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Мерейтойлық шаралар «Қиыл» кеңшарының аумағында, Шейітсайда, Исатай бейіті маңында өткізілді. Ауданның әр кеңшары ағаш үйлер тікті, ас берілді, ұлттық ойындар өтіп, концерт көрсетілді. Аудан орталығында ғылыми конференция болды. Исатай бейіті басына кеңес  архитектурасы стилімен, сол кездің мүмкіндігіне сай мықты тастардан ескерткіш белгі қойылып, шойын темірден қоршау салынды. Осы игілікті іс-шараны өткізуде Қобда ауданының сол жылдардағы басшысы Ерсайын Әжібаев, «Қиыл» кеңшарының директорлары, екеуі де ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттары  Қалиолла Сағындықов пен Сабыр Қаналиев көп еңбек сіңірді. Кеңшар  орталығы Жарсайда Исатайға республикада бірінші болып ескерткіш қойылды.

Осындай 200 жылдыққа арналған той Исатай батырдың туған облысы Атырауда да өткізілді. Оған Ақтөбеден үлкен делегация барды, құрамында мен де болдым.

Тәуелсіздіктің арқасында, 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Махамбетке, Жәңгірге мұсылмандық сәулет үлгісінде көркем  де көрнекті мавзолей салынды. Жұртшылық риза болды. Енді халық көкейінде Исатайға да осындай 1836-1838 жылдардағы көтеріліс батырларына арналған, көтерілістің тарихи маңызына сай келетін көлемді ескерткіш орнату мәселесі тұрды.

Соған байланысты Ақтөбеде Исатай қоғамдық қоры ұйымдастырылды. Бастапқы кезде көтеріліс және оның басшылары Исатай, Махамбет туралы насихаттық жұмыстарды жүзеге асырды. «Исатайдың бір күні», «Ердің сойы — Исатай», т.б. тақырыптарда, ғылыми конференциялар, әдеби-музыкалық, тарихи-танымдық шаралар өткізілді. Бұл шараларға Исатай батырға байланысты Ақтөбе облысында атқарылған жұмыстардың басы-қасында болған Қобда, Исатай ауданы басшылары Е.Әжібаев, М.Балғынов, «Қиыл» кеңшары директоры Қ.Сағындықов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Құрманбеков, ақындар А.Өтегенов, Н.Қалауов, облыстық музейдің бөлім меңгерушісі  Р.Досова, кітапхана қызметкерлері қатысып, сөз сөйледі. Исатай батырға арналған жұмыстар туралы естеліктер айтты.

Ақтөбе облысының Қобда ауданы қазір 18 ауылдық округтен тұратын үлкен аудан. Кеңес өкіметі кезінде басқаруға жеңіл болсын деп, жетпісінші  жылдары екіге бөлінген еді. Жаңа ауданға Исатай батыр атын беру мәселесі күн тәртібінде тұрды.

«Неге Исатай ауданы деп атауымыз керек?» — деген Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші секретары В.А.Ливенцовтың сұрағына, Қобда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері А.Әкімжанов анықтама жазып, өз қолымен карта сызып, Исатай батыр соғысқан Қиыл өзені бойын, батыр жерленген жер Шейітсайды көрсетіп жауап береді. Кейін аудан Исатай атын алғанда, өзі сол Исатай ауданын ұйымдастырып, ауданның бірінші басшысы болды.  В.А.Ливенцовты өзінің сұрауы бойынша ертіп барып, оған Исатай бейітін көрсеткен. Ауданды Исатай ауданы деп атауды сол тұстағы облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашев та қолдаған. Исатай ауданын А.Әкімжанов, М.Балғынов, З.Байдосов, И.Медеубаев, Е.Әжібаев сынды елге белгілі азаматтар басқарды.

Өшпес ескерткіш соғылды

Исатай батыр бейітін әр кезде атақты өнер қайраткерлері, дирижер Шамғон Қажығалиев, күйші, Махамбет күйлерін жинаушы Қаршыға Ахмедияров, ақын Ақұштап Бақтыгереева, т.б. іздеп барған. Қаршыға сол жерде Махамбеттің «Жұмыр Қылыш» күйін орындаған.

Исатай батыр есімі — ел есінде. Атырауда, Оралда, Ақтөбеде, Қобдада көше бар, Қобда ауданында Исатай ауылдық округі бар. Жарсайда, Аққыстауда ескерткіш қойылған. Атыраудағы Исатай-Махамбет ескерткіш кешені көркемдігімен  ерекше. Батыр атында Атырау облысында аудан бар. Мәдени, тарихи-танымдық шаралар, насихат жұмыстары жүзеге асырылуда.

Махамбет өз өлеңдерімен Исатай батырдың даңқты бейнесін жасап, ұрпақ санасына сіңіріп, жадында қалдырды.

Исатайды Махамбеттен жоғары бағалаған ешкім жоқ.

«Қорлықта жүрген халқыма, бостандық алып берем» — деп атқа мінген Исатай мен Махамбеттің атақ-даңқы жер жарған, халықтың зор сүйіспеншілігіне ие болған. Жұртшылық екі батырдың қаза болғанын жүректері қанға, кеуделері ашу-ызыға булығып отырып естіді, қайғырды. Халықтың осы қасіретін, күш-қуатын Құрманғазы «Кішкентай» деген үлкен күйімен бейнеледі.

Исатай мен Махамбеттің  «Қайыспас қара нар керек, біздің бүйткен бұл іске» — деген арманы орындалды, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізді.

Кеңес өкіметі тұсында Исатай-Махамбет көтерілісі туралы тарихта, әдебиетте жазылды. Бірақ Исатай-Махамбетке ескерткіш қойылмады, мазарлар тұрғызылмады, мерейтойлары өткізілмеді. Бұлар тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жүзеге асты.

Исатайдың асыл сүйегі — Ақтөбеде, Махамбет — Атырауда, Жәңгір Батыс Қазақстанда жатыр. Махамбеттің 200 жылдық тойы дүркіреп өтті. Жәңгір хан кесенесін ашуға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барды.

… Ел қамын жеген ерлердің,

Халдерін тарих етпесек.

Сөз қалдырып кетпесек,

Кейінгіден кім айтар? — деп ақын Ығылман Шөрековтың «Исатай-Махамбет» шығармасында айтқан өсиеті бүгінгі күн мақсатына дәл келіп тұр. Не істеу керектігін меңзеп тұрғандай. Яғни Исатай мен Махамбетті насихаттау керек,

жаңа патриотизмді қалыптастыру қажет.

2014 жылы 20 қарашада Исатай батырға Қобда ауданы Исатай ауылдық округінің Шейітсай жерінде әдемі, көрнекті кесене тұрғызды. 2015 жылы 18 қыркүйекте Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында жол бойына Исатай батыр ескерткіші қойылды, Исатай батыр аялдамасы салынды.

Ендігі міндет Исатай Тайманұлының мерейтойын жақсы дайындықпен қарсы алу болмақ. Оны лайықты атап өтудің шаралары жасалу керек.

Шейітсайда жерленген тек Исатай мен оның баласы емес, көтеріліске қатысқан, соңғы соғыста ерлікпен қаза болған батырлар да осы жерден  мәңгілік орын тапқан. Бірақ олардың қабірі, аты белгісіз. Исатай батыр кесенесінің қасындағы белгісіз төмпешіктер — көтерілісші батырлардың молалары. Олай болса, сол аумақты қоршап, қорғауға алу керек. Кейін зерттеу жүргізу қажет. Сол маңда өзен бойында ХVIII-XIX ғасырда жерленгендер бейіттері және оларға қойылған керемет әдемі, бір-біріне ұқсамайтын құлпытастар бар. Оларды да зерттеу, сақтау алдағы күннің  мақсаты.

Исатай кесенесі алдында онымен бірге әділет үшін опат болған батырлардың аттары жазылып, архитектуралық-мұсылмандық тас белгілер қойылса, көтеріліс тарихын баяндайтын барельеф тұрғызылса дұрыс болар еді.

Исатай батыр кесенесі аймағын абаттандыру, туристік, тәрбиелік нысанға айналдыру  шараларын алу қажет.

Исатай батыр туралы ғалымдар мен зерттеушілер көптеген еңбектер жазды. Орыс Николай Савичев: «Тып-тыныш әлемде, қап-қара тұнық аспанда кейде жарқырап, зулап, жан-жағына от шашып, жұртты таңғалдырып келе жатқан метеорды көресің. Тап осы метеор сияқты жарқын бейнелі, абзал, терең ақыл ойдың иесі, халық қамын ойлаған қажырлы батыр — Исатай» — деп бағалады. Сондай-ақ ұлт-азаттық көтерілістің басшысы батыр Исатай Тайманұлының жұлдызы Тәуелсіз Қазақстан тарихында әлі де жарқырай көрінетіндігі кәміл.

Еркін ҚҰРМАНБЕК,

ҚР мәдениет қайраткері,

  Исатай қоғамдық қорының төрағасы.                                

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button