Жар басында жан берді талай алаш баласы…
Биыл — 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл. Патша жарлығына сәйкес, Ойыл өңірі қарайтын Темір уезінен 14539 адам тыл жұмысына баруға тиіс болды. Уезге қарайтын 8 болыс басқарушылары 18 бен 31 жас аралығындағы жігіттердің тізімін жасап, ұйымдастыру жұмысына кіріскен кезде, халық наразылығы күшейіп, толқулар басталды.
Өңір азаматтары Жиеналы хазіреттің жанына топтасып, оны хан көтерді. Жиеналы (1872—1916 жж.) — Бұхарадағы діни медреседен 8 жыл дәріс алған, араб, парсы, түрік, латын тілдерін меңгерген білімді адам. Тілмаштықпен қатар, Самара және Орынбор медреселерінде тарих, география, химия және заң негіздерінен сабақ берген. Бірақ медреселер мен мектептерді реформалау жөніндегі орынды талаптарын жақтырмаған жоғары лауазымды шенеуніктер оны оқытушылық қызметтен шеттеткен. Содан кейін атты әскер полкында үш жыл полк молдасы болып қызмет етіпті. Жаралануына байланысты бұл қызметтен де босаған соң, туған ауылы Бабатайда алғашында — саманнан, кейін ағаштан қидырып мешіт пен медресе тұрғызады. Медресенің атағы алысқа кеткен. Онда Ойыл, Қобда, Темір, Сағыз бойының балалары оқыған. Медресе түлектеріне ишан атағы берілгені жөнінде куәліктер тапсырылған.
Көптің құрметіне бөленген дара тұлға — Жиеналы хазірет толқудың рухани көсеміне айналды. Бегалыдан 7 шақырым жердегі Егіндібұлақ жазығына Жиеналы хан өзінің ставкасын орнатып, көтерілісшілер жасақтарының ұрыс-қимылдарын сол жерден үйлестіріп отырды.
Әрине, бұл кезде көпшілік хандық дәуірдің өткенін білмейді емес, білетін. Сөйте тұра, олардың өз басшыларын хан көтеруінде келмеске кеткен заманды көксеу емес, озбырлыққа қайтсе де көнбеуге біржола бекінген рух, үлкен мағына жатты.
Темір уезінің Ойыл өңірінде 4 көтеріліс ошағы қалыптасты. Көтерілісшілердің І тобы Ойыл, Қиыл, Қайыңды болыстарының басын қосты. Басшылары Қуаныш Молданиязов (сардар) пен Өтеген Алтынбаев (командир) болды. Бұл топ сарбаздарының саны тез арада бір мыңға жетті.
1916 жылы 15 тамызда сарбаздар Бегалыда бүлік шығарып, болыстардан тізімді тартып алды. Осы оқиғаны халық «Бегалы жарығы» деп атады. Сарбаздардың ІІ тобы Бабатай өзенінің бойына жиналды. Оларға Ырысалы Шалғынбаев пен Қосынбай Жаубатыров басшылық жасады. Сарбаздардың ІІІ тобы Қарағанды бойына жиналып, олардың іс-қимылдарына Еркежан Қодаров, Қалым Атабаев басшылық жасады. Бұл топ көтерілісшілерінің саны 500-ден асты. Көтерілісшілер «Жалғыз ағаш» деген жерде болыс басқарушылары мен олардың атқосшыларына шабуыл жасап, тізімді тартып алуды көздеді. Аққұм-Сағыз бойына орналасқан көтерілісшілердің IV тобы құрамында Жиделі-Сағыз, Құмды-Ойыл, Қазыбек болыстарының жігіттері болды. Сарбаздардың саны аз күнде 600-ден асты. Оларға сардар Әкімбай Бақытов, командир Тауасар Сағындықов басшылық жасады. Барлық топтардың ұрыс қимылдарын реттеуді Жиеналы өз міндетіне алды. Шибұлақтағы хан кеңесінен соң, күш біріктіру үшін жан-жаққа шапқыншылар жіберілді. Кеңесте Аққұмдағы толқудың басшылары Әкімбай мен Тауасарға Темір бекінісін қоршауға алуды ұсынды. Бұл кезде ойылдықтар да бір мыңға жақындап қалған-ды.
Жергілікті билік көтерілісшілерге қарсы Оралдан қарулы әскер шақыртты. Көтерілісті басуға Оралдан 300 атты казак отряды шықты. Осы отряд құрамында 200 атты казак — Ойылға, 100 атты казак Темірге бағыт алды. Темір уезінің бастығы полковник Петров бастаған, құрамында 200 атты казак әскері бар жазалаушы отряд Мұзафар Тәукиннің жол бастауымен Ойыл, Қиыл өзендерін жағалап, Қарағандыда орналасқан көтерілісшілерді қырғынға ұшыратып, олардың басшылары Еркежан Қодаров пен Қалым Атабаевты түрмеге жапты. Бұл кезде Бабатай бойындағы көтерілісшілердің бір бөлігі қару-жарақтардың жеткіліксіздігінен тарап кетіп, қалғандары Қайыңды бойындағы сарбаздарға қосылған болатын. Петров пен Тәукин бастаған жазалаушы отряд 290 солдатпен «Ұрының Қарасуы» деген жерде орналасқан сарбаздарға шабуыл жасады. Сарбаздар қару-жарағы мықты, мылтық пен пулеметтен оқ жаудырған патша әскеріне барынша қарсылық көрсетті. Шайқаста штабс-капитан Гавриловпен бетпе-бет келген Тауасар аяғынан жараланды. Етігінің қонышы қанға толған Тауасар жанталас үстінде Гавриловты самайынан қанын ағыза өлімші етіп, есеңгірте құлатып, оны қорғауға келген екі солдатты екі қолымен алқымнан алып, ешкімнің ажыратуына мүмкіндік бермей қылғындырып өлтірді. Тауасардың өзі де қолдары қарысып, жауынан ажырамаған күйі екі солдатты астына баса құлап, мерт болды. Осы ақтық шайқаста көптеген сарбаздар оққа ұшты, олардың басшысы Әкімбай да қаза тапты.
Петров пен оған көмекке келген Темір бағытындағы казак әскер басшысы Евтушевский Ойыл және Сағыз көтерілісшілерін талқандап, Жиеналы ханды тұтқындап, оны командирлерімен бірге Ойылға алып келді. Ойылдың әскери соты ханды атуға үкім шығарды. Батыс Алашорда Ойыл уәлаятының мүшесі, осы жолдар авторының атасы Мұқан Бисалиевтың (1887-1959 жж.) айтуы бойынша, үкім қазіргі аудандық әкімдік ғимараты тұрған жар басында орындалған. Ауыл ақсақалдары мен молдалары ұлы Тауасарды жерлегеннен кейін, қаралы күйде отырған Сағындық биге келіп, Петровтан Жиеналы ханды өз отанына жерлеуге рұқсат сұрауын өтінді.
Ойыл өңірінің 4 көтеріліс ошағындағы көтеріліс шілденің екінші жартысынан қазан айының аяғына дейін, 104 күн уақытқа созылды. Оның 59 күні сарбаздар жинақтаумен өтсе, 45 күн ұрыс қимылдары жүргізілді. Алғашқы күндерде жасырын тіке жолды жақсы білетін Наурызбай мен Нұрмұқанның жолбасшылығымен, Қарақалпақия мен Өзбекстаннан арбамен бірнеше мәрте қару-жарақ алдырылды. Ал ұрыс қимылдары жүргізілген 45 күнде көтеріліс ошақтарындағы 4 мыңға тарта сарбаз талай ерлік көрсетті. Жер жағдайын жақсы білетін сарбаздар патша әскерлерін айтарлықтай шығынға ұшыратты.
Ойылдағы көтеріліс аяусыз басылғанмен, қазақ жеріндегі басқа да толқуларға ұласты. Бұл жөнінде көтеріліс басшысы Жиеналы хазірет өлерінің алдында: «Ойылдағы көтерілісте біз жеңіліс таптық. Себебі көбіне тек қорғаныс соғысын жүргізіп, шабуылдай алмадық, шабуылдауға қаруымыз жеткіліксіз болды. Дегенмен мен Ойылдан бастаған көтерілістің ұшқыны бүкіл қазақ жеріндегі азаттық қозғалысының жалынына айналғанына қуаныштымын», — дейді.
Тарихты халық жасайды, бірақ оны әр заманның билігі өз саясатына қарап икемдеп жаздырады. Кеңес кезіндегі тарихшыларымыз білмегеннен емес, қатаң цензураның, биліктің талабы салдарынан Ойыл көтерілісіне тиісті бағасын бере алмады. Өкінішке қарай, 1916 жылғы Ойыл көтерілісі тарих оқулығына енгізілмей келеді. Тарихшыларымыз мұны алдағы уақытта ескерсе екен дейміз. Сондай-ақ, Жиеналы хазірет, Сағындық би сынды тұлғалар да тарихтан өз орындарын алуы тиіс.
Жеңістен соң Темір уезінің бастығы Петров қарулы жасақпен Қазыбек, Жетікөл болыстарын аралап, болыс басшыларынан тезірек тізім жасап, ел жігіттерін қара жұмысқа аттандыруды талап етті. Бірақ бұл жерлерде де қарсылыққа тап болды. Қарсылықты аяусыз басып, халық сарбаздарын бастап шыққан адамдарды тұтқынға алды, атты. Осыдан кейін, Темір уезінің сарбаздары амалсыздан патша жарлығына мойынсынуға мәжбүр болды. Құдайберген Жұбанов «Қазақ» газетіне былай деп жазған болатын: «Темір уезі бойынша 1916 жылғы 17-24 қарашада Қалмаққырған болысынан — 404, Құмды-Ойыл болысынан — 525, Қарағанды болысынан — 456, Қазыбектен — 528, Қиыл-Ойылдан — 341, Екінші Ойылдан — 322, Бірінші Ойыл мен Қайыңдыдан — 943, Темір-Орқаштан 500 жігіт алынды». Қ.Жұбанов деректері бойынша, Темір уезінен 4478 жігіт алынған. 1916 жылы патша үкіметінің қазақ халқына қарсы отарлық саясаты айқын көрінді. Оны уақытында Ресей саясаткерлерінің өздері де мойындаған болатын. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, эсер партиясының өкілі А.Ф.Керенский патша үкіметінің жазалаушы отрядтар арқылы қазақ халқын қырғынға ұшыратуын — «Орыс тарихының абыройсыз беттері» деп атап көрсетті.
Ойыл көтерілісіне хазіреті Жиеналы ханмен бірге рух берген Сағындық бидің ұрпағы, Парламент Сенатының депутаты, облысымыздың бұрынғы басшысы Елеусін Сағындықовтың мұрындық болуымен, 1916 жылғы Ойыл жеріндегі ұлт- азаттық көтеріліс көсемдері мен батырларының құрметіне, Қайыңдыдан Бегалыға қарай жүрер жолдағы ақтық шайқас орны —«Ұрының Қарасуында» ескерткіш-монумент орнатылған еді. Ескерткіш-монумент жанындағы қызыл гранит тасқа Жиеналы мен Тауасардан бастап, 12 батырдың есімдері мәңгіге қашалып жазылды. Халқымыздың азаттығы жолында ерлікпен қаза тапқан батырлар рухына бас иіп, дұға бағыштау — баршамыздың қасиетті борышымыз.
Жақсылық БИСАЛИЕВ,
өлкетанушы.
Ойыл ауданы.



