АуылЖастар

Құмтоғайдағы дүбірлі дода

Ауыл жастарының аудандық спартакиадасы Ырғыз өңірінде ең алғаш 2002 жылы Нұра ауылында ұйымдастырылды. Келесі жылдары кезектесіп ауданның округ орталықтарында жалғасқан спорт мерекесі маңайды дүбірге бөледі. Өткен жылы Қызылжар ауылдық округінің Жаныс би ауылы қабылдаған спартакиада эстафетасы биыл Құмтоғай ауылына жетіп отыр.

Спартакиаданың басты мақсаты — ауыл спортын дамыту, денешынықтыру мен спорттың бұқаралылығын арттыру, елді мекендерде стадиондар мен спорт алаңдарын салу, спорттық құрылғыларды көбейту, жастарды саламатты өмір салтын сақтауға шақыру. Сонымен қатар елдің бірлігін бекемдеу, кәсіпкерлер мен қалталы азаматтардың туған жерге үлесін қосуларына ықпал ету, қарапайым ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлаудың маңыздылығы зор. Спартакиаданың арқасында салынған спорттық құрылғылар халыққа қызмет етуде.

Жарыс спорттың футбол, ұлдар мен қыздар волейболы, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ, қазақ күресі, қол күресі, гир спорты сынды түрлерін қамтиды. Барлық ауылдық округтерден 18 бен 30 жас аралығындағы 200-250 жас спортшы жарыс көрігін қыздырады.

 ХАМИТТІҢ СТАДИОНЫ

Он бес жылдық тарихы бар спартакиада тізгінін қабылдаған Құмтоғайдан алты бірдей Социалистік Еңбері Ері шыққан. Бұл өңірде қалыптасқан игі дәстүрлер мен ел құрметіне бөленген азаматтар көп. Солардың бірі — «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Ырғыз ауданының құрметті азаматы» атағының иегері облысқа белгілі азамат Хамит Өтеуұлы. «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқаратын табысты азаматтың Құмтоғай өңірі ғана емес, Ырғыз ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі де мол. Қай нәрсеге де сергек көңілмен қарайтын кәсіпкер спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырады.

«Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Хамит Өтеуұлы 7 миллион теңге қаражатқа Құмтоғай ауылында стадион құрылысын жүргізді. Ауылдағы денешынықтыру мен спортты дамытуға соны серпін беретін стадион мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салынып отыр.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы, Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Өтеу Құдайбергеновтей әкеден тәлім алған Хамит Өтеуұлының есімі бүгінде облысқа танымал. Абыройлы еңбегі үшін кәсіпкерлер арасында республикалық «Парыз» сыйлығын иеленген азаматтың өзі туып-өскен мекенге деген көңілі алабөтен. Осыдан 13 жыл бұрын облыстағы алдыңғы қатарлы ауылдардың үштігіне енген Құмтоғай ауылының деңгейі бүгінгі күні де биік.

Бұл құмтоғайлықтардың еңбегі дейтін болсақ, осы жерде жаңадан ашылған кеңшарды өз қолымен құрып, Құмтоғай және Қарақұдық ауылдарын өзі басқарып салдырған Хамит үшін осы мекендердегі әрбір үй мен әр көшенің орны бөлек. Жасыл желек жайқалған Құмтоғайдағы Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған «Боздақтар алаңы» мен Социалистік Еңбек Ерлеріне арналған «Еңбек даңқы» аллеясы, мейрамхана мен минимаркет елге қызмет етіп, ауыл көркіне көрік қосуда. Хамит Өтеуұлы бұл стадион өзінің ел мен жерге құрметі, туған жерге жасаған сыйы екендігін баса айтты.

Құмтоғай ауылдық округінің әкімі Қасымхан Әбенов спартакиаданы ұйымдастыруда қиыншылықтар болғанымен ауыл тұрғындарының қолдауы көп болғанын жеткізді.

— Құмтоғайлықтар қай кезде де ұйымшылдығымен, ауызбіршілігімен танылған ел, — дейді ауыл әкімі.  — Оның үстіне Хамит ағамыз секілді жомарт жанды азаматтары бар ауылда аудандық шараны ұйымдастыру онша қиындық тудырған жоқ. Есесіне ел бір серпіліп қалды, жаңа стадион салынды. Бұрыннан да таза әрі көрікті ауылдың сәні одан әрі арта түсті. Жалпы спартакиада жақсы деңгейде өткен сияқты, келген қонақтар мен спортшылар ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бұл біздерді жаңа істерге жігерлендіреді.

СПОРТТЫҢ БЕС ТҮРІНЕН ӨТКЕН САЙЫС

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Ырғыз аудандық ауыл жастарының ХV спартакиадасының Құмтоғай ауылдық стадионындағы ашылу рәсімінде Ырғыз ауданының құрметті азаматы, «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейірхан Ақдәулетұлы туған жер туралы толғанысын жеткізіп, құмтоғайлықтардың ауызбіршілігі мен Хамит Өтеуұлының еңбегіне шынайы ризашылығын білдірді.

Жаңа стадионның лентасын Ырғыз ауданының әкімі Мирхан Дуанбеков пен осы стадионның салынуына демеушілік көрсетіп, салып берген «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуұлы қиды.

Ауданның барлық ауылдық округтерінің спортшылары қатысқан жарыстың ашылу салтанатында аудандық ауыл жастарының ХV спартакиадасының туын асқақтату құрметіне Құмтоғай ауылының спортшысы Данат Таңатаров ие болды. Спартакиаданың алауын әр округтің үздік спортшылары бір-біріне эстафета арқылы алып жүріп, Құмтоғай командасының спортшысы Жасұлан Құрмашев тұтатты.

Құттықтау сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың депутаты Жеңіскүл Мұхамбетпайызова көпшілікті мерекемен құттықтап, спорттық жабдықтар тарту етті. Зейнеткерлер Нұрқасым Сәрсенбайұлы мен Жангелді Жаушыбайұлы аға ұрпақтың атынан жастарға сәттілік тіледі.

«Туған жерген тағзым» және tulek.kz акциялары аясында Құмтоғай орта мектебінің 1995 және 2004 жылғы түлектері өздері оқыған мектеп пен ұстаздарына сый-сияпаттарын тарту етті.

Құмтоғай ауылының гимніне айналған жергілікті ақын Серғали Қобылашевтің сөзіне жазылған «Құмтоғай сазы» әнін авторы, белгілі сазгер Нұрталап Жүсіпов орындады.

Ырғыз аудандық ауыл жастарының ХV спартакиадасы бағдарламасындағы жарыстар спорттың футбол, ұлдар мен қыздар волейболы, қазақ күресі, қол күресі, гир спорты сияқты түрлерінен өткізілді. Дүбірлі додаға ауылдық округтерден 245 жас спортшы қатысты.

Спорттың бес түрінен өткен жарыста әр ауылдан келген спортшылар үш күн бойы жан алып, жан беріскендей болды. Жаңа стадионның футбол алаңында Қызылжар ауылдық округінің құрамасы ақтық кезеңде Құмтоғайдан басым түсіп, екінші жыл қатарынан кубокті төбелеріне көтерді. Ал үшінші орынды Нұра ауылдық округінің аяқдопшылары ырғыздықтардан «тартып алды». Волейбол ойынында Ырғыз ауылдық округінің ерлер командасы да, қыздар командасы да қарсылас шақ келтірген жоқ, құмтоғайлық және қызылжарлық қыздар өзге жүлделі орындарды қанағат тұтты.

Көпшіліктің күткені қазақ күресінен «Түйе палуан» атағы үшін сынға түсетін бұқа мойын, бура санды палуан жігіттердің бәсекесі еді. Күрес десе делебесі қозатын халықымыздың салтымен жан-жақтан келуге тілек білдірушілердің көбеюі ұйымдастырушыларға ой салды. Осыған орай «Түйе палуан» күресіне тек аудан спортшылары ғана емес, өзге өңірлерден келген қатысушыларға да шек қойылмады. Боз кілемге жиырмаға жуық үміткер шығып, өз күштерін сарапқа салды. Қызылорда мен Ақтөбеден атағы алысқа кеткен мықты палуандардың келуі жарыстың бәсін одан сайын арттырып жіберді. Сөйтіп, жеңілгені саптан шығып, жеңгені келесі сатыға өтіп отыратын сайыста көршілес Арал ауданынан келген Н.Сәлімгереев ақтық сында жерлесі, Қызылорда қаласынан келген палуан М.Баймұхановпен кездесіп, бірін-бірі ала алмады. Ақтық сынның тағдыры белдесу арқылы шешілді.

Сын сағатта белсенді әрекет жасаған  Н.Сәлімгереев «Түйе палуан» атанып, Социалистік Еңбек ері КСРО Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте депутаты болған Өтеу Құдайбергенов атындағы сыйлық — екі жүз мың теңгеге ие болды.  М.Баймұханов та құр қалмай, «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері Әнәпия Дәулетұлы атындағы сыйлық — жетпіс мың теңгені қанжығасына байлады. Ал үшінші орын үшін таласта Мұғалжар ауданынан келген жас палуан Е.Қойшыбаев көзге түсіп, Ә.Дәулетұлы атындағы отыз мың теңгелік жүлдеге ие болды.

Сөйтіп, спорттың бес түрінен жинаған ұпай санымен жалпы командалық есепте Ырғыз ауылдық округінің командасы бірінші, қызылжарлықтар екінші, аманкөлдік команда үшінші орынға ие болды.

Жарыстың жабылу салтанатында жүлдегерлердің барлығы арнайы медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Құмтоғай ауылындағы жаңа стадионда үш күн бойы желбіреген спартакиада туын келесі жылы спорт додасын өткізетін Тәуіп ауылдық окурігінің әкімі К.Тілеужановқа тапсырды.

ҚОНАҚТАР ЛЕБІЗІ

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ, Ырғыз ауданының құрметті азаматы, «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:

— Ырғыз дейтін құдіретті өлкеде елдің елдігін әйгілейтін ізгі істер аз емес. Ақтөбе өңірі ғана емес, көршілес облыстарға да кең танымал «Аймақты әнмен тербетіп» деген ән мерекесінің орны бөлек. Бүгін ашылу рәсіміне куә болып отырған аудандық ауыл жастарының спартакиадасы да осындай жас ұрпақ үшін аса қажет игілікті шараның бірі. Жыл сайын әр ауылда өткізілетін спорттық жарыс сол ауылдардың жаңаша түлеуіне жағдай жасайтынын көзіміз көріп жүр. Бұл ең әуелі елдің елдігін бекемдейтін, ауызбіршілігін арттыратын шара. Өткен жылдары Жаныс би, Қалыбай ауылдарында болған осындай спорт ойындарына куә болғанбыз. Халық кәдімгідей дүр сілкініп, ортақ іске жұмыла кіріседі, елдің рухы көтеріледі,  ең бастысы осы болса керек.

Биылғы спартакиада басынан береке дарыған Құмтоғай жерінде өтіп жатыр. Құмтоғай десе Хамит ағамыз еске түседі. Кешегі қоғам өзгерген кезеңдерде Құмтоғайдың іргесін сөктірмей, жаңа заманға тез ілестіре білген, берекесін тасытқан, елді тәрбиелеген осы Хамит ағамыз. Ырғыз үшін үлкен тұлға болып қалатын бұл азаматтың тағы бір мәрте елге деген риясыз көңілі мен таусылмас қажыр-қайратын танытқан жаңа стадион ауыл жастарына ұзақ жылдар қызмет жасауына тілектеспін.

Жеңіскүл МҰХАМБЕТПАЙЫЗОВА, облыстық мәслихаттың депутаты, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры:

— Мен де осы Құмтоғай өңірінің перзентімін. Көкірегімді туған жерге деген керемет сезім билеп тұр. Біз осындай үлкен істің басында жүрген Хамит ағамызбен мақтанамыз. Жыл сайын әр ауылда спартакиада өткізу көп жерде жоқ жақсы дәстүр деп ойлаймын. Дүбірлі спорт мерекесі саламатты өмір салтының бекемделуіне, жастарымыздың жан-жақты болып қалыптасуына, өзара шынайы бәсекелестікте жетілуіне жағдай жасайтыны сөзсіз.

Айбат ЕРМЕКБАЕВ, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:

— Біз Ырғыз жерінде өткізіліп жатқан аудандық ауыл жастарының спартакиадасына арнайы келіп отырмыз. Елбасы спорттың бұқаралылығын арттыру тапсырмасын бергені белгілі. Бұл мәселе Ырғыз ауданында жақсы жүзеге асырылып жатыр деп есептейміз. Оның бір куәсі осы спартакиада. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын да кезекті бір спартакиадада болып, ырғыздықтардың қонақжайлығына тәнті болғанмын. Қанша дегенмен халқымыздың игі дәстүрлерін сақтап отырған киелі өңір ғой, осы өлкені қалай жақсы көріп кеткеніңді білмей де қаласың. Құмтоғайдағы спорттың үлкен жанашыры елге белгілі азамат Хамит Өтеуұлына облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың Алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстадық. Облыс басшысы Хамит Өтеуұлының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жасап жатқан ізгі істерін, жастардың игілігіне стадион салып берген жомарттығын бағалап, ризашылығын білдірді.

Жолаушыбай ТӨЛЕБАЙ, Нұра ауылдық округінің әкімі:

— Аудандық ауыл жастарының спартакиадасын жергілікті жастар жыл сайын асыға күтеді. Себебі бұл — спорттың мерекесі, жастықтың мерекесі. Біз биылғы жарысқа спорттың барлық түрінен қатысатын спортшыларымызды алып келдік. Құмтоғай ауылының әсем келбеті сүйсіндірді, Хамит Өтеуұлының елге жасап келе жатқан істерін ауылдастарымызға үлгі етіп айта барамыз.

Перизат НҰРЫМ, Қызылжар ауылдық округінің волейболдан қыздар құрама командасының ойыншысы:

— Мен волейболды оқушы кезімнен бері тұрақты түрде ойнап келемін. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы педагогикалық колледждің студентімін. Ауылға жазғы демалысқа келіп аудандық ауыл жастарының спартакиадасына қатысудамын. Өте қуаныштымын, себебі бұл — біз үшін үлкен мереке.

Жалпы волейболдан барлық ауылдық округтің қыздар құрамасы өте мықты. Бәсекелестік өте жоғары деп айта аламын. Ырғыздың волейболы облыстағы мықтылардың қатарында екені белгілі. Біздің Қызылжар ауылдық округінің қыздар құрама командасы өрнекті ойын көрсете отырып, жүлделі үшінші орынға ие болдық.

Жангелді ЖАУШЫБАЙҰЛЫ, Құмтоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Құмтоғай ауылының іргетасы 1985 жылы қаланғаны белгілі. Мен сол кездегі жас кеңшарды алғаш құрушылардың бірімін. Бұрынғы кеңшар директоры, қазіргі «Алтын-Әсел» ЖШС төрағасы, елдің ағасы Хамит Өтеуұлының жетекшілігімен қыруар жұмыстар атқарылды. Алғашқы жылдың өзінде 77 үй салынды, көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Мен осы жылдарда мектеп директоры болып қызмет бастадым. Ауылымыз жыл санап, көз алдымызда өркендеп, өсіп келеді. Жоғарыда айтқан жұмыстар еліміз тәуелсіздік алған жылдары үдемесе кеміген жоқ. Көптеген шаруашылық құрылымдары құрылды. Мал басы артып, ауыл шаруашылығы дамыды. 2003 жылы Құмтоғай ауылының облыс бойынша «Таза ауыл» номинациясы бойынша үшінші орын алуы біз үшін үлкен мақтаныш.

Ал енді аудандық ауыл жастарының ХV спартакиадасының биыл біздің Құмтоғай ауылында ұйымдастырылуы жергілікті тұрғындарға көрсетілген зор сенім деп ойлаймын. Жауапты шараға дайындық жұмыстары тыңғылықты жүргізілді. Хамит Өтеуұлы өз қаржысына жаңа стадион салды. Бұл барша ауыл тұрғындары үшін қуаныш болды. Енді балаларымыз жаңа стадионда доп теуіп, саламатты өмір салтын серік ететін болады. Туған ауылға деген осындай игі істерді атқарып жүрген азамат құрметіне жаңа стадион «Хамит Өтеуұлы атындағы спорт кешені» деп аталса деген ұсынысым бар. Бұл менің ғана емес, көптің тілегі.

 Мейірхан ӘТТИЕВ,

Дархан МЕКТЕПБАЙ.

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button