Ұлттық музей біздің қаламызда: Ақтөбеге «алтын адам» «келеді»

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған республикалық турне аясында Ақтөбеде «Ұлттық музей сенің қалаңда» атты шара өтеді. 1-3 шілде күндері көрерменді Ұлттық музейден келген жәдігерлер облыстық өнер музейінде «күтеді».
Көрмеге ежелгі сақ дәуірінің куәсі — Тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналған «Алтын адам» жәдігері қойылады. Бұған қоса «Ұлттық музейге саяхат» және 3Д графикалық видеороликтері ұсынылмақ.
«ҚР Ұлттық музейі — өткен тарихымызды байыптайтын, рухани мұрамызды зерделейтін және бүгінгі дамуымызды бағамдайтын аса ірі мәдени орталық. Бұл көрме — Отанымыздың бай тарихын түгендеу, баянды дәстүрін таныстыру, көнені көздің қарашығындай сақтау барша халықтың міндеті екендігін дәріптейтін көрме», — дейді Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік жұмыстар қызметінің өкілдері.
Ұлттық музей бастама болған турне «Алтын адам» табылғалы бірінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін құнды жәдігер өзге қалаларға «саяхаттамаған». «Алтын адам» бізге Орал қаласынан «келе жатыр». Республикалық шара еліміздегі барлық облыс орталығында өткізілмек.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



