Құқық

Биыл бес айда қалалық сотқа 7152 талап арыз түсті

Есеп

Ақтөбе қалалық сотында осы жылдың 5 айында сот төрелігін жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстарды қорытындылау мақсатында брифинг өтті.

Биыл өткен бес айда қалалық сотқа бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жеке және заңды тұлғалардан барлығы 7152 талап арыз түсті. Осы уақыт аралығында 4180 талап арыз сот өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалды. Сонымен бірге, 101 азаматтық іс түсті. Ал былтырдан көшкен қалдық істер саны — 1161. Бұл туралы брифингте қалалық соттың төрағасы Данияр Сариев мәлімдеді.

— Барлық аяқталған азаматтық істер саны — 6276. Сәйкесінше, өткен жылдың есептік кезеңінде 5576 азаматтық іс аяқталған. Бұйрық шығару арқылы іс жүргізу тәртібімен келіп түскен 2023 арыздың 1735-і бойынша сот бұйрығы шығарылды. 3182 азаматтық іс бойынша шешім шығарылды. Оның ішінде сырттай өндірісте қаралған 30 шешімнің үшеуінің күші жойылды, — деді Данияр Сариев.

Одан әрі қалалық сот төрағасы үн-бейнежазба құрылғыларын пайдалану арқылы 2572 сот отырысы өткенін де айтып өтті.

Журналистер жалақыға қатысты қаралған істер туралы сұрап еді. Оған жауап берген судья Айгүл Абдуллинаның айтуынша, талап қоюшы Т.Бекенов сотқа берген арызында жауапкер «TransCommoditiesKazakhstan» ЖШС-нан жалақысын өндіріп беруін сұраған. Одан әрі Айгүл Абдуллина Ақтөбе қалалық сотының шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылып, жауапкер «Trans Commodities Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жалақы бережағы 228 015 теңге өндірілгенін, соттың шешімі дереу орындауға жолданғанын айтты.

А.ІЛИЯС.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button