Тарих

Қасірет әкелген «маусым жарлығы»

Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліске — 100 жыл

 1916 ЖЫЛЫ 25 МАУСЫМДА Ресей патшасы Николай II-нің «бұратана» халықтардың өкілдерін тылдағы жұмысқа алу жөніндегі жарлығы болды. Ол бойынша тыл жұмыстарына Қазақстаннан, Орта Азиядан, оның ішінде қазақтар мекендеген барлық облыстардан адам алу белгіленді. Олардың тізімін жасау болыс басшыларына жүктелді. Патша өкіметінің жергілікті әкімшілік орындары істі жеделдету үшін облыс, старшын және «құрметті ақсақалдармен» жиналыс өткізіп, «маусым жарлығын» бұлжытпай орындауға шешім қабылдады. Бұл жергілікті жерде патша өкіметіне қарсы халық наразылығының күрт күшеюіне алып келді. Халық наразылығы күннен-күнге өріс алып, Қазақстандағы он алтыншы жылғы көтеріліске ұласты. Биыл бұған бір ғасыр толып отыр.

 Көтеріліс басшысы Тайшым Орысұлы

 Ырғыздағы көтерілістің ең бір күшті орталығы Қызылжар болысы болды. Онда 1300 шаңырақ түтін түтетіп, адамдары мал шаруашылығымен айналысатын-ды. Қосшұңқырды мекендеген кедей-жатақтар егіншілікпен айналысып, тары егетін.

Осылай бейбіт өмір кешіп жатқан елді Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы дүр сілкіндірді. Патша жарлығының хабары жеткенде Қызылжар тұрғындары бірден «соғысқа бармаймыз, майданға адам бермейміз» — деген шешімге келді. Ер-азаматтар ұйымдасып, көтеріліске дайындалды. Патша жарлығына қарсы болды. Сөйтіп, Қызылжар болысының азаматтары қыркүйек айында бас қосып, Тайшым Орысұлын  көтеріліс басшысы етіп сайлап, хан деп атады.

Бұл көтерілістің ұйымдасуының алғашқы қадамы еді. Тосын хабар ел арасына тез тарап, жұртшылықты дүр сілкіндірді. Жан-жақтан ер-азаматтар шұғыл түрде Тайшым Орысұлы жасағына ағылды. Аз уақыттың ішінде 900 адам жиналды. Көтерілісшілер Қосшұңқыр деген жердегі Жүзіктөбеге жиналып, 200-ден астам үй тігіп, қоныстанып, осы жерде сарбаздар соғысқа дайындықты бастап кетті.

Көтеріліс басшысы Тайшым Орысұлы Төртқараның Бақшақ руынан еді. Көтеріліс кезінде орта жаста, елудің ішінде болатын. Екі көзі оттай жайнайды, шаршау дегенді білмейді. Жаратылысында батыр болып туған адам, өлген-тірілгенін білмей соғысады. Денелі, бірбеткей, ірі кісі. Ырғыздағы бай-болыстардың айтқандарына көне бермейтін мінезін жұршылық жақсы білетін. Тайшымның жанына жиналғандар соғыстан не мал беріп, не пара беріп қала алмайтын кедейлер, әділдіктен үміт үзгендер болатын. Көтерілісшілер баяғыдан бері өздерін байлардан қорғап, олардың тәлкегіне бермей, сақтап, қамқорлық жасап келген Тайшымды орталарынан шығарып, басшы қылды. Және оның сөзін екі етпей төбелерінен тік тұрып орындады.

Тайшым көтерілісті басқару үшін әскери кеңес құрды. Кеңестің кұрамы сайланды. Жүзбасын, елубасын тағайындап, басқару жүйесін қалыптастырды. Көтеріліске өзі тікелей басшылық жасап, дайындықты шұғыл тексеріп отырды. Соғысқа, көтеріліске қажетті қару-жарақтар дайындауға арнайы ұсталар жинады. Ұстаханаларға ағаш үйлер бөлінді. Қару жасауға керек темір, көмір, құрал-жабдық әкелінді. Алғашқы кезде төс пен балға жетіспеді. Ұсталар көтерілісшілерге найза, айбалта, қылыш жасады. Күніне он қылыш соғылды. Ескі мылтықтар, басқа да қару-жарақтар жөнделді. Көтерілісшілерді азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Оған Тайшым жауапты адамдарды, өзінің қасында жүрген іскер жігіттерді тағайындады. Қара жаяу көтерілісшілерге атақты байлар Баймырза мен Байзақұлдарының 500 жылқысын айдатып алып, мінгізді. Тайшым тобы Торғай көтерілісшілерімен тығыз байланыс жасады. Алдын ала, патшаның Ақтөбеден келетін жазалаушы әскерінің жүрер жолын біліп отырды. Осылай Қосшұңқырда соғысқа дайындалды.

Сөйтіп, жан-жақтан хабардар болғандар қосылып, Т.Орысұлының қол астына жиналған жігіттердің саны 1 мыңнан асты. Тайшым Орысұлының қол жинағанын білген болыс, бай, ауылнайлар жиналып, Ырғыздың уезд бастығы Шәріптің ақылымен, Тайшымды патшаға өз қолдарымен ұстап беріп, абыройға ие болмақ болады. «Тайшымның мың жігіті болғанмен, жайы белгілі, қарулары найза, айбалта, онымен қайда барады» деп, бай-болыстар патша жарлығын орындауға алаңсыз кірісті. Және осы жолда түрлі іс-шаралар жүргізе бастады. Қызылжар болысы Тақаш Жансүгіров майданға алынатын адамдардың тізімін жасады. Болыс Омар Шынарбаев бастаған байлар: Ағымбай Беркімбаев, Сағындық Оспанбаев, Қожақ Манатов, Берден Жетебаевтар Тайшымды «бұзық», «залым» деп атап, патшаның жазалаушы отрядына ұстап беруді ұйғарады. Сөйтіп, губернаторға, орыс ұлықтарына өздері жақсы боп көрінбек болады.

Бұл хабар қызылжарлық көтерілісшілердің ашу-ызасын күшейтті. Тайшым да нақты іс-қимылға көшті. Өзін ұстап, патша ұлықтарына тапсыруға бел буған Шынарбайдың Омарын қолға түсіруді қолға алды. Ал өзге бай-болыстардың жазасын белгілеуді көтерілістің басқа басшыларына тапсырды.

Тайшымның айла-шарғысын білмей, құрған  қақпанына түскен Омар бастаған он шақты бай алпыс жігітімен Милысорға көтеріліс басшысын ұстауға келеді. Сөйтіп,1916 жылы 25 қазан күні Милы деген жерде соғыс болады. Осы соғыста Тайшым бастаған көтерілісшілер жеңіске жетті. Әскери кеңестің шешімімен болыс-байлар жазаланады. Бұл жеңіс көтерілісшілердің көңіл күйін көтеріп, рухын асқақтатты.

Көтеріліс орталығы — Ырғыз

 Патша үкіметінің жергілікті билеушілері көтерілісшілердің беталысынан қорықты. Сондықтан қарсы шаралар алуға мәжбүр болады. Соғысатын сарбаздар санын өсірді. Отрядтарға қару-жарақты үйіп-төгіп, оларға зеңбіректер мен пулеметтер бөлді. Көтерілісті басу үшін көп әскермен шыққан Орынбордың вице-губернаторы Обухов: «Ырғыздағы халықтың патшаға қарсылығы тек жай тәртіпсіздік, бой көтеру емес, нағыз көтеріліс», — деп мойындады.

Ал Николай патшаның жарлығымен Ырғыз,Торғай, Қостанай уездерінде соғыс жағдайы жарияланды.

Осының өзі-ақ,  Ырғыз көтерілісінің ауқымын көрсетсе керек. Сондықтан тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ырғыз тарихын зерттеуші Беркін Кұрманбеков: «Осы мойындаулар Ырғыз көтерілісінің Қазақстандағы ең күшті көтеріліс орталығының бірі болғандығын дәлдейді» — деп тұжырымдайды.

Тайшым Орысұлы бастаған көтерілісшілер патша өкіметінің жазалаушы әскери отрядтарымен бірнеше рет бетпе-бет келіп соғысты. Көтерілісшілер қыркүйектің бірінен бастап, желтоқсанның жиырмасына дейін қарсылық көрсетіп тұрды. Алайда күш тең емес еді. Найза, айбалта, қылыш сияқты жекпе-жек ұрыстың құралымен, мұздай қаруланған, соғыс тәсілдерін жетік меңгерген орыстың әскери отрядтарымен соғысу қиын еді. Патша әскері  көтерілісшілерді қолма-қол ұрысқа келтірмеді. Алыстан зеңбіректен, пулеметтен оқ жаудырып көп шығынға ұшыратты. Соның өзінде көтерілісшілер ерлікпен соғысты, батырлық көрсетті, қоршауға түспеді. Әрине, ақырында көтерілісшілер жеңілді. Көтеріліс басшылары, көптеген сарбаздар ұсталды. Тайшым және оның үш баласы Қыстаубай, Жылқаман, Жылқыбай Ырғыз түрмесіне қамалып, Орынборға айдалды. Тайшым және оның балалары, көтерілісшілер ұсталғанда, «Ау, азаматтар, кектеріңді алып қалыңдар! Мұндай сәтті болып Тайшым қолдарыңа түсе бермес!» —деп Тақайдың айқайлаған сөзіне еріп, көтерілісшілер Ырғыздың көпірінен өтерде матаулы қырық адамды ұрып-соғып, сілейтіп салды. Тайшымды өлтіреміз деп ұрғанда, Тайшымның басы төрт жерден жарылды. Есінен айырылған, тіл-аузы жоқ, жанталасып жатқан Тайшымды үш баласы — Қыстаубай, Жылқаман, Жылқыбаймен төртеуін және қасындағы отыз алты адамын, бәрін де сүйретіп алып барып, Ырғыздың түрмесіне қамады, —  деп жазды өз әңгімесінде жазушы Сабыр Шарипов. (С.Шарипов. Екі томдық шығармалар жинағы, 1982 жыл, екінші том, 5-бет. Тайшым Орысұлы).

Көтерілісті басқан сарбаздар, бай-болыстар елді тонады, мал-мүлкін тартып алды, әйелдерге, үлкендерге зорлық-зомбылық жасады, талайларды  қаңғыртып, айдап жіберді.

Тайшым үш баласымен және 40 адам көтерілісшілер тұтқында үш ай жатты.

1917 жылы 10 наурызда уақытша үкіметтің шешімімен Тайшым түрмеден босап, елге оралды.

Алайда түрмеден босағанмен де, тыныштық болмады. Көтеріліс кезінде өлтірілген алты байдың балалары әкелері үшін құн талап етіп, Тайшымның, оның соңына ергендердің дүние-мүлкін, малын алады.

Көтерілістен соң

 Кеңес өкіметі тұсында Тайшым Ырғыз ауданы Ұзынкөл ауылындағы «Көркем» серіктестігіне мүше болып, шаруашылықпен айналысты. 1928 жылдары ірі байларды тәркілеуге қатысты.

1938 жылы ұлт көтерілісінің 20 жылдығына Тайшым Орысұлына Үкімет атынан ат-арба сыйға тарту етілді.  «Қылқанды» елді мекенінен жеке үй салып берілді. Алматыға шақырылып, Қазақстан Республикасы Орталық Атқару комитетінің шешімімен «Қазақ ССР-ына 15 жыл белгісімен» марапатталды. Ұлт-азаттық көтеріліс қайраткері Тайшым Орысұлы 1945 жылы көктемде қайтыс болып, Ырғыз ауданында жерленді. Қазір бұл Әйтеке би ауданына қараған Қарабайтал деген жерде.

Жоғарыда айтқанымыздай, жазушы Сабыр Шарипов 1937 жылы «Тайшым Орысұлы» деген деректі мақала жазды. Жазушы осы мақаласында «Тайшым осы күні 73 жаста, тірі. Үлкен денелі алып адам, көзі оттай жайнап тұр. Төрт баласымен қатар бірге шаруа істеп жүр, қандай ауыр жұмысты да елейтін емес. Өзі Ырғыз ауданы, Ұзынкөл ауылындағы «Көркем» серіктестігінде мүше. Баласының үлкені Қыстаубай 52- де, Жылқаман 49 жаста, Жылқыбай 42-де, Қасен 33-те, немерелерінің алды Жұмақан 27-де, Отарбай 24-те. Осылардың бәрі қолында, бұдан басқа ұзатқан қыздары тағы бар. Отарбай қызыл әскерге барып қайтты, осы күні Ырғызда, совпартшколда сабақ оқиды» деп деректер берген. (С.Шарипов. Екі томдық шығармалар жинағы. Тайшым Орысұлы, 57-бет).

Бүкіл Қазақстанды қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің орталығы Ырғыз болғаны анық. Бірақ Ырғыз көтерілісі, оның басшылары туралы кезінде аз жазылды. Ал Торғайдағы көтеріліс жайлы мол деректер берілді. Кеңес үкіметі кезінде Амангелді Имановтың есімі құрметтелді. 1939 жылы «Амангелді» атты қазақтың бірінші көркем фильмі түсірілді. Батырға Алматыда ескерткіш қойылды. Ақтөбеде А.Иманов көшесі бар.

Біз Ырғыздың қилы тарихындағы осы оқиғаға байланысты азаттық үшін алысқан көтеріліс басшылары мен қаза тапқан батырларға да  лайықты құрмет көрсетіп, еске алынса дейміз.

Бұл көтеріліс езілген халықтың орыс империясының отаршылық саясатына деген ыза-кегінің көрінісі болатын. Бұдан жүз жыл бұрынғы Ырғыз көтерілісі — бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастауларының бірі.

 Еркін ҚҰРМАНБЕК,

ҚР мәдениет қайраткері, өлкетанушы.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button