ДенсаулықМереке

Дәрігер жолы

Шалғайдағы Ырғыздың  табиғаты ақтөбеліктерге жақсы таныс. Даланың жабайы өсімдігі мен тал-дарағы болмаса, қолдан әлдене өсіре қою қиын іс. Әсіресе аудандық  аурухана ауласы жаздың аптабында  сидиған, әр жерде бір жамырай өскен қурай тәріздес  сүреңсіз талдарымен  кіріп келе жатқаннан-ақ еңсеңді езетін. Осы сапарымызда  аспанға бойлай жайқалған теректер еріксіз назарымызды аударып, не сиқыры барын білмек боп аудандық ауруханаға бас сұқтық. Еңселі, таза, заманауи құрылғылары самсаған аурухананың бас дәрігері Жасқайрат Сүлейменов туралы  ауылдастарының жылы лебіздерін аз-кем естігеніміз болмаса, аса  көп біле  бермейді екенбіз.

Отбасындағы алты баланың ішінен  дәрігер мамандығын алғаш таңдаған Жасқайрат болатын, кейінірек қарындасы жолын қуды. Онда да әскери борышын екі жыл өтеп келіп, сақайып барып  медицина  институтына (сол кезде) түсті. Ақтөбе медицина институты  Қазақстанның батыс өңіріндегі ең беделді оқу орындарының бірінен саналатын. Шалқардан келген бозбала өз құралыптастарынан қалысқан жоқ, мықты-мықты  ұстаздардың  тәрбиесін алды. Әсіресе ұстазы, медицина ғылымдарының докторы  Болат Жаналаевтің дәрістері мен тәрбиесі өмір бойы азық болып келе жатыр. Институттың хирургия бөлімін бітірген соң Тараз қаласының облыстық ауруханасында интернатурадан өтеді. Ол кез жер таңдайтын уақыт емес,  жолдамамен Ырғыздан бір шығады. Сегіз жылдай осы аудандық ауруханада хирург болып жұмыс атқарады. Тек ауданға емес, Ақтөбе облысына белгілі хирург-дәрігер Орынбасар Елтековпен тізе  біріктіріп еңбек ету жас маманның ысылуына көп әсерін  тигізді. Соңғы он алты жылдан бері — орталық аурухананың бас дәрігері.

Әрине, дәрігер туралы жазған соң оның қызметтегі жетістіктері туралы айтуды парыз санаймыз. Бірақ  біз сол дағдыдан сәл тайқып, бас дәрігердің басқа қырларын әңгімелемекпіз. Әйтпесе, шай үстелде  шамның жарығымен ота жасау, боранда далада қалу тәрізді  «қызық» оқиғалар бұл кісінің де басынан өткен.

Ырғыз аудандық орталықтандырылған ауруханасында  үш жүзге жуық адам еңбек етеді. Оның 32-сі дәрігер, 114-ті орта  буын медицина қызметкері, жоғары  санатты медбикелері кейде дәрігерге бергісіз деседі ырғыздықтар. Олардың арасында  зейнеткер Шынасыл Әлжанова, байырғы медбике Динагүл Байбақтинаны атауға болады. Ал бас дәрігердің күнделікті жұмысында оның орынбасарлары  Гүләйім Малдығұлова, Әзияш Еділбаева, Алмагүл Есқариналардың орны бөлек.

Ал бас дәрігердің ең басты қасиеті, өз ортасының да баса айтатын қасиеті — ұжымға жаңадан келген жас мамандарға көрсететін адами жақсылығы, әкелік қамқорлығы. Аурухана қажетті мамандармен 82 пайыз қамтылған, қазір психиатр, хирург мамандары жетіспейді. Ол мамандар келер-ау, егер әлеуметтік жағдайы жасалса… Осы  орайда, бас дәрігер ретінде де, аудандық мәслихаттың депутаты ретінде де Жасқайрат Досқалиұлының иығына түсер жүк аз емес. Дегенмен соңғы бес жыл көлемінде бұл мәселе түбегейлі шешіліп болған.

Қазір бізде үйсіз медицина қызметкері жоқ. Әрине, бұл аудандық бюджеттен бөлінетін қаржы ғой. Бірақ жас маманға  ілкіде төленетін  көтерме қаржы, үй алуға бөлінетін  қаржы жөнінен бізде ешқашан кедергі болып көрген емес, — дейді бас дәрігер.

Бас дәрігердің тағы бір қыры —  өз мамандығы хирургияға  деген  адалдығы, тіпті кейде ерекше ықыласы. Аурухананы ертеңгі сегізден бастап аралайтын бас дәрігер басқа бөлімдерді де ыждағаттылықпен қарап шығады, бірақ хирургия бөлімі ерекше ыстық. Оның әр гүліне де мән береді.  Ауыр науқас түссе, қона қалуға қайыл, бұл, бәлкім, жасынан серігіне айналған мамандығына деген сүйіспеншілік болса керек.

Депутаттық қызмет, басшылық лауазым, хирург жетіспейтіндіктен өзі жасайтын оталар… осының бәрінен қол босамайды. Жалпы табиғатынан біртоға, сабырлы жанның көк өскін, тал-дараққа жаны құмар. Содан да болар, аурухана ауласының абаттануын тікелей өз қолына алды. Аурухана қызметкерлері қазір  «аудандағы көптеген мекемелер бізден талдың көшеттерін алады» деп мақтанышпен әңгімелейді.

Бірінші санатты дәрігер Жасқайрат Сүлейменовтің медицина саласындағы  айшықты жолы туралы Елбасының өз қолынан алған «Ерен еңбегі үшін» медалін, 2011 жылы иеленген «Шапағат» медалін, «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына» төсбелгісін, көптеген  әртүрлі дәрежедегі Алғыс хаттарын айтсақ та жеткілікті деп ойлаймыз. Ал сол көп марапаттың арасында өзіне ең ыстығы да, ең бағалысы да «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы.

… Жігіт ағасы жасына жетіп, елуді еңсерген Жасқайрат  Досқалиұлы дәл қазір маман ретінде де, басшы ретінде толысқан шағында.  Ер жігіттің өмірге келгендегі басты атқарар екі қызметі — елге еңбек ету мен саналы ұрпақ тәрбиелеу болса, бұл екі міндетті де абыроймен атқарып отыр. Отбасында үш бала тәрбиелеп өсірді.  Қызы өзінің жолын қуып дәрігер мамандығын таңдады.

Бақшасындағы әр гүл мен өскіннің, аурухана ауласындағы тал мен дарақтың әрқайсысына бір тағдыр деп қарайтын  Жасқайраттың  дәрігер ретінде әр өмірге ерекше жауапкершілікпен қарауының бір сыры, бәлки, осында шығар…

 Е.НҰРАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button