Мәдениет

Өңірдің өткенін оятқан

Филология ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы Жұбаназар Асанов ғылымдағы жолын ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ырғыз, Шалқар өңірі ақындарының әдеби мұрасын зерттеуден бастады. Алып отырған тақырыбы тың еді, ал тыңға тәуекел етіп түрен салу қай уақытта да оңай болмаған. Нұрпейіс Байғаниннен басқа Ақтөбенің ХVІІІ-ХІХ ғасырлар мен ХХ ғасыр басында ғұмыр кешкен ақын-жыршыларының туындылары әлі күнге ғылыми диссертация тақырыбына ілінбеген тұста Мөңке Тілеуұлы, Ақпан Әйітбекұлы, Таразы Қаленқызы, Ашубай Жарымбетұлы, Сарышолақ Боранбайұлы сияқты жыр жүйріктерін әйгілеп, ғылыми айналымға қосты. Әсіресе Мөңке мен Сарышолақтың өмірбаяны мен шығармашылығының жарияға шығуы жалғыз Ақтөбе емес, республика ғалымдары мен зиялылары арасында жоғары бағаға ие болды.

Қазір Мөңке биді білмейтін қазақ баласы аз десек қателеспеспіз. Мөңке турасында Жәкең жазған мақала сонау 1994 жылы-ақ «Ақиқат» журналында тасқа басылды, газеттерде, әлденеше жинақтарда орын алды. Әйтсе де солардың ішіндегі ең салмақтысы 2000 жылы «Жұлдыз» журналының төртінші санында басылған көлемі бір баспа табақтық «Мөңке би» атты зерттеу екенін айта кеткеніміз абзал. Ал 1998 жылы филология ғылымының докторы, профессор Абат Пангереевпен бірігіп «Шекті Мөңке би ғибраттары» атты кітабын Ақтөбеден шығарса, 2001 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша «Шекті Мөңке би Тілеуұлы» атты зерттеуі Астанадағы «Елорда» баспасынан жарық көріп, республиканың шартарабына тарады. Осы аттас, бірақ мазмұны өзгеше кітапты 2002 жылы Кемейдулла Төлеубаевпен бірігіп Ақтөбеден бастырды.

Жәкең Ақтөбеде Мөңке би атындағы көше атауын алу, ескерткіш қою, мерей жасын атап өту шараларына  белсене араласты. Ақтөбеде былтыр Жоламан Алдияровтың қолдауымен басылып шыққан «Мөңке әулие ұрпақтарының шежіресі» атты соңғы еңбек те Жәкеңді айналып өтпеді, ішіндегі біраз мақалалардың авторы болып қана қоймай, жалпы редакциясын басқарды. Соның нәтижесінде ол шежіре «одан бұл туды» делінген қарабайыр емес, қазақ шежіресінің халықтық сипатын сақтауымен, ғылыми негіздерінің тиянақтылығымен, тұлғаларға қатысты соны деректерімен құнды еңбекке айналды. Ел-халық жылы қабылдады.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай былтыр әйгілі Сайрам соғысының (1681-1684 жж.) сардары Тілеу Айтұлына Ақтөбе, Шымкент қалаларында көрнекі ескерткіштер қойылып, ас берілгені баршаға аян. Тілеу атамызды Қазақстанға таныту тарабындағы шараның алдыңғы легінде болып, айрықша қажыр-қайрат көрсеткен де Жұбаназар  еді. Оның 1996 жылы «Ақтөбе» газетінде басылған, Тілеу туралы тұғыш рет баспасөз бетін көрген мақала болып табылатын «Баршаға аян бабалардың бірі еді» атты еңбегі Тілеу жайлы жазылған кейінгі өзге мақалалар мен кітаптардың негізін қалады. Жұбаназар ағаның  Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Тілеу Айтұлына арналып 2000 жылы 18 тамызда өткен халықаралық конференцияда бас баяндаманы жасағаны, ол баяндаманың мәтіні сол жылы Алматының «Зерде» баспасынан Жоламан Алдияров шығарған Тілеу туралы тұңғыш кітап «Сайрам шайқасының сардарында» да, келесі жылы Қанатбай Елеусізұлы шығарған «Адамның сұңқары» атты кітапта да берілген. Ұлттық энциклопедиямыз «Қазақстанда» «Тілеу Айтұлы» атты мақаланың Жұбаназар Асановтың атында тұрғанын, Англиядан «Тілеу» деген еңбегі шыққанын біз мақтан тұтамыз.

Ғалым бұл бағытта қазір де тоқтаусыз жұмыс істеуде, университетте өзі жүргізетін «Аймақтық әдебиеттану проблемалары», «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет тарихы» пәндерінің бағдарламаларына енгізіп, Мөңкенің шығармашылық өмірбаянын студенттерге оқытып жүр. Өстіп мөңке-тілеутану ғылымының негізін қалады.

Ғалымның Ақтөбе өңірінің ғана емес, күллі қазақ поэзиясының жарқын бейнелерінің бірі Сарышолақ Боранбайұлының өлең-толғауларын жанкештілікпен тірнектеп жинауы, оны зерттеп, ғылыми айналымға қосуы, кім-кімді де сүйсіндірерлік іс. Сарышолақ ақын туралы көлемді зерттеуін 1987 жылы «Жұлдыз» журналында жариялаған ғалым, аяғын сол жылы-ақ кітапқа ұластырды. Одан соң Саршолақ шығармаларының 16 баспа табақтық жинағын 2006 жылы Алматыдағы «Ел-шежіре» баспасынан тасқа бастырып, республика жұртшылығына ұсынды. Кейін, 2011 жылы бұл кітап Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінің алқалауымен Жұбаназардың 75 беттік алғысөзімен қайта бастырылды. Сөйтіп, Жұбаназар арқасында бір ғасырдан астам уақыт бойы айтусыз қалған қазақтың дүлдүл ақыны көкірегі ояу қазақ баласына мәшһүр болды.

Ғалымның тағы бір айтпай кетуге болмайтын ірі ісі архивте айлап отырып, оны жылға оздырып, Ақтөбенің ең соңғы эпигі Жөкей Шаңғытбайұлының  он екі дастанын тауып, оның жетеуін 2007 жылы  Алматыдағы «Ел-шежіре» баспасынан кітап түрінде шығаруы. Жөкей-дұшпанының өзі кеміте алмайтын аса дарынды эпик. «Ырғыздың жорға Жөкейі, айтар сөздің дөкейі» атанған күліктің Совет тұсында ескерілмей қалуы — ол өз шығармаларында бұрынғы қазақтың тәлім-тәрбиесін, озық дәстүрін, кісілік қасиетін, бай-бағыландығын, табиғатпен тіл табысып, оны аса қадір тұтқанын, атақты орыс балуанын жыққан Орқабайдай алыбын, жылқы баласы жетуі мүмкін емес Шоңбастай тұлпарын дәріптеп, дастандарына қазақтың бағзыдағы үлгілі аңыз-әпсаналарын арқау еткендігі еді. Жөкейдің «Құл мен қызы» — совет тұсында бағы жанып, баспа бетін көріп, кітапқа түскен бірден-бір дастаны. Кезінде бұл дастан Мәлік Ғабдуллин, Мұхамеджан Қаратаев, Әуелбек Қоңыратбаев тәрізді дуалы ауыздардың назарына іліккен. Жөкей ақынның сондай бағалы дүниелері Жұбаназардың қолына түсіп, кітап түрінде тарап, Ақтөбе халқына белгілі болды. Қазір Ақтөбе әдебиетінің тарихы ішінде гауһардай жарқырайды. Жәкең Жөкей ақынды зерттеуін де әлі күнге тоқтатпай келеді, оның айғағы 2012 жылғы «Жұлдыз» журналының №11 санындағы «Жөкей ақын» деп аталатын еңбегі.

Еңбекқор ғалым 300-ден астам ғылыми еңбек жариялапты. Қарап отырсақ, соның ішінде «мынауың құнсыз» деп айтар біреуі жоқ, сондықтан қайсыбірін айтып тауысарсың. Дей тұрғанмен, ХVІІІ-ХІХ ғасыр басында Ақтөбе аймағында ғұмыр кешкен ақындардың тұңғыш антологиясын «Асыл қазына» деген атпен 2001 жылы бастырып, оған ішінде Кете Қазақбайы мен Қызыл Тұрдалыұлысы бар, Әкімәлі Қаржауұлы бар, Әкімкерейі бар, Ашубай мен Былшық биі бар, 34 ақынның шығармаларын енгізгенін, бүгінде халқымен қауышқан «Ақтөбе кітапханасының» 20 томдығының алғашқы екі томын құрастырып, текстологиясын тексергенін, «Едіге» эпосы: тарихи шындық пен эпикалық шындық» деп аталатын монография жазып, оны облыстық «Ақтөбе» газетінде жариялағанын қайтіп айтпай кетерсің. Монографияның дерегі мол, жаңалыққа толы күрделі ғылыми еңбек екеніне қарамастан аса шебер жазылып, оқыған жанға түсінікті болуы — Жәкеңнің жазу техникасының нақты айғағы іспетті. Бұл монографияға қатысты авторға, газет редакцясына хабарласушылардың көп болуы да соның дәлелі. Ақтөбе жерінде «Едігенің жалы» деп аталатын жалдың, жалдан 10 шақырымдай жерде Едігенің әкесі мен шешесінің бейіті дейтін бейіттердің тұруы (зерттеген — белгілі тарихшы Серік Әжіғалиев) — Едіге батырдың Ақтөбеге де бөтен еместігін аңдатады. Осы жерде айтпасқа болмайтын бір жағдай, Едіге батырға Ақтөбе қаласынан дұрыс бір көше беріліп, ескерткішін қойса да артық болмас еді. Бұл ақтөбеліктердің абыройын биіктете түсер еді. Елдігін танытар еді.

Ғалымның Мұғалжар тауының арғы бетіндегі Сарышолақ ақынның, бергі бетіндегі Мөңке Төлегеннің бейіттері басына белгісіз боп қалмасын деп құлпытастар қоюы неге тұрады?!

Айналдыра тексергенде, ғалым Жұбаназар Асановтың барлық еңбектері Ақтөбеге қатысты болып шығады.

Бұл айтылғандардың сыртында,  ғалымның Ресей, Қытай, Өзбекстан, Болгария, Чехия, Польша, Англия сияқты елдерде баспа бетін көрген жиырмадан аса зерттеулері де Ақтөбеге келіп тіреледі.

Біз, бірге оқыған курстастары, Жұбаназардың әр қадамына қуанамыз, қуанған соң «жақсының нұры тасысын» деп осы еңбекті жазып шықтық.

 

                                 Сабыржан МҰРЗАХМЕТҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button