Тарих

Мен көрген Қырғызстан

Осыдан 25 жыл бұрын Қырғызстан Республикасы да тәуелсіздігін жариялады. Қеңестер Одағы құрамында болған өзге ұлттық республикалар секілді бауырлас қырғыз елі де өзінің дербес жолын таңдады. Дүниежүзінің заманауи саяси картасында жаңадан пайда болған тәуелсіз мемлекет ширек ғасырда қандай жетістіктерге жетті? Бір кездері бір мемлекеттің азаматтары болса, енді шетелдіктерге айналған айырқалпақты бауырларымыздың бүгінгі тұрмысы қандай?

«Ақтөбенің» тілшісі таяуда Тәңір тауларының етегін мекен еткен қырғыз жеріне сапарлап қайтқан еді. Тілшіміздің көзбен көріп, көңілмен түйгендерін назарларыңызға ұсынамыз.

Мұнайы жоқ Қырғызстан

Әңгімеміздің әлқиссасын Қырғызстанның танымал журналистерінің бірі, «Азаттық» радиосының тілшісі, Манас атындағы қырғыз-түрік университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақыт Орынбековтың аузынан естіген мына бір жайттан бастағанды жөн көрдім. «2002 жылы мұхит асып, АҚШ-қа барудың жолы түсті», — дейді Бақыт байке. Содан атақты «Вашингтон пост» газетіне барады. Сосын ол америкалық журналистердің бірінен «Газеттеріңізде Қырғызстан туралы мақала шықты ма?» деп сұраған екен. Америкалық журналист оған:

— Сендерде мұнай шыға ма? — деп қарсы сауал қояды.

— Жоқ…

— Онда біздің газетте сіздер туралы мақала шыққан жоқ, — деп жауап беріпті сонда америкалық журналист.

Иә, «қара алтыны» жоқ көршілес һәм бауырлас елдің Батыс пен АҚШ-та танымалдылық деңгейі төмен. Мұның салдарынан Қырғызстанның экономикасына инвестиция саламын деп құлшынушылар да аз. Қазіргі заманда инвестиция болмаған жерде экономиканың әлсіз болатыны белгілі. Мұны «Манас» халықаралық әуежайы мен қырғыз елінің бас шаһары — Бішкектің көшелерінен аңғару қиын емес. Халық саны 800 мың мен 1 миллионның арасындағы ел астанасында негізінен көзге түсетіні бұрынғы Фрунзе қаласынан қалған ғимараттар. Әрине, жаңадан салынып жатқан заманауи ғимараттар да жоқ емес. Дегенмен, сағат тілдері өткен шақта тоқтап қалғандай күй кешесің Бішкектің көшелерін аралап жүрген кезде.

Менің сөзімді Бішкек пен Алматы қалаларында өткен жиынға Түркиядан келген меймандардың арасында болған мына бір диалог дәлелдей түскендей. Түркияның Радио және телевидение жоғары кеңесінің мүшелерімен бірге Бішкектен Алматыға шағын автобуспен бардық. Үш сағатқа жуық жолдан соң Алматы көшелеріне кірген сәтте:

— Бішкек Кеңестер Одағы тараған кездегі жағдайымен қалып қойған. Ал Алматы болса, өте заманауи шаһар екен, — деді таңданысын жасыра алмаған Анадолы жерінен келген қонағымыз.

— Әрине, бұл жақта ақша (инвестиция) бар, Қырғызстанда ондай мүмкіндік жоқ, — деді оған екінші бір түркиялық.

«Сырт көз — сыншы» деген. Мұны Қазақстан мен Қырғызстанға алғаш рет аяқ басып отырған жандар айтып отыр.

Дәл осы экономикалық әлеуетінің әлсіздігінен бүгінгі күні қырғыз елінің 800 мыңнан астам экономикалық белсенді жастағы азаматы күнкөріс қамымен шетел асқан. Олар негізінен Ресей Федерациясында еңбек етуде.

Әрине, қырғыз елінің экономикасында еш даму жоқ деп үкім айту да әділетсіздік болады. Қырғызстанның көмір және алтын кендері бар. Ел бюджетінің қоржынын қомпайтып отырған салалардың бірі ретінде жеңіл өнеркәсіпті, оның ішінде текстиль саласын атап өткен жөн. «Қырғызстанда өндірілген» деген белгісі бар «Дордой» базарының киім-кешек түрлерімен қазір барлық ТМД елдерін қамтамасыз етіп отыр. Бауырлас елдің ауыл шаруашылығы өнімдері де экспортқа шығарылатын өнімдер тізімінің басында тұрады. Дүниежүзі экономикасында аса үлкен сұранысқа ие көмірсутегі шикізаттары бойынша Батыс Еуропа немесе АҚШ сынды алпауыт елдердің назар аударарлықтай қоры болмаса да, табиғатының әсемдігі жөнінен Жаратушы, шынымен де, қырғыз еліне аса үлкен мырзалық танытқан. Аумағының төрттен үшін таулы жерлер құрайтын Қырғызстанды «Орталық Азияның Швейцариясы» деп бекер айтпаса керек! Қырғызстанда туризм саласының даму әлеуеті өте жоғары. Туризм үшін қажет шағын және орта кәсіпкерлік, сапалы қызмет көрсету секторы, инфрақұрылым… Мұның барлығы бар. Содан да болар, шілде мен тамызда берісі Қазақстанның, әрісі Ресейдің туристері Ыстықкөлге ағылады. Қырғыздар енді экотуризм арқылы постиндустриялық урбанизацияланған қоғамнан шаршаған Батыс Еуропалық туристерді қызықтырмақшы. Тау бөктеріндегі көк майса жайлауда таза ауа жұтып, табиғи азық-түліктен дәм тату кім-кімді де қызықтырары сөзсіз.

Тарихты түгендеу

Қырғыз туыстар, әсіресе, қырғыз тілінде шығатын баспасөзімен, оның таралымымен мақтана алады. Айырқалпақтылар елінде газет-журналдың 90 пайызы қырғыз тілінде жарық көреді. Бүгінгі күні нөмірі бірінші басылым болып есептелетін «Супер-Инфо» газетінің таралымы 100 мыңнан асады. 6 миллион халқы бар Қырғызстан үшін аз емес бұл таралым.

Қырғызстан Республикасы Әділет министрлігінің мәліметтері бойынша, теледидар, радио, газет, журнал және интернет сайттарын қосқанда барлығы 2 мыңға тарта бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Мұның ішінде мемлекеттік БАҚ-тардың үлесі тым төмен. 3 газет, 3 теледидар каналы және 1 ақпараттық агенттік қана. Қалғандары тәуелсіз деп аталатын жеке меншіктегі БАҚ-тар. Айта кетерлігі, бұл БАҚ-тардың барлығы мемлекет қаржысына қол жаймай, өз күнін өздері көріп отыр.

Қырғызстанда да қазір интернет журналистика даму үстінде. Күн санап электронды басылымдар санының көбеюі газеттердің таралымдарының азаюына себеп болуда.

— Қырғызстанда сөз бостандығының бар екендігін мақтанышпен айта аламыз. Бізде әрбір адам өзінің жеке ойын, пікірін газет-журнал немесе басқа да БАҚ арқылы айтып, жария ете алады, — дейді қырғыз елінің танымал журналистерінің бірі Бақыт Орынбеков.

Алатау бөктеріндегі бауырларымыздың тағы бір мақтауға тұрарлық ерекшелігі — тарихты түгендеуге деген ұмтылыстары. Оған Бішкектің оңтүстігіндегі Чоң-Таш ауылы іргесіндегі «Ата бейіт» мемориалдық кешеніне барғанда куә болдық. «Ата бейіт» атауы Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың ұсынысымен берілген. Мемориалдық кешен 2000 жылы ашылған. Кешен 1938 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған 138 адамның сүйектері көмілген жерге тұрғызылыпты. Жазықсыз жапа шеккен қырғыз халқының зиялылары мен саяси және мемлекеттік қайраткерлерінің арасында Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұл Айтматовтың да сүйегі бар екен. 1991 жылы қырғыздар ескі кірпіш зауытының бір шұңқырына мал секілді көміле салған боздақтарының сүйектерін қазып алып, тиісті құрметтерін көрсетіп, қайта жерлеген. Кешендегі шағын музейде жазықсыз атылғандардың жеке мәліметтерімен танысып, қазылған зираттан алынған олардың мүліктері мен киімдерінің бөлшектерін жақыннан көруге болады.

2008 жылы дүниеден озған ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың мүрдесі де мәңгілік мекенін осы әкесінің сүйегі жерленген кешеннен тапқан. Кешеннің іргесінде 2010 жылы Қырғызстанның бұрынғы президенті Қ.Бакиевті тағынан тайдырған, қырғыздарша айтқанда, «Апрель халық революциясының батырлары» жерленген. Сынып жетекшілерінің басшылығымен топ-топ болып келіп, аталған төңкеріс кезінде қаза болғандардың рухына Құран бағыштаған оқушыларға куә болдық.

Биыл 1916 жылғы Ресей патшасының армияның қара жұмысына Түркістан өлкесінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43 жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығынан кейін белең алған ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толатыны белгілі. Қырғыз елі осы мерейтойды мемлекеттік деңгейде атап өтпекші. Бұл туралы Қырғызстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығы да шығарылған. «Ата бейіт» кешені таяу күндерде осы оқиғадан кейін Ресей патшасы жіберген жазалау отрядтарының кек алу операциясынан қорыққан қырғыздардың туған жерлерін тастап, Қытайға үдере көшуіне арналған ескерткішпен толықпақшы. Тарихи мәліметтер бойынша, сол кезде халықтың 60 пайыздан астамы жан сауғалап шекара асқан екен. Қырғыз бауырларымыздың айтуынша, олар өз туған жерлеріне оралу мүмкіндігіне Қазан төңкерісінен кейін ғана ие болған.

10 жасар манасшы

Бұрана мұнарасы орналасқан Бұрана қаласы. Тарихшылардың пікірінше, бұл — XI ғасырда салтанат құрған Қарахан мемлекетінің астаналарының бірі болған Баласағұн шаһарының орны. Иә, әйгілі «Құтты білік» дастанын жазған ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұни дүниеге келген шаһар.

Осы жерде айта кету керек, Алмазбек Атамбаевтың Жарлығымен 2016 жыл қырғыз елі үшін Жүсіп Баласағұн жылы деп жарияланған болса, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2016 жылды бүкіл түркі әлемі үшін Баласағұн жылы деп жариялаған еді.

Бұрана мұнарасы — X-XI ғасырларда тұрғызылған сәулет құрылысы. Бастапқы биіктігі 45 метр болғанымен, бірнеше мәрте қайта жаңғыртулардан өткізілген мұнараның қазіргі биіктігі — 24 метр. Музей қызметкері мұнараның тарихын Қарахан мемлекетінің алғаш мұсылманшылықты қабылдаған түркілердің болғандығымен байланыстырады. Яғни мұнара бес уақыт азан шақыру үшін қолданылған. Сонымен қатар, бұл мекен елдің астанасы болғандықтан, мұнара айнала алысты бақылау мақсатында да пайдаланылған.

Жалпы, Бұрана мұнарасы туралы халық арасында да түрлі аңыздар айтылатын көрінеді. Музей қызметкері сол аңыздардың бірін айтып берді.

«Ертеректе бұл қалада өте дәулетті хан өмір сүреді. Оның көп жылдар бойына ұрпағы болмайды. Сөйтіп, әулетін жалғастырар ұрпақ аңсап жүргенде, бір қыз бала дүниеге келеді. Қызы 5 жасқа толғанда хан той жасап, елдің аузы дуалы ақсақалдарын жинайды. Олардан қызының болашақ өмірі туралы болжамдарын айтуды сұрайды. Әрине, ақсақалдар жамыраса хан қызын мақтай жөнеледі. «Қызыңыз ұзақ өмір сүреді. Бай, бақуатты ғұмыр кешеді» дейді олар. Сол кезде көптің арасында бір қария тұрады да:

— О, құрметті хан ием! Мен сізге ащы да болса, шындықты айтайын, — деп сөзге кірісіп, ханның қызын 16 жасында қарақұрт шағатынын, содан оның қайтыс болатынын айтады.

Мұны естіген хан бар байлығын салып қызын қарақұрттан қорғау үшін зәулім етіп Бұрана мұнарасын салғызады. Ханның қызы мұнараның ең жоғарысында өмір сүреді. Қызметкерлер қызға апарылатын барлық нәрсені өте сақтықпен тексеріп отырады. Қыз 16 жасқа толған күні әкесі оның құттықтау үшін өзі мұнараның басына көтеріледі. Ішіне түрлі жеміс-жидектер салынған табақты апартқызады. Қыз табақтағы жүзімді аузына сала бергенде оны жүзімнің арасындағы қарақұрт шағып алып, сол жерде көз жұмады».

Атақты «Жібек жолы» керуендері өткен Бұрана қаласы ЮНЕСКО тарапынан қорғауға алынған тарихи ескерткіштердің қатарында. 1977 жылы бұл жерде ашық аспан астындағы музей ашылған. Онда тарих қойнауына сапар шегіп, VI-X ғасырлардағы ескі түркілердің қол іздері қалған балбал тастарды, арабша жазылған құлпытастарды, ежелгі дәуірлердің тастан жасалған еңбек құралдарын, біздің жыл санауымыздан 2 мың жыл бұрынғы тас беттеріндегі түрлі жануарлардың бейнелері қашалып салынған петроглифтерді тамашалай аласыз.

«Манас» дастанынсыз және бірнеше күн бойына, кей кездері апталап отырып жыр оқитын манасшысыз қырғыз бола ма?! Ыстық көлдің жағасындағы Чолпон-Ата шаһарындағы музейге барғанымызда бізге де қырғыз жыршысын тыңдау бақыты бұйырды. Манасшы болғанда да, Үміт атты 10 жасар кішкентай манасшы. Бабалар мұрасын үш жарым жасынан бастап айта бастаған Үміттің «Манасын» тебіренбей тыңдау мүмкін емес!

Өткеніне, тарихына, дәстүріне деген құрметтің көрінісі. Қырғыз халқы Үмітке «Мәдениет ісінің үздігі» төсбелгісін тағыпты. Аз ғана сұхбаттасуда кішкентай манасшы оқуды үздік оқитынын, 2014 жылы Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында ЮНЕСКО ұйымы тарапынан ұйымдастырылған Манас дастаны туралы халықаралық шараға барып өнер көрсеткенін мақтанышпен айтып берді.

Чолпон-Ата шаһарының мақтанышы — Ыстықкөлдің жағалауынан бой көтерген «Рух Орда» мәдениет орталығы. Негізі 2002 жылы сол кездегі Қырғызстанның Президенті Асқар Ақаев тарапынан қаланған кешен әу баста жоғары лауазымды тұлғалармен ресми және бейресми кездесулер өткізу мақсатымен ашылған болатын. Бүгінгі күні кешенге дүниежүзіне танымал қырғыз Шыңғыс Айтматовтың есімі берілген.

Кешен аумағында барлық діндердің, яғни мұсылмандық, христиандық, иудаизм және буддизмнің құлшылық ету үйлерінің көшірмелері салынған. Шыңғыс Айтматовтың мемориалдық үйі орналасқан мәдениет кешенінде адамзат тарихында ойып тұрып орын алған ұлы ойшылдар, философтар, саяси және қоғам қайраткерлерінің ескеркіштері де бар. Түркі әлемінен Мұстафа Кемал Ататүрік пен Елбасымыз Н.Назарбаевтың ескерткіштеріне төрден орын берілген.

Бұл да бір біз секілді «Қырғыз-қазақ бір туған…» дейтін мақалды жиі айтатын айырқалпақты туыстарымыздың бізге деген құрметінің жарқын көрінісі.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button