Мөлдір бұлақтай…

Бәкір Тәжібаевтың туғанына — 90 жыл
Халқымыз ерекше құрметтеген дара тұлғалардың бірі — Бәкір Тәжібаев.
Бәкірдің атасы Қоныс жырау болса, әкесі Төлеу ел ішінде жиын-тойдың көркі болған жан екен. Бәкір — Төлеудің балаларының үлкені, өзінен кейін екі інісі және бір қарындасы бар. Бәкірді Төлеудің туған інісі Селбай бауырына басып, сол отбасының еркесі болып өскен, сол Селбайдың қолында ержеткен. Мұны Бәкірдің туған інісі — Мырзағали Төлеуов ағамыздан есіткенмін.
Бәкірдің інісі Мырзағали Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітіріп, бастапқыда Байғанин аудандық Мәдениет үйінің директоры, кейіннен балалар музыка мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Ол Байғанинде қарапайым еңбек адамдары арасынан өнерге жақын, талантты жандардың басын қосып, алғашында ансамбль, соңынан домбыра оркестрін ұйымдастырды. Бұл кейін Қазанғап атындағы ұлт аспаптары оркестріне айналды. Мырзағали Төлеуов сол ұжымға өзі жетекшілік етті.
Оркестрге ұлы күйші Қазанғап есімін беру туралы ұсынысты туған жерін сағынып, қонақ боп келген сапарында Бәкір аға айтқан, осы аттың бекітілуіне де атсалысқан екен.
Бәкір — Төлеу ақсақалдың үлкен ұлы, Мырзағали — ортаншысы болса, кіші ұлы — Төреғали. Бір қызығы, кіші ұл әкесінің үлкен ағасы Баданның шаңырағында өседі. Мұндай жағдайлар біздің Дала үшін әбестікке жатпайды, керісінше, ағайын арасының татулығын, бірлігін арттыратын құбылыс ретінде ел арасында кең тараған.
Бәкір аға өте қарапайым, бауырмал жан еді. Бұған оның шығармалары да дәлел.
Мырзағали баласы Нұрлан маған Б.Тәжібаевтың баспасөзде жарияланбаған бір топ өлеңдерін табыс еткен болатын. Осы өлеңдерді редакцияға жолдай отырып, оқырмандар назарына ұсынуларыңызды сұраймын.
«Ағаға хат» өлеңіндегі:
«Ақ көкемнен айырылып,
Аза тұтқан жайым бар» — дейтін ақ көкесі — өзін тәрбиелеп өсірген Селбай аға екенін айта кеткім келеді.
Жанұзақ Талдыбаев,
Ақтөбе қаласы.
АҒАҒА ХАТ
Бұл дүниеден кім өткен,
Жоқ та өткен, бар да өткен.
Ағайынға аяулы,
Ақсақалды шал да өткен.
Топқа сөзін тыңдатқан,
Талай сабаз нар да өткен.
Аранына ажалдың,
Қимас асыл жар да өткен.
Жүрген жері той-думан,
Сері менен сал да өткен.
Жорға мініп жайқалтып,
Омырауын зерлеткен,
Не бір жайсаң төре өткен.
Егесетін кезінде,
Есе бермес ер де өткен.
Бұл опасыз дүние,
Соның бәрін шерлі еткен.
Мұратына кім жеткен?
Мен айтпай да білесің:
Адай,Табын ішінде,
Аз ғана ауыл Әлім-ді
Тоқтау айтса таласта,
Ағайынды ырза еткен.
Қарап тұрсаң бұл күнде,
Қолдағы алтын зереннің,
Кетілмеген зері бар.
Кәукілдеген шалдардың,
Сетінеген түрі бар.
Бірі бар да, бірі жоқ,
Қанша мықты болсақ та,
Қапалы болған бұл шақта
Тентек өскен ініңнің,
Көкейінде мұңы бар.
Қайғы күткен жөні бар
Қайтсем қайғым басылар?
Кезім еді-ау тасынар.
Ақ көкемнен айырылып,
Аза тұтқан жайым бар.
Өмірімде өшпейтін,
Өкініш пен уайым бар.
Тума-туыс пайымдар:
Құр Бөкенбай сайында
Малға қоныс жайында…
Жаңабай мен Жаманнан,
Кішігірім дауым бар.
Хасен, Рай, Базыл да
Аман шығар шалдарым.
Сағынғанда ай сайын
Сәлем бере алмадым.
Алатауда Сәкең қарт,
Ақ таяққа түсірген
Сексен жастың салмағын.
Тым болмаса көкеме,
Білдірген жоқ көңілін.
Бір келген жоқ әлі күн.
Шүкіршілік етеміз,
Бақтығали мен Қыдыр,
Айтжан, Қартжан, Қайболла.
Бақыт пенен Түгелбай,
Сағи, Қабыл, Құбайлар,
Құдам болған Отарбай,
Жездем менің Мамай бар.
Көңілімді тоқтатам,
Жас құрақтай жайқалған.
Кейінгі өскен балалар,
Жақын келсе жаныма.
Не қылайын арман ғып.
Пендеміз ғой әншейін,
Қайғы жүгін ауырлар.
Аман болың қалған жұрт,
Аман болсын бауырлар!
15.02.1969 жыл.
Алматы қаласы.
ххх
БАУЫРЛАРЫМА САҒЫНЫШ ХАТ
Тәжен мен Төлеу қарттан бірге туған,
Тірлікте жүрген жері күнде думан,
Қос қарақ — Мырзағали, Төреғали,
Мен үшін жаралдыңдар сендер нұрдан!
Бұлай деп айта алады Бәкір ағаң,
Сендермен ғана менің жайлау — жағам!
Өздерің үрім-бұтақ таратқанда,
Жарылмай мен ағымнан қалай қалам?!!
Өзім де мүлдем жалғыз емеспін ғой,
Көппенен көңіл шалқып теңестім ғой!
Олай деп айтуыма негіз бар-ды,
Жанында Жасұланның — белеспін ғой!
Жалғызым жігіт болып өсті жайнап,
Тірлікте өткізіп жүр тойын тойлап!
Тек қана сол Күнімнің арқасында,
Мен-дағы бұлбұлдайын жүрмін сайрап!
«Тек қана сол жаныммен өсем!» — деуші ем,
«Өмірден бақытты боп көшем!» — деуші ем.
Өлең-жыр қызығына құныққаннан,
Деуші едім: «Тойлай берем — есен жүрсем!».
Сезімнің ауыр күйін сезгеннен де,
Алпысқа келгенше көп өзгермеп ем!
Жегідей жеген ауру жанға батты,
Қиындық кештім соңғы кездерде мен!
Әлі де «талай қызық көрем» — деймін,
«Көңілден күй шалқытып берем!» — деймін.
Қос бауырым сәлем беріп келеді деп,
Сендерді күнде тосып елеңдеймін!
Сендерді келеді деп тосып жүрмін,
Сағыныш сазын жанға қосып жүрмін!
Қос бауырым, жүздесуге келіңдерші,
Кейде мен көрген түстен шошып жүрмін.
06.04.1987 жыл.
***
Қашанда көппен бірге болу мұрат,
Бөлініп топ-жиыннан жүрме жырақ!
Дұшпаның болсын мейлі, ауырғанда ол,
Адамдық парызыңмен көңілін сұра!
***
Тірлікте тұңғиық бір сырға тұнар,
Жан жоқ қой, сірә, болмас жырға құмар.
«Адамға баға жетпес асыл қазына —
Денсаулық!» — деп кетіпті бұрынғылар.
***
Адамдық ардың жолын анық басып,
Мысалды мына айтылған парықташы:
Ата-ана қадіріне жетпегендер,
Отанын қадір тұтып жарытпас-ау!
***
Ерен Ер Елі үшін сызданбас-ты,
Қажет пе: құлатар ол құздан тасты!
Өлең-жыр әлемінде дос боп жүріп,
Шын ақын ақындықты қызғанбас-ты!
***
Ол айтқанмен, көңіл тұрмас бірленбей,
Су да тынбас, жер де тұрмас гүлденбей,
«Неге жиі жазасың?» — деп күндейді,
Оған біреу «Сен жазба!» — деп жүргендей…




