Басты жаңалықтар

Нұсқабаевтар отбасы облыс намысын қорғайды

Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған шара өтті. Іріктеу қорытындысында, І орын алған Нұсқабаевтар отбасы республикалық байқауда Ақтөбе облысының намысын қорғайтын болады.
Салтанатты түрде өткен жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Отбасылық құндылықтарды сақтауды, отбасы мәртебесін жоғарылатуды мақсат еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр. Аталған байқау үш кезеңмен өткізіледі: біріншісі — аудандық (қалалық), екіншісі — облыстық, үшіншісі — республикалық.
Жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев сөз алып, өнегелі отбасыларды жетістіктерімен құттықтады.
— Отбасы — мемлекеттің негізі. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде біздің аймақтың тұрғындарының саны жүз мыңға көбейді. Ел азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 72-ге жетті. Нәрестелердің дүниеге келуі 32 пайызға өсті. Мұның барлығы мемлекеттің халық үшін, азаматтардың денсаулығын нығайту, әл-ауқатын арттыра түсу мақсатында жасап жатқан игі ісінің жарқын көрінісі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретін болады, — деп өңір әкімі ұлттық конкурстың республикалық кезеңіне жолдама алған және облыстық кезеңде жүлделі орындарды иеленген отбасыларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тарту етті.
Конкурсқа облыстағы 417 отбасы қатысқан болатын.
— Соның ішінен 26 отбасы облыстық кезеңге өтті. Олардың арасынан үздігін іріктеу қазылар алқасына оңайға түскен жоқ. Себебі, бұл отбасылардың бәрі де сайысқа тыңғылықты, тиянақты дайындалған. Әйткенмен, конкурс талабы —жүзден жүйрікті анықтау. Комиссия өкілдері отбасы мүшелерінің жетістіктерінің маңыздылығына, рухани-адамгершілік құндылықтарға, отбасылық дәстүрлер мен жәдігерлерге, арғы тектерін білуіне назар аударды,— дейді қазылар алқасының мүшесі Кеңес Бірманов.
Қазылар кеңесе келе, Нұсқабаевтар отбасын үздік деп таныған. Жақында ғана гауһар тойларын атап өткен Абдулла ақсақал мен Әлила әже осыдан 70 жыл бұрын шаңырақ көтеріпті. Алты ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ата-әже бүгінде 29 немере мен 19 шөбересінің ортасында бақытты ғұмыр сүруде.
— Атам — Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол — екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденінің және «Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуков» медалінің иегері. Атам 1943 жылы Шалқар ауданынан соғысқа шақыртылып, Петропавл қаласында жасақталған 314-дивизия құрамына алынады. Ленинград майданында қайсарлығымен көзге түседі. 1944 жылы лейтенанттар даярлайтын арнайы курсқа қабылданады. 1-Украина майданынан өтіп, жеңісті Прага маңында қарсы алады.
Ұзақ жыл Шалқар ауданында ұстаздық қызмет еткен атамның ұл-қыздары қазір түрлі салада еңбек етіп жүр. Бірі дәрігер болса, екіншісі — экономист, енді бірі — кәсіпкер. Жалпы, атамның әулетінде 81 адам бар, — дейді немересі Жеңісбек Нұсқабай.
Салтанатты шара соңы әсем сазды ән мен күмбірлеген күйге ұласты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button