ЖаңалықтарЭкономика

ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ ҮЛЕСІ — 31,4 ПАЙЫЗ

Брифинг

Облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев кеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізіп, өнеркәсіп саласындағы ахуалмен таныстырды. Ол ең алдымен өткен жылғы көрсеткіштерге талдау жасап, былтырғы жалпы өңірлік өнім мөлшерінің 1 732 221,4 миллион теңге құрағанын журналистер назарына жеткізді. Бұл ретте өнеркәсіптің үлесі 31,4 пайызды құрайды.

Қазіргі уақытта өндірістің өңдеу саласына ерекше мән берілуде. Биылғы жылдың төрт айына есептегенде нақты көлем индексі 93,4 миллиард теңге құрап отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Индустрияландыру картасына қатысты кеңінен мәлімет берді. Жалпы Индустрияландыру картасына сомасы 812,3 миллиард теңге болатын 13,2 мың жаңа жұмыс орындарының ашылуымен 94 жоба енгізілді. Өткен алты жыл ішінде 78 жоба іске асырылып, соның нәтижесінде 1,07 триллион теңгенің өнімі шығарылды. Бұл ауқымда биылғы төрт айдың үлесі — 51,9 миллиард теңге.

Бір атап өтерлік жайт, 2015 жылы өңір үшін жаңа өнімдердің өндірісі басталды. Мәселен, «Каспий плюс» компаниясы арнайы техникалар үшін құрағыш шығарса, «Энергоальянс» тұтынушыларға  болат шарлар ұсына бастады. «Молочные истории» ЖШС етті жүйелеп өңдеуге қол жеткізді, «Айс плюс» сүт өнімдерінің жаңа түрлерін игерді. Олардың барлығы да несие мөлшерлемесін субсидиялау, инфрақұрылым өткізу жөнінен мемлекеттік қолдауға ие болды.

Биыл Индустрияландыру картасы аясында 10 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның жалпы сомасы 15,3 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ осы ауқымда 780-ге жуық жұмыс орындары ашылмақшы.

Бүгінгі күні көпшілік назарын «Ақтөбе» индустриялық аймағы аударып отырғаны белгілі. Аймақ 200 гектар жер көлемін қамтиды. Бұл аумақта химия, мұнай-газ, құрылыс, көлік саласына бағытталған 10-ға жуық ірі және орта зауыттар, сондай-ақ 30-дан астам шағын зауыттар орналастыру жоспарлануда. Осы жұмыстар атқарылу барысында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылмақшы.

Қазіргі уақытта Индустриялық аймағынан жарақатқа қауіпсіз жабындылар өндірісімен шұғылданатын «TalanTechnology» ЖШС жер учаскесін алды. Мұнда жылына 60 мың шаршы метр тақтайша шығарылады. Жобаның құны — 307 миллион теңге.

Жер учаскесін алып үлгерген екінші жоба — «Ақтөбе ТОРSA Пласт» ЖШС-ның антифриз және басқа да түрлі еріткіш, химиялық реагенттер өндірісі. Бұл жобаның құны 200 миллион теңге деп бағалануда.

Сондай-ақ «Каспий плюс» ЖШС, «ҒІВС Kazakhstan» ЖШС және «Поливест» ЖШС жобалары өтініштерін дайындау үстінде.

Биыл облыс әкімдігі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және облыстың ірі кәсіпорындары арасында серіктестік бағдарламаға қол қойылды. Облыстағы ірі алты кәсіпорынға жүктелетін міндет — шағын және орта кәсіпорындардың белдеуін құру, импортты ауыстыру бойынша жаңа өндіріс орнын ашу.

Биылғы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 58,5 миллиард теңге құрады. Инвестициялар тарту мақсатында биылғы наурыз айында Астана қаласында Қазақстан Республикасындағы 43 дипломатиялық миссиялар басшыларының қатысуымен «Дипломатиялық бизнес-клубтың» отырысы өтіп, онда өңірдің инвестициялық әлеуеті мен жобалары таныстырылды.

Облыс аумағында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар шаралар орындалуда. Мысалы, бұл ауқымда Ақтөбе қаласындағы кәріз жүйесін қайта жаңарту немесе жаңа кәріз жүйесін салу қамтылып отыр. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстарын кеңейту, жол желілерінде автокөліктердің кептелістерін болдырмау, кәсіпорындарда өндірістік ағынды суларды жеке тазарту жүйесін орнату іске асырылмақшы.

Журналистер облыс әкімінің орынбасарына бірнеше сұрақтар қойды. Соның бірі калий тұзы зауыты құрылысына қатысты болды. Бұл сауалға «қандай жағдайда да жоба экологиялық сараптамадан, басқа да тексерулерден, қоғамдық тыңдаудан өтуі тиіс, егер қарсылық болып жатса, мәселе басқаша қаралады» деген жауап қайтарылды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button