Денсаулық

Батамен көгерген Берік

Ақтөбе қаласынан Оралға қарай шығатын тасжолдың оң жақ қапталында медициналық қалашық бой түзеді. Осындағы ғимараттардың бірінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің емдеу-клиникалық ауруханасы жұмыс істейді. Облыс жұртшылығы үшін маңызды жаңалықтардың бірі  осында аймақтық кардиохирургиялық орталықтың ашылуы болды. Жаңа мекемеге қарасты бөлімше меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Берік Қасымовпен әңгімемізге орталықта емделіп шыққан адамдардың ризашылығы себепші болды.

Берік, әңгімемізді сенің осы салаға келуіңнен бастасақ. Талабы күшті, үнемі адамдармен жұмыс істейтін, қай кезде де сергектікті, жауапкершілікті талап ететін дәрігер мамандығын қалауыңның сыры неде?

Мен көпбалалы шаңырақта өстім. Әкем Жақсылық — облыста медициналық қызмет ардагерлерінің бірі, оташы-дәрігер және бір ауданда бас дәрігерлікті табан аудармай отыз жеті жыл атқарған адам, анам Тыным — есеп қызметкері. Бала күнімнен әкемнен көргенім — сырқаттанып алдына келген адамның тез сауыққанын ойлап жүреді, тіпті ауырған адамның үйіне барып қарайды да, денсаулығын қадағалау үшін сонда қонып қалатыны бар. Қайда жүргенін анамызға телефон арқылы айтады. Әрине, емделушілер соңынан алғысын жаудырып жатады. Әкемнің осы қасиеттері денсаулық сақтау саласын қалауыма себеп болды. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, бітіргелі де жиырма жылдан асты.

Енді ашылғанына тоғыз жылға жуықтаған, өзің еңбек ететін орталықтың қызметі жайлы сөз етсеңіз…

Еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, басқа да бірқатар ірі тұлғалар, белгілі ғалымдар ашып, сәттілік тілеген мекемеміз қазір батыс аймақта жетекші орында.

Кардиология, кардиохирургия, қарқынды емдеу және жан сақтау, рентген-хирургиялық зерттеу және емдеу деп аталатын төрт бөлімше осызамандық медициналық аппаратуралармен жарақтандырылған, білікті мамандар жұмыс істейді. Мен жетекшілік ететін кардиохирургия бөлімшесінде төрт кардиохирург, бір кардиолог, 25 орта буынды медицина қызметкері бармыз. Бір мезгілде он екі адам жатып ем алады, жылына екі жүзге жуық ота жасаймыз. Бұл — еліміздің батыс аймағында осы тектес ауруханалар арасында ең жоғарғы көрсеткіш.

Орталықтың атауы айтып тұрғандай адам организміндегі ең басты, ең нәзік мүше — жүрек ауруымен сырқаттанған жандарға ем жасайды екенсіз. Бұдан бұрынғы жылдары осындай кеселге тап болғандар Алматы, Астана қалаларына, тіпті шет мемлекеттерге арнайы сапар шегіп, сондағы дәрігерлер көмегіне жүгінетін. Бұл дегенің — дімкәс организмге үлкен жүк, оның үстіне қаржылық жағынан да оңай емес. Қазір Ақтөбеде сіздердің қызметтеріңіз арқасында құлантаза айығып, қатарға қосылғандар қатары көбейіп келеді. Қуанышты жағдай. Бөлімшедегі емдеу сатылары жайында мағлұмат берген артық болмас.

Жалпы кардиохирургияда отаның бес-алты түрі бар. Соның бірі — жүректің тамырына тамыр жалғау. Көбіне-көп жасы алпыстан асқан адамдарға кезігетін жүректің осынау ишемиялық ауруымен біздің алдымыздан жылына жетпіс-сексен пациент  өтеді. Кей ретте ота екі-үш сағатта сәтімен аяқталады, ал жеті-сегіз сағатқа созылатыны ойдағыдай шыққанда «уһ» деп, демімізді бір аламыз.

Жүрек — төрт бөліктен тұратын күрделі мүше, яғни сол жақ жүрекше сол жақ қарыншасымен байланысады, оң жақтағысы да солай. Жүрекше мен қарыншаның, қарынша мен күретамырдың арасында қақпақша болады. Қақпашада ақау шықса оны ауыстыру сатысын біршама меңгердік. Ауыр жағдайлар ұшырасқанда жасанды қан айналымы аппаратын қолданамыз. Адам организміндегі барлық процесті реттеп, үйлестіріп отыратын жүрекке ота жасағанда ешкім де кепілдік бере алмайды. Бірде бөлімшемізге жасы алпысты еңсерген сырқат келіп түсті. Сараптама жасағанда ревматизм, бактериялық индокардит ауруларының белгісі байқалды. Алдын ала емдеп, жағдайды жеңілдеткен соң ота үстелінде жүрек қақпақшасын алмастырдық. Арада төрт-бес күн өткенде қақпақша мойнында сақинасы ірігені анықталды. Лажсыздан екінші қайтара ота жасалды. Абырой болып, әлгі ағамыз толық айыққан күйде отбасына аман-есен қауышты, бізбен телефон арқылы хабарласып, алғысын жаудырып жатады.

Отаның қай түрі де жеңіл болмаған. Медицина қызметкері үшін ең үлкен баға – өзі емдеген адамның ризашылығы. Өзің жайлы жылы лебіздер естіп те жүрміз. Дегенмен өзіңізде бар құжаттармен әңгімемізді ажарлай түссек…

Бөлімше меңгерушілігіне тағайындалғаныма көп болмап еді. Көрші Орал қаласынан жасы жетпіске жуықтаған Өтеміс деген ағай түсті. Ол жақта кардиохирургия дами қоймағандықтан біздің қызметімізге жүгінген ғой. Төселіп кете қойған жоқпын, сөйтсе де тәуекел еттім. Ота күрделіліктен ұзаққа созылды. Түбі қайырлы болып, емделушім ауылына аман-есен оралды.

Бір күні бөлімшеде қатарынан үш адамға ота жасадық. Бірі — Атырау қаласынан келген 47 жастағы әйел, екіншісі — 35 жастағы ақтөбелік келіншек, үшіншісі — жасөспірім қыз. Өзім де, қасымдағы көмекшілерім де шаршадық. Жан сақтау бөлімшесінде елді жайғастырған соң үйлеріне қайтқан сол адамдар біразға дейін хабарласып тұрды. Әлгі шаршағанымыз сейіліп, жеңілденіп қалдық.

Ендігі әңгімені өзге бөлімшелерге аударғанымыз жөн болар…

Медициналық мекеменің қай-қайсысында да жұмыс процестері өзара сабақтасып жатады, үлкен-кіші қызметкерлер мұраты — екі көзі жәутеңдеп, дертіне дауа тілеген, өзіңнен үміт күткен замандасты қуанышқа бөлеу. Кардиохирургиялық орталықтың ашылған күннен бастап жұмыс ырғағын бұзбай, қалыпты қызмет етіп келе жатқаны — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры, профессор Ербол Бекмұханбетовтің ұдайы көңіл бөлуі нәтижесінде. Біздің бөлімше қызметі негізінен қарқынды емдеу және жан сақтау бөлімшесімен байланысты. Ота жасаудың елу пайызы оташы дәрігерлерге қатысты, ары қарай көп жайды әлгіде мен айтқан бөлімше мамандары шешеді. Көптен сырлас, шеберлік шыңдау ниетімен талай шет мемлекеттерге бірге шыққан әріптесім Асқар Аяғанов қарауындағыларға да, өзіне де талапты қатты қояды, нәтижесінде емделушілерден ешқандай шағым түскен емес.

Сіз тек дәрігер емессіз, медицина ғылымдарының кандидаты деген дәрежеңіз бар. Осы жағын да айта кетсек…

Менің ұғымымша зерделі адам бір орында тұйықталып қалуға тиісті емес. Оқимын, ізденемін деушіге қай кезде де мүмкіндік болады. 2002 жылы Алматы қаласында А.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының аспирантурасына оқуға қабылданып, төрт жыл өткен соң «Ересек адамдардағы қолқа коарктациясы ақауын хирургиялық жолмен емдеу» тақырыбында ғылым кандидаттығына диссертация қорғадым. Астана қаласында Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың кардиохирургия бөлімінде қызмет еттім. Израильдің Тель-А-Шомер клиникасында екі айлық білім жетілдіру бағдарламысынан өтуім, Чехия, Италия, Голландия, Португалия сияқты мемлекеттерде болып, тағылымдама меңгеруім көп пайдасын тигізді. Қай кезде де ұстаздарым — жүрек-қан тамыр аурулары хирургиясынан ғылым докторлары Валихан Джакуповты, Арыстан Сейдалинді, кардиохирургиядан ғылым докторы, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пяны ұмытпауға тиістімін. Алла сәтін салса, ғылым жолындағы ізденістер осымен тоқтап қалмас.

 

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.      

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button