ЖаңалықтарЭкономика

«Йылдырым групп» келесі аптадан бастап ресей мен қытайға өнім шығара бастайды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Йылдырым групп» компаниясының құрылтайшысы Роберт Йылдырыммен кездесті. Ол Ақтөбеге өзі басқаратын топқа кіретін «Восход Ориел» және «Восход Хром» кәсіпорындарының жұмыс барысымен танысуға келген. Бұл компания негізінен хром рудасын, хром концентратын өндірумен және өңдеумен шұғылданады.

«Восход Ориел» ЖШС 2008 жылы Хромтау ауданындағы «Восход» кен орнында тау-кен байыту кешені құрылысы бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Мұндағы кен қоры 19 миллион тоннадан астам мөлшерді құрайды. Қазіргі уақытта кәсіпорын 800 адамды тұрақты еңбекақымен қамтамасыз етеді.

Облыс басшысы әлемдегі күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, аталған кәсіпорындарда бір де жұмысшы қысқармағанын және еңбекақы төлемінен проблема жоқтығын атап көрсетті. Басшылық облыс әкімдігі және облыстық кәсіподақтар кеңесі қол қойған меморандум аясында өздеріне алған барлық міндеттемелерін орындайды.

Компания да өздерінің әлеуметтік міндеттемелерін орындауда оң жағынан көрінуде. Өткен жылы кәсіпорын өздері жұмыс істейтін аумақтағы Дөң селолық округінің Оңғар селосына газ қосуға 240 миллион теңге бөлді. Таяу уақытта бұл елді мекенге орталықтандырылған сумен жабдықтау желісі жүргізілмекші. Бұдан басқа, осы жазда Оңғар және Дөң селоларындағы екі орта мектепке 80 миллион теңгеге жөндеу жасау жоспарлануда және Дөң мен Сарысай арасындағы жол төсемін ағымдағы жөндеу жұмыстары басталмақшы.

Сонымен бірге өндіріс көлемінің төмендеуі облыс басшылығының мазасыздануын тудырады. Мәселен, 2015 жылы ЖШС 900 мың тоннадан астам хром рудасын және 500 мың тоннадан жоғары концентрат өндірсе, биылғы 4 айда тиісінше 88 мың тонна хром рудасы және 32 мың тонна хром концентраты өндірілген.

Кәсіпорын өкілдері бұл жағдайды өткен жылдан бері жұмыс істемей тұрған негізгі тұтынушы — Тихвин ферроқорытпа зауытының өнімге сұранысы төмендеуімен байланыстырады. Зауыт алдағы маусым айынан шикізатты бұрынғы көлемде сатып алуды қалпына келтіреді деп күтілуде.

— Мен өнім өндіру көлемін төмендетпеулеріңізді және жылдың соңына дейін былтырғы деңгейге жеткізуді сұраймын. 2015 жылы өндіріске инвестиция миллиард теңгеден асты, біздің болжамымыз бойынша биыл 3 миллиард теңгеден кем болмауы тиіс. Бұдан басқа, облыс аумағында өз қажетіміз үшін тауарлар өндіретін шағын кәсіпорындар ашуды ұсынып, өңірімізге таяу және алыс шетелдерден тасымалданатын тауарлар импортын азайту бойынша жұмыстарды жандандырудамыз, — деп атап көрсетті облыс басшысы.

Роберт Йылдырым жемісті ынтымақтастығы және көмегі үшін облыс басшысына алғыс сезімін білдірді.

— Біз өңірдің дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, бұл үшін қажетті инвестициямыз бен тәжірибеміз бар. Өндіріс көлемін ұлғайтуға келетін болсақ, біз келесі аптадан бастап өз өнімдерімізді Ресей мен Қытайға жөнелте бастаймыз. Бұдан басқа, қазір хром рудасының құны өсті, — деп ой бөлісті «Йылдырым групп» компаниясының құрылтайшысы.

Роберт Йылдырым 2016 жылы өндіріске 3,2 миллиард теңге инвестиция салынатынын жеткізді. Жұмысшылардың біліктілігін көтеруге компания бөлетін қаржы ұлғайды. Бұдан басқа, жұмысшылар үшін әлеуметтік пакетке 600 миллион теңге қарастырылды.

Кездесу қорытындысында Бердібек Сапарбаев биліктің компанияның проблемаларын шешуге және жоспарларын орындауға жан-жақты көмек көрсетуге әзір екендігін атап көрсетті.

 «Ақтөбе ақпарат» орталығы.           

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button