Астарлы қалжың. есті күлкі

Фестиваль
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбеде 19-20 мамыр аралығында «Айтқыштар — Ақтөбеде» VII республикалық әзіл-сықақ фестивалі өтті
Фестивальге еліміздің барлық облыстарындағы мәдениет және өнер мекемелері жанынан құрылған 14 әзіл-сықақ театры мен 3 жеке орындаушы қатысты. Фестивальді облыс әкімінің, облыс мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры ұйымдастырды.
Күлкінің күшін қоғамдағы келеңсіздіктермен күресуге бағыттап, өткір қалжыңмен, әдемі әзілмен халықтың көкейіндегі қыжылды тап басып, риясыз күлкіге кенелтетін сатираның тойы іспетті фестивальдің тағы бір мақсаты бар, ол — ел ішіндегі жас таланттарды елге таныту. Екі күндік күлкі жәрмеңкесі көрермендерді күлкіге қарық қылды.
Фестивальдің ашылу салтанатында халықты «Екі езу» сатира театры артистерінің небір күрделі дүниелерді қимыл-қозғалыс арқылы көз алдыңа әкелетін көлеңкелі қойылымы тәнті етті. Театр өнерінің магистрі, режиссер Елтай Кемал қойған театрландырылған хореографиялық көріністе кешегі қазақы қалжыңның қаймағын сүзіп берген Асқар Тоқмағамбетов, Жүсіп Алтайбаев, Садықбек Адамбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Қажытай Ілиясов секілді аға буын сықақшылардың, өмірден ерте кеткен Бейсебай Кірісбаев, Басқар Битанов сияқты орта буын өкілдерінің, Құдайберген Сұлтанбаев, Лұқпан Есенов, Тоқсын Құлыбеков, Уәйіс Сұлтанғазин тәрізді «Тамашаның» тарландарының портреттері ұсынылды.
«Ара-Атырау» әзіл-сықақ театры ұсынған «Менің күйеуім қызғаншақ» комедиясы (авторы Марат Сақатов) салғаннан елді күлкіге көміп салды. Шектен тыс қызғаншақ күйеуі іссапарда жүрген сұлу келіншектің (Мария Нұғымарова) үйіне біресе есігі құлыпталып қалған көршісі, біресе сыныптасы, біресе қызметтестері, өңшең ер адамдар келіп, байғұсты әбден састырады. Қызғаншақ күйеуді «Бауыржан-шоу» арқылы халыққа жақсы танымал актер әрі осы театрдың көркемдік жетекшісі Нұрбек Мәдиев қатырып ойнайды.
«Бауыржан-шоудың» тағы бір тарланы, Алматыдан келген «Керемет» театрының көркемдік жетекшісі әрі актер Алмат Сақатов өзі жазған «Психолог» интермедиясында қазіргі дәрігерлердің адам емдеуді жан қинамай мал табудың жолына айналдырып жүргенін өлтіріп сынайды.
Есте сақталып қалған қойылымдардың қатарында Оңтүстік Қазақстан әзіл-сықақ театрының «Мойындау» интермедиясы көптің көңілінен шықты. Кейбір тәртіп сақшыларының жазықсыз жанға кісінің ойына келмейтін бәлені жауып, аяқ астынан істі қылатыны өмірде кездесетін ақиқат. Астарлы қалжың мен осыны сын садағына алған артист Мамыр Есбергеновтің интермедиясына жұрттың ішек-сілесі қатты. Алматылық «Шапалақ» театрының «Той шашуы» комедиясында тойшыл қазақтың көрпесіне қарап көсілмейтіні, «жұлдыз» шақырмай той өткізбейтіні күлкіге тиек болады.
Фестивальдің қазылар алқасына Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Ара» газетінің бас редакторы Көпен Әмірбек төрағалық етті. Алқа құрамында республикаға белгілі сықақшы Төрежан Мәндібай, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Мағзұм Бақытжанов, танымал сықақшы Мұхтар Шерім, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, ҚР мәдениет қайраткері Қанат Айтбаевтар болды.
Атырау қаласынан келген «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театры «Менің күйеуім қызғаншақ» (авторы — белгілі сықақшы Марат Сақатов), ал алматылық «Керемет» әзіл-сықақ театры Алмат Сақатовтың «Дәрігерлер әлемі» және «Психолог» қойылымдары үшін бас жүлдені бөлісті.
Тараздан келген «Талас таланттары» театрының «Арандатқыштар» (авторы — Шона Смаханұлы) музыкалық-сатиралық қойылымы мен Оңтүстік Қазақстан әзіл-сықақ театрының «Мойындау» (авторы — Мамыр Есбергенов) интермедиясы І орынға лайық деп табылды.
Екі екінші орынның бірін Көкшетау қаласынан келген Ш.Құсайынов атындағы Ақмола музыкалық драма театрының «Ол кім? Бұл не?» интермедиясы (авторлары — Төлеубек Көңбай мен Бағлан Иманғазинов), екіншісін алматылық «Шапалақ» сықақ театры қойған Нұрғали Нұржанғалиұлының «Той шашуы» комедиясы еншіледі. Үшінші орын үшеу болды. Оның біреуі «Қожанасыр» интермедиясы үшін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің әзіл-сықақ отауына, екіншісі «Ақымақ ұры» интермедиясы үшін Орал қаласынан келген «Тәтәй» театрына, үшіншісі «Фейсбуктегі махаббат» интермедиясы үшін қызылордалық «Мекере-думан» әзіл-сықақ отауына бұйырды. «Ең үздік жеке орындаушы» номинациясы «Өзім жайлы» монологын шебер әрі жеріне жеткізе орындаған алматылық Сейіл Ибатовтың қанжығасында кетті, ол көрермендердің есінде Тишон деген лақап атпен қалды. «Ең үздік сахналық көрініс» номинациясын «Шапалақ» театры қойған интермедия авторы Нұрғали Нұржанғалиұлы алды. «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын көкшетаулық актер Төлеубек Көңбай иеленді. Қызғаншақ күйеуден көресіні көріп жүрген әйелді келістіріп сомдаған атыраулық Мария Нұғымарованың кейіпкері «Ең үздік әйел рөлі» деп танылды.
Алматылық «Тәуекел әзіл-сықақ театры» «Кел. Танысайық» музыкалық комедиясы «Ерекше көзге түскені үшін», ал ақтөбелік «Достар-ай» әзіл-сықақ отауының «Сүндет» (авторы — Н.Жұбатқан) интермедиясы «Көрермендер көзайымы» номинацияларын алды.
Көпен ӘМІРБЕК: Ақтөбеде әзіл-сықақ фестивалі жылда өтетін болды
— Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Театр — тірі организм, ол да ауырады, сауығады» дейтін. Ақтөбелік сықақшы, «Екі езудің» ұйымдастырушысы Нұрлыбек Жұбатқанның бастамасымен «Айтқыштар — Ақтөбеде» әзіл-сықақ фестивалінің тұсауы 2002 жылы кесілген еді. Оған Алматының зиялы қауымы қатысты. «Айтқыштар — Ақтөбеде» басында дүркіреді, кейін тым-тырыс болып қалды. Себебі беймәлім, сірә, басшылардың ықыласы, қолдауы болмаған шығар деп ойлаймын.
Құдайға шүкір, міне, үзілген өрмектің жібі жалғанып, биыл жетінші рет өткізіліп отыр. Осы шараның өткізілуіне қолдау жасаған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа рақмет.
Батырмын деген кісінің өзі елге күлкі болудан қорқады. Мықты сықақшы Сейіт Кенжеахметов: «Күле білу — өмір, күлдіре білу — өнер, күлкі болу — өлім» дейді. Болгарияда әлемдік күлкінің астанасы атанған Габрово деген қала бар. Габрово әзілдері дегенді білмейтіндер аз. XVIII-XIX ғасырлардан бастап габроволықтар өздері туралы небір күлкіге батыратын қызық хикаяларды ойлап тауып, оны елге таратады. Соның арқасында бүгінде аты әлемге танылып, күлкінің астанасына айналды. Жыл аралатып, тақ саннан тұратын жылдарда сатира мен юмордың фестивалін өткізу оларда дәстүрге айналған. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі қалжың сөздің қадірін білетіндер қатысады.
Сол сияқты «Айтқыштар — Ақтөбеде» фестивалі де тоқтап қалмай, әрі қарай жалғасын тапса дейміз.
Осы жолы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болдым. Сонда әрдайым мәдениет пен өнерді қолдап жүретін Бердібек Машбекұлы республикалық «Айтқыштар — Ақтөбеде» әзіл-сықақ фестивалі алдағы уақытта жыл сайын өткізіліп тұратынын айтты. Бұған біз де қатты қуанып қалдық.
Мұхтар ШЕРІМ, сықақшы:
КҮЛКІНІ КЕБЕК СЕКІЛДІ КӨРЕДІ…
— Бұған дейін де «Екі езу» миниатюра театрының бастамасымен «Айтқыштар —Ақтөбеде» фестивалі 6 рет өткізілген екен. Соның бірнешеуіне қатыстым. «Тойдың болғанынан боладысы қызық», әзіл-қалжыңның қуырдағынан дәм татайын деп келдім бұл жолы да.
Фестивальдің қазылар алқасының төрағалығына Көпен ағамыздың шақырлылуы шараның салмаған арттырып, шырайын кіргізді.
1986 жылы қараптан-қарап отырып, Шымкентте Қазақстан және Орта Азия сықақшыларының «Күлкі жәрмеңкесі» фестивалін ұйымдастырғаным бар. Сол кезде студент, бүгінде Ахтанов театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан інім күлкінің вирусын жұқтырған болар, бұл фестивальді ұйымдастыруда еңбегі зор. Мұндай шараны ұйымдастыру екінің бірінің қолынан келмейді. Нұрлыбек — ешкімнен ештеңені қызғанбайды, көңілі таза, нағыз өнер адамы.
Әзіл-сықақ фестивалі деген өте сирек ұйымдастырылады, ал ақындардың мүшәйрасы, айтыс деген жер-жерде өтіп жатыр. Күлкіні кебек тәрізді көреді, оған мән бермейді. Бұған билеті қымбат, күлкісі арзан кейбір концерттердің де ықпалы бар шығар. Дәрменсіз күлкіні аяғынан тұрғызып, күлкінің туын желбірету — заман талабы. Бұ заманда жан-жағың толған күлкі. Тақырыптан тайғанап жығыласың, тек соларды көрсете білу керек. Күлкінің мәнін де, сәнін де кетіруге болмайды. Фестивальде жас артистерге кешіріммен қарауға тырыстық. Дегенмен сатираға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүниелер де сахнаға шығып жатты. Және көрермендердің бәрі тас керең болып қалғандай, айқайлап сөйлейді, күшеніп күлдіруге тырысады. Анайы, дөрекі сөздерді кейіпкердің аузына тықпалайды.
«Психолог» интермедиясында Алмат өзінің кәсіби шеберлігі жоғары актер екенін тағы бір дәлелдеді. Атыраулықтардың қойылымында «Бауыржан-шоуда» әбден ысылған, нағыз бабында тұрған актер Нұрбек Мәдиев сахна төрінде айрықша жарқ етті.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.




