Білім

Мерейлі мерейтой

Өткен сенбіде Студенттер сарайында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 50 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті.

Шараға жиналғандар алдымен Құдайберген Жұбановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ғалымды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты шараның шымылдығы Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұлтаспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылды.

Бұдан кейін оқу орнының тарихы мен бүгінге дейін жеткен жетістіктері туралы бейнефильм көрсетіліп, білім ордасының өнерпаздары «Бұл Жұбанов» әнін орындады.

Кеш жүргізушілері ҚР Білім және ғылым министрлігінің, университет түлегі, ҚР Президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Оңдасын Оразалиннің және Қазақстан халқы Асссамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың арнайы жіберген құттықтау хатын оқып берді.

Университет ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжеғали Кенжебаев университеттің тарихы, жетістіктері мен қазіргі жай-күйі туралы әңгімелеп, шараға қатысушыларды білім ордасының 50 жылдық мерейтойымен құттықтады.

  • Университет 1966 жылы 250 студенттік контингентпен ашылып, алғашында физика, математика, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тіліндегі орыс тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша білім берді. Қазір 71 мамандық бойынша кадр дайындайтын 50 жылдық тарихы бар білім ордасынан осыған дейін 70 мыңнан астам түлек ұшырды. Бүгінгі күні Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті — Батыс Қазақстан аймағындағы іргелі, классикалық университет.

Бүгінгі күні университетімізде 36 профессор және ғылым докторы, 8 PhD докторы, 280 ғылым кандидаты мен доценті бар. Сондай-ақ, соңғы бес жыл көлемінде университеттің 16 оқытушысы «ҚР жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленіп, киелі шаңырағымыз «Ең үздік оқу орны» атағына ие болды.

Қазіргі кезде заманға сай білімді, білікті мамандар даярлауда университет материалдық-техникалық базамен толық қамтылған, барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, 800 орындық Студенттер сарайы, 825 орындық көрерменге арналған Жастар сарайы, мұражай, кітапхана, студенттерге арналған емхана, екі жатақхана, 1100 орындық екі спорт кешені, бассейн, 6 оқу корпусы, сондай-ақ, 2 институт, 6 факультет бар.

Білім ордасының құрылуына ерекше үлес қосқан, алғашқы қабырғасын қалаған ректорлар Павел Щетинин, ғалым, ағартушы Мұхтар Арынов, сондай-ақ, Ақтөбе мемлекеттік институтын ұзақ жылдар бойы басқарған Ғалымжан Нұрышевтың есімдерін атап өткім келеді. Олар — білім ордасының көркеюіне ерекше үлес қосып, еңбек еткен азаматтар.

Қазіргі таңда университетте 9 мыңға жуық студент білім алуда. Оның 2545-і —

мемлекеттік грант иегері. Сондай-ақ, бүгінгі күні оқу орнында «Жұбановтану»

зертханасы жұмыс жасайды. Аталған зертханада түрлі конференция, семинар, кездесулер ұйымдастырылып, Құдайберген Жұбановтың қазақ тіліне қосқан елеулі еңбегі ұлықталып, ғалымға арналған әртүрлі іс-шаралар өткізіледі, — деді университет басшысы.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов облыс әкімінің арнайы құттықтауын оқып, университеттің бір топ профессор-оқытушы құрамына Алғыс хаттар табыстады.

Шара барысында сондай-ақ, ҚР Президентінің мұрағаты директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Джапаров Кенжеғали Кенжебаев бастаған бір топ азаматтарға ҚР Жоғары оқу орны қауымдастығының Ахмет Байтұрсынов атындағы ордені мен медальдарын табыс етті.

Салтанатты кеште филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы мен биология ғылымдарының докторы, профессор Ажар Жұбанова жиналғандарға

жүрекжарды лебіздерін білдіріп, университет басшылығына алғыстарын айтты.

Кеш барысында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық хор ұжымы, «Алтын қыран» вокалды аспапты ансамблі, танымал әншілер Орал Байсеңгір, Дулат, Рита Айтжановтар, «Наз» триосы, халықаралық «На Николаевской — 2016» байқауының жүлдегері Әйгерім Жұмабектер әсем әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шара соңында университет түлектері оқу орнының басшылығына құттықтауларын жолдап, ақ тілектерін ағынан ақтарыла айтты.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button