Білім

Кинезотерапия деген не?

Тәжірибе

  «Ақбөбек» оңалту орталығында облыстық іскер әйелдер кеңесі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының атсалысуымен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы шара өткізілді.

Бала денсаулығына қатысты өзекті мәселелер қозғалған басқосуға Ақтөбедегі дәрігер мамандармен қоса,  Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келген невропотолог дәрігерлер, оңалту саласындағы дәрігерлер, ЛФК дәрігерлері мен нұсқаушылары, дефектологтар, педагогтар, психологтар, логопедтер қатысты. Бала денсаулығы әр ата-ананы толғандырары хақ. Туабітті немесе жүре келе пайда болған сал аурулары бала үшін де, ата-ана үшін де психологиялық тұрғыдан да жеңіл емес.

«Ақбөбек» компаниясы басшылығының шақыруымен Татарстанның белгілі дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, Қазан мемлекеттік университетінің неврология және нейрохирургия кафедрасының профессоры Валида Исанова өңірімізге арнайы келіп, осы сала бойынша еңбек етіп жүрген дәрігерлерге «Жүйке жүйесі ауруларын кинезотерапия арқылы оңалту» тақырыбында шеберлік дәрісін өткізді. Саналы ғұмырын  сал ауруға ұшыраған балалардың денсаулығын зерттеп, оны емдеуге арнаған дәрігер Валида Исанова — кинезотерапия бағдарламасының авторы. Ол —  мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу, сауықтыру бойынша әлемдік тәжірибені саралап, оны өз жұмысында пайдаланып жүрген ғалымдардың бірі. Профессор «Ақбөбек» оңалту орталығында ем қабылдап жүрген мүмкіндігі шектеулі балаға өзімен ала келген «Атлант» нейроортопедиялық костюмін кигізіп көрсетті. Мұндай арнайы киім өздігінен жүре алмайтын кемтар балалардың аяғынан басып жүруіне мүмкіндік беретінін тәжірибе жүзінде көрсетті.

Шараға салмен ауыратын балалардың ата-аналары да қатысты. Олар атақты дәрігерден баламен қалай жұмыс істеу керектігі және олардың өз бетімен қозғалуына қалай көмектесуге  болатыны туралы ақылдасты. «Ақбөбек» оңалту орталығының дәрігерлері мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу барысын көрсетіп, олармен оңалту ойындарын өткізді. Жиын соңында «Ақбөбек» компаниясының атынан балаларға сыйлықтар табыс етілді. Жиынға қатысқан дәрігерлер орталық жүйке жүйесінің сырқатынан сал ауруына душар болған балаларды емдеп, қоғамға қосумен айналысып жүрген білікті дәрігердің сабағынан тәжірибе алып, ризашылықтарын білдірді.

— Біз әр баланың бақытты болғанын қалаймыз. Олар әр таңды күліп қарсы алса дейміз. Сондықтан да өңіріміздегі сырқаты жеңіл емес балаларды қолдап, оларға әр кез қамқор болуды мақсат етіп келеміз. Ауылдық жерлердегі осындай балалар үшін аудан орталықтарында да оңалту орталықтары ашылса деймін. Біз өз кезегімізде дәрігерлерімізді жіберіп, оларға қалай, қандай бағытта жұмыс істеуді үйретуге дайынбыз, — дейді «Ақбөбек» компаниясының бас директоры Күлпаршын Айдарханова.

Ашылғанына биыл 20 жыл толып отырған «Ақбөбек» оңалту орталығы алғашқы күннен бастап-ақ науқас, мүмкіндігі шектеулі  балаларды сауықтыру жолында үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Білікті дәрігерлердің көмегімен көрсетілетін жоғары деңгейдегі медициналық көмек әр баланың жүрегіне үміт отын жағып, оларды жарқын болашаққа ұмтылдыратыны анық.

Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button