Денсаулық

Бір ем — темірге бай тағамдар

Қан аздық — қан құрамындағы эритроциттердiң (қанның қызыл түйiршiктерi) қызыл қан жасушалары санының азайып, гемоглобин мөлшерiнiң кемуiнен болатын ауру.

Бүгiнде жүкті әйелдердің арасында қан аздық ауруы жылдан-жылға жиiлеп барады. Ресми мәліметтерге сүйенсек,  қазақ әйелдерiнiң 90 пайызы қан аздық тақсыретiн тартады екен.

Соңғы кезде қан аздық ауруы денсаулық сақтау саласындағы басты мәселелердiң бiрiне айналды.

Мамандардың пiкiрiнше, ауру негiзiнен құрамы үйлесiмсiз және микроэлементтерi аз тағамдарды тұтыну салдарынан болып отыр.

Қан аздықпен ауырған адамның қаны сұйылып кетедi. Бұл аурудың сипаты —  адам денесi қан деңгейiн қалыпқа түсiрiп үлгергенше, қанның азайып немесе жойыла бастауымен байланысты айқындалады. Үлкен жарақат алғанда немесе асқазан жарасының аузы ашылып кеткенде, iш сүзегiмен сырқаттанғанда (дизентерия) қанның тоқтамауы қан аздық ауруына шалдықтыруы мүмкiн. Қанның қызыл түйiршiктерiн жойып жiберетiн безгек (малярия) ауруы да — қан аздық дертiн қоздырушы.

Күнделiктi тамақ құрамында темiр тектес заттардың болмауы да ауруды ушықтыра түседi.

Жүктi әйелдер қан аздықтың ауыр түрiне тез шалдыққыш келедi екен.

Мұндай сырқатпен ауырған әйелдерде түсік тастау және босанған кезде қатты қансырау қаупі зор. Әйелдердің темір қоспасы көп тағамдарды мүмкіндігінше көбірек ішіп-жегені дұрыс, әсіресе, жүкті кезінде дұрыс, жақсы тамақтануға мән бергендері жөн. Жүктіліктің арасына 2-3 жыл уақыт салу әйелге күш жинап, денсаулығын нығайтып алуға мүмкіндік туғызады.

Балалардағы қан аздық олардың iшетiн тамағында темiр тектес заттардың жетiспеушiлiгiнен және сәбидi 6 айлығынан кейiн қосымша тамақтандырмаудан болады. Сондай-ақ жас балалардың қан аздығына көбiне-көп олардың нематозды (паразит құрттарды) жұқтыруы, созылмалы түрде iшiнiң өтуi және iш сүзегiмен ауыруы себеп.

Аурудың белгiлерi:

Терi мен шырышты қабықтардың қуқыл тартып бозаруы, ал қан азаю деңгейi күрт төмендеп кеткенде талып қалу, демiгу пайда болуы мүмкiн. Қабақ үстi терiсiнiң өңi кетiп бозарады. Тiс қызыл етi қаны қашып ағарады. Тырнақ ағарып кетедi. Науқас тез әлсiреп, шаршағыш келедi.  Қан көп кеткенде немесе аз-аздап, бiрақ жиi-жиi аға берген жағдайда, жарақаттанғанда, мұрыннан, асқазаннан, жатырдан, тiк iшектен қан кеткенде, сондай-ақ дұрыс тамақтанбағанда темiр құрамының аздығы, тағамда дәрумендердiң жетiспеуiнен болады. Ағза әлсiрететiн созылмалы сырқатқа шалдыққанда құрт ауруы, iш ауруы және тағы басқа аурулармен ауырғанда, уланғанда (саңырауқұлақтан, кейбiр дәрiлерден) қан аздық болады.

Ауыр түрi болса аяқ iсiнiп, жүрек соғысы жиiлейдi, топырақ, бор жеуге әуестенедi. Қан аздық тұқым қуалауы да мүмкiн.

Емделу және сақтану шаралары:

Құрамы темiрге бай тағамдармен тамақтану қажет. Әдетте, ет, балық және тауық етi құрамында темiр мөлшерi көп. Көкбұршақ, асбұршақ, жасымық (чечевица), көкөнiстерінде де темiр бар.

Сондай-ақ тағамды шойын ыдыстарға пiсiргеннiң де пайдасы зор. Денеге темiрдi сiңiрiп қабылдауы үшiн негiзгi тағамға қоса көкөнiс пен жемiс-жидек жеген дұрыс. Кофе мен шәйдi тамақтанып болғаннан соң iшу керек.

Қан аздықтың қалыпты және ауыр түрiмен ауырғанда темiр қоспалы дәрi-дәрмектер қабылдау қажет. Мәселен, темiр сульфатты дәрiлер. Мұны, әсiресе, қан аздықпен зардап шегетiн жүктi әйелдер iшуi керек.

Қан аздықтың барлық түрінде де темір сульфаты таблеткалары бауыр экстракты мен В12 витаминіне қарағанда анағұрлым пайдалы. Темiр қоспалы дәрiнi әдетте егу арқылы емес, дәрi түрiнде қабылдайды. Өйткенi ине салғызу қанша дегенмен де қауiптi және әсер ету күшi жағынан да iшетiн дәрiден артықшылығы жоқ.

Егер қан аздық iш сүзегi салдарынан, безгек зардабынан пайда болса, онда осы ауруларға қарсы емделу қажет. Қан аздық ауруынан емделуге болады. Ол үшiн ауру адамға қан құяды, қажеттi дәрi-дәрмек бередi. Дұрыс тамақтану мен ұйықтау мерзiмдерiн сақтау, таза ауада көбiрек демалған дұрыс.

Ауру белгiлерi байқалысымен оны анықтау және тиiсiнше ем қабылдау үшiн дереу дәрiгерге қаралу керек.

Темір препараттарын қабылдап жүрген кезде тамақтануға ерекше көңіл бөлген жөн. Темірдің сіңімділігін арттыру үшін, құрамында С витамині бар тағамдарды молырақ пайдаланыңыз. Олар: цитрус жемістері, қызанақ, түрлі-түсті қырыққабат, т.б. Итмұрын сусыны құрамында С витамині мол болады. Бірақ итмұрын тіс эмалін бұзатын болғандықтан, оны түтікше арқылы ішу керек.

Қан аздығына шалдығудың алдын алу үшiн қансыраудың нелiктен болатынын анықтап алып, дәруменге бай тамақ iшудiң, режимдi дұрыс сақтаудың, дене шынықтырумен, спортпен шұғылданудың, демалысты жақсы ұйымдастырудың маңызы зор.

И.ҚАЛИЕВА,

Қарғалы қалалық ауруханасының

акушер-гинекологы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button