Денсаулық

ДҰРЫС ТАМАҚТАНЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

Ата-бабаларымыз ерте кезде таза тамақ ішкен. Ет, сүт, қымыз бен шұбатты үзбей пайдаланған. Содан да ол кездің адамдары ауру-сырқаудың не екенін көп біле бермеген. Өйткені ас — адамның арқауы, таза тамақ бойына  үлкен қуат берген. Қымыз бен шұбаттың емдік қасиетінің молдығы, жылқы етінің дәрі екені қазір әр қазаққа белгілі.

Уақыт өте келе, әсіресе, кешегі кеңес  заманында жылқының еті мен сүтін, түйенің шұбатын сирек пайдаланатын болдық. Керісінше тез дайындалатын құнарлылығы, кенеуі кем тамаққа әуестік артты. Денсаулыққа  пайдасы жоқ екенін біле тұра сөйтетін болдық. Атап айтсақ, ағзаға теріс әсер беретін тағамдарды әлі де жиі  пайдаланып келеміз.

Жыл сайын 16 қазан Дүниежүзілік – тамақтану күні аталды. Бұл шара әлемнің 150 елінде аталып өтіледі.  Бұл күні нашар тамақтанатын, артта қалған елдердегі адамдарды тамақтандыру күнін «Ас – адамның арқауы» атты ұранмен өткізді.

Осыған орай облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы осы салаға қатысты мекемелердің мамандарымен бірлесіп, қалалық №2 емханада тамақтанудың тиімділігі туралы онкүндік өткізді.

Сонымен бірге бұл күні қаланың бүкіл емдеу сауықтыру мекемелерінде ашық есік күні өткізілді. «Ас – адамның арқауы» ұранымен жоғары оқу орындарында, лицейлерде, мектептерде, мекемелер мен медицина мекемелерінде түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мектеп жасына дейінгі балалар асфальтқа  сурет салды. Жастар арасында «Денсаулық – дұрыс тамақтану» атты көңілді тапқыштар кеші ұйымдастырылды.

Ақапарттық білім, таным материалдары таратылды.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ.

Сәбиді сақтаңыз!

Адам денсаулығы қай кезде де қоғамның басты байлығы болып саналады. Сондықтан оған мән бермеу, ауыр зардаптарға соқтыратыны аян. Бұл ретте жас балалардың денсаулық жағдайын тексеріп, дер кезінде сырқатты болдырмау шараларын алып отырған жөн.

Біз сақтанатын бір мәселе — балалардың қан аздығы. Қазіргі уақытта темір тапшылығы жиі кездесетін сырқаттардың біріне айналуда. Мұнда қан аздығы қызыл қан түйіршіктері және оның құрамында кездесетін гемоглобин концентрациясының азаюымен қатысты сипатталатын жай болып есептеледі. Әдетте қан аздығы темір, В 12 витамині, мыс және басқа да заттардың кемшіндігінен туындайды

Темір тапшылықты қан аздығының негізгі себептері мыналар: сәби тіршілігінің алғашқы екі-үш айында анасынан алған темір қоры таусылып, ілкі сәтте сырттан оның орнының толмауы, сондай-ақ бала ағзасының өсуіне сай қан көлемі ұлғаюынан оған қажеттіліктің бұрынғысынан артуы, темірдің тағаммен жеткіліксіз түсуі, тағы басқалары. Кей жағдайларда әр түрлі аурулар салдарынан темірді сіңірудің бұзылуы, ол геморрагиялық диатезде, ішек полипозында, кейбір ішек-құрт аурулары кезінде ішек-қарында жасырын қан кетуде темір тапшылығы қан аздығын тудыруы мүмкін.

Баланың өз қатарластарына қарағанда тез шаршауы, денеге ауыртпалық түсу кезіндегі жүрек қағысы, бас айналу, құлақтың шулауы, көздің қарауытуы, көрудің нашарлауы, ұйқысыздық, тәбеттің төмендеуі — міне, осылар темір тапшылықты қан аздығының клиникалық белгілері болып есептеледі.

Бала емшектен тиылған жағдайда құрамында темірі бар, арнайы шығарылатын сүт қоспаларымен тамақтандырған жөн. Қолайлы кезеңдерде таза ауада жиі серуендеп, сылау мен дене шынықтыру жаттығуларын жасау да пайдалы. Қазақтың «бала сылаумен өседі» дегенін ұмытпау керек.  Жасы өскен сайын балаға құнарлы тағамдар берген жөн, бұл негізінде қан аздығының алдын алады.

Ең бастысы, бала дәрігерімен ақылдасып, оның кеңестерін мұқият тыңдап, орындауға тырысқан жөн.

Райхан ҚАЗИЕВА,

балалар дәрігері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button