Білім

70 мың маман даярлаған орда

Бүкіл батыс өңір үшін қадірі биік қарашаңырақ-білім ордасы — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 50 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр.

Осыған орай біз аталмыш университеттің ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Кенжебаевпен сұхбаттасқан едік.

— Алдымен оқу орны тарихына көз жүгіртсек…

— 1966 жылы Ақтөбеде мемлекеттік педагогикалық институт құрылған. 1990 жылы институт — ұлы тұлға Құдайберген Жұбановтың есімін, ал 1996 жылы университет мәртебесін иемденді. 2013 жылы университетке «өңірлік» статусы берілді.

Алғаш құрылған кезде институтта екі факультет  болды. Институт қабырғасында саусақпен санарлық, атап айтқанда, физика, математика, орыс тілі мен әдебиеті және ұлт мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандықтары бойынша ғана мамандар даярланатын еді. Бастапқыда қабылдау емтихандары да, сабақтар да №1 орта мектепте өткен екен.

Әлия Молдағұлова даңғылындағы басты оқу корпусының құрылысы 1984 жылғы тамызда аяқталып, оның ашылуына сол кездегі республика басшысы Дінмұхаммед Қонаев пен сол кездегі республика Министрлер Кеңесінің төрағасы, болашақ тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.

Оқу орнының алғашқы ректорлары — Павел Щетинин мен Мұхтар Арынов. Екеуі де — елімізге белгілі ғалымдар, сондай-ақ білгір басшы болған тұлғалар.

Өткен жарты ғасыр ішінде оқу орны 70 мыңнан астам маман даярлаған. Егер 1996 жылы институт  22 мамандық бойынша мамандар даярлаған болса, бүгінгі күні 71 мамандық бойынша мамандар даярланады. Оның ішінде бакалавриатта — 55, магистратурада 16 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Бүгінде университет қабырғасында мамандар әзірлеу ісі сегіз бағыт бойынша жүзеге асырылып отыр, атап айтсақ: білім саласы, гуманитарлық ғылымдар, құқық, өнер, әлеуметтік ғылымдар және бизнес, жаратылыстану ғылымдары, техникалық ғылымдар мен технологиялар, қызмет көрсету саласы.

— Жұбанов университеті — еліміздегі білім ордалары арасында алғашқы ондықтың сапында. Бұл ретте, әсіресе, заманға сай материалдық-техникалық базаны қалыптастырудың маңызы зор. Мысалы, нанотехнологиялар мен қолданбалы математиканың инновациялық орталығы еліміздегі жоғары оқу орындарында сирек кездеседі…

— Иә, бұл орталықты өз бастамамызбен, өз қаражатымызбен құрған едік. 5-6 жылдың ішінде жақсы жетістіктерге жетті. Ғылыми зерттеулер, ізденістер әлі де жалғаса береді.

Сонымен қатар, «Жұбановтану» ғылыми зертханасын да ерекше атаған абзал. Оның алғашқы меңгерушісі Құдайберген Жұбановтың баласы, филология ғылымдарының докторы Есет Жұбанов болған еді. Мұнда тіл мәселелеріне байланысты семинарлар, республикалық ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастырылып тұрады.

Жалпы, оқу орнының материалдық-техникалық базасына келсек, барлық оқу корпустарымыз заманға сай жабдықталған, әрқайсысының өз кітапханасы бар. Замануи қондырғылармен арнайы жабдықталған кабинеттер мен зертханалар саны — 565. Жұбановтар көшесі бойында орналасқан спорт кешені 1100 көрерменді қабылдай алады. Осында халықаралық, республикалық деңгейдегі талай жарыстар өткенін білесіздер. Бір мезгілде 48 адам жаттыға алатын 6 жолақты жүзу бассейні, 800 орындық Студенттер сарайы мен 826 орындық Жастар сарайы, емхана жұмыс істеп тұр. 1300-ге жуық компьютер ғаламторға қосылған.

— Болашақ маманды қалыптастыратын, сомдайтын тұлға — ұстаз ғой?..

—  Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына келсек, біздің оқытушылар қатарында 36 профессор, 8 PhD докторы, 278 ғылым кандидаты еңбек етіп жүр. Оқытушылардың 51 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Соңғы бес жыл ішінде 16 оқытушы «Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иемденді.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталының есімін ерекше мақтанышпен атай аламыз. Біздің оқу орнымызға ол 1968 жылы келіп, ұзақ жылдар бойы қызмет етті: аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарды. Жұртшылық оны білікті ұстаз, көрнекті ғалым ретінде ғана емес, қоғам қайраткері, ұлтқа жанашыр тұлға ретінде де жақсы таниды.

— Жарты ғасыр ішінде университет қабырғасынан шыққан 70 мыңнан астам түлек Қазақстанның түкпір-түкпірінде, шетелдерде еңбек етіп, өмірден өз орындарын тапты. Олардың ішінде есімдері мақтанышқа айналған тұлғалар  аз емес.

— Иә, солай. Мысалы, 2004-2011 жылдары облысымызды басқарған Елеусін Сағындықов — біздің оқу орнымыздың түлегі. Жалпы, әр салада — өндірісте, ғылымда, саясатта, спортта, өнерде ел мақтанышына айналған тұлғалар арасында, сондай-ақ бүгінгі күні өңірімізде үлкен қызметтер тұтқасын ұстап отырған азаматтар арасында да бір кездегі біздің студенттеріміз жетерлік: саясаттанушы Ерлан Қарин, 2003 жылы бокстан әлем чемпионы атанып, ел абыройын асырған Галиб Жафаров, белгілі әнші Светлана Айтбаева, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова… Әрине, бұл тізімді әрі қарай да жалғастыра беруге болады.

— Бүгінгі күні бәсекеге қабілетті маман даярлау үшін жан-жақпен байланыстың, шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастың маңызы зор…

— Білім ордасы Америка Құрама Штаттары, Қытай Халық Республикасы, Ресей, Германия, Болгария, Польша, Латвия, Түркия елдерінің жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Оқытушылар шетелде ғылыми тағылымдамадан өтіп, студенттер алмасу дәстүрге айналған. 11 оқытушы — «Болашақ» мемлекеттік грантының иегерлері. 50 оқытушы шетелдерде ғылыми тағылымдамадан өтті.

Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасымен 60-тан аса студент АҚШ, Қытай және Еуропа елдерінің жоғары оқу орындарында оқып келді. Осы бағдарлама аясында Қазақстанның — 17, Ресейдің 4 жоғары оқу орындарымен келісімдер жасалған. Біздің университетімізде де, халықаралық алмасу бағдарламасы аясында, Қытай елінің 7 студенті білім алып жатыр.

Шетелдік оқу орындарымен онлайн режимінде телеконференциялар өткізіліп тұрады. Дүниежүзіне есімі мәлім ресейлік ғалымдар — академик Сергей Никольский мен профессор Олег Бесов, украиналық ғалым, академик Анатолий Самойленко және басқалар әр кезеңде университетіміздің қадірлі қонақтары болып, дәрістер оқып, ғылыми конференцияларда баяндамалар жасады, яғни студенттеріміздің әйгілі ғалымдармен жүздесіп, олардың дәрістерін тыңдауға мүмкіндіктері бар.

— Студенттеріңіздің бүгінгі жетістіктеріне тоқталсаңыз?

— Жалпы, қазір университет қабырғасында 9 мыңға жуық студент бар. Олардың 2545-і — мемлекеттік грант бойынша оқып жатқан жастар. Студенттерге университет қабырғасында ғылыми жұмыспен айналысуға толық жағдай жасалған. Республика бойынша студенттер арасында өтетін ғылыми жобалар байқауларына, пәндік олимпиадаларға студенттеріміз белсенді түрде қатысып, әрдайым жетістіктерімен қуантып келеді. Сөзіме дәлел ретінде айтайын, өткен жылы біздің студенттеріміз пәндік олимпиадаларда 14 мамандық бойынша жүлделер иемденген болса, биыл 30 мамандық бойынша жүлделі орындардан көрінді. Соның ішінде, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану, биология пәндері бойынша 1-орындарды иемденіп отыр.

Жастарымыз оқуда ғана емес, өнерде де табысты. Мысалы, біздің университеттің КВН командасы жоғары лигада өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді. Университет жанынан құрылған студенттер театры өнерпаздары да фестивальдарға қатысып, мақталып жүр. Өнерлі жастарға қолдау көрсетуге әрдайым әзірміз.

— Жастарды қызықтыратын сұрақ: жатақхана мәселесі. Қазіргі екі жатақхана аздық ете ме?

— Екі жатақхана аздық етіп отырғаны рас. Бұл жатақханалардағы орындар саны — 1215. Университетімізде басқа облыстардан, алыс ауылдардан келген студенттер көп. 9 мың студенттің жартысынан астамы — сырттан келгендер. Сондықтан жатақхана салу мәселесін күн тәртібінен түсіре алмаймыз. Бүгінде үшінші жатақхана құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс университет қаражатына жүзеге асырылады. Жаңа жатақхана құрылысы биыл қолға алынып, келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз.

 Сұхбаттасқан Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button