Білім

Өзара ынтымақтастық: 20 колледж. 26 мамандық. 56 кәсіпорын

Кеше Ақтөбедегі  Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Білім. Жұмыс. Мансап — 2016» тоғызыншы мамандандырылған көрменің ашылу салтанаты өтті. Екі күнге жоспарланған шараның мақсаты —  жастарға еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптерді таныстырып, мамандық таңдауда көмек көрсету.

Көрмені өткізуге облыстық білім басқармасы, облыстық кәсіпкерлер палатасы, «Ақтөбе  облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

Шарада алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов еліміздің алдында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену міндеті тұрғанын, ел экономикасының гүлденіп, көркейе түсуіне білім беру саласының ықпалы зор екенін айтты.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы әр кез білім беру саласына ерекше қолдау, көмек көрсетіп жатқанын әңгімеледі. Соның бір парасы — дуальді оқыту жүйесі.

Бұл әдістің негізі — оқушыны оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Теория мен тәжірибені ұштастыру нәтижесінде, оқушы оқу бағдарламасын жақсы меңгерумен қатар нағыз дайын маман болып шығады. Соның арқасында жұмысқа орналасатын  түлектердің саны арта түседі.

Өз сөзінде Асқар Шериязданов көрме  жұмысының маңыздылығына тоқталды.

Көрме барысында жастардың университет, колледждердің тыныс-тірлігімен етене танысып, өзіне қажетті көп мәліметті алуына мүмкіндігі бар. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған жиынға Ресейдің көршілес Орынбор облысындағы  бірнеше жоғары оқу орнының өкілдері де келді. Бұл — екі елдің арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нығая түсуіне де сеп, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша,  екі жылдың ішінде облыстық кәсіпкерлер палатасының ықпалымен дуальді білім беру жүйесін енгізу мақсатында 48 кәсіпорын және 19 колледж арасында келісімшарт жасалыпты. Соның нәтижесінде, бұл оқу орындарының оқушылары кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуде.

Шара барысында Ақтөбе политехникалық колледжі, Жайсаң көпсалалы колледжі директорлары мен кәсіпорындар басшылары бірлескен меморандумдарға қол қойды.

Көрмеге жалпы 30-дан астам білім беру ұйымдары қатысты. Олардың арасында университеттер, кәсіптік колледждер, қосымша білім беру ұйымдары бар.

Мәскеу қаржы-заң университетінің Орск қаласындағы филиалы мектеп түлектерін ҰБТ қорытындысынсыз ақылы оқуға қабылдайды. Сондай-ақ, аталған университет орта кәсіптік білімі бар азаматтарды да күндізгі, сырттай және қашықтықтан оқыту бөлімдеріне оқуға қабылдайды. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Дарина Алексахинаның айтуынша, Мәскеу қаржы-заң университетінің Орск қаласындағы филиалында 2 мың студент білім алуда. Соның 20 пайызы — ақтөбелік студенттер.

Бүгінгі шарада Ақтөбе политехникалық колледжі екі кәсіпорынмен меморандумға қол қойды. Олар: «Стройдеталь» және «Ұлан компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Осының арқасында біздің колледж аталған кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болады. Яғни, оқушылар сол мекемелерде өндірістік тәжірибеден өтеді (жалпы он мамандық бойынша дуалдьді оқыту жүйесінің элементтері енгізіледі). Бұл — бір. Екіншіден,  аталған мекемелердің жұмысшылары біздің колледжде біліктілігін арттыру мақсатында курстардан өтеді.

Кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтудің арқасында оқушылар тәжірибе жинақтаумен қатар сол мекемеге жұмысқа орналасуына да мүмкіндігі бар. Бұл — біздің басты мақсат, — дейді Ақтөбе политехникалық колледжінің бас директоры Қасымбек Алдияров. Оның айтуынша, жыл сайын аталған оқу орны түлектерінің 70-80 пайызы жұмыспен қамтылады екен. Қалғандары жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырады.

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Таңсұлу Есенғазинаның айтуынша, облыста 41 колледж бар.

Соның ішінде 20 колледжде 26 мамандық бойынша дуальді білім беру жүйесі енгізілген. Қазір аталған оқу орындары мен 56 кәсіпорынның арасында бірлескен келісім бар. Дуальды оқыту әдісінің ерекшеліктерінің бірі — еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттырады, — дейді Таңсұлу Есенғазина.

Шара аясында облыстық білім басқармасы, облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен елімізде және облыста сұранысқа ие мамандықтар туралы дөңгелек үстел өтті.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button