Білім

Сырттай оқуға сырт қарамаңыз

 «Білім беру ұйымдарындағы оқытудың жаңа әдістері». Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында осындай тақырыпта халықаралық интернет-конференция өтті.

Білім беру ісін ғылыми негізде дамыта жүргізіп отырған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрылғанына биыл 50 жыл толады. Оқу орнының сырттай оқу факультетінің ұйытқы болуымен өткізілген бүгінгі маңызды шара осы мерейтойға арналып отыр.

Бұл шараны бір жағынан университеттің мерейтойына арналған тарту десек, екінші жағынан, сырттай оқу факультетінің студенттерге оңтайлы білім берумен қатар ғылыми-әдістемелік жұмыстарды да теңдей жүргізіп отырған кәсіби шеберлігін көрсетуге толық мүмкіндік береді. Көпшілік түсінігінде сырттай оқу бөлімдерінің күндізгі оқу бөлімдерінен деңгейі төмен болып есептеледі. Дегенмен, сырттай оқу бөлімдерінде де талантты, қабілетті студенттер оқиды. Бүгінгі жиынды ұйымдастырудың тағы бір себебі, сырттай оқу факультетінің беделін көтеру,  — дейді сырттай оқу факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор, Абат Пангереев.

Интернет-конференция материалдары еліміздің әр өңіріндегі орта, арнаулы, жоғары оқу орындарынан келіп түскен. Сондай-ақ, Қытай, Түркия елдеріндегі жоғары оқу орындарындағы оқытушылар да мамзмұнды материалдар жіберіпті.

Интернет-конференция барысында пленарлық мәжіліспен бірге түрлі тақырып бойынша секциялық жұмыстар да ұйымдастырылды. «Гуманитарлық пәндер және оларды оқыту мәселелері», «Мектеп, мектепке дейінгі білім беру және педагогика-психологиялық ізденістер», «Инновациялық технологиялар және оларды өндірісте қолдану жолдары» тақырыптарында өткен секция жұмыстарында өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары сарапқа салынды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ғаламтордың жетістіктерін тиімді пайдаланып, электрондық жаңа оқу бағдарламасы —

е-learningті енгізіп отыр.

Университетіміздің ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Кенжеғали Кенжебаевтың бастамасымен е-learning электрондық оқу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама бойынша студенттердің ғана емес, мектеп, колледж оқушыларының да, жалпы халықтың да электрондық жүйе арқылы тегін білім алуына мүмкіндік бар, — дейді Абат Пангереев.

Айта кету керек, 1966 жылы педагогикалық институт ретінде іргетасы қаланған оқу орнының  құрамында екі ғана факультет (филология және физика-математика) болған еді. Қазір іргелі білім шаңырағының құрамында 6 факультет, екі институт бар. Мұнда он мыңға жуық студент білім алып жатыр. Оның ішінде сырттай оқу факультетінде екі мыңға жуық студент білім алуда. Былтыр Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында жүргізілген рейтинг бойынша бірінші орынды жеңіп алды.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button