Білім

Шәрбану мектебінің шұғыласы

Тарихтан сыр шерткенде

Бүгінде Шәрбану Бекмұхамбетова есімін иеленген Ойыл мектеп-гимназиясы сексен жылдық белесіне көтерілді. Тарихтың тереңіне үңілгенде бұл білім ордасының негізін қалаушылар сапында жаңашыл ұстаздар Меркулов, Овчинников ең алдымен аталады.

Әр жылдарда өз істерінің шеберлері Александр Швецов, Виктор Рудаев, Сәлімгерей Қапышев, Любовь Петрашова, Вера Пономарева, Мәлік Мамедов, Римма Ихсанова, Аманжол Мырзағалиев, Дана Жолдыбаева, Елена Браташова білім ұясына басшылық жасады. Осылардың орта тұсында Шәрбану Бекмұхамбетованың тұлғасы дараланып көрінер еді. Алдыңғы буынның ізін лайықты жалғастырып келе жатқан қазіргі мектеп директоры Роза Ұлықпанова бұрыннан қалыптасқан жақсы дәстүрдің жоғалмайтындығына сенімді.

Шәрбану Мырзагелдіқызы Ойыл орыс орта мектебінде 1980-1985 жылдары директор болды. Осы бес жылдық белес оның өміріндегі ерекше бір мағыналы жылдар еді. Сондай-ақ мектептің тарихында да тағылымды бір кезең іспетті болатын.

Қазіргі мектеп ұжымы Шәрбану-ұстаздың өмірбаянын жақсы біледі. Егер қайталап айтар болсақ, ол 1935 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында тігін фабрикасының жұмысшысы отбасында дүниеге келген. Өмір жолы оны Ақтөбе қаласына алып келіп, осындағы №11 орта мектепті бітіреді. Содан кейін Алматы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында білім алады. Ұстаздық алғашқы қызметін Қарабұтақ ауданындағы Бөгетсай орта мектебінде бастаған. Кейінірек Қобда ауданындағы Новоалексеевка орыс орта мектебінде шәкірттерге математика пәнінен сабақ береді. Содан кейінгі бес жылда Қобда аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істеді. Ол Ойыл орыс орта мектебін басқаруға осындай жолдардан өтіп келді.

Шәрбану апаның зайыбы, есімі елге белгілі азамат Әнуар Керейұлы Бекмұхамбетов нақ сол жылдары Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Елге ерекше бір леп ала келген, көптеген жаңалықтардың жаршысы болған бұл отбасының балалары да тәртіпті-тәрбиелі болып өсті.

Ойыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Шоқан Тілеумағамбет Шәрбану апа мектебінің игі істері ауданда үлкен тағылым беріп отырғанын сүйіспеншілікпен айтты.

Ескірмейтін естеліктер

 Әрине, бұл күні естеліктер де аз айтылған жоқ. Жақсының есімі өшпейтіндігінің, кейінгілердің жадында жаңғыра беретіндігінің белгісі еді бұл.

— Мен Шәрбану Мырзагелдіқызын алғаш рет 1979 жылы көрдім. Оның бет-әлпетінен өзіне сенімділік, адамды тарту күші бірден байқалғандығын ұмыта алмаймын. Шамалы кейінірек, оның басшылығымен қызмет істеген кезде ақыл-ойының кеңдігі, өзіне де, өзгеге де бірдей талап қоятын тәртібі айқын білінді. Мен өзіме қажеттілік ретімен ол кісінің сабақтарына қатысатынмын және үнемі бір жаңалық табатын едім.

Әлі есімде, 1985 жылдың 19 қыркүйегінде өзі қатты сырқаттанып жүрсе де, сыр білдірместен өзінің соңғы педагогикалық кеңесін өткізді. Арада екі аптадай ғана уақыт өткенде ол арамыздан мәңгілікке кетті,— дейді білім беру ісінің үздігі Роза Шалабаева.

— Мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен жылдарда бағыт берген, ағалық үлгі көрсеткен Әнуар Керейұлының асыл жары, ғұмырының шыңындағы шынары, жүрегіне түйген тұмары, төрт перзенттің анасы Шәрбану апай өзі қызмет істеген ортаға, ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне, ұстаздық деген ұлы атқа кір түсірмей өмірден өткен жан. Ол кісінің майда қоңыр үні, сезімге толы сырлы күлкісі, байсалды жүріс-тұрысы, тура айтатын батыл мінезі көз алдымызда,— деп ардагер аға Келдібай Еспағамбетов өз толғанысын білдірді.

Бастауыш сыныптар мұғалімі Елена Браташованың да ұстазға деген ықыласы бөлек. Ол: «Мен ол кісіні талап қойғыш және әділ ұстаз ретінде білемін. Ол теоремалар мен аксиомаларды бабымен және ұғынықты етіп түсіндіретін. Шәрбану Мырзагелдіқызы ешқашан дауыс көтермейтін, ұстамды болатын. Ұстазым маған: «Мамандық алып шыққан соң өз мектебіңе орал!» деп тапсырған еді. Мен оны орындадым, соны мақтан тұтамын» — дейді.

«Түлектер — мақтанышымыз!»

 Міне, төрт жыл болды, оқушылар бұрынғыдан да жарық, сән-салтанаты жоғары ғимаратта білім алады. Мектеп ауласына кіреберісте сол қанатта Шәрбану Бекмұхамбетованың кеуде мүсіні жарқырап көрінеді. Мұғалімдер де, оқушылар да ұлағаты мол ұстаздың мейірімді көзқарасын сезініп өткендей болады бұл арадан.

Тарихы сексен жылға қол созған білім ордасынан осы аралықта қаншама түлек кемелді келешекке жол тартпады десеңізші. Мектеп өз шәкірттерін мақтан тұтады, оларды қай уақытта да құшақ жая қарсы алып, құрметтеп шығарып салады.

Бұл мектептен білім алып шыққандар қазіргі уақытта еліміздің әр шалғайында, сандаған мамандық иелері болып қызмет атқаруда. Олардың қатарында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, ғылым докторы, Ресей ветеринария ғылымдары академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Қадыр Бияшев, Фрунзе атындағы әскери академияның түлегі, полковник Олег Ярошенко, Көлік және коммуникация министрлігінің басқарма басшысы Нұрлан Өмірбаев, Боинг-747 ұшағын алғашқы игергендердің бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұшқышы болған Мұхит Құбаев, Мәскеудің полиграфия институтында білім алған, қазір «Нобель» ЖШС директоры қызметін атқаратын Нұрлан Жұмағалиев, белгілі архитектор Жәнібек Тәттібаев, еліміздің Білім министрлігіне жауапты қызмет тізгінін ұстап жүрген Үміт Бақытжанова, жоғары дәрежелі дәрігерлер Бақыт Сұлтангереев, Сәндібек Нұрбаев, тағы басқалары бар.

Бір ерекшелігі, осында қызмет ететін 54 мұғалімнің 23-і осы мектептің түлектері.

— Біздің мектептің бұрынғы-соңғы түлектері — біздің мақтанышымыз. Олар ең алдымен енді өсіп келе жатқан жас буынға үлгі береді. Бүгінгі шәкірттер қазақ, орыс, ағылшын тілдерін терең меңгеріп шығады. Біздің мектебімізден медалмен түлеп ұшқан Айбек Дүмбаев, Светлана Баймұханова, Назгүл Әбдірахманова, Меруерт Ертаева, Арман Қуанышев, Арман Ержанғалиев, Нәзира Мусина есімдері оқу орны тарихына алтын әріппен жазылады.

Шәрбану ананың бір перзенті Айбол Әнуарұлы Азаматтық авиация академиясында оқитын ойылдық жастарға үнемі қамқорлық жасап отырады. Оларға қолдау көрсетіп, ақылын айтып, ілгеріге бағыт сілтеуді өзінің бір парызы санайды.

Ұмытылмас бейне

Шәрбану апаны ең алдымен елі ұмытпайды. Оның өмірден өткеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, ол туралы жылы лебіздер бір бәсеңдеп көрген емес. Осы әулеттің отағасы Әнуар аға балалары Құралай, Күләш, Айбол және Айжаннаны қасына алып, жылда дерлік Ойылға бағыт түзейді. Және әр сапарда білім ордасына қомақты базарлық ала келеді. Бұл жолы екі интерактивті тақта оқушылар игілігіне ұсынылды.

Ойылға арнайы жан-жақтан бет бұрған қонақтар да құр қол келмепті. Мәселен, «ҚазТрансГаз» компаниясы бас директорының орынбасары Аманжол Тәжіғалиев хоккей кортын орнатуға уәде берсе, «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ басқармасының төрағасы Бөгежан Аманбаев балаларға арнап спорттық формалар мен доптарды ұсынды.  «Евро-Азия Эйр» тікұшақ әуе компаниясы Ақтөбе филиалының директоры Мұрат Сәрсембаев та мектеп игілігі үшін қызмет етуге әзірлігін білдірді.

Жалпы Бекмұхамбетовтер әулетінің мектепке жасаған қамқорлығы туралы аз сөзбен айтып жеткізу қиын. Бастапқыда білім ордасына 1 миллион 600 мың теңгеге мектеп жиһаздары алынып берілді. Одан кейін УАЗ автокөлігін алуға 2,7 миллион теңге бөлінді. Беріректе 7,5 миллион теңгеге спорт алаңы құрылысы жүргізілді. Мектеп ұжымы осындай қамқорлықтарға дән риза.

Салтанатты шара барысында өнер иесі Жолдыбай Айтқұлов ағаның авторлығымен дүниеге келген мектеп әнұраны бірнеше рет орындалып, оқушыларға жігер берді, алға ұмтылдырды.

…Шәрбану апаның жарқын бейнесін Әнуар аға әлі күнге дейін ұмыта алмайды. «Мынау мектепке жақын жерде тұрғанбыз ол кезде. Шәрбанудың мектептен үйге қайтып келе жатқаны терезеден көрініп тұрады. Сол кескін-кейпі көз алдыма келеді ылғи» деп абзал аға бір сырын айтып қалды кездесу барысында.

Адамның адамды іздеуі, ұмытпауы, мәңгілік құрметке бөлеуі қандай бақыт. Ұстаздық ұлағатын артына қалдырған Шәрбану Мырзагелдіқызы есімі осылайша ілгері күндерге қадам баса бермекші.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Ойыл селосы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button